электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


Даты. События.

 

   

Архив статей 2017г.

 

Сандар сөйлейді: Алғыс айту күніне орай!

№ 3 (164) март 2017г.

ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА А.И., т.ғ.д., доцент Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

 

Бұл күннің басты ерекшелігі - Қазақстанға көшіп келуге мәжбүр болған этностардың, олардың ұрпақтарының қазақ халқының мейірімін сезінген, сондай-ақ, өзінің этникалық ерекшелігін сақтай отырып, қазақи менталитеттің озығын бойына сіңіре алған және оны мақтан тұтатын қазіргі Қазақстан халқының жақсылыққа жақсылықпен жауап беріп, алғысын білдіретін күн екендігінде.


Қадірлі қауым, Барлығымызды 1 наурыз – алғыс айту мерекесімен құттықтаймын!

«Қазақтың мейірімділігіне рахмет!» деп алғыс айтушы халқыма рахмет!» деп бастасам!?

Мейрімділікті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, жалғастырған қазақстандықтарға рахмет!

Биыл Алғыс айту мерекесі екінші рет тойлануда. 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні 1 наурыз күні болып бекітілді.

Қазір Қазақстанда 127 этнос өкілдерінен тұратын 18044,7 мың қазақстандық өмір сүруде. Респу- блика халқы көптеген тарихи қалыптасу кезеңдерінен өтті.

Қадірлі қауым, көп этносты Қазақстан халқының ХХ ғасырдың басынан бергі қалыптасу процесін түсіндіру үшін халық санақтары кезіндегі сандық динамикасына көз жүгіртейік: 1897 жылы Қазақстан территориясында 24 этнос өкілдері мекендесе, 1926 ж. 38 ұлт пен этнос өкілдері, 1939 жылы 58, ал 1959 ж. – 114, 1989 ж. – 120, ал, 1999 ж. мен 2009 ж. санақтарда – 127 ұлт пен этнос өкiлдерi тіркелген екен.

Байқасаңыздар, 1939-1959 жылдар арасында Қазақстанда мекендейтін этностар саны екі есеге өскен: 58 ден 114-ке бірден көтерілген.

Cондай-ақ, 1897 ж. Қазақстанның кәзіргі территориясында қазақтардың үлесі 81,7% болса, 1917 жылы 59,8%-ға жетті. 1926 ж. 58,5%, ал 1939 ж. 38,0%-ға дейін төмендеді. Бұдан кейінгі жылдары қазақ ұлтының өз жеріндегі үлесі тіпті кеміп, 1959 ж. санақта республика халқының 29,8 %-ына дейін түсті. Бұл сандар нені көрсетеді?

Бұл сандар сырттан ерікті және мәжбүрлі түрдегі миграциялық үдерістерге толы тарихи оқиғалардың және қазақтардың саны мен үлесін кеміткен ХХ ғасырдың І жартысында орын алған ашаршылықтардың демографиялық апаттардың нәтижесін көрсетеді. Бұл сандар қазақ жеріндегі көші-қон қозғалысының артындағы адамдардың тағдырынан да хабар береді.

Мысалы, Санкт-Петербургтегі Ресей мен Қытай арасындағы бейбіт келісімшарт (ақпан, 1881 жылы) негізінде 45 мың ұйғыр және 5 мың дүнген келді. 1897 жылы Ресейде өткен халық санағы бойынша Қазақстанда, оның ішінде негізінен Жетісуда 56 мыңға жуық ұйғыр (санақта олар тараншы этнонимімен өтті) және 15 мыңнан астам дүнгендер тіркелді.

Саяси жер аударылғандар, мысалы, 19 ғасырдың 30-жылдары Ресейде болған поляк көтерілісіне қатысқандар Қазақстан аумағына жер аударылды [1].

Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанда жер аударылған 60-қа жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері туралы мәлмет кездеседі

1897-1916 жылдар аралығында Қазақстанның далалық облыстарына 1,14 млн адам көшіп келді.

1914 жылдың соңында Дала өлкесінің солтүстік-шығыс аудандарында және Түркістан генерал-губернаторлығының кейбір арнайы пункттерінде әр ұлттан құралған 20 мыңға жуық әскери тұтқындар болды.

1917 жылы Қазақстан аумағындағы қазақтардың үлес салмағы 59,8%-ға жетті. Столыпиннің аграрлық реформасы (1906-1912 жж.) нәтижесінде 360,7 мың мигранттың 80,6%-ы қазақ жерін тұрақтап қалды.

