электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2014г.

 

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұралары

№ 4 (135) апрель  2014г.

М.Д. ШАҒЫРБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті, п.ғ.к., Жалпы және этникалық педагогика кафедрасының аға оқытушысы

 

Әр тарихи кезеңде артында өлшеусіз мол мұра қалдыратын дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отыратыны мәлім. Олар елдің мұң – мұқтажын көре біліп, халқының сол мұқтажына перзенттік махаббатын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алып отырған. Мұндай азаматтардың игілікті дәстүрлері ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпал етіп келген.

Қазақ халқының тарихында аса көрнекті орын алған сондай тұлғалардың бірі- Ыбырай Алтынсарин. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу – маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен. Сүйтіп, өзі өмір сүрген дәуірдің мұрат- мүдделерінің кәдесіне, ұрпақ тәрбиесіне жарата білген тұлға.


Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) Арқарағай, Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Аманқарағай ауданында дүниеге келген. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, орыс графикасы негізінде қазақ алфавитінің негізін қалаушы, фольклоршы, қоғам қайраткері.

Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Әкесінен ерте айырылған ол атасының – белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Заман ағымын аңғарғыш, оқу-өнердің жолын түсінген Балқожа би 5 жасар Ыбырайды Орынборда ашылмақ болашақ орыс-қазақ мектебіне жаздырып қойыпты. 1850 жылы мектеп ашылғанда түскен 30 қазақтың баласының бірі- Ыбырай. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатып, 1857 жылы мектепті «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шықты. Содан кейін екі жылдай өз елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қазақ қоғамының қайшылықты тұрмысын терең түсініп, оның болашағы жайлы ойлануда бұл аз уақыттың өзі Ыбырай өмірінде елеулі із қалдырады.

Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды.

Осылайша оқудың, ізденудің нәтижесінде білім қорын едәуір молайтқан Ыбырай өзінің болашағын тілмаш болудан емес, халыққа пайдалы қызмет істеуден іздейді. Оның бойында ағартушылыққа деген ынта оянады. Солай заманның прогресшіл ағартушылық ой-пікірі негізінде оның көзқарасы қалыптаса бастайды. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп (Тройцк, Торғай, Ырғыз және Қазалы қалаларында) ашуға ұйғарылған кезде Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алады.

Ы. Алтынсарин мектеп пен тәрбие өз халқының тұрмысы мен өмірінің тарихи ұлттық ерекшелігіне сәйкес келу идеясын ұсынды. Оның пікірі бойынша, ауыл мектептері болыс мектептерінің бірінші бөлімінің бағдарламасы бойынша жұмыс жасауға тиіс болды. Оқу ана тілінде жүргізілуі тиіс деген қағида ұсынды. Ы. Алтынсарин қазақ халқына білім беру тек бастауыш мектеппен ғана шектелмейді деген пікірден аулақ болды. Ол орта мектеп құру туралы ойларын халыққа еркін жеткізді. кәсіптік білім берудің маңызын жете түсінді және жақтады. Тұңғыш қазақ мектебін ашып, оқытуға кіріскен Ыбырай соған тікелей көмектескен Ильминскийге жазған хатында «осы жылы наурыздың сегізі күні менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған он төрт қазақ баласы кірді, бәрі де есті жақсы балалар. Бұл балалар небәрі үш айдың ішінде оқи білетін және орысша, татарша жаза білетін болды» деп жазды.

Ұлы ағартушы педагог тек мектеп ашумен шектеліп қалуға болмайтынын, бұған лайықты оқу әдістемелік құрал жабдықтар керек екенін жақсы түсінді. Сондықтан ол Ушинский, Паульсон, Бунаков тәрізді педагогтардың әліппе оқулықтарын негізге ала отырып, қазақ балалары- на арнап оқу құралын жазды. Ы. Алтынсарин жастарды оқу білім, өнерге үндегенде, құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады.Айтпақ пікірді оқушы зердесіне еркін сіңіру үшін әр алуан ұстаздық амал тәсіл қолданады. Бұл тұста ол, ең алдымен, шешендікті қайталауларды ұтымды пайдаланады.

Ақын әр шумақ сайын:
Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар оқылық,
Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық! деген жолдарды әдейі қайталап отырып,оқу білімнің пайдасын айтуда бала жүрегіне жол таба білген. Ол білімділік пен надандықтың аражігін ашып көрсету талабында жарық пен қараңғылықты қатар, жара- стыра алып сипаттайды.

