электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Религиоведение

 

   

Архив статей 2018 г.

Зайырлылық жүйесі қоғам және дін қатынасының негізі

№ 6 (177) август 2018г.

БЕЙСЕНОВ Б., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филос.ғ.д.


Жаһандану заманында ғаламдық басты мәселе – бейбіт өмір мен тұрақты дамудың тұғыры – бейбіт келісім мен төзімділік мәдениетін сақтау мен нығайту екендігі күмәнсіз. Заманауи әлем қазіргі таңда экономикалық дағдарыс, қаржылық тұрақсыздық, әлеуметтік күйзеліс, сауда жанжалдары, саяси кеудемсоқтық текетіресі, лаңкестік, терроризм сынды сын-қатерлермен бетпе –бет келіп отыр. Дін және діни дипломатия әлемдік саясатта мемлекеттер мен өркениеттерді диалогқа жетелеуші қайнар көз ретінде қарастырылуда. Еліміз әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбітшілік пен гуманизмді ұлықтаушы әлеуетіне сенім артып дін көшбасшыларын Астана шаһарына жинап жаһандық мәселелерді діни төзімділік және бейбіт жолмен шешуге шақырады. Зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен санадағы орнын зерделеу әрқашан да өзекті болмақ. Дін күрделі қоғамдық сананың формасы және әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Себебі дін адам мен азаматтың бостандығымен, құқығымен, дүниетанымымен және ұлттың мәдениетімен, құндылықтық ұстанымыммен байланысты. Дін әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызмет атқарады. Дін – әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез-құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші, ұйыстырушы, мәдени-шығармашылық, рухани-адамгершілік, т. б. қызмет атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды. Біздің қоғамдағы зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда және 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда бекітілген. Зайырлылық қағидаты адамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болуы керек. Руханилық – тұлғаның үйлесімді дамуының кепілі. Руханилық адам болмысының, сондай-ақ руханилық халықтың дәстүрі және мәдениетімен тығыз байланысты. Парасаттылық, руханилық, дәстүршілдік, ашықтық, отансүйгіштік – бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Зайырлылық ар-ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты. Зайырлылық қағидаты – заманауи әлемде дүниетанымдық, тұлғааралық, ұлтаралық және дінаралық төзімділік мәдениетінің тұғыры ретінде қарастырлады.

Қоғам мен адамның қауіпсіздігі қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі басты мәселе болып отыр. Қауіпсіздік ұғымы қоғам, мемлекет, табиғат және адам өмірінің барлық салала- рын қамтиды. Атап айтсақ, ақпараттық, интеллектуалды, саяси, әскери, экономикалық, қоғамдық, экологиялық, т.б. қауіпсіздік түрлері елдегі нақты ішкі және сыртқы жағдаймен айқындалады. Қазіргі уақытта адам мен қоғам өміріндегі ақпараттық және интеллектуалды үдерістерде діни сенім мен сананың рөлі едәуір өсіп отыр. Мемлекеттік атеизм тұсында діни сана мен дін надандық пен артта қалушылықтың қайнар көзі деп қарастырылды. КСРО-да атеистік идеология үстемдік еткен жетпіс жылдан астам уақыт ішінде дін мен діндарлық деңгейіне өркениеттік тұрғыда зерттеулердің жүргізілмеу себебі қоғам мен ғылым өркендеген кезде дін өздігінен қоғамдық өмірден аластатылады деген сенімге сүйенді. Жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі идеологиялық ваккум салдарынан қоғамда сан түрлі жат діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарай бастады. Мұның себебі – діни сауатсыздық, жастық албырттық және максимализм, «батыр» болып атын шығару, өмірлік тәжірибенің аздығы, өмірден өз орнын таппау, әлеуметтенудің қалыпты үрдісінің бұзылуы, әлеуметтік сатылық жолының әлсіреуі, әлеуметтік жағдайлар (жұмыссыздық, кедейшілік, әлеуметттік-экономикалық теңсіздіктің ұлғаюы, жемқорлық), рухани әлемнің жұтаңдығы, торығу, жалғыздық, рухани тірек іздеу, ақпараттық материалдардың тасқыны (шетелдік діни әдебиеттер, интернет жүйесі, әлеуметтік желілер), еліктеушілік, постатеистік және посткоммунистік қоғам өміріндегі көрініс берген маргиналды құбылыстар, және постмодернистік ұстанымдар.

