электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2012 г.

 

Орыс тілді мектептегі қазақ тілі мен әдебиетті оқытудағы кейбір мәселелер

№ 8(119) октябрь 2012г.


МУРЗАГЕЛЬДИНОВА О.И., Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Краснояр № 1 орыс орта мектебі, қазақ тілі пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Әдіскер-Мұғалім»

 

Мен қырық алты жылдан бері мұғалім болып істеймін. Соның ішінде отыз алты жыл бойы орыс тілді мектепте қазақ тілі пәнін оқытып келемін. Орыс тілді мектепте қазақ тілі пәнінің мақсаты – оқушылардың қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру, дамыту, тілдік және танымдық біліктілікпен қамтамасыз ету екендігі Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында көрсетілген.

Қазіргі заманда қазақ тілі пәні мұғалімінің алдында үлкен міндеттер тұр. Мектепті бітірген түлектер жан-жақты білімді, тәрбиелі болу керек. Алған білімін практика түрінде жүзеге асыра білетін болу керек.

Мемлекеттік тілді игеру үшін сабақта жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, ауызша және жазылым арқылы оқушының ауызекі сөйлеу тілін дамытып, қазақ тілін нәтижелі үйрету мақсатымен жан-жақты әдіс-тәсілдер қолданып, мұғалім көп ізденіс жұмысын жүргізеді.

Оқушы өз ойын қазақша дұрыс жеткізу үшін сөздерді бір-бірімен байланыстырып, сөйлемдегі орын тәртібі мен сөйлем жасау жолдарын меңгеру керек.

Мұғалім үшін басты міндет оқушының қызығушылығын арттыру, оның дамуына жағдай туғызып, сөйлеу қабілетін дамыту.

Мен көп жылдан бері тақырыптық оқыту бағдарлама бойынша жұмыс істеп келемін. Өзімнің жазу баспадан шығарылған «Изучаем казахский язык» оқу құралдарымен 1992 жылдан бастап 2002 жылға дейін оқытып келдім. Менімен қатар осы бағдарлама бойынша біздің Краснояр №1 орыс орта мектебі және Көкшетау қаласындағы көп профильді №5 «Таңдау» мектебі де жұмыс істеді. Оқыту нәтижесі жақсы болды. Оқушыларға өте тиімді, түсінікті. Қазір біз «Атамұра» оқулықтарымен оқытып жатырмыз. Оқулықтар эстетика жағынан өте сапалы, әдемі, көрікті, бірақ кейбір мәселелер өзімді және әріптестерімді толқытып тұрады. Мен өз жұмысымда кейбір сабақтың тақырыпшаларын бір-бірімен қосып өткізем де, тақырыпты қайталауға, дұрыс нәтижеге жеткізуге талап етіп отырамын.

Қорытынды сабақты дәстүрлі емес түрінде өткіземін де, оқушыға алған білімді жан-жақты көрсетуге, практикалық түрде қолдануға жағдай жасаймын. Ол үшін «Алтын қақпа» ойын сабағын, олимпиада сабағын, сайыс сабағын, т. б. сабақ түрлерін өткізіп отырамын.

Мысал ретінде «Алтын қақпа» ойын сабағын келтіргім келеді. Ойын 4 кезеңнен тұрады: Тас қақпаны ашу. Күміс қақпаны ашу. Алтын қақпаны ашу. Алтын сандықты ашу.

Ойынға кіру үшін қойылатын сұрақтар:
1. Бірінші қыркүйек күні қалай аталады?
2. Жуынамын,киінемін,тамақ ішемін,мектепке барамын деген сөздерді қандай тақырыпқа жатқызуға болады?
3. Зат есім қандай сұрақтарға жауап береді?
4. Сын есім заттың несін білдіреді?
5. Етістіктің қандай райлары бар?
6. Тұйық етістік қандай сұраққа жауап береді?
7. Қазақстанның бұрынғы астанасы қай қала?
8. Кимешек деген не?
9. Қыс, көктем қандай тақырыпқа жатады?
10. Мемлекеттік тіл – қай тіл?
11. Әнұранның аты қалай?
12. Сан есімнің қандай түрлері бар?

І. Тас қақпаны ашу үшін берілетін тапсырмалар
1. Білім туралы 5-6 мақал-мәтелді айту.
2. Тестілеуден өту.
а. Әнұран,елтаңба,ту неге жатады?
А. Оқу құралы
В. Мелекеттік рәміздер
С. Еңбек құралы
Д. Спорт бұйымдары
ә.Бірыңғай жіңішке дауысты дыбыстар бар сөзді тап.
А. Астана
В. Табиғат
С. Ұстаз
Д. Өшіргіш
б. Бұл қай кезде болады?(астық піседі, егін орылады )
А. Қыс
В. Күз
С. Көктем
Д. Жаз
3. «Қазақ тілі сабағында» тақырыбы бойынша әңгіме айту.
4. «Адамның дене мүшелері» тақырыбының сөздерін айту.
5.Етістікті үш шақта, үш райда жіктеу.
6.Астана туралы әңгіме айту.
7. Ұнаған ертегіні айту.
8. Ұлттық тағам «Наурыз көже» туралы әңгімелеу.

