электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


Инклюзивное образование

     

 

Архив статей 2018 г.

 

Инклюзивті білім беру – өмір қажеттілігі

№ 2 (173) февраль 2018

КЕМЕШОВА А.М., «Өрлеу» БАҰО АҚФ ББЖКБАРИ Педагогика және инклюзивті білім беру кафедрасының оқытушысы, Алматы қ.
ЖҰМАБАЕВА Б.Н., КММ «Инклюзивті білім беру» тәжірибелік алаңының координаторы, Қарағанды қ.

 

Қазіргі жас ұрпақ біздің болашағымыз. Бұл жас ұрпақтың ішінде қарапайым бала да, ерекше оқыту қажеттіліктеріне ие бала да бар. Ендеше бұл балаларды бөлмей, бәріне бір көзқараспен қарап, олардың болашағына жол ашуға көмектесу біздің міндетіміз. Сондықтан, ерекше оқыту қажеттіліктері бар балалардың толық көлемде өмір сүруі үшін бізден көп еңбекті талап етеді. ИНКЛЮЗИВ – сөзі латын тілінен аударғанда «өзімді қосқанда», ағылшын тілінен «араластырамын» деген мағына береді.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырту жолдарын жария етті.Қазіргі таңда білім беру жүйесінде ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларға айрықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету. Ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларды жалпыға бірдей білім беру орталықтарына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды.

Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңын қабылдады. Осы заң аясында ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету қарастырылған. Ең бастысы, аталмыш заңда инклюзивті білім берудің негізгі принциптері айқындалды.

2010 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» атауға болады. Бұл бағдараламаның басты міндеттерінің бірі – еліміздегі инклюзивті оқытуды дамыту болып саналады. Инклюзивті білім беру – әртүрлі мұқтаждықтарға бейімделу тұрғысынан барлығы үшін қолжетімділікті болжайтын жалпы білім беру саласын дамыту үдерісі, бұл сұраныстары ерекше балалардың оқуға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ол барлық оқушылардың мектеп өміріне толық араласуына мүмкіндік береді. Мұндай білім ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларды өзге оқушылармен тең дәрежеде жалпы білім беру процесіне қатыстыруға жол ашады.

Инклюзивті білім берудің басты мақсаты– ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін ортаға кіріктіру ғана емес, ол «барлығы үшін бір мектеп» мақсатын көздейді. Инклюзивті оқыту– ерекше оқыту қажеттіліктері бар баланың жалпы білім беретін ортада әлеуметтенуі мен оның дамуына және оқыту процесінде баланың жетістіктерге жетуіне мүмкіндік туғызу. Мектепте ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз аймақ құру ғана емес, баланың психофизикалық мүмкіндіктерін ескере отырып құрылатын оқу-тәрбие процесінің ерекшелігін ескеру. Ал бұл процесті жүзеге асыру үшін мектепте инклюзивті білім ортасы құрылып, ерекше қажеттілікке ие баланы қолдайтын психологиялық- педагогикалық сүйемелдеу қызметі ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар, баланың дамуына жағдай тудыратын балаға көмек қолын созуға дайын, кездескен мәселені дұрыс түсінуге негізделген педагогикалық және балалар ұжымында моральды-психологиялық климат болуы керек.

Инклюзивті білім беру бойынша ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының «Жалпы білім беретін мектептегі инклюзивті білім беру» облыстық жобасын жүзеге асыру мақсатында «№7 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-сі тәжірибелік алаң болып бекітілді. 7 мектеп (№1 мектеп-гимназиясы, №4 мектеп-лицей, №19, №25, №27 орта мектебі) осы жобаға енгізілді.Қазіргі уақытта аталған мектепте 9 арнайы сыныпта 60 бала және 2 инклюзивті сыныпта 3 ерекше оқыту қажеттіліктері бар балалар білім алуда, 6 бала үйден оқытылуда. Мұндай балаларға әртүрлі категориялы балалар кіреді. Осы балалардың ішінде басым бөлігі психикалық дамуы тежелген балалар

Психикалық дамуы тежелген балалар – оқыту бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Олар қалыпты дамушы құрбыларынан шаршағыштығымен, жұмысқа қабілетінің төмендігімен ерекшеленеді. Психикалық дамуы тежелген балалардың қоршаған орта туралы түсініктері фрагментарлық, зейіндері тұрақсыз, тұтас қабылдау мүмкіндігі бұзылған, қимылқозғалыс координацияларының, жалпы психикалық процестердің дамуында бұзылыстар байқалады. Сондықтан психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық қызмет саласының дамуындағы ауытқулар оқу процесінде нақтылы қиындықтарды құрады.

