электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2016г.

 

Темірбек Қараұлы Жүргенов (Жүргенев) – халық ағарту комиссары

№ 5 (156) май 2016г.

Байқаш Ж., ҚР Президенті Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы

 

1930−1933 ж. Қазақстанда болған ашаршылықтың зардаптары халық ағарту ісіне кері әсерін тигізді. Мәжбүрлі қоныс аудару салдарынан 1931−1932 жж. мектептерде оқушылардың саны азайып, жетімдердің саны өсіп кетті. 1932 ж. балалар үйіне 68 мың бала, ал 1933 ж. басында 45 мың бала орналастырылды. 1934−1935 жж. интернаттардың саны 127-ден 221-ге дейін өсті. Осынау қиын-қыстау заманда 1933 ж. Темірбек Қараұлы Жүргенов ҚазКСР халық ағарту комиссары болып тағайындалды [1].

Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898 ж. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында мал өсірушінің отбасында туған [2]. 1920 ж. Коммунистік партиясының мүшесі. 1923 ж. Орынбор қ. жұмыс факультетін, 1927 ж. Ташкент қ. Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетін бітірген. Алғашқы қазақ аудармашыларының бірі.

1913–1917 жж. Перовск қ. қалалық жоғары орыс-қазақ училищесінің және Уфа жер өлшеушілер училищесінде оқыған. 1918–1919 жж. Торғай қ. «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының мүшесі. 1919–1920 жж. Ырғыз уезінде Кенжеғара болыстық революциялық комитетінің төрағасы. 1920–1922 жж. Ырғыз қ. Ырғыз уездік революциялық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы. 1923–1927 жж. Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті [3]. 1923–1926 жж. ҚАКСР-дің Түркістан республикасындағы өкілетті өкілі, Қазақ педагогикалық институтының ректоры (Ташкент қ.). 1927–1929 жж. Орта Азия мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері (Ташкент қ.) [3]. 1929–1930 жж. Тәжік КСР қаржы халық коммиссары (Сталинабад қ.). 1930–1933 жж. Өзбек КСР халық ағарту халық коммиссары (Ташкент қ.). 1933 ж. шілдесінен 1937 ж. шілдесіне дейін ҚазКСР халық ағарту халық коммиссары. 1935−1937 жж. Жаңа қазақ алфавиті комитетінің төраға орынбасары. 1936−1937 жж. Халык комиссарлар кеңесінің жанындағы Өнер басқармасының бастығы[4].

1934 ж. Т. Жүргенов жазған еді: «Мәжбүр болған халықтың қоныс аударған аудандарында мектеп желісі және басқа мәдени-ағарту мекемелері қиратылды. Әлі күнге дейін мектептерде жоғарғы сыныптар құрылмады және 2 сыныптық типтегі мектептер кеңінен таралған. Мектеп жасындағы балалар оқумен қамтылмаған, мектептердің оқуға жарамды 30 пайызы ғана» деп атап өтті [5].

Т. Жүргенев ҚазКСР халық ағарту комиссары қызметінде бастауыш және орта білімді жақсартуға, сауатсыздықты жоюға, мектептерді оқулықтармен, мұғалімдік кадрлармен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Оның қызмет жасаған жылдарында Қазақстанда жоғары оқу орындары ашыла бастады, Алма-Ата қ. 1933−1934 жж. 6 жоғары оқу орны ашылды. 1936 ж. бала-бақша қызметкерлеріне, яғни, 325 адамға 3 айлық курс [6], әскери қалашықтарда жоғары оқу орындарға түсу үшін дайындық курстарын [7] ашуға ат салысты.

Темірбек Жүргенов мектептердің салынуына ерекше көңіл бөлді. Оның тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданды. Бұл мәселені ол бюджеттің және кәсіпорын, колхоздардың есебінен шешуге тырысты. 1933 ж. бастап 1939 ж. дейін өкімет мал шаруашылық аудандарға 113 106, 5 мың рубль жіберілді, бұл қаражатқа 2614 мектеп салынды. 1936 ж. Алма-Ата облысында жұмысшылардың көмегімен 550 мектеп іске қосылды. Қазақстанның 148 ауданында 87 915 орынға арналған 936 жаңа мектеп және 19 735 орынға 427 сынып бөлмелері салынды. 1936−1937 оқу жылына 12 300 орынға 31 қала мектебі, 14 интернат, 7 200 орынға 46 ауыл мектепті салуды жоспарлады . Осының бәрі мектептерді салу мәселесіндегі, республикада мектеп білімінің материалды- техникалық базасын кеңейтуге Т. Жүргеновтың белсенділігін көрсетеді. Т. Жүргенов ҚазКСР халық ағарту халық коммиссары қызмет атқарған жылдары аз уақыт ішінде қазақстандық халық ағарту жүйесі өзінің дамуында көп жетістіктерге жетті. Мәселен, 1937 ж. республикада 7369 студент пен 23 517 оқушы даярланып отырған 21 жоғары оқу орны, 85 техникум бар еді, олардың ішінде қазақтардан жоғары оқу орындарында 3 971 студент және техникумдарда 11 355 оқушы оқыды. Республика бойынша 1, 5 млн адам мектептерде, жоғары оқу орындарында, әртүрлі курстарда білім алды [8].

Мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосты. Қазақ мемлекеттік музыкалық театрдың (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ашылуына ат салысып, қазақ ұлттық операның, қазақ драматургияның дамуына ықпал етті. 1934 ж. Алма-Атыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін ұйымдастыруға белсенді қатысты. Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М. Әуезов, Ж. Шанин, Ә. Қастеев, тағы басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Қазақ әндері туралы А.В. Затаевичке көптеген мәліметтер берді.

1936 ж. мамырда Мәскеу қ. Қазақстанның әдебиет және өнер онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды. Мәселен, хореография мектебінің оқушыларын Мәскеудегі онкүндікке қатысуға ықпал жасады, 25 бала жіберілді [9]. Өзі 1936 ж. 27 сәуірінен бастап Мәскеуге онкүндікті өткізу мәселесімен іс-сапармен барады [10]. 1936 ж. 28 мамырда онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Қызыл Ту Еңбек Орденімен марапатталды [2].

Аударма ісіне де көңіл бөлді, оның қатысуымен Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Толстой, Горькийдің және тағы басқа жазушылардың шығармалары қазақ тіліне аударылып, баспадан шықты. А.С. Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жылтолуын атап өту үшін[11] және Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығының 20 жылдық мерейтойына [12]. ісшараларды ұйымдастыру үшін құрылған комиссиялардың төрағасы болып тағайындалды. «Жаңа мектеп» журналының [13], «Литературный Казахстан» газетінің [14] редакциялық алқасының мүшесі болды.

«Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г.), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, 1935, № 4), «Задачи школ Казахстана в новом учебном году» (Большевик Казахстана, 1935, № 9) және тағы басқа мақалалары жарияланған. Сонымен бірге, 1924 ж. Қазақстан ақындарының өлеңдері мен поэмаларын жинақтап, «Терме» атты жинақтың құрастырушысы, бұл жинақ 1936 ж. толықтырылып, қазақ және орыс тілдерінде қайта басылып шығады.

Темірбек Қараұлы Жүргенов 40 жыл ғана ғұмыр сүрді, барлық жоспарларын іске асыра алмай, «халық жауы» деп 1937 ж. 2 тамызында тұтқындалып, 1938 ж. 25 ақпанында ату жазасына кесіліп атылды. 1957 ж. 18 сәуірінде ақталды[15].

Пайданылған әдебиеттер мен деректер тізімі

1. ҚР ПА. 141 қ. т. 1. 5769 іс. 94 а.б.

2. ҚР ПА. 141 қ. т. 1. 11558 іс. 23, 24а.б., 25 п.

3. ҚР ПА. 141 қ. т. 1. 1038 іс. 1−3 п.

4. Ашимбаев Д.Р. Кто есть кто в Казахстане: Биографическая энциклопедия. – Изд.11-е, доп. – Алматы, 2010. – С.437.

5. http://history-kz.ru/kultura_kazahstana_19171940_gg жүгіну күні 23.03.2016.

6. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 10592 іс. 470−471 п.

7. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 6617 іс. 44 п.

8. http://abai.kz/post/view?id=2594 жүгіну күні 23.03.2016.

9. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 10586 іс. 321 п.

10 ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 10585 іс. 258, 259 п.

11. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 10583 іс. 36 п.

12. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 10589 іс. 74−75 п.

13. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 1043б іс. 191, 193 п.

14. ҚР ПА. 141 қ. 1 т. 6605 іс. 179 п.

15. Қазақстанның халық комиссарлары. 1920−1946: Өмірбаяндық анықтамалық. / Ред. М.С. Нәрікбаев (жауапты), Л.Д. Дегітаева, Е.М. Грибанова. Құраст.: М.Х. Жақыпов, А.С. Зұлқашева, А.Н. Ипмағамбетова (жауапты), Е.В. Чиликова. − Алматы: Қазақ гуманитарлық заң университетінің баспасы, 2004. − 204, 205 б.

 

 

 

 

 

Классики и современность





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10