Автор өзі үндеп отырған оқу білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына үлкен мән берді. Ол үшін инемен құдық қазғандай ыждахат, сабырлылық қажет екенін көрсетті.

Сонымен қатар ұста здың өлең жол дарын да жаңашылдықтың табы білінеді, білімге, ғылым мен техни- каны негізге алғанынан оның идеяларының бүгінгі күнмен сабақтастығын көруге болады.

Өнер, білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып жұмғанша
Жылдам хабар алғызды
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге
Күн жарымда барғызды
Адамды құстай ұшырды.
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді
Отынсыз тамақ пісірді
Сусыздан сусын ішірді!

Ы. Алтынсарин алғаш балаларға арнап жазған әңгімелерін өзінің төл өлеңдеріне қосып, хрестоматиясына енгізді. Осы қысқа әңгімелерінде ол жас шәкірттерді адамгершілікке, ізгілік пен бауырмашылдыққа, адал еңбек пен әділдікті игеруге шақырды. Ыбырай прозасының басты ерекшелігі қазақ халқының мәдени әлеуметтік өмірін арқау ете отырып, жастардың өсіп, жетілуіне қажетті үлес қосу еді.

Оның әңгімелерінің негізгі түйіні: жас буынды өнер білімге үндеу,адамгершілік мінез құлыққа тәрбиелеу болып саналады.

Ол ел жұртқа қажет білім мен өнерді игерудің төте жолы тұрақты мектептер арқылы іске асады деп санады. Ы. Алтынсарин арман етіп, ұзақ күткен мектебі жылы ашылды. Мектептің ашылуын мәдениет пен білімге зәру болған халық той думанмен қуана қарсы алады. Ол қазақ арасында тұңғыш рет мектеп ашты, оны сол кездегі орыстың озық педагогикасы тұрғысынан құрды, жаңа типті қазақ мектебінің кең таралуы жолында қажымастан еңбек етті, елеулі табыстарға жетті. Ол мектепте оқылатын сабақтарды мынадай жүйеге құрды:

1) Орыс тілінде оқылатын пәндерді ана тілінде түсіндіре отыра, орыс кітаптарын оқыту.
2) Әр түрлі нәрселер мен заттардың орысша аттарын үйрету.
3) Орысша сөйлеуге үйрету.
4) Методикалық талдау.
5) Көркем жазу.
6) Арифметикалық қосу, алу, көбейту.

Ы. Алтынсарин оқыту әдістерін жаңа бағытта оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздей отыра құрды. Мектеп оқуында Ушинскийдің ойларын басшылыққа алды. Ол мектептің мынандай болуын арман етті:
- жаңа мектеп жаңа өмір үшін күресшілерді дайындауы керек, оған діннің ешқандай ықпалы болмауы тиіс
- ол қазақ халқы арасына жаңа мәдениетті, жаңа әдеттер мен тәртіпті, қолөнер мен өнерді тарататын бірден бір ошақ болуға тиіс
- мектеп өмір мен табиғат туралы ұғымдарды кітап арқылы ғана емес, көрнекті құралдарды қолдана отырып, түсіндіруге тиіс
- мектептің арнайы учаскесі, тәжірибе жүргізетін бау бақша, гүл алаңы болуы тиіс
- алдыңғы қатарлы орыс мектебінің теориясы мен практикасының қол жеткен табыстарын пайдалана отырып,оқу процесін үлгілі ұйымдастыруға тиіс
- қазақ мектебіндегі ғылым негіздері жүйелі түрде тиянақты оқытылып, ол сапалы оқу құралдарымен жабдықталуы керек.

Ы. Алтынсарин Қазақстан үшін бастауыш метептердің негізгі түрі ретінде ауылдық жерлерде бес облыстық мектеп ашты. Оның басшылығымен қазақтар үшін тұңғыш рет кәсіптік техникалық және мұғалімдер мектебі ұйымдастырылды. Ы. Алтынсарин қазақ қоғамының патриархалдық феодалдық артта қалушылығын жоюды арман етті. Осы бағытта ол қазақ даласында мектептің жаңа түрлерін ашуды ойластырды, қазақ жастарына жалпы білімдермен қатар, көшпелі елдің экономикасы мен тұрмысын жөндеуге септігі тиетін арнайы кәсіптік білімдер берілген де жөн деп есептеді. Ы. Алтынсарин екі класты училищелердің білім дәрежесімен қанағаттанбай, білім беру жүйесін әлі де жетілдіре беруге талпынды. Әсіресе ол қазақ жастарының қолөнерін, ауыл шаруашылығы мен басқа да білім салаларын меңгеруін қуаттады.