ІІ.Күміс қақпаны ашу үшін берілетін тапсырмалар.
1. «Біздің Отанымыз» әңгімесін айту.
2. «Асханада» сұхбат құрастырып айту.
3. Тіл туралы мәліметтерді айту.
4. Отан туралы 5-6 мақал-мәтелді айту.
5. Зат есімді септеу, тәуелдеу, жіктеу (дәрігер ).
6. Өлкеміздің табиғаты туралы әңгіме айту.
7. Өзіңе ұнайтын ұлттық ойын туралы айта білу.
8. Тестілеуден өту.
а).Тәуелдік жалғауы бар сөзді тап.
А. Оқулықты
В. Жемістер
С. Мұғалім
Д. Әнің
ә).үп-үлкен – сын есімі қай шырайына жатады?
А. Салыстырмалы
В. Жай
С. Күшейтпелі
Д. Асырмалы
б).Антонимді сөздерді тап.
А. Үлкен, биік
В. Жарық, қараңғы
С. Жақсы, керемет
Д. Әдемі, сұлу

ІІІ. Алтын қақпаны ашу үшін берілетін тапсырмалар.
1. Қ. Мырзалиевтің «Ана тілі» өлеңін жатқа айту.
2. Тіл туралы 5-6 мақал-мәтелді айту.
3. Ұлттық киім, бас киім, аяқ киім атау.
4. «Менің сүйікті жыл мезгілім» тақырыбы бойынша әңгіме айту.
5. Тестілеуден өту.
а).Тұйық етістікті ата.
А. Жазба
В. Апарды
С. Істе
Д. Сөйлеу
ә).Байқаусызда біреуді қағып өтсең, не дейсің?
А. Сәлеметсіз бе
В. Ғафу етіңіз
С. Қош болыңыз
Д. Рақмет
б). Етістіктің райын дұрыс ата (айтқым келеді).
А. Қалау
В. Ашық
С. Бұйрық
Д. Шартты
6. «Менің қымбатты досым» тақырыбы бойынша әңгіме айту.
7.Сан есімдердің түрлерін айту, мысалдарды келтіру.
8. Адамның дене мүшелеріне қатысты пайдалы кеңестерді айту.

ІV.Алтын сандықты ашу үшін берілетін тапсырмалар.
1. Жұмбақты шешу. «Төрт тағанда бойы бар, Момындық дұрыс айы бар. Кербезденіп жүрмейді, Айналдырған тоны бар.»
2. Кроссвордты толтыру.

КРОССВОРД
3. «Хан талапай» ойыны туралы әңгімелеу.
4. «Бауырсақ» ертегісін айту.
5. Ұлттық ойындар адамнан қандай қасиеттерді қажет етеді? Толық жауап айту.

Міне, осындай ойын оқушылардың өткен тақырыпты қалай меңгергенін көрсетеді, оны қалай қолдана алатыны, жүзеге асыратыны байқалады, яғни оқушылардың өткен тақырып бойынша жан-жақты білімін көрсетеді, тілін жаттықтырады, дамытады, оқушыларды білімге құмар болуға баулиды.

5-ші сыныпта «Біздің отбасымыз» деген тақырыпты өткен соң, оқушыларға осы тақырып бойынша алған білімін көрсетуге, осы тақырып бойынша сөйлеуге, бір-біріңмен сөйлесуге, әңгімелеуге, ой-пікір айтуға жағдай жасау үшін мына бір сабақтың түрін үлгі ретінде келтіргім келеді. Сабақтың тақырыбы, мақсаты айтылады.