1931 жылы Түркістан – Сібір темір жолының құрылысы бітті.

Қазақстандағы Түрксіб темір жолына, Қарағанды көмір алабына, т.б. өнеркәсіптік нысандарға тек 1931-1940 жылдары 509 мың адам Қазақстанға келді

1920-1953 жылдар аралығында Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге 110 мың адам ұшырады [2]. Оның ішінде Қазақстан аумағында «Қарлаг», «АЛЖИР», «Степлаг», т.б. лагерьлер тұрғындары болды.

1939-1959 жылдар арасында Қазақстандағы этностар саны 58 ден 114-ке бірден көтерілді дедік. Себебі осы екі санақ арасында Ұлы Отан соғысы болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтастай халықтарды жер аударулар -депортациялар кезінде қазақ жеріндегі Кавказ, Қиыр Шығыс, тау халықтары өкілдерінің түрлері мен саны өсті.

Қазақстанға алғаш депортацияланған 1936 ж. Батыс Украинаның шекаралық бөлігіндегі поляктар мен немістерді, 1937 ж. Азербайжан мен Армения курдтарын, сол жылы – Қиыр Шығыстан жер аударылған 180 мың корейліктерді айтып кеткеніміз жөн болар.

Түркі халықтарынан 1943 ж. қазанынан 1944 ж. мамырына дейін Қазақстанға қарашайлар, ингуштер, қырым татарлары (1944 ж. 18 мамыр), балкарлар және т.б. жер аударылды. 1942-1943 жж. немістер қол астында болған қарашайларға: тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін қалпына келтіру, діни бостандықпен бірге барлық бағытта халыққа толық еркіндік беру, колхоздар орнына жекеменшік жүйесін енгізу; екіге ажыраған қарашай-балқар халқын қайтадан біріктіру секілді уәде берген еді. 1943 ж. немістермен тіл табысты деген қарашайлар депортацияланды. «Эльбрусты қорғай алмады және қарашайлармен біріккісі келді» деген желеумен балкарлар жер аударылды. Орындарына кабардиндерді көшірді. Айта кету керек, көп ұзамай кабардиндер де тұтастай болмағанымен, жер аударылды.

Қырым татарларына тағылған айып салдарынан 1944 жыл мамыр-маусымында 191014 қырым татарлары, олармен бірге 12422 қырымдық болгар, 15040 грек, 9621 армян, 1119 неміс, сондай-ақ, 3652 шетелдік азаматтар жер аударылды [3]. Бұлар Өзбекстанға, Башқұрт АКСР-не, Марий АКСР-не, Кемеров, Молотов, Свердлов, Киров облыстарына және Қазақстанның Гурьев облысына орналастырылды.

1944 ж. бастап Грузиядан курдтар, хемшидтер, азербайжандар көшірілді: а) 1943 ж. күзінде қарашайлықтар – 11711 отбасы, 45529 адам; ә) 1944 ж. көктемінде шешен-ингуштер – 89901 отбасы, 406375 адам; б) балкарлықтар 4660 отбасы – 21150 адам, Қырымнан 1268 отбасы, 4501 адам, 1944 ж. күзінде Грузиядан – 6296 отбасы, 27657 адам – барлығы 114484 отбасы – 507480 адам көшірілді [4]. Соның ішінде 1944 ж. қараша айында Грузиядан сатқындық жасауы мүмкін деген желеумен түрік-ахысқалар Орталық Азияға жер аударылды.

1944 ж. 15-17 қараша аралығында Грузияның Ахалцих, Адыген, Аспиндз, Ахалкалак және Богданов аудандарынан месхет түріктері деп атаған ахыска түріктерін жинай бастайды. 17 қараша күні бір машинаға 7-8 отбасыдан, 1 вагонга 20-25 отбасыдан 81324 адам тиелген 25 эшелон Грузиядан жөнелтіледі. Әр түрлі деректер сол үш күн ішінде 90-нан 116 тіпті 125 мыңдай адам түріктер, хемшинтер және күрдтер жөнелтілді дейді. Ай бойы товарлы поезбен қақаған қыста Орта Азияға қарай жер аударылған түріктер Өзбекстан, Қазақстан және Қырғыз республикаларына бөлініп түсіріледі [3]. Сатқындық жасады деген адамдардың жанұяларын оқшау орналастырды.