Қазақ жастарына орыс мәдениеті мен білімін таратуда пансионатта, қыздар училищелерінде негізгі оқу пәндері тігіншілік өнері болды, онымен бірге қазақ қыздары орыс тілін және арифметиканы оқыды.

Тамаша педагог қыздар училищелеріне зор тәрбиелік міндеттер жүктеді. Осында оқыған қазақ қыздары Ыбырайды ұстазы әрі қамқоршысы деп санады.

Қостанай қаласында Ыбырай Алтынсаринге арналған ескерткіш.Ы. Алтынсарин мың сегіз жүз сексен алтыншы жылы «қазақтың болыстық мектептері жайлы» маңызды еңбегін жазып, оны Орынбор округі арқылы Халық ағарту министрлігіне жіберген.  Болыстық мектептер жөніндегі ұсыныстарын негіздеуде ол Орынбор оқу округінің инспекторы В. Катаринскиймен көп пікірлесіп, кеңесіп отырған. Ол қазақтардың сол кездегі әлеуметтік экономикалық өмірі үшін болыстық мектептердің тиімділігін дәлелдеді. Болыстық мектептер қазақ ауылының көшпелі тұрмысына сәйкес келеді, себебі жазда олар елмен жайлауда көшіп жүретін, қыста елмен бірге қыстауда мекендейтін болады деп есептеді. Ыбырай тірі кезінде бес жерден болыстық мек- теп ашты. Сөйтіп ол халық арасына білімді кеңірек таратуға мүмкіндік беретіндей мектептің жаңа түрі болыстық мектептердің негізін қалады.

Ал енді ауылдық, болыстық мектептерді көбейту ең алдымен мұғалім кадрларын даярлауға байланысты еді. Кемеңгер ағартушы бұл мәселені шешуде де өлкедегі алдыңғы қатарлы орыс ағартушыларының тәжірбиесіне, әсіресе олардың осы саладағы тікелей көмегіне сүйенді. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Бұл ретте ол мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары бағалады. "Халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім, – деп жазды ол. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да мұғалімге тең келе алмайды". Ы. Алтынсариннің жас мұғалімдерге деген қамқорлығы олардың оқытушылық өмірінің барлық саласын: атап айтқанда олардың оқу ісіне жауапкершіліктерін, тіптен өміріне қатысты мәселелерін де бірдей қамтыды. Кемеңгер ұстаз жас мұғалімдермен жазысқан хаттарының бірінде, мысалы, дидактика мен методика жөніндегі ойларын баяндаса, басқа хаттарында жас мұғалімдермен ұстаздық өмірдің алуан салалары жөнінен пікірлесіп отырады

Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулерге қарағанда, Ыбырай елде жалпы оқу ағартуды дамытуда, әсіресе жаңадан ашылып жатқан мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз етуде, Қазақстанмен көршілес елдердің алдыңғы қатарлы ағартушыларымен де тығыз қарым- қатынаста болған.

Ыбырай Алтынсарин балаларды, мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды... қазақтың өз тілінде... басып шығару керек деп білді. Бұл мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді.

Өзі 1876 жылдан бастап оқулық әрі дидактикалық құрал «Қазақ хрестоматиясын» ж азуға к ірісіп, о ны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. «Бұл кітапты кұрастырғанда мен, – деп жазды Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, – біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім». Бұл хрестоматияны екі кітап етіп шығаруды ойладым. Бұл басылып отырған бірінші кітаптағы мақалалар мынандай төрт тарауға бөлінді.

1. Балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды; мысалдар мен халық әдебиеті, балалардың туғандарына жазған хаттары.

2. Әртүрлі жастардағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер.

3. Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді.

4. Қазақтың мақал-мәтелдері.