Әлеуметтік құбылыс ретінде діннің қоғаммен өзара әрекеттестігін талдауда өркениеттік ұстанымды басшылыққа алу керек. Дін мен қоғамның өзара қарым-қатынасы мәселесі жеке адамның дұниетанымы және мінез-құлқының діни негіздерін, адамның діни мүдделері мен ұстанымдарын, әлемдік діндердің адам және қоғам туралы ілімдерін зерделеуде руханилықты дамытуды назарға алу маңызды. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы». [1].

Дін адамзатпен байланысты рухани феномен және әлеуметтік құбылыс болғандықтан, адамзат мәдениеті ұғымымен байланысты. Әлеуметтік-мәдени байланыстарды және дүниетанымдық ұстанымдарды айқындайтындықтан, қазіргі әлемдегі дінтанулық және әлеуметтанулық теорияларда дін қоғамның тұрақтылығына ықпалдастық беруші фактор ретінде қарастырылады.

Қазіргі таңда қоғамдық өмірде дінге деген қызығушылық артып тұрған уақытта діннің қоғам өміріндегі орнын зерделеу үшін дінтанулық негізде аналитикалық талдаулар жүргізу қажет. Дін адам өмірінде құндылықтық ұғым ретінде оның өмірінде мәндік ұстанымына ықпал етеді. Дін ұжымдық бірегейлену ретінде индивид, ұлт пен қоғамға ықпал етуші фактор болып табылады. Қазіргі дінтанулық ғылымда қоғам өміріндегі діннің қызметін талдау нақты ішкі және сыртқы жағдайды есепке ала жүргізілуі қажет. «Қоғамға дін ықпалының күшеюі, діннің қоғамдық беделінің және діни көңіл-күйдің өсуі, қоғамдық өмір саласының сакрализациялануы, клеркализм көрінісі заманауи өмірдің сипатын айқындайды» [2]. Сакрализация тұтас әлеуметтік жүйеге діннің ықпалының өсуі және дін қызметінің әрекет ету саласының ұлғаюын айқындайды. [3]. Бұл процес қазіргі ТМД елдерінде нақты көрініс табуда. Діннің саясилануы және қоғамдық пікір қалыптастыруда клерикалдардың ықпал-әсері көрініс беруде. Клерикализациялануүрдісі қалыптасқан мемлекет және дін қатынасының үйлесімді дамуына кері әсер жасайтынын түсіне білгеніміз жөн.

Заманауи секулярлы қоғамда қоғамның түрлі салаларына, қоғамдық және жеке адам санасына, әлеуметтік қатынастар мен институттардың қызметіне діннің ықпал етуі төмендеген. Дегенмен қазіргі жаһандану заманында діни бірегейлік саяси, азаматтық, ұлттық бірегейленуге қарағанда басым болып отыр. 2015 жылы халықаралық Gallup international агенттігінің жүргізген сауалнамасы бойынша жер тұрғындарының 63 % дінге сенетіндіктерін көрсеткен. Дін істері комитетінің дерегі бойынша, Қазақстан халқының 87,8 % – құдіретті күшке сенеді, 12,2 % – агностик және атеист, 16,2 % – тұрақты діндар. Зайырлы ұстаным – адам мен азаматтың діни сенімін құрметтейді. Зайырлылық қағидаты мемлекет пен қоғам өміріндегі діннің қызмет ету саласын айқындап, қадағалап және реттейді. Зайырлылық бұл атеизм де дінсіздік те емес. Зайырлылық мемлекет пен дін қатынасын өркениеттік және құқықтық, азаматтық негізде үйлесімді арнада өрбуі. Зайырлылық діни қызметтің заң шеңберінде іске асуы. Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі қағидаты – зайырлылықты сақтау және нығайту мен жетілдіру болып табылады.

«Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», – деп атап көрсетілген [4]. Зайырлы қоғамда діннің қоғамдағы орны мен қызметін секуляризация ұғымы арқылы түсіну қалыптасқан. Бүгінгі постиндустриалды қоғамда дін адамдарды біріктіруші және қоғамдағы тұрақтылықтың, өзара түсіністік пен татулықтың қызметін атқаруы тиіс. Әлемдік және дәстүрлі діндердің мәдени құндылықтарының негізінде бейбітшілік, әділеттілік, бауырмалдық, кешірімділік, сүйіспеншілік, сабырлылық, төзімділік сынды әмбебап ұғымдар жатыр. Қазіргі дінтану ғылымы үшін діннің қоғамға ықпалы мен әлеуметтік-саяси факторлардың діни мінез-құлыққа әсерін зерделеу маңызды болып отыр. Еліміздегі 18 конфессия және 3751 діни бірлестік бейбіт қатар қызмет жасауы мемлекетіміздің дін саласындағы салиқалы саясатының нәтижесі. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып елдегі 40 аса конфессияға тиесілі 4500 – ден аса діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткеннен соң конфессиялар саны – 18, ал діни бірлестіктер саны – 3088 құрады. 2018 жылы аталмыш заңға радикалды идеология және деструктивтік ілім ұғымдарына құқықтық баға беріліп, никаб, пәранжі сынды бет-жүзін жабатын киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын өзгерістер мен толықтырулар еңгізілді. Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымын нақты діни бірлестіктің мақсат пен мүддесі үшін пайдалануына тыйым салынды. Мемлекеттік қызметкерлердің діни құлшылық қызметі заңмен реттелетін болды. Еліміздің діндарлары зайырлы қоғам мен қазақи әдеп пен ұлттық нәрмен екшеленген дінтанымдық өмір салттан ажырамауы тиіс. Сонымен қатар, алғашқы негізгі діни білім елімізде берілетін болды. Мемлекеттік құрлысы және дәстүр-ғұрпы әртүрлі елдерде білім алған кейбір жастарымыз зайырлылық қағидаты мен ұлттық дәстүрдің мән-маңызын толыққанды түсінбейді. Араб елдерінің қоғамдық-саяси өміріне сай айтылатын діни уағыздарды сыни талдаусыз қолданады. Еліміз дінаралық қатынас пен сұхбаттың өркениеттік мәніңе айрықша көңіл аударып, әлемдегі өзара түсіністік пен сұхбаттастықты дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосуда. Бұған жарқын мысал 2003 жылдан өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі болып табылады. 2003 жылы өткізілген І съезге 13 елден 17 делегация, 2006 жылы өткізілген ІІ съезге әлемнің 26 елінен 29 діни делегация, ал 2009 жылы өткізілген ІІІ съезге 35 елден 77 делегация қатысқан. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезіне әлемнің 40 елінен 87 делегация келді. ІV съезде 4 секциялық отырыс жұмыс істеді, олар «Дін мен дәстүр», «Дін және жастар», «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын тегеуріндер». ІV съезде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кеңесі құрылып, бұл кеңес съездің жұмысына басшылық жасайтын болды. 2015 жылғы мау- сымда Астанада өткен V съезд жұмысына әлемнің 42 елінен 82 делегация қатысты. Съездің басты тақырыбы «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» деп аталды. 2018 жылы қазанда өтетін VI Съезд тақырыбы «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін». Астана шаһары халықаралық қатынастар жүйесінде жаһандық саяси шиеленістерді бейбіт жолмен шешудің және әлемдік және ұлттық діндердің рухани келісімге келуінің алаңы ретінде әлем жұртына танылды. ұлтаралық және дінаралық келісімнің үлгісін атап көрсетті. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының съезінде заманауи ғаламдық мәселе ретінде конфессияаралық келісім мен диалогтың мәні мен маңызы ерекше аталып өтіледі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының съездерінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: ар-ождан бостандығы, толеранттылық, өзара құрметтеу мен түсіністік, ұлтаралық келісім мен діни сұхбаттастық. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.

