электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


Даты. События.

 

   

Архив статей 2020г.

 

Ақжан әл-Машани – ұлы дала ойшылы әл-Фарабидің рухани құндылықтарын жаңғыртушы

№ 5 (196) май 2020г.

ЧЕКЕТАЕВА Р.С., «БАҰО «Өрлеу» АҚ ШҚО ПҚ БАИ аға оқытушысы., т.ғ.к.,
ОРАМАЛОВА А.Ж., ЖАҚСЫБАЕВА М.С., Өскемен қаласы., Қ. Нұрғалиев атындағы № 43 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімдері

 

Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» [1] қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының құрамдас бөліктері – «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» бағыттарында тарихи тұлғаларға ерекше мән беріп отыр. Қазіргі уақытта әлемде төртінші технологиялық революция болып жатыр: ақпараттың қарқынды ағыны, жоғары технологиялық инновациялар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларын өзгертіп жатыр. Қоғам сұранысы да, жеке тұлғаның қызығушылықтары да өзгеріп жатыр. Тарихи тұлғалардан тәлім алу арқылы тәрбиеленуде дана ғалымдар әл-Фараби мен әл-Машанидың орны бөлек. Ақжан Машанов көптеген жылдар бойы әл-Фарабиді зерттеп, ғылыми еңбектер жазған. А.Машанов жайлы оның шәкірттері Абдраман Ш.[2]., Бурханов К.Н., Жүгенбаева Г көптеген еңбектер жазып, оның мұрасын жинақтады, Дүкенбаева З.О.[3]бірнеше еңбектер мен мақалалар арнаған.

Коммунистік идеология үстем болған тұста басы«Бисмиллани әл-рахим. Тұаклат гали Әллаһи».

«Ә-түлабуа әл-гылым мен әл-маһади әли әл-лахад».

«Мен жалдауа жада!», – Бисмилла сөзімен басталатын кітапты жазған ғалымда, оған пікір берген ғалымда қазақ тарихына өзіндік үлесін қосып, үлкен, алып, қорқынышты қоғамның ортасын қақ жарып, серпіліс жасады. Мұзжарғыш кемедей болды. Бұл кітап мыңжылдан астам өз ұрпақтарымен әрен қауышқан әл-Фараби жайлы еді.

А. Машанов геомеханиканы білу үшін әр ғылымның тарихынан азда болса мағлұмат керектігіне қатты мән берген. Мысалы, графикалық және геологиялық құжаттарға.Қазақстан жерінің ең алғашқы және дәл картасы әл-Фараби заманында жасалған. Оны жасаған арабтың ұлы географы, саяхатшы Абу ал-Қасым Ибн Хаукал. Бұл ғалым Сирияда әл-Фарабимен бірге болған ғалым. Ислам елінің карта атласын жасаған, Азия, Африка,Еуропа жерлерін аралаған. Ол әл-Фарабидің туған каласын Отырарды (Фарабты) картаға түсіріп, ерекше былай деп жазған: «Бұл қала атақты философ ғалым Абу Насыр әл-Фарабидің туған жері, Х ғасыр» [4, 93 б.]. Ол кезде барлық табиғат ғылымын, есеп ғылымын толық меңгерген, содан кейін адамның жаратылысы жөнінде өз алдына жоғары еңбек жасаған адамдарды ғана философ деп атаған. Әл-Фарабиді философ деген де ол ғалымдар ғалымы деген мағынада.

«Әл-Фараби жер бетін қағазға түсірудің негізін салған адам. Демек, ол географтардың ұстазы. Әл-Фараби барлық ғылыми салада алдымен географиялық үшбұрыштық /тригонометриялық/ әдіс қолданған кісі жайлы айтылды. Жер бетін өлшеу оны үшбұрыштан бөліп, белгілеп оны өлшеу, яғни – триангуляция. Әл-Фарабидің синус теориясы ал-жаиуб сол үшбұрыштаудың негізі. Ол жер бетін ғана емес, астрономиялық өлшеу негізі. Мысалы, күн сағатын алайық.