Екінші кітапта, қазақтың төл әңгіме, аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндіріс техникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз». Ы. Алтынсарин Қазақстан мектебінің ілгері дамуы орыс мектептерінің жетістіктерімен және алдыңғы қатарлы педагогикалық ой-пікірлермен байланысты екендігін терең түсінді. Осы тұрғыдан дидактика және әдістеме мәселелерін зерттей бастады. Оның дидактикалық ойларының К.Д. Ушинскиймен үндестігі жалпы білім беретін өмірмен байланысты болуы, белгілі бір жүйемен, оқу орнының бүкіл жұмысы өзара байланысты, біртұтас құрылуы, сонымен қатар, мектепте пәндер жүйелі, бірізділігі сақталуы керек деуінде еді.

«Қазақ хрестоматиясы» балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді. Бұл кітаптың жарық көруі қазақ қоғамының мәдени өмірінде баға жеткісіз оқиға болды, халқымыздың рухани өміріне зор ықпалын тигізіп, қазақ жастарының бірнеше ұрпағы осы кітаптан тәлім –тәрбие алды.

«Қазақ хрестоматиясын» жазуда Ы . Алтынсарин К.Д. Ушинскийдің және оның «Балалар әлемі» Л.Н. Толстойдың, И.И. Паульсонның, Н.А. Корфтың басқалардың оқулықтарының әсері күшті болды. Бұл кітаптарда оқу мазмұны бала ерекшеліктеріне сәйкес ғылыми материалдар арқылы берілді. Ол материалдар методикалық дәйектілікпен, логикалық, психологиялық жағынан дәлелді түрде келтірілген. Сонымен қатар балаларға қызықты, ұғымды материалдар кеңінен орын алған. Ы. Алтынсарин өз кітабында терең білгірлікпен, шеберлікпен осы үш бағытты (ғылыми, көркем әдеби, пайдалы техникалық) ұштастыра алды.

Сондықтан да «Қазақ хрестоматиясында» әр түрлі білім салаларынан ғылыми материалдар іріктеліп, қазақ балаларының қызығушылығы мен талғамына сәйкес келетін әңгімелер мен өлеңдер жазылды. Сонымен қатар, ұстаз бүгінгі күннің талабына сәйкес балаға тек құрғақ, жаттанды білімді бермей, оның танымдық қызметін арттыратын, логикалық ойлауына мүмкіндік туғызатын жаттығулар керек деп есептеді. Ол өз сөзінде «Қазақтың балаларына жан-жануарлар, қарға, мысық туралы айтсаң, олардың күлкісі келеді, керісінше өзіңді келемеждеп оны орындамайды, сондықтан оларға ойлау қабілетін арттыратын тапсырмалар беру керек» деген нағыз жаңашыл педагогтың, ойшылдың сөзі еді.

Мысал:

Үнді жұртының бір адамы бір жақтан үйіне қайтып келсе, үйдің қасындағы ағаштың басына кептіруге іліп қойған еті жоқ. Ағаштың айналасын әбден жүріп, қарап болған соң, орамға шығып жолай дауыстап сұрайды:- Аласа бойлы, қолында қыскантақ мылтығы бар, соңында тарақ- құйрық кішкентай иті бар, бір қарт адам көрдіңіз бе? – деп. Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып тауып ұрысын ұстапты-мыс. Ауылдас адамдары үндіден «ұрының түсі- түрін қайдан білдіңіз» деп сұрасыпты. Сонда үнді айтты дейді: - Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді, ол ағаштан аяғының астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жүргендегі ізінен байқадым – адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін: етімді ұрларда, мылтығын ағашқа сүйеп қойған екен, сонда мылтықтың аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті, жер мен сол жырылған қабықтың арасынан шамаладым. Ұрының қасында иті бар екенін, және ол иттің өзі кішкентай, құйрығы тарақ- кұйрық екенін білгенім, етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір кұмайтырақ жерде отырған екен; соның құмға түсіп қалған ізінен, және бұлғаңдатқан құйрығының табынан байқадым депті-міс.

Ы. Алтынсарин өзінің ағартушылық – педагогикалық қызметінде жастарды оқуға, білім а луға, өнер, ғылым-білімге, еңбек етуге үндей отырып, тұлғаның адамгершілік негізін қалыптастыруға, тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлген. Ыбырайдың «Өзен», «Жаз» деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді.

«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. «Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», – дейді. «Атымтай жомарт» әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. «Күн сайын өз бейнетімен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады», – дейді ол.