Соғыстан кейінгі жылдары республикаға тәжік, қырғыз, өзбектерден шыққан «басмашылар» жер аударылды.

1949 ж. «Қара теңіз жағалауы мен Кавказдағы Грузин КСР, Армян КСР мен Азербайжан КСР-ларын саяси сенімсіз элементтерден тазарту» үшін жүргізілген шаралар нәтижесінде түріктер мен гректер тағы депортацияланады. Олар Ресейдің Алтай өлкесіне, Томбы облысына және Қазақстанның Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарына жіберілді.

Ал ол жердегі қазақтар мен арып-ашып келген, болашақтың бұлыңғырлығынан қорқып келген бауырларымызбен қарым- қатынас қалай өрбігені қазір тарихқа аян.

Қазақстан территориясындағы арнайы қоныстандырылғандар саны 1953 ж. басталған «жылымық» жылдарына дейін тез өсіп, көбейіп отырды. Мысалы, 1946 ж. 1 қаңтарында Қазақстанда 197 272 отбасы, 726 051 адам арнайы қоныстанушы тіркелсе, сол жылдың қазанында олардың саны 890698 адам деп есептелінді [5].

Елбасы 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінде: «Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі- зайыптыларды қабылдады», – деген болатын [6].

Өздері мұқтаждықта өмір сүріп отырған қазақтар ХХ ғасырда – 1917-1918 жж., 1921-1922 жж. және 1929-1933 жж. үш ірі ашаршылықтан шыққан болатын. Нәтижесі Қазақстанды демографиялық дағдарысқа әкелді. Тарихи құжаттар, естеліктер, фото-фоно деректер сол кездегі қазақ халқының жан-айқайын уақыт пернесінен өткізіп, ұрпақтар алдында борыш ретінде тұнып тұр. Тіпті, құрғақ сандардың өзі не сұмдық оқиғаларға толы демографиялық апатқа куә болады.

1917-1918 жылдары РКФСР аумағында 1918 жылы құрылған Түркістан Республикасының құрамына кіретін Қазақстанның оңтүстік бөлігінде ашаршылық болды. Қайғылы салдарға әкеліп соққан екінші ашаршылық 1921-1922 жылдары Қазақстанның бүкіл аумағын қамтыды. Уақыты жағынан үшінші және ауқымы жағынан орасан, ұлт үшін тажал, Қазақстанның даласы мен Кеңес Одағының басқа республикаларын ажалдың қылышымен жайпап өткен ашаршылық 1929-1933 жылдары орын алды. Мұның бәрі сұмдық жағдайға алып келді: үш ашаршылықтың нәтижесінде Қазақстанда барлығы төрт миллионнан астам өлді.

1917-1918 жж. ашаршылық жылдарында Түркістан Республикасындағы қазақ үштен бірінен айрылды: 34,1%-ға кеміді. Осы жылдардағы аштықтан еңсесін көтермеген халық 1921-1922 жж. ашаршылық қамытын қайта киді [7].

1921-1922 жж. 2 млн 300 мыңнан аса адам ашаршылыққа ұшырады. Өлім-жітім өсіп, апатқа ұшыраған аудандардан халықтың көші орын алды.

Осы оқиғалардың негізінде 1917-1920 жж. Қазақстан халқының саны 6 218, 3 мың адамнан 4 679, 8 мыңға, ал 1923 жылы 3 786 910 адамға түсті. Осылайша, 1920-1923 жж. Қазақстан халқы 892 885 адамға, ал 1917-1923 жж. 2431,3 мың адамға кеміді.

Мұрағат қойнауларында 1922 жылдан кейін де тұтастай губернияларды аштық жайлағаны туралы құжаттар кездеседі. Сонда, ашаршылық саябырсығанымен тоқтаған жоқ. Ол Қазақстанның әр түрлі аймақтарында орын алып, арасы үзілмей, ұжымдастыру мен ет дайындау науқаны нәтижесінде халықты 1929-1933 жж. ірі демографиялық апатқа әкелді.