Философия, математика (геометрия, алгебра, тригонометрия), физика, астрономия, гелиоцентризм, оптика, метеорология, медицина, психология, теология, музыка, ботаника, зоология, география, геология, логика, лингвистика, риторика, поэзия т.б ғылым салаларын жақсы білген, энцеклопедист ғалымды әркім өзіне меншіктегісі келді. Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын жинап, ұлы тұлғаны тауып, оны тарих шыңрауынан шығарған, есімін туған жеріне оралтқан Ақжан Жақсыбекұлы Машанов.

КСРО-ның батыс бөлігінен, басқа елдерден Ұлы Отан соғысы жылдары көшірілген ғалымдар Алматыда көп болатын. Ғалымдар КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалы маңында шоғырланды. 1943 жылдың қысында Чехославакиядан келген Э.Я. Кольман деген математика ғылымының тарихын жақсы білетін ірі ғалым, профессор филиалда баяндама жасайды. Баяндаманың негізгі мазмұны «Орталық Азиядан шыққан ғалымдардың араб ғылымына қосқан үлесі» туралы айтылады. Ол баяндамасын алғашқы құрылған араб халифатынан бастады. «Мың бір түннің» атақты қаһарманы Арон Рашид, әл-Мумин кездерінен бастап, ғылымға қандай жақсы жағдай туғанына тоқталды, оның мыңдаған жыл бойы дүние жүзіне үлгі болғаны айтылды. Осы араб ғылымын жасауда Орта Азия мен Қазақстан жерінен шыққан ғалымдардың қосқан үлесін ол барынша талдап көрсетті. Әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жауһари, әл-Бируни, Ибн Сина, Абул-Вафи, әл-Ферғани, Омар Хайам, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазин тағы бірсыпыра адамдарды атап өтті. Еуропа елдерінің орта ғасырдағы ғылыми өрлеуіне ерекше зор әсер еткен осы адамдар екені айтылды. Баяндамасының қорытындысында Кольман «Адам баласының ғылымға көзін ашқан осы сияқты шамшырақтарды неміс фашистері жоққа шығарғысы келеді. Олардың елін кембағал ел деп қорлауда. Мұның өзі адам баласының саналы тарихына істеген хайуандық, қиянат» – деп қатты тебіреніп барып, тамамдайды [5]. Ақжан Машаниға осы аталған ғалымдардың ішінен әл-Фараби есімі ерекше әсер етеді.

Оның ендігі мақсаты мың бір жүз жылдай бойы өз ұрпағымен табыса алмай, су түбіндегі асыл тастай тарих тұңғиығында жатып қалған, дүние жүзінде «екінші ұстаз» атанған Мұхамед Әбунасыр әл-Фараби рухын туған топырағына қайтару болды. Әрине, қауымға «барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің» деген ұстанымнан ауытқымаған Ақжан сынды біртуар тұлғалар хақында мынадай әлеуметтік, анадай қоғамдық істерді істеген деп бөле-жара даралап айту қисынсыздау нәрсе. Өйткені, ол былай да барлық күш-қуатын халықты ағарту, жан дүниесін көркейту ісіне сарқа жұмсады емес пе? Оның күллі ғұмыры көптің пайдасына атқарылған ғалымдық қызметінде ғой.

Фараби еңбектерінің кейбіреулері кейінгі кездерде неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылған. Мысалы, Б. Дерлангер өзінің «Араб музыкасы» атты франңуз тілінде шыққан еңбегінде Фарабидің «Қитаби музыка ал-кабир» деген еңбегін толық келтірген. Фарабидің бұл еңбегі дүние жүзінде музыка жөнінде жазылған еңбектердің ең ірісі болып табылады. Еуропа тілдерінде шыққан «Ислам эндиклопедиясы» атты жинақтарда да әл-Фараби туралы үлкен мақалалар басылған.