«Әке мен бала» ә ңгімесінде м ынадай б ір ж ай с өз болады. «Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған бір ескі тағаны көріп, баласына айтты: «Анау тағаны, балам, ала жүр», – деп. Бала әкесіне: «Сынып қалған ескі тағаны не қылайын», – деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайырылып, тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып: "Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың", — деді. Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, аз жұмысты қиынсынып, бойкүйездікке салынушылық өмірде аз кездеспейді. Бұл – жақсы әдет емес. Сондықтан балалардың бойкүйез, жалқау болмауына, еңбекқор болуына Ыбырай ерекше мән берген.

«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен кисық біткен»? – деп сұрады баласы. «Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып, бағусыз өсерсің. Мынау ағаш – бағусыз өз қалпымен ескен», – деді атасы. «Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой», – деді баласы. «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің», – деді. Ыбырай «Бақша ағаштары» атты әңгімесінде осылай деп жазды. Яғни тәрбиенің үлкен рөл атқаратынын көрсеткен. Бұл әңгімесінен аңғаратынымыз жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге, оларды баптауға, жақсы мінез-құлыққа үйретуге мән бергені көрінеді. Сондықтанда әңгімелерінде тәрбие арқылы бала бойына қандай қасиеттер дамыту керектігін көрсетеді.

«Ыбырай Алтынсарин – қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам, ол өзінің қараңғы, көшпелі халқының ішіне еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты» деп орыс достары баға берген болатын. Бұл Ыбырай Алтынсариннің тарихи еңбегіне берілген зор баға еді және бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақтың оқу-ағарту жүйесіндегі тұңғыш қайраткер бола отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттаған жаңа ғылымның іргетасын қалады. Оқулықтар көлемінде болса да, қазақтың жазба көркем әдебиетін дамытты. Қазақ прозасы, шағын әңгімелер мен новелланың негізін салды. Ы. Алтынсариннің әдебиет саласында негізгі еңбегі балаларға арналған. Өз шығармаларында, аудармаларында қазақтың ауыз-әдебиетінен алған үлгілерін де балалардың ой санасына, ұғымына лайықтап жазды. Шығарманың баланы қызықтыратын оғиғалы болуын, қысқа, тартымды жазуын қадағалады. Мазмұны жағынан әдебиеттің бала тәрбиесіне тікелей өнеге болатынын ескерді. Ыбырай шашқан тәлім тәрбие зая кеткен жоқ. Ыбырай мектебі қазақ ішінде білім ошағының жүздеген жаңа орындарына негіз болды.

Өзінің өнегелі өмірі, тынымсыз ізденісі, жан-жақты таланты арқылы танылған Ыбырай Алтынсарин педагогикалық мұраларының қазақ тарихында алатын орны орасан зор.

Шығармалары:

ТАЛАПТЫҢ ПАЙДАСЫ

Петр Великий деген осы күнгі ақ патшамыздың бабасы бір күні шіркеуде тұрғанда көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ, жалғыз-ақ ақылы кемел патша сол бала-екеш балаға да көзін салып тұрған екен. Тілек тілеп болған соң, жұрт екі жарылып, патшаға жол беріпті. Сонда патша тұп-тура манағы балаға барады. Бала қолындағы сызумен болып тұрып, тіпті патшаның қасына келгенін де байқамай қалыпты.

Сонда жұмсақ шыраймен патша сұрады:
— Неғылып тұрсың?
— Сенің жүзіңді жазып алайын деп едім.
— Оны неғылмақсың?
— Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өмірімнің ақырына шейін бойымда сақтайын деп едім.
— Қане, көрсетші сызғаныңды?

Сол уақытқа шейін қорықпай жауап беріп тұрған бала, «сызғаныңды көрсет» дегенде, қысылайын депті. Сөйтсе де, сызған қағазын әдеппен патшаның қолына берді. Қараса, сурет реуішті де емес, әйтеуір өз білімінше сызған сызық, бала ол күнде сурет салуды қайдан білсін?! Солай да болса, әлемге ақылы жеткен патша баланың талапты, зерек екенін аңғарып, оқуға бергізіп, ақырында сол бала бүкіл орыс жұртына даңқы шыққан Матвеев деген суретші болған.

БАҚША АҒАШТАРЫ

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
— Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисайып кеткен? —деп сұрады баласы.
— Оның себебі, балам, анау ағашты бағу – қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,— деді атасы.
— Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, — деді баласы.

Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің. Бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағштай қисық өсерсің, — деді.

ЗЕРЕКТІК

Англия жұртында Броун деген білімді ұста судың үстіне бір қолайлы көпір салуға жүріп, «қалайша салсам қолайлы, нық болар екен» деп ойға қалып келе жатса, жолдың үстіне кесе тартқан өрмекшінің өрмегіне көзі түсті. Мұны көріп Броун тоқтай қалып ойланды: «Бұл өрмекші мынау жол арқылы көпір салыпты, астында тіреуі жоқ, осындай көпір қолайлы болар еді» деп. Сонымен келді де, су үстіне екі ұзын шынжыр тартып, ортасына тақтай салып, екі жақ басын құрғақ жерден биік, нық бағаналарға бекітіп, көпір істеді.

Шынжырдан көпір салу содан қалған үлгі екен.

ДҮНИЕ ҚАЛАЙ ЕТСЕҢ ТАБЫЛАДЫ?

Француз жұртының бір білімді адамы жазады:

— 1791 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған соң бірге келе жатқанымызда, әдетше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:
— Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді. Сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзіңді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе, мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшік қылғаным жоқ елден. Қала – қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық, салам арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабриктерге сатып, соныменен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым. Мұнан соң әуелі аздап, бара-бара көбірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас, ісіме нық, жинақы және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік тас жұртым бар. Фабрикамды балама бердім, үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі, баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы Француз жұртының теңгесі; біздің ақшамызға шаққанда, бір франк жиырма бес тиын күміс есеп.
— (автор)айтқанымша машақаттанудан қашпасаң, сен де бай боласың, Антон, — деді де жөніне жүріп кетті.

Антон бұл сөздерді есіткен соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды. 1815 жылда Брюссель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп, бұйырып тұрған бір купецтің кескіні көңіліме таныс реуішті көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:
— Айып етпесеңіз сұраймын, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдағы үйіңізге барып жүрген жеріңіз барма еді?

Сонда ойыма түсіп, таң қалып:
— Сен Антонбысың? — дедім.
— Рас, — деді Антон, — мен сондағы көрген тіленші Антоныңыздың өзімін. Сол жүргеніңіздегі бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп кетіп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым. Ақырында, сол кісінің айтқаны келіп, мінекей, осы зор дүкеннің иесі болдым, — деді.

БІЛГЕННІҢ ПАЙДАСЫ

Бір қарт ұста күні-түні тынбай іс соғып отырады екен. Оған көрші, заманындағы бір зор бай, Броун дегеннің баласы ойнап жүріп қызыққа күнде ұстаға келіп, іс соққанына қарап тұрады екен. Бір күні ұста мырзаға айтты:
— Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір күндерде сол өнердің де керегі болар.

Бала нем кетеді деп, күнде мазаққа шеге соғып жүріп, бірнеше күнде жақсы соғуға үйреніпті.

Мұнан бірнеше жылдар өткен соң, жұртында қатты жаугершілік басталып, Броунның мал-жаны таланып бітіп, өзі қатын, баласымен қашып шығыпты. Сонымен, ішерге- жеуге, киюге де кем-тар соғып, бір қалада жүрген уақытта, қаланын әкімі бұйрық шашты:

әскерге көп етік керек, жақын жердегі қалалардың сататын мығы таусылды, мық даярласын, — деп. Сонда манағы мырзаның мазаққа үйренген өнері есіне түсіп, патшалық етікшілерге хабар салды:
— Егер көп мық – шеге керек болса, мен пәдіретін аламын, — деп.

Етікшілер істеген мығын көріп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне шейін кемдік көрмей өтіпті-міс.

ӘДЕП

Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре онан да төменірек бас ұрып сәлем алды.

Қасындағы бай:
— Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? — деп айтты дейді.

Сонда әкім:
—Ешбір ілім – білім үйренбеген мұжық сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, мен онан әдепсіз болып қалайын ба? — деді дейді

Әзірет Әліден бір жігіт келіп сұрады дейді:
— Толық байлық қайтсең табылады?

Әлі айтты:
— Қанағат ете білсең. Қанша мал көп те болса қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды. Қанша мал аз да болса, барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңілі жайлы, тынышырақ болады. Соның үшін Әзірет Әлі: байлық — қанағатта, — деді.

