электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2014г.

 

Мамания мектебі
«Айқын» журналындағы материалдар бойынша

№ 10 (141) декабрь  2014г.

ШАҒЫРБАЕВА М.Д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті, Жалпы және этникалық педагогика кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.

 

«Мамания» Мектебі, «Қарағаш» мектебі, «Медресе мамания», Қазақстанда (қазіргі Алматы облысыАқсу ауданының Қарағаш деген жерінде) ХХ ғасырдың басында жұмыс істеген. Жетісудың атақты байы Маман балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар 1899 жылы ұйымдастырып, 1903 – 1904 жылы салып бітірген.

Жетісудағы Ақсу өңірі ең алғашқылар қатарында білім бұлағына құндарлы құлшыныс жасаған өлке саналады. Маман құттың ұлы Тұрысбек қажы көптеген жиған қаражатын «милләт» жолына, білім мен ағарту ісіне жұмсайды. Тұрысбек қажы екі мәрте қажылыққа барып, 18 жыл болыстық қызмет атқарады. Көзі тірісінде Тұрысбек қажы Құдайберген, Тәңірберген, Исмайыл деген балалары мен інісі Есенқұлды Семей, Уфа, Омбы қалаларынан білімге оқытып, сауда жасауға да үйретеді. Тұрысбек қажы 1860 жылдан бастап ағартушылық ісіне пейіл бұрып, ел өркені жастардың сауатын ашуға үлкен ишарат істер жүргізіп, 1876 жылы 10 қыркүйекте Станислав лентасына тағылған үлкен «күміс» медальмен, 1880 жылы 31 желтоқсанда, ақ патшаның жарлығымен, халық ағарту ісіне қаржылай үлес қосқаны үшін, Анна ленталы «алтын» медальмен марапатталыпты.

Тұрысбектің көрсеткен ағартушылық үлгі жолын жалғаған балалары Құдайберген, Тәңірберген інілері Сейітбаттал, Есенқұл қажылар 20-30 мың ақша жұмсап, жаңа дәуірге сай мектепті «Мамания» деп атап, Қарағашта салдырады. Мамановтар әулеті мектеп пен үйлер салуға құрылыс матери- алдарын: қаңылтырды Омбыдан, есік-терезені Керекуден, қызыл кірпішті Семейден сатып әкеледі. Жаңа мектеп салуға шеберлерді Уфа, Ташкент, Алматы, Семейден алдыртады. Жалпы жаңа үлгідегі мектеп құрылысын Сейітбаттал қажы басқарыпты. Мамания жаңа әдісті мектеп салынбай тұрып, Қарағашта 1899 жылы Тұрысбек қажы салғызған үшжылдық жадит медресесі мен мешіт болып, атауына ешқандай «ия» қосылмай, Маман құттың көзінің тірі кезінде-ақ, балалары әкесінің есімімен «Маман» жадит медресесі деп атайды. Онда дін-шариғат, әптиек сүрелерін имам Уәлиұлы Хасен молда мен мешіт азаншысы, елі керей, кезінде Зайсаннан бір болыстың қыспағынан қашып келген Омар деген мәзін оқытады. Хасен молданың туған жері Тройцк, Тосым болысы. Білім алған жері Самарқан, Бұхар, Ташкент. Тұрысбек қажы Меккеден қайтып келе жатып, Хасенді Бұхарадан арнайы әкеледі. Хасен молданың нәсілі татар. Хасен молдадан Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов дін, құран дәрістерін оқып, «Шәротсала» кітабынан намаз жайын біліп, білім алыпты. Ілияс Жансүгіров Сүттігенде Хасен молдадан бір жарым ай ғана уақыт дәріс алған, өйткені тұратын дұрыс үйі болмай және ауырып қалуына байланысты оқуды жалғастыра алмаған. Жалпы бұл 3 жылдық медреседе 102 шәкірт оқыпты. Хасен молда отыз жыл бойы ауылдық балаларды оқытқан өз заманының білгірі, ел шежіресін, әдебиетін, тарихын жазған ізденгіштігімен танымал болыпты. Өз қолжазба дәптер, кітаптарымен қатар, мол жинақ кітапханасы да болған.І.Жансүгіров Уәлиұлы Хасен молданың қолжазбасынан «бұл шығарманы қазақ әдебиетінің тарихы толық емес» деп, екі қоржын шығармаларды таңдап алған.