Шығыс елдерінде Фараби туралы жазылған еңбектер көп. Солардың ішінде араб тілінде шыққан «Салсалати Таржим алғалам» жинағында, Шамсутдин Сахидың «Хамус ал ғалам» атты түрік тіліндегі еңбегінде, тағы басқаларында Фараби туралы бірсыпыра мәліметтер келтірілген.

Бірақ, осынын барлығын талдап, жинақтап, бағалап, өзегін болашақ ұрпаққа дөп жеткізген ғалым Ақжан Машанов болды. Әл- Фараби мұрасын зерттеуге әл-Машани 1943 жылдан кірісті. Алдымен оның қазақ топырағында кіндік қаны тамғандығын дәлелдеу керек болды. 1961 жылы //Вестник Академии наук Казахской ССР, №5 санында «Ал-Фараби еңбектері туралы» мақаласында ғалымның еңбектері жүзден астам деп көрсеткен. Кейіннен әл- Фарабидің математика, астрономия, химия, география, геология, философия, медицина, музыка тәрізді ғылым мен өнер салаларына арнаған еңбектері 150-ден асады деп қорытындылады. Бірақ КСРО- дан оның бірде-бір еңбегін таба алмады,әл-Фараби есімі Еуропа т.б. дүние жүзінің дамыған елдерінің ғалымдар қауымына таныс болғанмен туған елінде бірде-бір еңбегі сақталмаған. Мүмкін Шыңғыс хан Отырар кітапханасын өртемегенде, ғалымның хаты сақталар ма еді? Деген болжамдар да бар.

Ақжан әл-Машани Лиссабон, Лондон, Париж, Рим, Берлин, Каир қалаларының ең ірі саналатын кітапханаларына сирек кітаптардан сый-сияпат жіберіп, хат жолдайды. А. Машани алдымен әл-Фарабиді Отырар-Фараб қаласынан шыққан қыпшақ даласынан екендігін дәлелдеп, он бір ғасырдан соң ұрпағымен қауыштырды.Сөйтіп, әлемдегі екі ұстаздың бірі – «Әл-мұғалім әл-сани» атанған әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққан перзенті екендігін зерттеу еңбектерімен дәлелдеді.

Сөйтіп, А.Машани XX ғасырдың 60 жылдарының басында әл-Фарабидің қазақ жері топырағынан, Отырардан шыққан перзенті екендігінің бұлтартпас дәлелдерін ҚР ҰҒА-ның «Хабаршысында» жариялады және ол тұңғыш рет әл-Фарабидің философияны үйренушілерге бағышталған 9 трактатын аударып, ұлы әл-Фарабиді қазақ тілінде тұңғыш сөйлетті. А.Машани өз қаржысымен әл-Фарабидің ғүмыр кешкен Таяу Шығыс елдерін аралады. Ол ғалымды Шымкент облысы Қызылқұм ауылында туған дейді [6].

Патриоттық тәрбиенің мектеп табалдырығынан басталатыны бәрімізге белгілі. Ал Қазақстан тарихы оқулығында «Отырар қаласында туған, осы қалада қыпшақ тілінде білім алған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск қалаларында игерген», – делінген. Тарихи деректерге сүйенсек ол уақытта ислам дінінің кеңінен таралғанының бұлтартпас дәлелдері жеткілікті. А.Машани әл-Фараби арабша тілді өзінің елінде кітаптан білетін дейді.

Әл-Фараби өзінің өмірінің ең ақырғы күндерін Сирияда өткізген. Ұлы ұстаз Сириянын астанасы Дамаскіде жерленген. Кезінде ұлы ғұламаны Сирия әмірі Сайф-ад-Даула өз қолымен Баб-ас-Сағир зиратына қойғаны мәлім. Сол зиратты тауып, әл-Фараби қабірін көріп қайтсам бір жолға сол да аз емес деген ойға келеді.

