электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2014г.

 

АЛАШ рухы және ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ

№ 9 (140) ноябрь  2014г.

ЧЕКЕТАЕВА Р.С. «БАҰО «Өрлеу» АҚ ШҚО ПҚ БАИ аға оқытушысы, т.ғ.к., РАЙЫМХАНОВА Ә.М. №16 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, Өскемен қ.

 

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазақ тарихының, өткенін қайта зерделеп, жаңа заман тұрғысынан шынайы бағалауға мүмкіндік туғызғаны ақиқат. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тари- хы», – деген пікірін мемлекеттік гуманистік, демократиялық, құндылық ретінде бағалау деп қабылдауға болады.

ХХІ ғасыр басындағы Қазақ елінің алдындағы абыройлы мақсат – рухани мәдениетімізді дамыту арқылы қоғамымызды, Қазақстан мемлекетін ілгері жылжыту. Осы биік мақсаттан мәдениеттің субъектісі, авторы, жасаушысы ұлттық шығармашылық интеллигенцияға айрықша көңіл бөлу қажеттігі келіп туындайды.

Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек бұл туралы: «Халықтың рухани әлеміне ден қойғанда, өткенін, бүгінін және болашағын біртұтас тарихи-мәдени процесс ретінде қарағанда ғана ғылыми шындықтың шоқтығына қол тигізуге болады» [1, 66 б] дей келіп, жеке бір саладағы рухани өрісті бажайлаумен ақиқатты тануға болмайтындығын атап көрсетеді.

Шығармашылық интеллигенциясының қазақ қоғамындағы атқарған рөліне байланысты осы күні күрделі проблемалар кешені жинақталып, өз шешімін күтуде. Бұл күрделі тақырыпты ғылыми-объективті тұрғыдан арнайы зерттемейінше, ұлтымыздың тарихы толымды түрде жазылмайтыны айқын болса керек.

Отандық тарихтағы көрнекті тарихшы М. Қозыбаев былай дейді: «Тұлға – ол қандай қасиеттерімен елден ерек, жұрттан бөлек болуы керек? Тұлға – интеллект, ақыл, парасат иесі. Ол өткірлігімен, тапқырлығымен, көрегендігімен, қажымас күш-қуатымен, ақыл- парасатымен, басқаша айтқанда көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастырумен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан». Шығармашылық интеллигенцияның аса көрнекті өкілі, зиялылардың зиялысы деуге келетін Мұхтар Әуезовтің мұрасын зерттеу – ұлы қаламгерді тануда науқаншылықтан арылып, жүйелі әрі үздіксіз ғылыми ізденістің қажеттігін дәлелдейді.

1997 жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына байланысты жарық көрген көптеген мақалалар мен кітаптар әуезовтанудың деңгейін өсірумен қатар, оның өмірі мен шығармашылығындағы әлі де жөнді зерттелмеген «ақтаңдақтарды» ашып көрсетті. Мысалға, ҚР Ғылым академиясының мұрағатынан табылған құжат Мұхтар Әуезовтің 1934 жылғы 2 сәуірде Қазақтың ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының театр-музыка – хореография секторының меңгерушісі етіп тағайындалғанын айғақтайды [2]. Мұхтар Әуезовтің аталған институт қабырғасында қазақ өнерін алға бастырудағы ұйымдастырушылық–басшылық қызметі мен жеке өзінің шығармашылық үлесін нақтылайтын бірталай материалдар сақталған.

