электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2015г.

 

Аспандияр Кенжин: Тұлға, тарих, тағылым

№ 4 (145) апрель 2015г.

Ә. Сүлейменова ҚР Президенті Мұрағатының Жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, т.ғ.к.

 

Аспандияр Кенжин ҚазақстанныңХХ ғасырдағы тарихынан өзіндік орын алуы тиіс қайраткерлердің бірі. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас тағдыр иесі. Өз заманының перзенті ретінде біреуден ілгері, біреуден кері қалды деуге келмейтін тұлға. А. Кенжиннің өмірінің бастапқы кезеңі басқа әлеуметтік ортада қалыптасқанымен қазіргі таңдағы әлеуметтік ортаның доминанттық мәні бар идеяларына қызмет етті.

Аспандияр Кенжиннің өмір жолын бірнеше тарихи хронологиялық кезеңдерге бөлуге болады.

1. Аспандиярдың қоғамдық саяси көзқарастарының іргетасының қалану, мектептік кезеңдері. Дүниетанымының қалыптасуы, ел істеріне араласа бастауы, азамат, күрескер, қайраткер ретінде өсуі.

2. 1917–1919 жылдардағы қоғамда орын алған аласапыран кезеңдегі әскери қимылдарға қатысуы, елдің саяси өміріне белсене араласуы.

3. 1920–1924 жылдардағы халық ағарту, саяси ағарту, сауаттандыру, үгіт насихат салаларындағы белсенді іс әрекеттерді жүзеге асыруы.

4. 1924–1928 жылдар аралығында жас кеңес мемлекетінің ішкі және сыртқы сауда саясатының қалыптасуы мен өркендеуіне ат салысуы, Қызылорда қаласын астанаға айналдыру жөніндегі сан-салалы істің көшбасшысы болуы, Коммунистік партияның қатарынан шығарылуы.

5. 1928–1933 жылдары кеңестік шаруашылық қызметінде, елді индустрияландыру ісіне араласуы, елдегі алып құрылыс Семей ет комбинатының іргетасын қалау жұмысына басшылық жасауы, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамытудағы атқарған қызметтері.

6. 1933–1936 жылдарда Қазақстан аумағынан тысқары шығандап кетуі, Түркіменстандағы партиялық тазалаулардың қорытындылары.

7. 1937–1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбаны болуы.

Аспандияр Кенжиннің қоғамдық саяси ұстанымының қалыптасуының алғашқы жылдары Орынбордағы қазақ- орыс мұғалімдер семинариясының қабырғасында өтті. Қазақ жастарының демократиялық ойларының орталығы бола білген Орынборда оның революциялық сауаты ашылып, жасырын үйірмелерде саяси тәжірибесін шыңдайды.

Оқу орнын бітірген соң қызметке араласты. Мұғалімдік қызметті атқара жүріп қырда азаттық, бостандық , теңдік тақырыптарындағы жұмыстарды үзбей жүргізіп отырды.

Азамат соғысы жылдарындағы А. Кенжиннің ісәрекеттеріне түсіністікпен қарау қажет. Ол нақты жағдайларға қарай бірде ақтарды қолдағандай болып көрінсе, екінші жағынан оларға ашық та жасырын күйде де қарсылық жасады. Ақтардың өктемдігі мен зорлықтарына қарсы күресте ол екінші жақтағы большевиктермен де ынтымақтасып кетуін заңды құбылыс деп есептеген дұрыс. Шыққан тегіне, көзқарасына қарай ол ақтардың басшыларына большевик болып көрініп, тұтқынға алынды, ал кейінірек қызылдар өз кезегінше оны ақтарға қызмет еткен адам санап, сенімсіздік танытты. Ақтардың да, қызылдардың да ұлттық мүддені көздеген адамды дұшпан ретінде танығандығы тарихтан мәлім,

1920 жылға дейін А. Кенжин қоғамдық мәні зор көптеген іс-шараларға қатысып, саяси көзқарастарының толыққанды қалыптасқандығын танытып үлгерді.

Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитеті 1919–1920 жылдары 15 ай билік құрған сәтінде Алаш қозғалысына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы қаулы қабылданып, қазақ оқығандары ел билігіне араласа бастады. Елдегі қазақ оқығандарының бұқара арасындағы беделі мен қызметіне баса назар аударған кеңес үкіметі осындай қадамға баруға мәжбүр болды.

А. Кенжин аталған комитеттің Халық ағарту бөлімінде Мектептен тыс жұмыстар, Мектеп бөлімдерінде меңгеруші, Саяси ағарту комитеті басқармасының бастығы, Үгіт-насихат бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. Халық ағарту саласындағы орын алған кемшіліктер, қол жеткен жетістіктер туралы, Қазақстандағы саяси ахуал туралы жазған мақалалары «Қызыл Қазақстан», «Известия Киробкома РКП б» «Қазақстан большевигі», «Қазақ календары» сияқты тағы да басқа көптеген газет-журналдарда жарияланып тұрды.

