электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Учитель - исследователь

 

   

Архив статей 2014г.

 

Көптілділік және қазақ тілді мектебі
Жаңа тұрпаттағы оқыту

№ 8 (139) октябрь  2014г.


А. САЙЛЫБАЕВА, №16 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Өскемен қаласы

 

Қазақ тілді мектептердің оқушылары қала жағдайында қазақ тілінен басқа орыс тілін жетік меңгерген балалар деуге әбден болады. Оған біздің Өскемен қаласындағы қазақ тілді мектеп оқушыларының тілдік білімдері толық дәлел. Білім беру саласының алдына қойылған көптілділік талабы, сондықтан, менің ойымша, қазақ тілді мектептерде анағұрлым тез қонымды болуы ықтимал. Тек ол үшін өркениетті елде үздік нәтиже көрсетіп келген тиімді технологияларды қолданысқа енгізу керек. Бұл іс басталып та кетті. Оған қолдау болды деп біздің облыстағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы біліктілікті арттыру институты арқылы өтіп жатқан жаңашыл шетелдік, оның ішінде Кембридж университетімен бірлесе қабылданған бағдарлама технологияларын меңгерткен курстар.

Ағылшын тілін оқыту, меңгерту ісімен шұғылданатын мамандар арасында жиі туындайтын бір сұрақ: ағылшын тілінде өз ойын еркін жеткізу үшін, оқушымен жұмыс қандай болу керек? Осы сұрақтарға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұсынған бағдарламасымен облыстық біліктілікті арттыру институтында 3 айлық курс бойынша меңгерген модульдерді қолдану менің сұрақтарыма жауап бергендей. Негізгі жеті модуль қалай оқыту, оқу, оқушының да мұғалімнің де іс-әрекетін жоспарлауға мүмкіндік туғызды. Бағдарламадан күтілетін нәтиже – оқушылардың қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары дамыған, ағылшын тілін өз деңгейінде меңгерумен қатар, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. [МАН, 5 бет].

Осындай пікірлерге сүйене отырып, өз тәжірибеме тоқталар болсам, курстың алғашқы күнінен бастап, мақсатын айқын, анық түсіндім десем болады.

Әріптестеріме бағдарламаның негізгі идеялары бойынша, төмендегідей мәлімет бердім:
- «Мұғалім неліктен өзгеруі тиіс»?
- «Белсенді сынып» құру мақсаты
- Мектептегі және сыныптағы ынтымақтастық атмосфера
- 7 модуль бойынша қысқаша тұжырымдама беру, жеке тоқталу – «Оқуды бағалау және оқыту үшін бағалау» (жиынтық және формативтік бағалау бойынша түсінік бердім, кері байланыс түрлерін ұсындым). Әріптестерім қызығушылық танытып, сұрақ қойып, түсінбегенін анықтады. Төмендегідей ашық сабақтар өткіздім.
- «Having friends» 7 «ә» сынып, облыс көлемінде.
- «What do you do for fun?» 9 «м» сынып, мектеп көлемінде.

Сабақтарда жағымды, сенім атмосферасының алатын орны аса маңызды. Сабақтарымда оқушыларымның бірлесе жұмыс істеп, өз беттерімен ізденіп, білім алуына тиімді орта қалыптастыруға әрекет еттім. Әр сабақта оқушылардың пікірлерін ортаға ұялмай айтуын, бір-біріне ескертулер айтып, қателері болса түзетуін, бірбірін қолдап, көмек көрсетуін, араларындағы дарынды балаларға ілесе отырып, оқу мен оқытуды үйреніп, ынталануын, аз да болса өз еңбектерінің нәтижесін көре білуге ынталандырып отырамын.

Оқушылардың назарын сабаққа аудару үшін жұмысқа ынталандыру мақсатында ойсергектер мен сергіту сәттерін енгіземін.

Әр сабағымда оқушыларды топтастыру үшін әртүрлі сөздерді, тақырыптарды топтастыру, түрлі түсті тәттілерді қолданып отырамын. Тәттілерді қолдану, қолдау, мадақтау мақсатында «смайликтер», «жұлдызшалар» тарату- оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қызығушылықтарын оятуға, ынталандыруға септігін тигізетініне көзім жетті. Оқушылар сабақтағы жаңа үрдісті қызыға қабылдады. Сонымен қатар қиындықтар да орын алды. Соның ішінде, жеті модуль ішінде бағалау, талантты және дарынды балаларды оқыту модульдерін сабақтарыма кіріктіру барысында оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу деңгейлері қиындықтардың себебі болды. Оқушылар өз ойларын толық жеткізе алмауы нақты нәтиже көруге бөгет болды. Дегенменде бағыт-бағдар беру арқасында, оқушылар 1-2 сөйлеммен айтуға тырысады. Әр өткен сабақтар бойынша кері байланыс негізінде келесі сабақтарымды жоспарлауда ескерудің артықшылықтары болды.

