электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2012 г.

 

Оқушы білімінің қолданбалылығын дамытуды қамтамасыз ету мәселелері

№ 8(119) октябрь 2012г.


САЙЛЫБАЕВ Ә. Ә., Астана қаласы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Еліміз Егемендік алғалы бері отандық білім беру жүйеміздің әлемдік кеңістікке енуі барысында оқыту нәтижесін халықаралық бағдарламалар арқылы салыстырмалы зерттеулер жүргізіліп келеді. Соның бірі 15 жастағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы – РІSА (Programmer for International Student Assessment) болып табылады. РІSА 15 жастағы жасөспірімдердің мектепте алған білімдерін, іскерлігі мен дағдыларын адами іс-әрекеттердің әртүрлі салаларында, сондай-ақ тұлғааралық қарымқатынас пен әлеуметтік қатынастарда өмірлік міндеттерді шешу үшін пайдалана алу қабілеттерін бағалайды.

РІSА сынағы барысында оқушының «функционалдық сауаттылығы» үш бағытта бағаланады: мәтінді оқып түсінудегі сауаттылығы, математикалық сауаттылығы және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. Қазақстан халықаралық РІSА бағдарламасы зерттеуіне бірінші рет 2009 жылы қатысып төмендегі нәтижелерді көрсетті:
1) оқу сауаттылығы бойынша: қандай да бір күрделі оқу мәтіндеріндегі негізгі ойларды анықтап, сол ойларды күнделікті өмірлік жағдаяттарды шешуге пайдалана алатын қазақстандық оқушылардың үлесі зерттеуге қатысушылар санының 5%-ын құраған (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бойынша орташа көрсеткіш – 28,6%);
2) математикалық сауаттылық бойынша: қандай да бір нақты жағдаяттарды шешу үшін нақты математикалық модельдерді (қатынастарды, формулаларды, байланыстарды т.с.с.) тиімді пайдалана алатын, әртүрлі есеп-тапсырмалардың шешімін дамыта отырып оларды біріктіре алатын қазақстандық оқушылардың үлесі зерттеуге қатысушылар санының 4,2%-ын құрайды (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 16% қатысушы);
3) жаратылыстану ғылыми сауаттылығы бойынша: алуан түрлі өмірлік жағдаяттарда жаратылыстану пәндері бойынша ұғымдар мен түсініктемелерден сәйкестісін таба білетін, сол ұғымдар мен түсініктемелерді өмірлік жағдаяттарды шешуге тікелей қолдана алатын, жаратылыстану ғылымдарының рөлі туралы қорытынды жасауды талап ететін тапсырмаларды табысты орындай алатын қазақстандық оқушылардың үлесі зерттеуге қатысушылар санының 3,6%-ын құраған (ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіш – 20,5%).

PISA бағдарламасымен қатар Қазақстандық мектеп оқушылары тағы да бірқатар халықаралық салыстырмалы зерттеулерге қатысқан болатын. Ол зерттеулердің нәтижелері елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында талданған еді. Мысалы, 2007 жылғы «4 жəне 8-сынып оқушыларының математика жəне жаратылыстану саласындағы сауаттылығын бағалау» халықаралық TIMSS бағдарламасы зерттеуінің нәтижелері бойынша 36 елдің арасынан біздің балалар жоғары нәтиже көсетті: математикадан 5-орын, жаратылыстанудан 11-орын. Бұл жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын.

Осылайша Қазақстанның халықаралық салыстырмалы бағдарламалары зерттеулеріне қатысу нәтижесі «республикадағы жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға жеткілікті үйретпейтіндігін көрсетеді» деп тұжырымдалды Ұлттық жоспарда.

Сонымен бірге, Ұлттық жоспарда РІSА зерттеулерінің қазіргі уақытта әлемде орта білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалаудың әмбебап құралы ретінде қарастырылатындығы және зерттеу барысында алынған деректердің жалпы орта білім берудің мазмұнының, оқыту әдістері мен технологиясының, сондай-ақ білім беруді басқару моделінің, оқыту тілінің, отбасының және т.б әлеуметтік жағдайлардың мектеп оқушыларының «функционалдық сауаттылығын» дамытуға әсерін анықтай отырып тұтастай білім беру жүйесін дамыту стратегиясын белгілеуге негіз болатындығы айтылған.

Ендігі міндет бүгінгі күнге дейінгі қол жеткен «мықты пәндік білімді» қамтамасыз етіп отырған еліміздің жалпы орта білім беру жүйесі (жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттары мен білімдік оқу бағдарламаларын, қалыптасқан білім беру ұйымдары түрлерін (орта мектеп- тер, гимназиялар, лицейлер, арнайы мектептер), білім сапасын ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ететін мекемелер мен басқару органдары) негізінде осы жүйедегі «оқушылардың функционалдық сауаттылығының дамуын» қамтамасыз ететін компонентін анықтап, қажетті жаңғырту шараларын орындау. «Мықты пәндік білім» негізінде ғана сол білімнің «функционалдығын», немесе ана тілімізде «қолданбалылығын» дамыта аламыз.