Ал бұл қиындықтарды жою мен оның алдын алу үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі құрылып, ППС қызметінің барлық бағыттарына жетекшілік ететін қызмет координаторы, мұғалім - дефектолог, логопед, психолог-педагог, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы жұмыс атқарады. Яғни, ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ППС қызметінің мамандарымен жүзеге асырылады. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу (ППС) қызметінің әр маманы өз бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл біріккен ППС қызметінің басты мақсаты – ерекше оқыту қажеттіліктері бар баланы психологиялықпедагогикалық сүйемелдеу, оқушыларға тұлғалық және әлеуметтік бейімделуіне жәрдем беру, педагогикалық үрдістің гуманизациялануын қамтамасыз ету болып табылады.

Осы мақсатты іске асыруда инлюзивті білім беруді іске асыру бойынша жұмыс жоспары, жұмыс ережесі құрылады, нормативтік - құқықтық құжаттар базасы және педагогикалық – психологиялық сүйемелдеу қызмет мамандарының лауазымдық міндеттері жасалады. Арнайы мамандардың әр баланы бақылау нәтижелері консилиум мәжілісі кезінде талқыланады. Әр маманның өзінің әдістемесі, әдісі, динамикалық кешенді жинақтары көрсетіледі. Бала туралы алынған негізгі мәліметтерге сүйене отырып, оның ерекшеліктері мен жекеленген мүмкіндіктерін, түзету-дамыту және оқыту-тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастырудағы атқарылған жұмыстар және ұсыныстар мен қорытындыларды ескере отырып, ППМК алқа мүшелері психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі мамандарына келесі оқу жылында өз жұмыстарын белсенді атқаруды міндеттейді.

Педагогикалық процестiң сапасын жоғарылатудың тиiмдi жолы ППС қызметі мамандарының өзара байланысы мен бiр-бiрiнiң сабағына қатысу мен баланың қалыптасуы туралы талқысы және зерттеу қорытындыларымен өзара алмасу болып табылады. Мұндай бағыт бiрнеше қызметтерді қоса атқарады, яғни тәжiрибемен алмасу, бақылау, өзiн-өзi бақылау, кеңес беру. Әдістемелік қолдау көрсету мақсатында ашық сабақтар,тренингтер,сабақтан тыс жұмыстар, ата-анамен жұмыс түрлерін ұйымдастыруға болады. Бұл жұмыстар әрине арнайы мамандар педагог-психолог,емдік дене шынықтыру маманы, әлеуметтік педагог, дефектолог, логопед мамандарының қатысуымен өтеді.

Логопункт, дефектолог кабинеттерінде оқушыларға барлық жағдай жасалып, логопед маманы өз жұмысын мына мақсаттармен байланыстырады.

Ең алдымен арнайы логопедиялық әдістерді қолдана отырып, дыбыстарды дұрыс айтуға үйретіп, дыбыстардың артикуляциясын анықтайды;

Дыбыстарды ажырата білу ге, есте сақтау ға, жаттықтыру жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. Артикуляциялық дағдыларды және фонематикалық қабылдауын, дыбыстық талдау мен жинақтау қабілетін дамытады.

Ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларды оқытуда жалпы білім беретін мектептегі дефектологтың атқаратын ролі туралы айта кететін болсақ, дефектологтың міндеті:

1. Оқушылардың дүниетанымдық деңгейін байыту, қоршаған орта құбылыстары мен заттар туралы түсініктерін қалыптастыру.

2. Ерекше оқыту қажеттіліктері бар балалармен терең тексеріс жүргізіп, интеллектуалды және даму тәртібінің бұзылуына жол бермеуін қадағалайды;

Емдік дене шынықтыру нұсқаушысы төмендегі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
- қимыл қозғалыс негіздерін игеру арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастырады және физикалық және психикалық қасиеттерінің толық дамуына ықпал етеді;
- дене жаттығуларының түрі мен әдістерін және ЕДШ-нің басқада түрлерін: емдік гимнастика, түзету ырғағы, спорттық қолданбалы жаттығулар орындалады. Әлеуметтік педагог төмендегі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
- оқушыға жалпы психологиялық ынғайлы жағдаят және қауіпсіздік құқығы толық сақталатын жағдайлар жасайды;
- жеке оқушылардың әлеуметтік және жеке мәселелеріне көмектеседі, оқушылардың әлеуметтік құқығын және бостандығын қорғайды, жалпы ортаға үйренуге жағдай жасайды;