Оқытуда оқушының өз бетімен білім алуына, оқу процесінде өзін-өзі реттуіне жағдай жасап, білім беруді жүзеге асыру қажет. Бұрынғы жүйеден айырмашылығы қабілеті жақсы оқушылармен жұмысты көбірек атқарсақ, қазіргі жүйеге сәйкес сабақты жоспарлау кезінде сыныптағы барлық оқушыларды сонымен қатар сыныптағы ынтымақтастық атмосферасын тудыру арқылы топпен, жұппен жұмыс атқара отырып, өз бетімен білім алуын оқушыға қамтамасыз ете аламыз. Сыныпта сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Бағдарламаға сай, сабақтар барысында «Сабақ беру мен оқытудағы жаңа тәсілдер» қолдануда «диалогтік оқыту» тәсілін басшылыққа алдым. Диалогтік тәсілдің оқушылардың ашылуына, ойын жеткізуіне, сөздік қорының молаюына көмектесетінін түсіндім. Мен оқушыларға бағыт-бағдар беру, қорытынды жасау арқылы оқушы білімін жоғары дәрежеге жеткізуді жүзеге асыруға қадам бастым және болашақта оны әлі де дамытамын деп ойлаймын.

Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудегі мақсатым оқушылардың өзіндік пікірлерінің қалыптасуын, ағылшын тілінде сөздік қорының артуын, өз ойын толық жеткізуді көздеймін. Тақырыптар бойынша пікірлерін айтуға, талдауға жағдай жасау мақсатында суреттер көрсетіп, әр түрлі жағдаяттарды шешуге, қорытындылауға бағыт-бағдар беремін. «I think…» «Менің ойымша» деп бастауды ұсынамын. Мұндай тапсырмалар ұқсастықтар мен айырмашылықтарды салыстырып, жағдаятты зерттеп, оқушылардың ойын жүйелеп, өз пікірін айтуға бағыттайды. Келешекте оқушылардың өз ойын толық жеткізе алатындай дәрежеге жеткізсем деген өзіме қойған мақсатым бар, осы мақсатқа жетуде сын тұрғысынан ойлауды үйрету модулінің стратегияларын тиімді падаланудын көмегі бар екеніне көзім жетті. Өз ойларын айтып, жазуға жоғарыда аталған тапсырмалар тиімді болады, оқушылар 1-2 сөйлеммен болса да өз пікірлерін білдіруге тырысады.

Оқушыларды жұппен, топпен жұмыстандыру арқылы ұйымдастырылған сабақтар оқушылардың дарындылығын дамытып, шыңдау жолдарының бірі болып табылады, олардың арасында ынтымақтастық пен серіктестікті тудыру, басқа адамның ойымен де есептесу қажет екенің де түсіндіреді, уақыт үнемделеді екеніне өз тәжірибемде көзім жетті. «3 қадамды сұхбат» стратегиясы арқылы оқушыларды мәселерді шешу мақсатында ой бөлісуге жағдай жасау мақсатында қолдануға болатынына көзім жетті. Екі оқушы бір-бірімен сұхбаттасады, ал үшінші оқушы екеуінен алған ақпаратты толық жеткізуге тырысады. Мұндай тапсырма оқушылардың барлығының, жұмыс жасауын қамтиды және де ой бөлісуге жағдай туғызады. Осы стратегия және сыни ойлауға үйрету модулінің басқа стратегиялары, мысалы «Ыстық орындық», «Рөлдік ойын», «Диа- лог құру» т.б. оқушының тілдік, когнитивті, шығармашылық қасиеттерін ояту, ынталандыруға септігін тигізетіні анық.

Барлық мұғалімдер балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін қолайлы орта жасауға тырысады. Дарынды және талантты балаларға қатысты бұл ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарла- уды талап ететін едәуір күрделі мәселе.[МАН, 72бет]