Қарағаштағы «Маман» жадит медресесін 1905 жылы Сейітбаттал қажы 4 жылдық медресе жасап, ғимаратын жөндеп, кеңейтіп, онда арапша «төте» оқыту жүйесін енгізіп, Хасен молданың інісі Ташкент, Бұхарадан оқыған білімдар Мұхамеша білім береді. Мұхамешаны бөтен діндегі орыстар атып өлтіреді. Ескі мешітті өз қаражатына Сейітбаттал қажы 1907 жылы жаңарта салып, кеңейтеді. «Маман» жадит медресесі үлгісімен қырғызда Шабдан манап 1908 жылы «Шабдан» жадит медресесін ашады.

Барлыбек Сырттанов қоғам қайраткері, ерекше тапсырмаларды орындаған кіші шенеунік, Жетісу облысының іс басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, 1911 жылы «Қазақ елінің уставын (конституциясын)» жазған Алаш көсемдерінің бірі. Мамания мектебінің қамқоршы, ақылшысы болған. Жетісу өлкесіне, қазаққа тәуелсіздік әпермекке тырысып, Петерборға ақ патшаға барған дәріп. Мамания жаңа әдісті мектеп Уфадағы «Ғалия» медресесінің үлгісіне ұқсап салынады. Атауына да сол себепті «ия»-ны қосады. Мектептің дәрежесін «Ғалия» медресесінің мүмкіндігіне жеткізуге онда қызмет істегендер тырысып бағады. Уфаға Есенқұл бастаған арнайы кісілер барып, «Ғалия» медресесінің құрылу үлгісін, оқу жоспарын, қандай пәндер оқытылатыны жөнінде дерек алып келеді. Сабақ кестесі де «Ғалия» медресесіне ұқсас жасалады. Жаңа әдісті мектепте қазақ, орыс тілдері, әдебиет, есеп, физика, жағрапия, зоология, ислам діні, пайғамбар өсиеттері мен хадистері, татар, қазақ тарихтары, иман-шарт, құран пәндері оқытылатын болады. Жаңа мектепте орыс тілін ересектерге үйрететін кешкілік курс та ашылады.

Мамания мектебінің құндылығы туралы «Қапалға да ай туды» мақаласында («Айқап», 1912 жыл, № 3) Сабыржан Ғаббасов: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», - деп жазады. Мамания мектебінің игі істері туралы («Айқап», № 7) Көлбай Төгісов: «Халық үшін мектеп ашып, кедей балаларының барлық оқуына жағдайды жасаған Қапал азаматтары Маманов, Тұрысбековтардың игі істерін көпшілікке хабардар етпекпін», - деп жазады. Расында, Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар мен Тұрысбектің ұлдары білікті, татымды мұғалімдерді жан-жақтан шақыртып алдыртып отырады.Құдайберген, Тәңірберген, Солтанқұл дегендер мектепті салуға, сақтауға, оған қосымша оқушылар мен оқытушылар шығын қаражатын, жатын орнын жыл сайын толық көтеріп алып отырған. Мектептің оқулық кітаптары, жазу дәптері, қағаз, қарындаш, сия, сызу дүниелері т.б., мойындарында болып, оған қосымша 60 оқушыны толықтай ас-дәммен тамақтандырып, жатын орынмен қамтиды. «Айқап» пен «Қазақ» газетіне хабарландырулар беріп, мектепке әмісе Сейітбаттал қажының 150 мың сом қаражат байлығы болып, бір баласы Нұрғалымды Семипалат гимназиясынан оқытып, підияға шығарылатын қаржыдан кедей балаларын оқыту үшін жылда қомақты стипендия тағайындап отырады. Қарағашта мектеп оқушыларына арнап өз қаражатына мешіт салдырып, жаңа мектеп құрылысына көмекке деп 7 мың сом қаражат береді. Жыл сайын мектеп оқушыларына 1,5 мың сом қаражатын үзбей беріп тұрады. 1913 жылы қыста жаңа тәртіппен қыздарды оқыту үшін Уфадан Фатима Есенгелдина ханымды алдыртып, қыздарға арналған оқу орнын Мамания мектебінің жанынан салып, аштырып, онда 30 қыз оқиды. Архив мәліметінде қыздарға арнап ашқан оқу «Женское училище» деп көрсетіледі. Отыз оқушы қыздардың қаражатын Сейітбаттал қажы толық өзі к өтеріп, о ған қ осымша қ ыздарға қолісін м ектепте үйретуге де ықпал жасап, тігін шеберханасын ашып қояды. Өзі мұғалімдер ісіне кіріспей, тек қана жақсы істерді қолдаумен болады.Тұрысбектің ұлы Солтанқұл болыс 1914 жылы көктем айында өзіне қарасты

14 старшын мен елдің атқамінерлерін шақыртып алып, жиын өткізіп, балаларды Қарағаштағы мектепке оқытуға берулерін және ауылдарын қалаға ұқсас тұрғызуды талап еткен құжат сақталғаны бар.