Сирия, Араб республикасына туристермен бірге Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.Ж. Машанов барды. Ол кісінің негізгі мақсаты – ұлы ғалым әл-Фарабидің есімімен байланысты жерлерде болу, жақындап келе жатқан 1100 жылдық мерекесіне материалдар жинау.

Бұл жолда жер жүзі елдерінің кітапханаларында шашырап жатқан әл-Фараби еңбектерін жинап, 1968 жылы оның Дамаск қаласынан бейітін тапқан да сол еді, бір уыс топырағын әкеп, Отырар топырағына қосты. Сол жолы ол әл-Фарабидің қабіріне Сирия үкіметі тарапынан құлпытас орнатуға жағдай жасады. А. Машанидің «Дамаск күнделігінде» 1968 жылдың 19-24 қыркүйегінде Сирияда, 25-30 қыркүйекте Ливанда болған жол сапары жайлы тамаша деректер бар. Қыркүйектің ортасында Алматыда бабасын Сириядан іздеу үшін жолға дайындалады. 17-сі Мәскеуге ұшып келіп, қажетті жұмыстарды аяқтайды. Келесі күні КСРО Ғылым Академиясының Азия халықтары институтының директоры Б.Г. Гафуровпен әңгімелеседі. Ол оның бара жатқан сапары дұрыс деп шешіп және өзінін елшіліктегі адамына сәлем жолдады. Сонымен айтылған күні Москвадан Сирияға ұшып барады. 1968 жылдың 19 қыркүйегінде Сирия астанасы Дамаскіге келеді

Яғни, 23-ші қыркүйекте Дамаск, Баб ас-Сағир (Бабасағыр) молаларынан кешкі 17.30-да әл-Фараби зиратын табады. Қазір кейбір ғалымдар мен сол сәтте әл-Фарабидің моласының қасында әл-Машанимен болдым дейді, ал ғалымның күнделігінде қасынан табылғандардың аты-жөні нақты жазылған. Қасында жүргізуші – ұлты күрт, түрік тілін жақсы білетін, Малатия тумасы Салахаддин ибн Ибраһим Малатили; «Дружба» өкілі Корабов Борис Васильевич және елшілік қызметкері Дработя Михаил Андреевич табылды.

Күзетшісі оларға әл-Фараби қабырын көрсетті. Айналасы сәл ашықтау жерде жатқан жұпыны сұпы, сыртын цементпен сылаған. Басқа ешнәрсе жоқ.

«Мұның әл-Фарабидікі екенін сіз қайдан білесіз? Ешбір белгі жазу жоқ қой? – деп сұрадым. Күзетшінің айтуынша белгі оның басында бұрын болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Айналасында тұрған мынау қабірлердің де белгілері құлаған. Бірақ сіз мұның әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі дейді».

Әл-Фараби өте сирек қолданылатын, кейде тіпті құпиялық үшін қолданатын тілдерді де өте жақсы білген. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Жалпы әл-Фараби мұраларын зерттеуші әлемдік ғалымдар осынау «екінші Аристотель» атанған ғұламаның қаламынан туындаған еңбектердің жалпы саны туралы әрұдай пікір ұстануда. Олардың бірінің айтуынша 117, екіншісінің сөзіне қарағанда 160, үшіншісінің болжамынша 200-дей трактат жазылған екен. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейщнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш – 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров – 200 трактат деп көрсетеді. Зерттеушілердің айтуынша Фараби еңбектерін бөлек-бөлек қағаздарға жазып, көрінген шәкірттеріне бере салады екен. Соның салдарынан оның еңбектерінің арабша көп нұсқасы жоғалып кеткен.

Әл-Фараби еңбектерінің барлығын тек араб тілінде жазған. Себебі араб халифаты бұл кезде Азия, Африка, Еуропаның өте көп жерін алып жатқан. Бірақта арабша нүсқасы жоғалып кеткен еңбектерінің біразы латынша, еврейше аудармаларда сақталған. Оның бұл еңбектерін Еуропа ғалымдары кең түрде пайдаланған.