Қоғамдық пікірді өзге арнаға бұру үшін ақпарақтық және гибридтік шайқас алаңына әлеуметтік желілер және ғаламтор тартылуда. Бұл үшін түрлі жобалар дайын- далып адам санасы мен психикасына, әрекетіне ықпал жасаушы тетіктер механизмі жетілдірілуде. Діни экстремизм мен лаңкестік, әсіре діншілдік жаһандық сипат алуда. Сондықтан да, діни түркідегі экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұратын сыни көзқарас, азаматтық позиция қалыптастыру еліміз үшін маңызды міндет болып табылады. Діни экстремизм мен лаңкестік адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігі жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. Елімізде 1999 жылы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», 2005 жылы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдары қабылданды. Еліміздің антитеррорлық іс-шараларды күшейту ұстанымы 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламада және 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламада нақты көрсетілген. 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидалары зайырлы қағиданы нығайту мен дәстүрлі діндарлық ұстанымын ілгерілету және дінаралық келісім мұратын айқындайды. Бүгінгі өркениетті қоғамда тұлғаны қалыптастыру және оның рухани-адамгершілік кемелденуі білім мен тәрбие беру арқылы іске асады. Тәрбиелеу процесінде ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды үйлесімді үйлестіру және зайырлылық қағидаты негізінде жастардың діни санасы мен рухани әлемін қалыптастыру үшін исламның дәстүрлі құндылықтарын қоғамның әлеуметтік-мәдени жағдайына, елдік діл мен ұлттық дүниетанымға сай байыппен, байсалды түрде тиімді қолдану керек. Дін істері комитетінің дерегіне сүйенсек, жастардың 79,6 % дінге сенеді және 10 % – діни ғұрыптарды тұрақты орындайды. Ел жастарының дүниетанымында діни ұстанымның өсуі елдің болашақтағы діни бағыт-бағдарына ықпал жасайтындығы айқын. Жастарды зайырлы әдеп пен мәдениетке баулу қазіргі білім беру жүйесінде негізгі мақсаттың бірі болуы тиіс. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар жастар да зайырлы мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс. Жастардың дүниетанымында және әдептік ұстанымында зайырлы және ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің рухани тұрғыда кемелденуін қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Түркия, Мысыр, Сауд арабиясы, Ливия, Йемен, Пәкістан, Үндістан, Малайзия сынды мемлекеттік құрлысы мен идеологиясы әртүрлі шет елдердің діни оқу орындарын бітірген азаматтарымызды зайырлы еліміздегі нақты қоғамдық өмір шындығына сай қызметке баулу үшін қайта даярлау курстары маңызды болып табылады. Дінтану мен исламтану оқытудың зайырлы қоғамға сай бірыңғай әдістемесін жасау және дінтанулық және теологиялық әдебиеттер, оқулықтар мен оқу құралдарының біртұтас базасын жасау маңызды. Ұстаздар діни ұстанымын шәкірттер алдында жариялауға байыппен және ұстамды қарауы тиіс.

Ұлт руханиятындағы дін қайраткерлері мен діни философ-ойшылдардың ізденістерінің әл-Матуридилік ақидалық кредосы мен әбу-Ханифа мектебінің платформасымен үндестігі және үйлесімділігін зерттеу мен зерделеу өзекті. Дінтануды оқытудың зайырлы қоғамға сай бірыңғай әдістемесін жасау және дінтанулық және теологиялық әдебиеттер мен оқулықтар мен оқу құралдарының біртұтас базасын жасау маңызды.

Зайырлы мемлекетте дінтану пәні білім беруді гуманитаризациялауға, яғни, гуманитарлық пәндердің беделін көтеруге және білім беруді ізгілендіруге көмектеседі. Дінтану пәнін оқыту үдерісі жастардың бойына зайырлылық пен имандылық, салауаттылық, салиқалы және сабырлы ұстаным, ұлттық дәстүр мен руханилық нәрін егіп, оларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ардақтауға үйрететіп, ұлтаралық және конфессияаралық қатынас мәдениетіне, діни әдебиеттермен жұмыс жасау мәдениетіне, діни құндылықтарды танып-білуге, дүниетанымдық сұхбаттастық пен төзімділікке, діни ғимараттарда әдепті болуға үйретіп және лаңкестік пен экстремизмге, діни фанатизмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыруы тиіс.

Шет елде діни білім алған теологтарды қайта оқыту және қайта даярлау маңызды. Себебі түрлі елдерде білім алған теологтар Қазақстаннның дін саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтары мен ерекшеліктерін толыққанды және жүйелі білгені жөн. Діни оқу орындарында дін философиясы, діни философия, дін феноменологиясы, дін социологиясы, дін антропологиясы сынды негізгі пәндерді оқытуды заманауи ғылыми-әдістемелік тұрғыдан күшейту керек.