Қабылданған Ұлттық жоспардың орындалуы мен мақсатқа жетуінің салмағы да жауапкершілігі де еліміздің мектеп мұғалімдерінің иығына түсетіні белгілі. Сондықтан, құжаттың негізгі және анықтаушы ұғымдарын педагог қауым дұрыс түсініп, қабылдаған жағдайда ғана ол құжат мұғалімдердің әрекет негізіне айналады.

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы мектептегі берілетін жалпы орта білімнің оқушылардың күнделікті өмірінде және болашақтағы көп қырлы қызметінде кездесетін тұрмыстық, қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық т.б. жағдаяттарды (проблемаларды) шешуде табысты қолдана алуын қамтамасыз ету ретінде түсіндіріледі.

Көтеріліп отырған мәселенің мағынасына үңілсек. Ұлттық жоспардың бір тұжырымында «Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жа лпы білім беретін мектептер педагог терінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді» делінгендей, мәселе балаларымыздың төмен «сауат тылығы» емес, олардың әрбір пән бойынша алған «мықты білімдерін» өмірдің түрлі жағдаяттарында пайдалана, немесе, қолдана алу қабілетінің жеткіліксіздігінде болып тұр.

Ендігі мәселе оқушыларымыздың әрбір пән бойынша алған білімінің күнделікті тіршілігінде, болашақ кәсіби және әлеуметтік өмірде қолдану мүмкіншілігін арттырудың жолдарын қарастыру.

Ұлттық жоспарда бұл мәселенің бірнеше тетіктері көрсетілген:
1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
2) оқыту нысандары мен әдістері;
3) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;
4) мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;
5) мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);
6) барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;
7) ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.

Ұлттық жоспарда шешілуі көзделіп белгіленген «3. Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар. 4. Білім беру процесін оқуәдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу» сияқты міндеттер мен мәселені шешудің «1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары); 2) оқыту нысандары мен әдістері;» сияқты тетіктеріне көңіл аударғым келеді.

Бұл жерде оқушы білімінің қолданбалылығын дамытуға жеткізетін негізгі міндет те, шешімін табу тетігі дееліміздегі жалпы орта білім берудің мазмұнын жетілдіру деп белгіленген.

Дидактика ғылымында білім беру мазмұнын қарастыру деңгейлерінің белгілі бір жүйесі белгіленген (М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, В.В.Краевский, И.К.Журавлев және т.б.). Олар:
– бі лі м беру ма зм ұ н ы н әдіснама л ы қ және жалпытеориялық негіздеу;
– білім беру мазмұнын оқу жоспары түрінде белгілеу;
– білім беру мазмұнын пәндердің оқу бағдарламалары түрінде белгілеу;
– білім беру мазмұнын оқу материалы түрінде белгілеу;
– білім беру мазмұнын оқушының тұлғалық қасиеттері түрінде белгілеу.

1. Білім беру мазмұнының әдіснамалық және жалпытеориялық негізделуі нәтижесінде жалпыға міндетті жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандарттары қалыптасады.
2. Білім беру мазмұнын қарастырудың екінші деңгейінде оқу жоспарлары қалыптасады.
3. Білім беру мазмұнын қарастырудың үшінші деңгейінде пәндердің оқу бағдарламалары жасақталады.
4. Білім беру мазмұнын қарастырудың төртінші деңгейінде оқулықтар мен қосымша және көмекші оқу құралдары дайындалады.
5. Егер, әдіснамалық және жалпытеориялық деңгейде білім берудің мақсаты толық және дәл анықталса, оқу жоспарына сәйкесті өзгерістер негізді енгізілсе, әрбір пәннің білімдік оқу бағдарламасына қажетті толықтырулар жасалса, ең бастысы, оқушының тікелей әрекеттесетін оқулықтар мен оқу құралдары қойылған мақсатқа сәйкесті оқу материалдарымен қамтамасыз етілсе, сонымен бірге, дайындалған оқу материалдарын меңгеру процесі сәйкесті оқыту әдістерімен және технологияларымен ұйымдастырылса, онда оқушыда мақсатта сипатталған құзырлылықтар мен тұлғалық қасиеттер қалыптасады.

Сондықтан, білім беру мазмұнын жаңғырту немесе жетілдіру туралы мәселе көтергенде білім беру мазмұнын қарастырудың барлық деңгейлерін жүйеде және толық қарастырмайынша нәтижеге жете алмаймыз.