ӘДІЛДІК

Хусейін қазының терезесінің түбіне келіп, екі жаман киімді тіленші:
— Құдай үшін қайыр беріңіз, — деді.
— Құдай өзі берер, барыңыз, — деді қазы.
— Пайғамбар ақы үшін.
— Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңіз, — деп ашуланып, қазы оқып отырған кітабын жерге атып ұрды.

Аһ, қазы, бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші,— деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды.

Сонда қазы ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып бұйырды:
— Мынау бір-екі қыдырындыны зынданға тастаңыз, — деп. Бірақ ол арада тіленшілер жоқ болып кетті.

Мұнан соң үш күн өткен соң, қазыға көп қонақтар келіп, той болды. Қазының үйінің іші жарқыраған алтын, шамасыз сәулет, өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде мүфтимен әңгімелесіп, көзін Бағдаттың қаласына салып отыр екен. Сол уақытта терезе тұсына ана – күнгі екі тіленші тағы келді.
— Қуаныштарыңыз қайырлы болсын, қазы, осы қуаныш үстінде бізді де бір нәрсе беріп қуантыңыз, — деп жылап тұрды.

Сонда қазы қасындағы мүфтиге айтты:
— Осы екі қыдырынды тіленшілер екінші рет келіп беймаза етеді, қалипа қазіреті осындайларға жаза бұйырмайды. Сөйтсе де, бұл жолы бұйрықсыз да болса, осы екі тіленшіні ұстатып, кісендетемін, Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, — деп, адамдарын шақырды.

Сол уақытта екінші тіленшінің өздері де үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды:
— Қазы, мен сені қазы қойғанымда: жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ – сарағат би болар ма екен? — деп үміт етіп едім, бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар!

Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп – білсін патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатынын, — деп.

Жиылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарунрашит деген қалипа патшасы, қасындағы Жапар деген уәзірі екен.

ЖАМАН ЖОЛДАС

Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт. Аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты. Есітуі бар еді, «аю өлген кісіге тимейді» деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң, манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:
— Достым, аю құлағыңа не деп сыбырлап кетті?

Ауру айтты дейді

Аю құлағыма ақыл айтып сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — дейді.

ЖАМАНДЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ

Қызылбас патшасының Абдулла деген уәзірі бар еді. Соның заманында жұрт бұзылып, бір күні уәзір патшаға келе жатқанда халық қамап: Дегенімізді істе, істемесеңіз өлтіреміз, — деп, ішінде бір батырырағы уәзірді сақалынан алып жұлықты. Уәзір ашу етпеді. Бұлардан шыққан соң патшаға барып, жұрттың тілегін беріңіз деп өтініп, тілегенін патшадан алып берді және өзінің көрген кемшілігі үшін ешкімге жаза бермеңіз деп оны да тілеп алды.

Ертеңіне уәзірге бір саудагер келіп:
— Тақсыр, кеше сізді ренжітіп, сақалыңыздан жұлыққан кісіні айтайын деп келдім, ол Нағым деген менің көршім еді, алдырып жаза беріңіз, — деді.

Бұл сөзді есіткен соң уәзір саудагерді қайтарып, Нағымды шақыртып алды. Нағым: Менің кешегі ісімді біреу айтып танытқан екен, — деп қорыққанынан үрейі кетіп, келе-ақ уәзірдің аяғына жығылды. Уәзір Нағымды жерден көтеріп алып, айтты дейді:
— Мен сені жазалау үшін шақырмадым. Бірақ, көршің саудагер жақсы кісі емес екен. Сенің білместігіңді маған келіп айтты. Екінші рет ол көршіңнен сақтанып жүргендей екенсің.

Соны айтайын деп шақырып едім. Енді аман бол! — деп ішкергі үйіне кіріп кетті дейді.

ТӘКАППАРЛЫҚ

Венджамин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдыңда не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:
— Еңкей, еңкей, — деп.

Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:
— Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар, ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың.

Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:
— Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды, және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәкаппарлардың нешеуінің әлек болғанын, — деп.

КИІЗ ҮЙ МЕН АҒАШ ҮЙ

1876 жылы мен судиялық орында тұрғанымда, екі ептеш адам бір-бірімен ұрысып арызға келді. Біреуі мешер, біреуі қазақ — екеуі де іскер, қазақтарға жер үй, ағаш үй істеп, көп мал тауып жүруші еді. Ұрыстарының себебі, мешер айтыпты:
— Қыстың күні тоңармыз, өзімізге бір жер үй салып алалық.