Заманауи талапқа сай имамдардың білімі мен құзіреттілік білігін арттыру керек. Зерттеулерге сүйенсек, мешіт қызметкерлерінің 19 % – жоғары білімді, 27 % – орта білімді, 54 % – білімің арттырукурстарын тамамдаған, 7-8 % – шет елде діни білім алған. XXI ғасыр дін қызметкерлеріне жаңа білім технологиясын меңгеру мен уағыз жүргізу мәдениетін терең игеруді талап етеді. Діни уағызбен тек арнайы даярлықтан өткен дін ұстаздары айналысуы тиіс. Ұлттық дәстүр мен руханияттың асыл мұраларын, қазақи өмір салт пен әдет-ғұрыпты толыққанды талдай және зерделей білу дін мамандары үшін өзекті мәселе. Дін қызметкерлері зайырлы мемлекеттік қағидаға сай уағыз жүргізу әдістері мен шешендік өнер тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Мемлекеттік құрлысы әр қилы мұсылман мемлекеттерінде айтылатын діни уағыздар еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатпен сәйкес келе бермейді.

Сонымен қатар, көрші Орталық Азия елдеріндегі діни жағдайға тән ұқсастықтар мен ерекшеліктерді зерттеу өзекті: халықтарға ортақ ханафии мазхабы, дәстүрлі халықтық- ғұрыптық діндарлық, ортақ әдептік-этикалық ұстаным, шет елдіктердің қаржылық қолдауындағы жаңа исламдық ілімдер мен шет елдік геосаяси жобалардан туындаған діни ілімдердің таралуы. Орталық азия елдеріндегі әлеуметтік- экономикалық және демографиялық үдерістер, қарқынды урбанизация, дәстүрлі қоғамнан постмодерндік және постиндустриалды ақпараттық қоғамға қарай секіріс жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелер кедейшілік, жемқорлық және бәсекелес елдердің геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің қақтығысы діни негіздегі экстремизмнің өсуіне ықпал етуі мүмкін алғы шарттар. Діндарлар санасының радикализациялануының алдын алу іс-шаралары ең алдымен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігін арттыру, жастардың әлеуметтену үдерісіндегі діннің орны мен рөлін зерделеу, діндар әйелдер қауымын зайырлы мәдени ұстанымға тәрбиелеу, азаматтық қоғам институттардың тиімді жұмыс жасауын арттыру, жастардың әлеуметтенуі мен қоғамдық өмірге ат-салысуын жетілдіру, дәстүрлі діл мен зайырлы қағидатқа сай діндарлық мәдениетін қалыптастыру, әсіресе діншілдіктің себептерін айқындау, әлеуметтік аз қамтылған топтармен жұмысты тиімді жүргізу, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, дәстүрден тыс ілімдердің қоғамдық сана мен өмірге тигізер кері әсерін кешенді түрде көрсету, аймақтағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, діни жағдайға қатысты тәжірибе алмасу, аймақтағы діни жағдайды талдаудың еларалық біріккен орталығын құру, орта азиялық ғұлама ғалымдардың (Матуриди, Бұқари, Науаи, Тирмизи, Нақышбанд, Иасауи) еңбектерін аудару және насихаттау, Ауғанстан мен ШҰАР діни ахуалды жіті талдау, ірі және моноқалалардағы діни ахуалға үнемі талдау жүргізу. Орталық азия мен Ресей елдерінің діни ахуалын және дін саласындағы жаңа үрдістерін талдауүнемі назарда болған жөн.