Есенқұл қажы мектеп тіңіргесін кеңей тіп, мұғалімдерді жеке пәтерлермен қамтып, отын-су, еңбекақысымен қамтамасыз етеді. Ағасы Сейітбаттал 1913 жылы 2 қарашада 50 жасында қайтыс болған соң, бүкіл мектеп тіршілігі Есенқұлға жүктеліп, ол бәрін өз қарауына алады. Немере інілері Қожахмет, Тәңірберген, Солтанқұл, Құдайберген оған әмісе көмектесіп тұрады. Есенқұл қажы қазақ балаларының жоғары оқу орындарында оқып жүргендеріне қаражат беріп, көмек қылуды аямаған. Өз қаражатымен Біләл Сүлеевті Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқытады. Қазақтың ұлттық әдебиетін өркендетуге атсалысып, «Қазақ» газетінің 1914 жылы 28 ақпанында, № 52 санында қазақ романына 2 мың сом бәйге жариялайды. 1914 жылы «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Оның ашық хаты қазақтың көзі ашық, оқыған қауымын дүр сілкіндіреді. Қазақтың ұлттық-рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов Есенқұл Маманұлының игі ісін құптап, жақсы лебіздерін газет пен журнал арқылы жазып білдіреді. «Қазақ» газетінің 1914 жылы 24 мамырдағы № 24 санында, «Ашық хат азаматтарға» деген хабарламасында Маманұлы Есенқұл қажы: «Бәйгеге түскен романдарға сыншылыққа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Яқ ұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов деген ардақты азаматтарды лайықтаймын», - деп жазады. Роман бәйгесіне атақты Спандияр Көбеев, Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басқа тағы алты елге танымал атақтылардың жазған романдары сараптап алынады. 1914 жылы жаз айында, халық көп жиналған, Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров жеңімпаз атанады. 1915 жылы, № 7-8 саны, «Айқап» журналының алқасы: «Есенқұл Мамановтың романға бәйгесі Альфред Нобель жұмысымен қатар дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, құдығына қарай қауғасы деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді», - деп жоғары бағалайды. Есенқұл қажының осы өнегесін 97 жылдан кейін Жетісу мен қазаққа белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов қайта түлетті. Ол балалар әдебиетіне халықаралық мәреде Есенқұл Маманов атындағы жыл сайындық қомақты сомада бәйге жүлдесін 2011 жылдан бастап тағайындады.

Тәңірберген мен Құдайберген Тұрысбековтер жылына Мамания мектебіне 4-4,5 мың сома көлемінде қаржылай көмек беріп тұрғаны құжаттармен деректеледі.

Кеңестік революциялық толқындарға байланысты Мамания мектебі 1917 жылы жабылады.

Қарағаш ауылы мен Мамания мектебінің ғимараты 1918-1920 жылдары Алашорда мен ақтардың бекінісіне айналады. Ақтар атаманы Анненков қарамағындағы Бедарев пен Осипов отрядтары Қарағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға асарларында мектепті және басқа да құрылыс үйлерді өртеп кетіпті.

1924 жылы Мамания мектеп ғимаратында 4 кластық совет үлгісіндегі «Қарағаш школасы» дегізіп, жетім балаларға арналған мектеп-интернат ашылады. Жергілікті өкімет Қарағаштағы мектептің өртенбей қалған, күйген кірпіштен қаланған қабырғаларын жөндеп, еден салып, есік пен терезелерін жаңадан жасап, төбесін тақтаймен жауып, майлап, сылап жөнге келтіреді. 1927 жылы Қарағаш мектебі облыста панасыз балалардың көбеюіне байланысты, Шелектегі панасыз балалар үйінің жабылуына қарасты және облыс білім-ағарту саласы ұйғаруымен «Қарағаш коммунасына» айналып, 1928 жылдан бастап 7 кластық білім бере бастап, қысқаша орысша ШКМ (школа коммуна молодежи) деп аталады. Коммунаға алғашқы директор болып Шамай Шынасылов тағайындалады. Одан кейін коммуна директорлары Мәжікен Нұрғалиев, Мәкей Еркінбеков, Есейбек Үркінбаев, Құсайын Жиреншин болады. Мұғалімдері мен тәрбиешілері болып Досымжан Балдақбаев, Әбдікеш Сүлейменов, Нұртаза Иманбеков, Арын Құсайынов, Иван Прошунин, Рахымжан Смағұлов, Базарбай Балханов, Құсмолда Тілеужанов, Иманғали Қуатбеков, Қали Айтқожин деген сол заматтың бетке ұстар біліктілері қызмет істейді. Коммуна толық шаруашылық есепте болады. Яғни, өздерін өздері сақтап асыраған. 380 гектар егіндік жері, 400 гектар жайылым жерлері болып, 500 қой, 150 сиыр, 100 аса жылқы асырап, бал ара омартасын ұстайды. Коммуна қарауында бір су диірмен, бір наубайханаға қоса, өте жақсы жабдықталған шеберхана мен ұстахана болады. Коммунада 200- ден астам оқушы оқып, барлық шаруашылыққа қарап, күнкөріс қамын да жасайды. 1935 жылы коммунаны бітіріп шыққандар арасынан Ақсу өңірі мен Жетісуға еңбегі сіңген Ғазиз Ұрмурзин, Күнғали Балшықбаева, Түкен Құсмолдин, Зейнеш Құсмолдин, Сейітқазы Тергеубаев, Әбілғазиз Малдыбаев, Бәкей Оспанов, Әбдікәрім Сауранбаев, Қожахан Бекеев, Қанаш Азанбаев, Адай Есенқұлов, Баянды Құсмолдин деген зиялылар болғаны белгілі. 1935 жылы Қарағаш коммуна мектебі аудандағы үлгі-тірек мектепті ұлғайту үшін бұзылып, ескі Ақсуға көшіріледі.