Қазақстандағы қасіреттің көлемін ҚазХШЕБ-ның 1930-1936 жж. ауыл халқының құрамының динамикасы жайлы есебінен байқауға болады: 1930 ж. – 5873,0 мың адам, 1931 ж. – 5114,0 мың адам, 1932 ж. – 3227,0 мың адам, 1933 ж. – 2493,5 мың адам, 1934 ж. – 2681,8 мың адам, 1935 ж. – 2926,0 мың адам, 1936 ж. – 3287,9 мың адам. 1930-1936 жж. Қазақстанның ауыл халқы 2 585,1 мың адамға кеміген. Жалпы, 1931-1933 жж. ашаршылық нәтижесінде қазақтардың жартысына жуығы (49-52 %) қырылғаны, 2,2 млнға дейін құрбан болғаны анықталды [8]. Яғни, бұл жылдары аштықтан қырылған қазақтардың жалпы саны 2,2 млндай болып, республика халқының 52,9%-ынан айрылды.

Тарихшы Т.О. Омарбеков еңбегінде 1929-1931 жж. Қытаймен шекаралас Қазақстан аудандарындағы халықтың саны шамамен 87000 адамға кемігенін, ал, енді ОГПУ-дың мәліметтеріне қарағанда, 1932 ж. 1-қаңтарына дейін Қазақстанның Батыс Қытайға өтіп кеткен казақтарының саны 60 000-ға тарта адам болғанын айқындайды [9]. М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов, Ж.Б. Әбілқожин Қытайда, Моңғолияда, Ауғанстанда, Иранда 200 000 қазақ босқындарының Қазақстанға қайтпай, сонда қалып қойғаны туралы айтады. Aшаршылық жылдары республикадан 1 130 мың адам кетті, олардың 676 мыңы қайтпады, 454 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды [10].

1939 жылы елде қазақтың саны1926 жылмен салыстырғанда 3575,3 мың адамнан 2327,6 мың адамға дейін 1млн. 244 мың адамға, яғни, 35,8%-ға азайды [11]. Қазақтың үлес салмағы 1926 жылдағы 58,5%-дан 1939 жылғы 37,8%-ға немесе 20,7%-ға қысқарды.

Айта кету керек, тек тәуелсіздік жылдарында ғана республикада тұратын этностардың тарихын демографиялық тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік туды. Себебі, Кеңес дәуірінде тарихи демографиялық тұрғыдан халықтардың қалыптасуы, дамуы мен өсіп-өнуін зерттеуге идеологиялық жағынан құпталынбады. Мәселені тарихи-демографиялық тұрғыдан зерттеу ел дамуының қасіретті кезеңдерінен сыр шертіп, кеңес билігінің саяси шараларының халықтарға тигізген зиянды нәтижелерінен хабардар ететін еді. Тіпті тұрғылықты ұлт-қазақтардың да өсіп-өну тарихы алғаш рет тәуелсіздік жылдарында шынайы түрде зерттеле бастады. Мысалы, қазақтардың ХХ ғасырда ашаршылықтарға душар болып, жарты- сынан көбінен қырылғаны, өз жерінде азшылыққа айналғаны ашық айтыла бастады. Республика халқының құрамындағы қазақтың үлесінің үштен біріне де жетпей кемуі (1959 ж. санақта 29,7% ғана болған) де тәуелсіздік жылдарында ашық айтыла алды.

ХХ ғасырдың алғашқы 30-35 жылында-ақ жартысынан көбінен айрылған қазақ жеріне ХІХ ғасырдың екінші жар- тысынан басталған жаппай қоныстандырулар нәтижесінде көптеген этнос өкілдері қоныстандырылды. Ерікті, жоспарлы және мәжбүрлі жер аудару көші-қондары арқасында Қазақстанға келген этностар арасында тұтастай халықтар да болды.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында ашаршылықтан көз ашпаған қазақ халқы жер аударылған, қуғын-сүргін көрген халық өкілдерін өз бауырына басып, баспанасымен-нанымен бөлісіп, олардың аман қалуына көмектесті. Қазақстанда жер аударылған адамдар мен депортацияланған тұтастай халықтардың мұң-зарын көрмеген, хабарсыз қалған отбасы болмаған шығар. Елбасы да «Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», – деген болатын.

«Жылылық болмай қар кетпес» дегендей, адамдар, этностар арасындағы жылы қатынас ел бірлігіне апарар алтын көпір екені белгілі. Ал, қазақстандық бірлік тарихтың түрлі сындарлы кезеңдерінде сыры айнымаған қазақтың мейірімі негізінде жылулықпен көмкерілген барлық этностардың өзара қатынасына негізделген.

Алғыс айту мерекесінің енгізілуі тарихи әділдік болды деп ойлаймын.