1917 жылдың Қазан төңкерісі қарсаңында қазақ зиялыларының үлкен шоғыры Семей қаласында жиналды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Көлбай Төгісов, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Мәннан Тұрғанбаев, Нұрғали Құлжанов т.б. зиялылар Семейді ірі мәдени орталыққа айналдырды. 1916 жылдың қараша айынан бастап 1917 жылдың мамырына дейін Семейде Көлбай Төгісовтың “Алаш” газеті шығып тұрды. 1917 жылдың маусымында Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген Райымжан Мәрсеков (1879 – ө.ж.б.) пен Мәскеу университетінің физика- математика факультетінің түлегі (1915) Халел Ғаббасовтың (1988-1931) редакторлығымен Шығыс Алашорданың ресми үні болған «Сарыарқа» газеті шықты. 1918 жылы Семейде Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлық етуімен «Абай» әдеби журналы жарық көрді. 1919- 1928 жылдары Семей қаласында Сәбит Дөнентаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ілияс Молдажанов, Сәду Машақов т.б. қаламгерлер редактор болған «Қазақ тілі» газеті шығып тұрды. Бұл газет көптеген қазақ журналистері мен әдебиетшілерін тәрбиелеп шығарды. Осының бәрі Семейді қазақ баспасөзінің астанасы етті.

Мысалға, Мұхтар Әуезовтің журналистік қызметін арнайы зерттеген ғалымға жұмыс аумағы жетіп артылады. 1917 жыл қазақ әдебиетіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов (1897-1961) келген жыл деп толық сеніммен айтуға тиіспіз. Мұхтар Әуезов өзінің белгілі «Өз жайымнан мағлұмат» атты өмірбаянында ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде 1917 жылы 5 қыркүйекте жарияланған «Адамдық негізі – әйел» атты мақала деп көрсетіп келді. Авторы «Семинарист Әуезов» деп көрсетілген бұл туындыны Тұрағұл Абайұлы (1876- 1934) екеуіміз жазып едік дейді. Анығында, мұнан жарты жыл бұрын 1917 жылы отызыншы наурызда Көлбай мен Мәриям Төгісовтардың Семейде шығарған «Алаш» газетінде Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласы жарық көрген еді [2]. Жүсіпбек Аймауытов ақталмағандықтан бұл тұңғыш еңбегі туралы Мұхтар Әуезов үндемей өтті.

Сәбит Мұқанов БК(б)П Қазөлкекомы баспасөз бөліміне жазған «Қазақтың көркем әдебиетінің қазіргі халі туралы менің пікірім» деген құжатта ақын-жазушыларды өзінше жіктеді. «Мен қазіргі жазушыларды төрт түрге бөлем: 1. Сәкен Сейфуллин бастаған Октябрь ұлдары; 2. Бұрын ұлтшыл б олған, т өңкерістен с оң өзгеріп, кеңес т ілегіне қосылған Бейімбет Майлин бастаған топ; 3. Нағыз оңшыл ұлтшылдар Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлдары; 4. Жолбикелер Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Иса Байзақұлы, Сәбит Дөнентайұлдары және т.б.» [2, 158 б] деп жазды.

Смағұл Садуақасов пікірталас үстінде үлкен парасаттылық танытты. Ол қаламгерлерді жөн-жосықсыз жіктерге бөлуге өзінің қарсылығын білдірді. Жүсіпбек пен Мұхтарды жоқ қылу осы күнгі қазақ әдебиетінің бір қолы мен бір аяғын кесіп тастаумен бір [3], қаламгерлердің бәрі бір ұйымға бірігуге тиіс деп жазды.

Қошке Кемеңгеров ескі ақын-жазушыларды қолдаса да екі жақты байсалдылыққа шақырып, өзара түсіністікке келуді ұсынды: «әзірге қазақ әдебиетінде екі ағым бар: біреуі – кедейшілік, екіншісі – бұқарашылдық» дей келіп, бір әдебиетті бөле жарған дұрыстыққа жатпайды, қаламгерлердің бәрі бірігіп, бір ұйымға жиналуы керек, ортақ журнал сияқты басылымдарын шығарса еңбектері жемісті болар еді деген сенімін білдірді. Ол «пролетариат» сөзінің орнына қазақи «кедейшілік» деп, «ұлтшылдың» орнына «бұқарашылық» терминін қолданды. Қошке Кемеңгеров әдебиетке саяси құрал ретінде қарау дұрыс емес, әдебиеттің көркемдік жағын жақсартуды ойластыруға шақырды.

Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның қалыптасу жолында үлкен белес болып табылатын «Талап» және «Алқа» ұйымдарының тарихын зерттеудің маңызы зор. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚазАПП-тан бұрын құрылған қауымдар қазақ зиялыларының алғашқы шығармашылық ұйымдары болды. «Талапқа» қатысты Ташкент мұрағаттарында бірталай құжаттар ғылыми айналымға енгізілді. Біздің есебіміз бойынша, «Талапқа» мүшелігі құжаттармен дәлелденген жиырма төрт адамның тізімі төмендегідей: Жүсіпбек Аймауытов, Ишеналы Арабаев (қырғыз ағартушысы), Мұхтар Әуезов, Абдолла Байтасов, Ахмет Байтұрсынов, Қажым Басымов, Жұбаныш Бәрібаев, Әбубәкір Диваев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов кейбір құжаттарда Испулов делінеді), Кәрім Жәленов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Шамғали Сарыбаев, Қабылбек Сарымолдаев, Біләл Сүлеев, Иса Тоқтыбаев, Мұқаметжан Тынышбаев, Қасым Тыныстанов (қырғыз қайраткері), Даниял Ысқақов, еуропалықтар Н.Архангельский мен А.Э.Шмидт, ұйғыр қайраткері Абдолла Розыбакиев.

Бұл тізім «Талапқа» әртүрлі мамандық иелері; басшы қайраткерлердің мүше болғандығын айғақтайды. «Талаптың» алдына қойған мақсаттары да өте ауқымды, жалпы ұлт мәдениетіне қатысты үлкен мәселелер болды. Сондықтан да қалам иелері қазақ әдебиетінің мезгілі жеткен өзекті мәселелерін қауым болып шешу үшін өзінің шығармашылық ұйымын құруға ұмтылды.

«Алқа» атты әдеби ұйым туралы алғашқы деректер 1924 жылдың аяғында пайда болды. «Алқаның»«Талаптан» айырмашылығы – бұл ұйым әдебиетшілердің, «таза» ақын-жазушылардың, газет-журнал қызметшілерінің қоғамы болмақшы еді. Сонымен бірге «Алқа» қаламгер- әріптестердің сынаулы тобын біріктіретін жабық клуб емес, атақты, тәжірибелі ақын-жазушылармен бірге әдебиет жанашырлары, жаңа қалам тербеткен жастардың басын қосатын ашық ұйым болуға тиісті еді. Тура және жанама деректерді саралай келіп, «Алқаны» ұйымдастыруға ат салысқан азаматтардың есімдерін атайтын болсақ, олар: Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов т.б.

Жаңа интеллигенцияның пайда болуына әсер еткен алғашқы шаралар туралы айтқанда, ескі және жас интеллигенция әрдайым айырып көрсетілмеуін атауға тиіспіз. Мысалы «Қазақ» газеті төңкерістен кейін 1918-жылға дейін шығып тұрсада оны төңкеріске дейінгі баспасөзге жатқызу орын алған. Зиялылар төңкеріс кезеңін қазақтың ұлттық санасын оятуға қолайлы уақыт деп танып, осы бағытта белсенді әрекетке көшті. «Екеу» деген псевдониммен жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов қазақ халқының санасын оятқан, алдымен оята бастаған Абай деп, ұлы ағартушының ісін жалғастыруға тырысты. Ұлттық оянуға екінші себепкер – «Қазақ» газеті, жұртымыздың «бетін түзеп» жолға салып, ілгерілеуіне қамшы болған – «Қазақ» газеті.