«Қазіргі қазақстандық қоғамдағы ислам мәдениеті мен өзіміздің салт-дәстүрімізді, әлем мәдениеттерін синтездеудегі және жаңа Қазақстанның болашағын қалыптастыратын ғылым мен білімді жетілдіру бүгінгі күннің қажеттілігінен туындап отыр» [5]. Ұлттық руханиятының асыл қазынасын танып-білу жат жұрттық мәдени дәстүрге еліктеуден сақтайды. Ұлттық дәстүрдің рухани қазығы ретінде ислам қазақ халқына этика, ғылым, ағартушылық, құқық, идеология берді[6]. Соңғы жылдары қоғамдық пікірде дінге қатысты «деструктивті діни ағым», «тоталитарлық ілім», «секта», «радикализм», «фундаментализм, «дәстүрлі емес дін, «исламизм, «еуроислам», «саяси ислам», «экстремизм», «лаңкестік» термин-түсініктер жиі көрініс беруде. Кеңестік кезеңде «халықтық ислам» және «ғұрыптық ислам» терминтүсініктері қолданылып, исламның халықтық дәстүрлі ғұрыптар және тыйымдар жүйесімен, әдетпен байланысына назар аударылды. 1990 жылдардан «жаңа ислам» ұғымы шет елдік дін уағызшыларының насихатымен тарала бастады [7]. Жаңа діндарлық ұлттық сана мен болмысты тәрк ету мен дәстүрді елемеу, зайырлы мемлекеттік қағидатты терістеумен ұштаса көрінді. 1998-2000 жылдардан қоғамдық пікірде бұрын қолданылмаған халифат, кәпір, бидғат, шахид, жиһад, тағут, мүшірік, жаһил сынды ұғымдар қолданыла бастады. «Таза мөлдір исламды» насихаттайтындар ұлт топырағында уақыт пен кеңістік аясында тарихи-мәдени негізде қалыптасқан қазақи танымға сай дәстүрлі ырым-тыйымдарды политеисттік түсінікпен байланыстырып, өзге елдің діни дәстүріне көзсіз еліктеуді сәнге айналдырды. 2000 жылы елімізде діни ахуалды талдау кезінде заңды тіркелмеген 497 діни бірлестік анықталған [8]. Елімізде діни фанатизм мен радикалды діни ұстанымның таралуына жол бермеу үшін 2004 жылдан террорлық және экстремисттік, оккульттік 23 діни ілімдерге сот шешімдерімен тыйым салынды. Түрлі жамағаттық бірегейлікке негізделген діни топтар елдің рухани қауіпсіздігіне қауіп төндіретін идеологиялық ұстанымға айнала бастады. Жамағаттық ұстанымдар ұлттық болмыс пен ұлттық сананың кемелденуіне кедергі келтіреді. Еліміздің дін саласындағы ұстанымы – зайырлы негізді сақтау мен нығайту. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дамуының үш негізгі басымдығы – заңнаманы жетілдіру мен мемлекеті және діни бірлестіктер арасындағы өзара ісқимылды реттеу, екінші – мемлекет дамуындағы зайырлық принциптерін нығайту, үшінші басымдық ретінде діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру жүйесін дамыту анықталған [9]. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты – зайырлы қағидатты сақтау мен нығайту, дінаралық келісімді жетілдіру. Сонымен қатар, діни қатынастарды реттеу мен бақылау және қадағалау. Діндарлық өмір салты заң аясында жүзеге асуы тиіс. Зайырлы еліміздің тыныштығы мен ынтымағы, ұлтымыздың бірлігі, діни татулық пен діни төзімділік, ұлтаралық татулық басты құндылығымыз. Қоғамның рухани жаңғыруының түпкі мақсаты – мемлекеттік, әлеуметтік, ұлттық, діни, ұлттық бірегейліктің қоғамдық санада орнықтыру. Елімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы діни бірлестіктердің атқаратын рөлін зайырлы қоғам ұстанымына сай тиімді жүргізудің тетіктерін жетілдіру қажет. Діндердің әлеуетін қоғамдық сана мен психологияға сай азаматтық біртектілік пен ұлттық тұтастықты нығайтуға қызмет етуге бағыттау қажет. Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін – зайырлы ұстанымдағы діни сана мен діни мәдениет қалыптастыру маңызды.

Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім мәдениеті зайырлы еліміз үшін маңызды. Конфессияаралық қатынастардың негізін – руханилық, өзара құрмет және өзара сенім құрайды. Зайырлы қоғамда ар-ождан бостандығын сақтау және адамның таңдау құқығын құрметтеу, рухани жетілу, руханилық пен діндарлықтың, зиялылық пен зайырлылықтың үйлесімді үндестігі діни қатынас өзегіне айналуы тиіс.

Әдебиеттер

1. Н.Ә. Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру// Қазақ әдебиеті, 14.04.2017.

2. Ж.Т. Тощенко. Социология. – М., 2005. С. 509.

3. И. Яблоков. Религиоведение. – М., 2000. С. 470.

4. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2012.

5. Ж. Алтаев. Ортағасыр классикалық ислам философиясы. – Алматы, 2015. 330 б.

6. Н. Нуртазина. Распространение ислама и формирование казахской мусульманской традиции. – Алматы, 2016. С. 11.

7. А. Султангалиева. Возвращение ислама в Казахстан. – Алматы, 2012. с. 12

8. З. Джалилов. Ислам и общество в современном Казахстане. – Алматы, 2006. С. 31.

9. Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы. – Астана, 2017.

 

Религиоведение


 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola7@mail.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10