Қазақстанның қазіргі тұрғындары 127 ұлт пен этнос өкілдерінен тұрады. Тұрғылықты ұлт қазақтармен бірге тату өмір сүрудегі барлық этнос өкілдерінің қазіргі мақсаты бір, ол – отанымыз Қазақстанды алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына жеткізуде бірлік пен тұтастықта болу.

2017 жылдың басына қарай республика халқы 18 044 724 адам болды

Қадірлі қауым, ХХІ ғасырдағы әлемдік деңгейдегі қауіп қатерлер біздерге, қазақстандықтарға, шынайы тарихты біліп, объективтілігін қабылдап, сырттан келетін қауіп қатерлерге бірлесе жауап бере алатындай тұтастыққа ие болуымызды қажет етеді. Оның себебі, ел бірлігі – отанымыздың, отбасымыздың қауіпсіздігі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларының бәріне елдегі тұрақтылықтың және қауіпсіздіктің іргетасы болып табылатын этносаралық татулықты сақтау қажеттілігі арқау болады.

Бірлік – республика халқы өзінің бүкіл тарихи дамуының барысында бағыт алатын темірқазық. Қайшылықтар арқылы, оларды шешу жолымен әрбір этнос, ел халықтарының бірлігін қолдай отырып, ортақ отандары – Қазақстан Республикасын дамытуға ұмтылады. Бұл мақсатқа барар жол тайғақ, бірақ өзінің жемісін береді.

Қазақстанды мекендейтін барлық халықтар, тарихтың қайғылы кезеңдері арқылы өтіп, қиындықтарды еңсере отырып, ауызбірлік пен бірліктің іргетасын қалай алды. Және де Қазақстан халықтарын жұмылдырудың өзегі қазақ халқының, сондай-ақ барлық этностардың төзімділігі, қонақжайлығы болғанын айта кету керек.

Өз сөзімді мен ел Президентінің сөздерімен аяқтағым келеді: «Этносаралық татулық – жан бітіретін ауа. Біз тыныстаған кезімізде оны байқамаймыз, мұны автоматты түрде істейміз, біз жай өмір сүреміз» [12]. Өзімнен қосайын: өз өмірімізді бірге жасаймыз және жақсартамыз.

Біз өз бірлігімізді және этносаралық татулықты сақтауға тиіспіз.

Әдебиеттер:

1. Қазақстандағы басқа ұлттар немесе этникалық топтар тарихы / http://e-history.kz/media/scorm/315/390/text/text.htm

2. Козыбаев М.К. Демографические исследования в Казахстане: итоги и перспективы // Вестник АН Каз ССР. – 1991. – №11. – С. 7-13.

3. Сталинские депортации 1928-1953 гг. / сост. Яковлев А.Н., Поболь Н.Л., Полян П.М. – М.: Международный фонд «Демократия», 2005. – 904 с.

4. Асылбеков М.Х., Құдайбергенова А.И. Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.): - Алматы: Өркениет, 2005. – 160 б.

5. Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы кеңес дәуіріндегі көші- қон үдерісінің тарихи демографиялық қыры (1917-1991 жж.). – Алматы:Елтаным, 2011. – 480 б.

6. Қазақстанда 1 наурыз – «Алғыс айту күні» мерекесі пайда болды / https://szh.kz/2098/qazaqstanda-1-nauryz-alghys-ajtukuni- merekesi-pajda-boldy/

7. Құдайбергенова А.И. Түркістан АКСР құрамында болған қазақ жеріндегі халықтың әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер // Отан тарихы. – 2010. – №2. - 112-122-бб.

8. Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. – Кн.1. – Алматы: Ғылым, 2000. – 420 с.

9. Омарбеков Т.О. Қазақстан қасіреті. – Алматы, 1994. – 310 б.

10. Насильственная коллективизация и голод в Казахстане, 1931- 1933 гг.: Сборник документов и материалов / Сост.: Алдажума- нов К.С. и др.; Редкол.: Козыбаев М.К. (гл. ред.) и др. – Алматы: «Фонд ХХ1 век», 1998. - 263 с.

11. Ресей мемлекеттік экономика мұрағаты. 1562-қор. 336 ж тізбе. 221- іс. 96- парақ.

12. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму: мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2015 жылғы 30 қараша / http://www.akorda.kz/kz/ addresses/memleket-basshysy-nnazarbaevtyn-kazakstan-halkynazholdauy- 2015-zhylgy-30-karasha

 

 

 

Даты. События.



 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10