Данышпанның жазып қалдырған еңбектерін Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Әбу әл-Уаха, ибн Бадж, ибн Туфайл, ибн Рушд, Омар Хаям сияқты Шығыс ғұламаларымен қатар Роджер, Бекон, Леонардо да Винчи және т.б. Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған. Мысалы Әбу Әли ибн Сина былай деп жазған екен: «Үйге келген бойда оны оқуға кірістім. «Метафизика» ойымда жатталып қалғандықтан, сол сәтте-ақ кітаптің мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптің табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне-ақ кедейлерге біраз садақа бердім», – дейді ибн Сина. Ал, Захируддин әл-Байхаки «.. ол кісінің «Екінші ұстаз» деген лақап аты бар екен», – дей келіп, ғұламаның трактаттарынан, үлкен құрметпен, мынандай үзінділер келтірген: «Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Білімді өзіне кәсіп, өнер етіп алмауы керек. Әрі оны мал-дүние табу құралы етіп жібермеуі тиіс...». «Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарап бағалайды». «Сондай-ақ адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты». «Кімде-кім өзін, демек өз дәрежесін көтермек болса, ондай адамның өсу жолына тосқауыл қойылады», – деген екен әл-Фараби бабамыз.

Әл-Фараби өзінің табиғат туралы ғылыми еңбектерінде алдымен құран аяттарында онан кейін пайғамбар сөзіне, онан кейін өзінен бұрыңғы ислам ғалымдарына сүйенеді. Басқа тараптан кірген мәліметтерді әл-Фараби ислам елегінен өткізіп барып талдаған. Мысалы, ғалымның алғашқы нұры жайында дәл сондай талдау берілген. Нұр, сәуле, жарық, жылу деген талдауларда әл-Фараби қазіргі оптика ғылымының негізін салған. Ол сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдарын геометриялық дәлді әдіспен тапқан. Сәуленің шоғырланған шұғыласын ол «мұхарақ» деп атаған, яғни «күйдіру» – «оттық орын» деген сөз. Әл-Фараби бұл мәселені әрі қарай дамытып, өз қолымен ойыс /пара бола/айна жасап, линза жасап соларды қолданған. Оның барлығын көптеген әлем мемлекеттері мойындаған. Ал, біздің оқулықтарда, мысалы мектеп оқулығы физиканы ашып қарап жіберсек, әл-Фарабидің оған қатысы жайлы неше сөз табамыз екен? Ойланатын мәселе, әлі Еуроцентрлік көзқарастан шыға алмай жатырмыз.

Әл-Фарабидің осы саладағы еңбектері Испанияда Еуропа тілдеріне ХІ-ХІІ ғасырлардан бастап аударылған. Ол кезде Испанияда/Кордова/ исламның екінші халифаты болғаны белгілі. Сол арқылы ислам ғылымы Еуропаның ғылымға деген ынтасын оятты. Роджер Бэкон әл-Фараби еңбегіне сүйеніп, Еуропаның барлық ғылыми бағытына реформа жасады. Оның замандасы ХІІІ ғасыр ойшылының бірі, поляк ғалымы Эразм Циолек Витело әл-Фараби мен Ибн әл-Хайсамның геометриялық оптикасын барлық ғылымның негізі деп таныған. Осы бағыт кейінгі көптеген еуропалықтарға әсер етті. Мысалы, Леонардо да Винчи, Н.Коперник, Г.Галилей, И.Кеплер тағы басқалары сол бағытта болды.

«Мухарақ» /Шұғыла/ деген түсінік Еуропа ғылымында бұрын болмаған. Оны бірінші рет И. Кеплер ХVІІ ғ. енгізген, арабшадан мухарақты аударып «Фокус» атаған. Сонымен қатар оның астрономиялық заңдары шықты. Кеплер 1604 жылы «Дополнения к Вителлию» деген еңбегін де жазды.