Ғасырлар тоғысында өмір сүріп, қызмет еткен қазақ зиялылары бір бірімен тығыз қарым қатынас жасауға ұмтылды. Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Ә. Бөкейханов пен А. Кенжиннің арасындағы алғашқы таныстық іскерлік байланыс Бұратаналар бөліміндегі қазақ зиялыларының қызметі барысында нығая түскен. Алаш қозғалысының белгілі идеологы, кеңестік Қазақстанда халық ағарту комиссары қызметін атқарған Ахмет Байтұрсынов Аспандияр Кенжиннің сапалық қырына азаматтық, адалдық, мінез қайраттылығы, халық ағарту саласына шынайы берілгендік және ұйымдастырушылық қызметінің жоғарылығын жатқызып, оны халық ағарту саласындағы аталған жүйені іс-тәжірибелік жағынан озық білетін бірегей қызметкер ретінде сипаттайды.

1920 жылы жасалған кешірімнен кейін Алаш қозғалысының қайраткерлері жаңа билік қызметіне араласа бастағандығы белгілі. Олар Қазақстан ғылымының, оқу ағарту ісінің әдебиеті мен өнерінің, халық шаруашылығының дамуына қомақты үлес қосты. Ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдері, ең алдымен Алаш пен Алашордаға жетекшілік жасаған қайраткерлер түгелге дерлік кеңес билігінің әр кезеңінде «халық жауы» аталып, сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды.

1920 жылы мамырда Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің Халық ағарту бөліміне жұмысқа тартылған А. Кенжин 1930 жылдардың басына дейін жоғарғы билік басында болды. Халық ағарту комиссары, БК бП қазақ обкомының үгіт насихат бөлімінің меңгерушісі, Бас саяси ағарту комитетінің бастығы, Қазақ АКСР-і Ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, Қазақ Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы сияқты лауазымды қызметтерді атқарды.

А. Кенжиннің шығармашылық мұрасының өзі арнайы зерттеуді қажет етеді, ол екі тілде сөйлеумен қатар шұрайлы тілмен жаза да білетін қабілетімен айрықшаланады. Бұл қасиет жаңа әдістегі мектептерді бітірген ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының баршасына тән болатын.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ баспасөзінде мемлекеттік билік органдарының басшылары танымдық таныстыру мақалаларын жиі жариялап тұратын. А. Кенжин де елді сауаттандыру барысы туралы, соңғы партиялық жаңалықтар жайында хабардар ету мақсатында, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге үн қосып, өз пікірін білдіріп, келелі мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында, мерзімді баспасөз беттерінде танымдық кітапшалар арқылы көтеріп отырды. Бұл жұмысты жүзеге асырудың материалдық- техникалық базасы да жеткілікті болатын. А. Кенжиннің баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерін тарих, тарих ғылымдары, Қазақстан республикасының тарихы, экономика, экономика ғылымдары, мемлекет және құқық, заң ғылымы, сауда, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдері мен шикізаттарды өңдеу, дайындау, сақтау, тамақ өнеркәсібі, білім беру ісі, педагогика ғылымы тақырыптарымен жүйелеп қарастыру қажет.

Халық ағарту саласындағы орын алған кемшіліктер, қол жеткен жетістіктер туралы, Қазақстандағы саяси ахуал жайында жазған мақалалары республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрды. Оның аталған жарияла- нымдарында негізінен елді сауаттандыру, халық арасында саяси ағарту жұмыстарын жүргізу, сыртқы және ішкі сауданы қалыптастыру, дамыту, елді машиналандыру, техникалық қамтамасыз етуді қамтыды.

Белгілі сәкентанушы ғалым Т. Кәкішевтің «… тегінде ендігі зерттеулерімізде жалаң түйіндеу мен қисындаудан іргені аулағырақ салып, пенделік пен қоғамдықты, жеке бастың ынта ықыласы мен халықтық арман тілекті қиюын тауып жарқырата көрсетсек қана оқушының жүрегінен жол табамыз. Ал оған ұлыларымыз мың сан мысал мен деректі тауып береді. Сонда ғана олардың сіңірген еңбегі де, өздері де тарих бетінен жарқырай көрініп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнегеге айналары хақ», – деп атап көрсеткеніндей А. Кенжиннің де атқарған еңбегі мен өмірі мұрағаттық деректер негізінде келер ұрпаққа жарқырай көрінетініне, үлгі өнегеге айналарына кәміл сенімдіміз.

Қазақстан тарихының тұлғалармен бейнеленуінде оларға айып тағу ретінде жазылуына жол бермеу қажет. Большевиктік тәсілдермен оалрға түрікшілдік, батысшылдық панисламистік, орысшылдық, ұлтшылдық сияқты шылықтардың ұлттық қайраткерлерге тағылуына тосқауыл жасалуы тиіс.

 

Классики и современность






 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no