Өз сабақтарымда шығармашылыққа, интеллектіні дамытуға берілетін тапсырмаларды қолданамын. Мен өз іс-тәжірибемде байқағанымдай «Сын тұрғысынан ойлау» модулінің стратегияларын сабақта қолдану барысында оқытудың шығармашылық сипатын күшейтуде маңызы ерекше. Сыни ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы – білімнің дайын күйінде берілмеуі. Осы тұрғыда оқушылардың арасынан дарынды оқушылар анықтала бастады. Дарынды оқушылар топта өзіндік пікірлерімен ғана емес, көшбасшылық қасиетімен таныла бастады. Олар топтық жұмыста белсенділік танытып, қасындағы серіктесіне бағыт беріп, кей жағдайда «үнсіз оқушылардың» ашылуына да көп көмегін тигізді, қосымша тапсырма беру арқылы өзіме көмекші ретінде тартып, басқаларды оқытуды, алға тартуды қолға алдым. Осыдан кейін топтық жұмыста басқа оқушыларға қарағанда бағыттаушы, бақылаушы, маған көмекші рөлін атқарып өзін көшбасшы ретінде көрсете бастағанын байқау қиын емес еді. Дарынды оқушылармен бірлескен топтық жұмыста басқа оқушылар не үйренді деген сұраққа келетін болсақ дарынды оқушы қасындағы оқушының білім алуына, алға сәл болса да ұмтылуына, нашар оқушы белсенді оқушымен бірге ортаға шығып, бірге отыра қалса сабаққа араласа бастап, сұрай бастағанын көрдім.

Бағалау – одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға, бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. [МАН, 56 бет]

Сабақты жоспарлау кезінде алынған мәліметті ары қарата дамыту, шешім қабылдау, ойды жинақтау, оны қайталау қажеттілігін анықтау кезінде формативті бағалаудың әдістәсілдерін қолданудың маңызы зор. Кері байланысты орнату кезінде, менің сабақтарымда оқушыны формативті бағалау мынадай формада болады: «Табыс карта», «Жедел хат», оқушылар өз ойларын «!», «?» арқылы сабақта «не ұнады», «не қиын» болғаны туралы жазуды ұсынамын. Әр сабағымның соңында оқушылар сабақта қолданылған әдістерге ризашылықтарын білдіріп, сабақ барысында ынтымақтастық орнағандығын, сабақта диалогпен, мәтінмен жұмыс, постер жасау қызықты болды деген сынды пікірлер айтты. Тек бір қиыншылықпен кездестім, оқушылардың ағылшын тілі бойынша сөздік қоры аз болғандықтан өз пікірлерін толық жеткізе алмайды, мұны мысалдар келтіре, бағыт-бағдар бере отырып шешуде табысқа жеттім.

Жеті модульге сәйкес топтық жұмыстарды ұйымдастыру барысында өзін-өзі бағалау, топтық бағалау арқылы критерийлер құрастырып, оқушылар сабақтың мақсатына сәйкес өз білімдерін саралай алады.

Басқа сыныптастарының баға беруін оқушылар асыға күтеді. Мен сабақтарымда топ көшбасшының бағалауын ұйымдастыра білемін.

«Бағдаршам» арқылы бағалау, өзін-өзі бағалау кестесі арқылы бағалау тиімді болды. Оқушылар өз-өзін бағалай алды, дегенменде өз-өзін сыни тұрғыдан бағалауын әлі де жетілдіру керек себебі өз ойын дәлелдей алмаған оқушылар да болды. Болашақта жүйелі бағыт-бағдар бере отырып осы жұмысты жетілдірем деп ойлаймын.

Қорыта келгенде оқыту мен оқуда осы жеті модульдің артықшылығын байқадым. Әр жаңа нәрсе, жаңа реформаның өз қиындықтары болып жатады. Сол сияқты менің тәжірибемде де қиындықтар кездесті, мұны мен бұрынғы «дәстүрлі» оқытудың әсері деп түсінемін:
- Оқушылардың сөздік қоры аз болуы;
- Бірін бірі тыңдай алмауы;
- Өзіне деген сенімнің болмауы;
- Өз ойларын анық айта алмауы;
- Кейбір оқушылардың енжар тыңдаушы ғана болуы.

Бұл қиындықтарды шешу жолдары төмендегідей болады:
- Сабақты белсенді өткізіп әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау;
- Қиялын дамыту үшін «менің ойымша» деген жауапқа дағдыландыру;
- Сенімділікке тәрбиелеу үшін әр түрлі жауапқа бірдей қарау, мадақтау, қолдау;
- Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау;
- Жеке тұлға ретінде «мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру.
- Оқушы қызығушылығын арттыру үшін тілді қарым- қатынас әрекетінде қолдану қажеттілігін тудыратын қолайлы атмосфера жасау;
- Оқушының оқу процесінің басты тұлғасы ретінде белсенділігін арттыру;
- Оқушылардың тілдік, когнитивті, шығармашылық қасиеттерін оятып, ынталандыру.

Бағдарламаны зерделеу мен меңгеру арқылы, мұғалімдер, оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел–уәждерін жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір–көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз.


Қолданылған әдебиеттер:

1. Мұғалімге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік мектебі». –Астана: ДББҰ, 2012

 

 

Учитель - исследователь






 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no