Әл-Фараби мол мирастарының барлық саласынан осы сынды бүгінгі ғылымға, бүгінгі өмірге байланысты зор мәселе табуға болады. Мысалы, астрономия, алхимия, математика, сәулет, музыка, әлеуметтану тарауларында тамаша өрнектер бар. Соның ішінен бір ғана мысалдың атын атайық. Орта Азия мен Қазақстанның орта ғасырдағы тамаша сәулет құрылыс – ғимараттары әл-Фараби үлгісімен салынғаны айқындалып отыр. Мысалыға: Ахмет Яссауи, Шаһи-Зинда сынды тамаша ғимараттарда әл Фарабидан қалған үлгілер қолданылғаны белгілі болды.

Ұлы философ Гегельдің: «Апыр-ау! Фарабидің асқазаны қандай мықты! Оның қорытпаған ғылымы жоқ!» – деген аталы сөзге айналған пікірін Ақжан әл-Машани қайталаудан жалықпаған.

Әл-Фарабидің синустар теориясы, оптикалық еңбектерін батыс ғалымдары қолданды. Н.Коперник поляк ғалымы Витело еңбегін пайдаланған. Ал Витело Әл-Фараби мен Ибн Хайсамның оптикалық теорияларын таратқан адам. Тангенс теориясын Региамонтандікі дейді. Ол болса Әл-Фарабидің синус теориясынан шыққан. Еуроцентристік үдеріс Қазақстанның ғылымына қаншалықты әсерін тигізді? Бұл үдерістің жағымды және жағымсыз әсерін дәлелдейтін аргументтер келтіруге міндеттіміз.

«Христиаңдардың діни кітабында жер – ғаламның қозғалмайтын орталығы деген ұғым соңғы кезге дейін үстем болып келді. Коперниктің, Кеплердің және Г. Галилейдің араб ғылымынан алған еңбектерінде жердің айналатыны айтылған. Мұны Еуропа атеистері де өзіне көзір етіп көтеретіні мәлім. Өйткені аталмыш ғалымдар әл-Фараби еңбектерін пайдаланғанды», – деген пікірді жазған Ақжан Машановты да әл-Фарабидің мерейлі тойы жылы ұмытпауымыз қажет.

Осындай қажеттілік – Қазақстан тарихының кейбір күрделі кезеңдерін толық зерттеп, қалыптасқан көзқарастарды өзгертіп, қайта қарастыру – заңды құбылыстарға айналуда. Төл тарихымыздың қай кезеңін алып қарасақ та, зиялы атанған тұлға, халқына қызмет еткен оқығандар, интеллигенцияның таңдаулы өкілдері ұлттық элита қатарына кіреді. Оның себебі, халқымыз рухани жан-дүниесі бай адамдарды дәулетті адамнан жоғары санап, құрметтеп келді. Осы тұрғыда, қазақ халқының тарихында із қалдырған зиялылардың ғұмырнамасын жасау, көзқарастарын тарихи негізде зерделеу – басты қажеттілік болып саналады.

Әдебиеттер тізімі

1. Н.Ә. Назарбаев. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру».

2. Абдраман Ш.А. Ғұлама ғұмыр: Әз аға Ақжан Машани хақында // Түркістан. – 1997. – 18-24 маусым.

3. Дүкенбаева З.О. Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы(1917-1941). – Алматы, 2003. – 329 б.

4. ҚРОММ. 2285-қор., 1-т., 11-іс., 178-п.

5. «Бәрін білгім келеді» атты телехабарда сөйлеген сөзінің жоспары. ҚРОММ 2285 қор, 1-т., 87-іс, 12-п.

6. Фараби ғибратты ғалым./Құраст. Ш.Абдраман. – Алматы: Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ баспа орталығы. – 2006. – 397 б.

7. Араб тілі. ҚРОММ 2285 қор, 1-т., 29 – іс., 51-п.

8. Машанов А. Адами және ғалыми парыз. Ықшамдап ұсынған Ш. Әбдіраман. // Ана тілі. – 1996. – 28 шілде.

 

 

Даты. События.





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no