Ораз Жандосов қазақтың тұңғыш жоғарғы орындарына ұлттық шығармашылық интеллигенция өкілдерін молынан тартуға нақты қадамдар жасады. 1928 жылы 11 шілдеде БК(б)П Қазақ өлкекомның үгіт-насихат бөліміне жазған қатынас қағазында ол бұрынғы Алашорда қайраткерлері Мұхтар Әуезов (Ленинград университетінің түлегі), Абдолла Байтасов (САГУ-ді бітірген), Ғазымбек Бірімжановты (Берлин университетін бітірген) «Бізге қарсы лагерьдің, партияда жоқ үш жас өкілі» деп ашық баяндай отырып, оларды оқытушылық қызметке орналастыруды ұсынды. Тарихи әдебиеттерде Ораз Жандосовтың ұлы жазушы Мұхтар Әуезов тағдырына тигізген осы игілікті әсеріне жұртшылық назарын алғаш аударған Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы профессор Кеңес Нүрпейіс болды.

Тарихшылар 1929-1931 жылдары Алаш зиялыларына жасалған қиянатта сталинистердің жалпы қазақ интеллигенциясына қарсы жасаған саяси қуғын-сүргіннің бірінші толқыны деп бағалады. 1929 жылғы 19 сәуірде «Советская степь» газетінде Ораз Исаев, Ілияс Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов, Садықбек Сапарбеков, Ораз Жандосов, Хамза Жүсіпбеков, Әбдірахман Байділдиннің «Қазақ жазушыларының творчествосы туралы» атты ашық хаты жарияланды. Бұл хатты қазақ коммунистерінің Алаштың ақын-жазушыларына тигізген ауыр соққысы деп бағалауға келеді.

Хат Мәскеуде шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» Мұхтар Әуезов пен Ахмет Байтұрсынов туралы оң сипаттағы мақалалардың жариялануына қарсы шықты. Хат авторлары энциклопедияның Мұхтар Әуезов пен Ахмет Байтұрсыновқа берген бағасы маркстік көзқарасқа мүлдем жат деп есептеді. Ахмет Байтұрсынов – қазақ байларының идеологі, алашордашыл интеллигенцияның көсемі, оны да энциклопедияға енгізген үлкен қателік болып табылады делінді. 1930 жылғы 17 қыркүйекте Мұхтар Әуезовті кеңеске қарсы қайраткер деп санап, бұрынғы алашордашыл зиялылармен бірге тұтқынға алды. Осы тұста тұтқынға алынғандардан Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков сынды бірен-сарандары ғана аман қалды. Жазушы Жайық Бектұров 1934 жылы Алматыда Қазақ драмтеатрында Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасының премьерасын көргендігін, премьерадан соң пьесаға жабық талқылау ұйымдастырылғандығын, газет-журналдар бетінде пьесаға қарсы, Абылай хан әулетіне, шығарма авторы Мұхтар Әуезовке қарсы қаралау науқаны басталғандығын жазды. Оған саяси сенімсіздік жалғаса берді. Ол әдебиетші ретінде де ауық-ауық орынсыз айыптауларға ұшырады.

Мұхтар Әуезов қазақ өмірінің көркем шежіресі, қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолын» он бес жылдай (1941-1956) жазды. Кейбір зерттеушілер Мұхтар Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын Абайтанудың бастамасы деп қарайды. Әбіш Кекілбаев заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туралы: «Дүниежүзі классиктері санатынан мәңгілік орын тепті» [7] деп жазды. Қазақ елі тұрғанда Мұхтар Әуезовтың аты өшпек емес.


Пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімі

1. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. – Алматы: Санат, 1997.

2. Дү кенбаева З.О. Қазақтың шығарма шылық интеллигенциясының тарихы (1917-1941ж.ж). – Алматы: Ғылым, 2003. – 330 б.

3. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. 122-123 б. (256).

4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1994. (368).

5. Мухтар Ауэзов в воспоминаниях современников. – Алма- Ата: Жазушы, 1972. 301-315 б. (360).

6. Әбжанов Х., Әлпейісов Ә. Қазақ интеллигенциясы мен мәдениеті туралы. – Алматы: Республикалық мәдениет қызметкерлерінің мамандығын арттыру институты, 1992. 29-б. (128).

7. Тәуелсіздік толғауы// Егемен Қазақстан, 2001, 28 ақпан.

 

 

Классики и современность







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no