Педагог–психолог төмендегі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
- білім беру үрдісінің барлық субъектілері арасында өзара түсінушілік пен өзара қарым-қатынастың нығаюына жәрдемдеседі;
- оқушыларға өз қабілеттерін, бейімділіктерін, қызығушылықтарын, денсаулық жағдайларын ескере отырып, өз мүмкіндіктерін анықтауға көмектеседі;
- баланың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне сәйкес психологиялық қорытынды негізінде жеке және топтық тәртіпте түзету-дамыту жұмыстарын жүзеге асырады. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызмет мамандары мен пән мұғалімдері бірігіп оқу бағдарламаларын жасайды. Мектепте тіл түзету маманы М.Е. Шахаеваның «Тіл кемшіліктерін түзеу», дефектолог Ш.А.Адаеваның «Түзету ырғағы», психолог мамандары Э. Тулеуова, М.Е. Қыдырмолдинаның «Мүмкіншілігі шектеулі балаларға психологиялық қолдау көрсету» бағдарламалары жасалып, жұмыс жүргізілуде.

Жоғарыда аталға жұмыстардың нәтижесінде ерекше оқыту қажеттіліктері бар балаларымыз Республикалық «Жұлдызай» фестивалінің облыстық кезеңінде ІІ дәрежелі диплом, қалалық шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорттық ойындарынан бірнеше жүлделі орындарға ие болған. 2016-2017 оқу жылында негізгі орта мектептің арнайы сыныбын 9 оқушы аяқтаса, соның ішінде 7 ерекше оқытуды қажет ететін бала қала колледждеріне ақысыз білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Психикалық дамуы тежелген баланы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінде ата-аналарға психологиялық кеңес беру, оларды бала дамуының мазмұны мен ақпаратттандырып отыру, жалпы ата-аналар мен жұмыстың маңызы ерекше. Ата-анамен жұмыс – бұл бағыттың басты міндетінің бірі. В.А. Сухомлинский ата-анамен ж ұмыстың мазмұнын ашып көрсеткен ғалымдардың бірі. Ол: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», – дейді. Демек, ата-ана бала тәрбиесінде балаға ықпал етуші бірден-бір фактор. Мынадай жұмыс түрлерін жүргізуге болады:
- Ата-аналар жиналысы, семинар-тренингтер.
- Отбасылық «Алтын қақпа», «Ерекше бала» танымдық сайысы, «Менің бақытты отбасым» спорттық сайыстар.
- Ата-аналарға арналған ұсыныстар, кеңестер.

Сәтбаев қаласының «№7 ЖОББМ» КММ мектептің дамуының 2016-2019 жылдарға арналған іс-әрекет жоспары

Мақсаты:«Инклюзивті білім беру» тәжірибелік алаңының жұмысын кешенді түрде жүйелі жүргізу, әдістемелік және ақпараттық кеңістікпен қамтамасыз ету

Міндеттері:

1. Педагогикалық үдерісті ізгілендіруді қамтамасыз ету;

2. Психологиялық-педагогикалық қызмет жұмысының негізгі бағыттары бойынша педагогтерге ақпараттық қолдауды ұйымдастыру;

3. Ерекше қажеттілігі бар балаларға мектептегі қиыншылықтар мен әлеуметтік-эмоционалдық кедергілерін жоюда психологиялық-педагогикалық көмек көрсету;

4. Ерекше қажеттілігі бар балаларға тұлғалық және әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету

5. Қызметтің ақпараттық-әдістемелік және диагностикалық кешенін дамыту.

Инклюзивті сыныптағы өмірді ұйымдастыруда педагогтар әрбір оқушының тұлғасын құрметтеу және оның тұлғалық ерекшеліктерін түсінуге, коммуникативтік дағдылар мен қарым-қатынас мәдениетін, өз қызметін өз бетімен таңдау және жоспарлау қабілеттерін дамытуда, жағымды эмоционалды орта құруда қызмет етеді.

Ерекше оқыту қажеттіліктері бар оқушының отбасымен ынтымақтастықты қарым-қатынас орнатып, олардың сұраныстарына көңіл бөледі, баланы қолдауға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастырады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға араластыру біздің міндетіміз болып табылады. Бұл жұмыстың барлығы мектептен бастау алады. Мектепте оқушы негізгі пәндерді ғана оқымай, әлеуметтік тұрғыдан өзінің құрбы-құрдастарымен араласып, өзін қоғамның белсенді мүшесі екенін сезінеді. Инклюзивті оқытудың негізгі мақсаты да осы.

 

 


Инклюзивное образование





 

 

 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях

 
 
 
 
E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел.8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10