Ескі Ақсуда 1913 жылы 4 кластық дәрежеде татар медресесі ашылған екен. Ол медресенің бастығы Тахауи Тойбахтин деген молда болады. Сол медресені Тұрысбек Әлсейітов, Нұрсейіт Жақыпов, К. Кебеков деген Ақсу өңіріндегі білім саласына үлес қосқан азаматтар оқып бітіреді. Ол медресе 1917 жылдан, қызыл, ақ, Алашорданың Ақсу өңіріне келуіне байланысты, 1923 жылға дейін жұмыс істемей қалады. 1923 жылы медресе орнына 4 кластық қазақ совет мектебі ашылады. Оны халық «қызыл школ» деп атайды. Сол «қызыл школ» мектепті 1928 жылдан бастап аудан бойынша үлгі-тірек мектебіне айналдырмаққа шешім шығарылады. Үлгі- тірек мектебінің көлемін ұлғайтып, кеңейту мақсатында Қарағаш коммунасын 1935 жылы көшіріп әкеп қосып, қазіргіше орталау мектеп жасалады. 1935-1937 жылдары мектеп меңгеруші болып Қанапия Махметов, 1938-1939 жылдары Әбдікәрім Төтенов, 1940-1941 жылдары Садуақас Ибраимов, 1941-1945 жылдары Ескендір Ережепов тағайындалады. 1938-1939 жылдары мектептің бастапқы түлектері тоғыз оқушыдан, 18 оқушы бітіріп шығады. Үлгі-тірек мектебі 1935-1938 жылдарда сол кездегі КСРО Халық ағарту комиссары Бубновтың атымен аталып, ол 1938 жылы «халық жауы» деп ұсталып кеткен соң, мектеп қазақ орта мектебі деген атаумен қалады. Х. Әбеуов, Баймағанбетова, Тоғысбай Сүлейменов, Садуақас Ибраимов, Хамит Бейсенбеков, Михаил Давыдченко, Оразбаев, Баянды Құсмолдин, С. Қаймекин дегендер мұғалімдік қызметтер атқарады.

1959 жылы Ақсу өзенінің бергі жағынан жаңа мектеп ғимараты салынып, Ақсудың арғы бетіндегі қазақ орта мектебін соған қосып, енді 280 орындық мектеп-интернатқа айналады. 1963 жылыүш қабатты 640 орындық жаңа мектеп ғимараты салынып, атауы Ы. Алтынсарин деп аталады. 1964 жылы мектеп директоры болып Қорғанбаев Бейсебек тағайындалады. Ол мектепке 1965 жылы Ақсудағы Ю. Гагарин мектебінің оқушыларын қосып, олардың санын ұлғайтады.

1935 жылдан 1964 жылға дейін ол мектепті 29 меңгеруші (директор) басқарыпты. 1998 жылы Ақсудағы Ы. Алтынсарин атындағы таза қазақ орта мектебі облыс әкімі З. Нұрқаділовтың шешімімен «Мамания» деп қайтадан мектептің атауы өзгертіледі. Шынтуайтында, бұл мектеп Ақсу өңіріндегі бұрынғы Мамания мектебінің жалғасы болып табылады.

Қолданылған әдебиеттер:

1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, VI том

 

Классики и современность







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10