Қазақ айтыпты:
— Жоқ киіз қос істеп алалық, қысымызға да, жазымызға да бұл қолайлы. Біреу жұмысқа шақырса, қосымызды қыс болсын, жаз болсын артып жүре берерміз.

Мешер айтыпты:
— Ой, киіз үйің құрсын, не күндіз, не түнде бір жылынбай, бүрісіп отырғаның. Қазақ айтыпты:
— Сенің ағаш үйің құрсын, көшсең артуыңа көнбейтін.

Сонымен, біреуі киіз үйді, біреуі агаш үйді мақтап таласып отырып, бірін-бірі сөгіп, ақырында қайсымыздың сөзіміз дұрыстығын судияға сынатамыз деп маған келісіпті. Екеуі де өзіме белгілі ақкөңіл, бейнетқор адамдар еді. Істің себебін білген соң, сұрадым:
— Айына екеуің қанша мал табасың?

Олар айтты:
— Екеуміз 40-50 теңге табамыз.
— Қос пен жер үйдің бағасы не болады?

Олар айтты:
— Екеумізге кішкентай ғана қос, кішкентай жер үй болса болады, жұмысын өзіміз істейміз, отыздай теңгемен істеп болар еді десті.
— Бұрын қайда тұрып жүруші едіңіз?
— Ел жайлауға кеткенде біреудің киіз үйін жалдап, жазына 10-15 теңге беруші едік.

Қыс болса кез келген үйде жатып тұрушы едік. Не болмаса бір үйді меншіктеп жатсақ, оған да ақы беруші едік.

Сонан соң айттым:
— Екеуіңнің де сөздеріңіз дұрыс. Киіз үй көшіп – қонып жүруге қолайлы. Жаз ел жайлауға кеткенде, сіздер қыстауда қалып, бір қыстаудан бір қыстауға көшіп, сонда алып жүруге киіз қос қолайлы, және жаз қоста қону түгіл, ауасы да ағаш үйден жақсырақ болады. Соның үшін сен қазақ бір шағын қос істеп ал. Қыс қазақ үй салдырмайды, ол уақытта сіздер әртүрлі уақ жұмыс істейсіз, көбісінше үйде отырып. Күні бойы далада жүрген жұмыс адамына, түнде бір мезгіл жылы жер де керек, дұрыстап дем алып, және жұмысқа ренжімей даяр болуға. Соның үшін, сен мешер, бір жер үй істеп ал. Сонымен жаз қосты алып жүріп сонда тұрасыз, қыс жер үйде тұрарсыз, және жыл сайын біреудің үйін жалдап жүрген ақшаңызға неше жылдық қос пен үй істеп алсаңыз, ақырыңда бұл пайдалы болар дедім.

Екеуі де төре маған тиді деп шығып бара жатқанда, және шақырдым:
— Екеуің жер үйді бірігіп істейсіндер ме, жоқ бөлек істейсіндер ме?—деп сұрадым.

Қазақ айтгы:
— Үйін мешер өзі істей берсін, мен қос тауып аламын. Сонда және төрелік айттым:
— Сен, мешер, жаз болса мынау қазақтың салған қосында бірге тұрарсың, соның үшін қостың жарты пұлын сен төле, сен, қазақ, қыс болса, мынау мешердің жылы земленкесінде бірге тұрарсың, соның үшін земленкені сен де бірге істе.

Екеуі де менікі дұрысқа шықты деп, құлдық ұрысып, шығып кетісті.


Әдебиеттер тізімі.

1. Ж. Әбиев Педагогика тарихы: [оқулық]. – Алматы: Дарын, 2006.-481 б.

2. Қазақстан тарихы (ХVIII ғасыр – 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. 2-басылымы, өңделген. – Алматы: Атамұра, 2012. – 344 бет, суретті, карталы.

3. Ыбырай Алтынсарин // Дореволюционная казахская литература. – Алматы: Наука, 1979.-С. 110-129.

4. Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин // Бекмаханов Е. Очерки истории Казахстана XIX века. – Алматы, 1996. – С. 145-151.

5. Ситдыков А. С. Педагогические идеи и просветительская деятельность Ы. Алтынсарина. – Алматы, 1979. – 198 с.

 

 

Классики и современность







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10