Бүгінге дейін мектептегі білім беру мазмұны арқылы педагогтеріміз «мықты пәндік білім беріп» келген болса бірақ, ол білім оқушыларды «нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтін» болса, онда мектептерімізде беріліп келе жатқан «мықты білім» деңгейіне сүйене отырып, бірінші кезекте, оқулықтардың мазмұнын нақты өмірде кездесетін жағдаяттарды сипаттайтын, оқушыларды сондай жағдаяттардан шығу жолдарын іздеуге баулитын тасырмалармен толықтыру, жаңадан қосымша оқу құралдарын (есептер жинағы, жаттығулар жинағы, диктанттар жинағы, бүгінгі өмір проблемаларын бейнелейтін балалар әдебиеті, т.с.с.) әзірлеу қажет деп ойлаймын. Баспалардың құрамындағы оқулықтар мен оқуәдістемелік құралдардың авторлар тобы бұл тапсырманы (оқулыққа қосымша оқу құралдарын дайындау, сараптамаға жіберу, қайта өңдеу, басып шығару) жылдам да нәтижелі орындай алады деп сеніптемін. Бұл жұмыспен әрбір аймақтық білім басқармалары жанындағы әдістемелік құрылымдар аймақтық педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институттарының оқытушы-профессор құрамының жетекшілігімен мұғалімдерді жұмылдыра отырып кірісуіне толық мүмкіндіктері бар деп есептеймін.

Осындай қосымша оқу құралдары ретінде, соңғы жылдары жарық көрген «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін жатқызуға болады. Бұл әдістемелік кешен құрамындағы қосымша оқу құралдары мен әдістемелік көмекші құралдар арқылы «Дүниетану», «Жаратылыстану», «Биология», «Технология», «Бейнелеу өнері» т.б. пәндер бойынша оқушылардың өсімдіктер туралы білімінің қолданбалылығын дамытуды нәтижелі жүргізуге болады деп есептеймін. Осы құралдардағы оқу материалдары мектептің экологиялық үйірмесі оқушыларының сынып бөлмелерін, мектеп ғимаратының дәліздері мен холлдарын, мектеп ауласын, үйінің ауласын, үй ішін т.с.с. көгалдандыру мен гүлдендіру арқылы өзінің өмір сүру ортасын экологиялық және талғамдық сауықтыру жұмыстарын ұйымдастырады.

«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені Елбасының Жолдауда көтерген оқыту процесінің тәрбиелік әлеуетін күшейту туралы маңызды мәселені шешуге де септігі тиері сөзсіз. Адамзатқа «Екінші ұстаз» атанған Шығыстың ұлы ғұламаларының бірі әл-Фараби өз заманында «тәрбиеге негізделмеген білім аса қауіпті» деген екен. Сан ғасыр бұрын көтерілген бұл мәселенің бүгінгі таңда да өзекті екендігінің дәлелі Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауындағы «оқыту үдерісінің тәрбиелік компонентін күшейтудің маңыздылығына» баса назар аударуында болып отыр. «Бізде жастармен осы мәселелер бойынша жұмыс ісейтін оқулық та, оқытушы да жоқ» деп нықтап айтты Президент.

Егер білім беру мазмұнын құрылымдауда оқулық бетінде берілген әрбір деректің, мәтіннің, оқу тапсырмаларының астарына тәрбиелік, өмір тәжірибелілік мән салынса, сонан соң ол тапсырмалардың астарлық мәнін ашу тәсілімен, әдісімен, технологиясымен мұғалімдерді қаруландырар болса, тек сонда ғана жаңартылған білім беру мазмұны негізінде ұйымдастырылған оқыту процесінің тәрбиелік, қолданбалылық ықпалы болады. Кандай да бір оқулық немесе қосымша оқу құралы авторының оқулық немесе қосымша оқу құралы мазмұнындағы әрбір тапсырма негізіне салған әдіснамалық немесе әдістемелік идеясын мұғалімдерге арнайы түсіндірмейінше автордың ойы оқу процесінде іске аспайды. Сондықтан, «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторына әрбір аймақтағы педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институттары арқылы мұғалімдердің қысқа мерзімдік курстары мен мектеп басшыларының арнайы семинарларын ұйымдастыруына мүмкіндік жасау керек деп ойлаймын.

«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені соңғы күндері тағы да маңызды топтамамен толықтырылды. Олар: «Балабақша ауласын көгалдандыру», «Мектеп ауласын көгалдандыру», «Мектеп ғимараты ішін көгалдандыру», «Өсімдіктер әлемі саябағы». Бұл топтама тікелей білім беру ұйымдары басшылары мен сынып жетекшілеріне, мектептің экологиялық үйірме жетекшілеріне арналған ұйымдастырушылық және әдістемелік нұсқаулықтар мен кеңестер жинағы.

Сонымен Елбасы Жолдауында көтерілген «оқыту үдерісінің тәрбиелік компонентін күшейту» және «оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» мәселелері белгіленген мерзімде нәтижелі шешімін табады деп ойлаймын.

 
 

Тема номера









 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10