Мұғалім:
- Балалар, бүгінгі сабағымыз ерекше өтпекші. Бізге «Балдырған» журналынан тілшілер келіп отыр. Олар сендерден отбасы және ата-аналарың туралы интервью алмақшы.
(Ваня, Соня, Арсений кіреді. Олардың қолдарында блокноттар, қаламдар бар.)
Ваня (Артемге):
- Сәлеметсің бе!
- Сәлеметсіз бе!
- Сенің атың кім?
- Менің атым –Артем.
- Артем, сен қай мектепте оқисың?
- Мен Краснояр №1 орыс орта мектебінде, 5-ші сыныпта оқимын.
- Сенің отбасың қандай?
- Менің отбасым үлкен емес.
- Отбасыңда неше адам бар?
- Отбасымда төрт адам бар.
- Олар кімдер?
- Әкем, шешем, қарындасым және мен.
- Сен отбасыңды сыйлайсың ба?
- Әрине сыйлаймын.
- Сендер тату тұрасыңдар ма?
- Иә, біз өте тату тұрамыз.
Соня (Настяға):
- Сәлеметсің бе?
- Сәлеметсіз бе!
- Сенің атың кім?
- Менің атым – Настя.
- Сенің ата-анаң бар ма?
- Иә, менің ата-анам бар.
- Әкеңнің аты кім?
- Әкемнің аты – Валерий.
- Оның жасы нешеде?
- Оның жасы отыз бесте.
- Ол қайда жұмыс істейді?
- Құрылыста.
- Ол кім?
- Ол – инженер.
- Шешеңнің аты кім?
- Шешемнің аты – Галина.
- Шешең қайда жұмыс істейді?
- Шешем емханада жұмыс істейді.
- Ол кім?
- Ол – дәрігер.
- Шешең қандай кісі?
- Шешем – орта бойлы, сары шашты, көк көзді, мейірімді, ақылды, әдемі кісі. Шешемді жұмыста барлық кісілер өте сыйлайды.
- Сұхбатыңа рахмет!
Арсений (барлық оқушыларға):
-Балалар, сәлеметсіңдер ме!
-Сәлеметсіз бе!
-Сендердің ата-аналарың бар ма?
-Иә, бар.
-Сендер ата-аналарыңды сыйлайсыңдар ма?
-Иә, сыйлаймыз!
-Қалай сыйлайсыңдар? Кәне, Маша, сен ата-анаңды қалай сыйлайсың?
Маша:
-Мен ата-анамды өте сыйлаймын. Оларға ылғи көмектесіп отырамын. Ыдыс жуамын, төсек жинаймын, үй ішін жинап, еден жуамын. Кішкентай інімді ойнатамын.
Арсений:
- Сен ше, Аман?
Аман:
- Мен су әкелемін. Ауланы сыпырамын, отын жа- рамын. Кешке малдарды айдап әкелемін, суарамын, бай- лаймын, жем беремін. Мен әкем мен шешемді өте жақсы көремін.
Арсений:
- Ал, Юра, сен ата-анаңды қалай сыйлайсың?
Юра:
- Мен әкеме үнемі көмектесемін. Екеуіміз шөп шабуға барып тұрамыз. Шешеме де көмектесемін. Мысалы, кешке жұмыстан шаршап келсе оған шай жасауға, тамақ әкелуге көмектесемін. Бақшадағы көкөністерге су құямын.
Арсений:
-Айжан, сен не айтасың?
Айжан:
- Мен дүкеннен азық-түлік әкелемін, үй жұмысына көмектесемін. Інімді ойнатамын, онымен қыдырамын. Шешем жұмыстан шаршап келсе, оған шай дайындап беремін.
Арсений:
- Рахмет, Айжан! Сен өте жақсы қыз екенсің! Ал, Гүлжан, сен әке-шешеңді қалай сыйлайсың?
Гүлжан:
- Мен ата-анамды өте жақсы көремін, оларға сый- құрмет көрсетіп отырамын, ылғи көмектесемін. Оқуымды жақсы оқып, оларды қуантамын. Үйдегі кішілерге қамқорлық жасаймын, оларды тамақтандырамын, олармен ойнаймын.
Арсений:
- Шамиль, сен не істейсің?
Шамиль:
- Мен де әке-шешемді жақсы көремін, сыйлаймын, құрметтеймін. Туған күнінде, мереке күндерінде оларды құттықтаймын, сыйлық жасап сыйлаймын. Үй жұмысына міндетті түрде көмектесемін.
Арсений:
- Жарайсың, Шамиль! Ал, Ангелина, кезек саған келді. Сен ата-анаңды қалай сыйлайсың?
Ангелина: - Менің де ата-анам бар. Мен оларды өте сүйемін, құрметтеймін. Мен оларға қамқорлық жасаймын. Жұмыстан шаршап келсе, тамақ, шай беремін. Болғасын, ыдыс жинаймын, жуамын. Шешем мені бетімнен сүйіп, «Айналайын, кішкентай көмекшім менің!» - дейді.
Арсений:
- Сұхбаттарыңызға рахмет! Хош, сау болыңыздар! (кетеді)
Мұғалім:
-Балалар, жаңа ғана сендерден алған интервьюден біраз жақсы істеріңді біліп алдық. Сендер ата-аналарыңды жақсы сыйлайды екенсіңдер, көмектеседі екенсіңдер. Бұл өте тамаша! Сендер өте жақсы, әдепті балалар екенсіңдер. Әрине, ата-аналарыңды сыйлап, құрметтеу керек. Олар сендер үшін еңбек етіп, өмір сүреді. Енді назарларыңа шағын қойылымдарды ұсынамыз. Көргеннен соң менің сұрақтарыма жауап бересіңдер.
«Әже мен немере»
Әжесі үлкен шелекпен су әкеле жатыр еді. Шаршап тоқтайды да:
Әжесі:
- Ой, белім-ай! Мені жүргізбей-ақ қойды ғой! Алла-ау! Әжесін көріп, немересі алдынан жүгіріп шығады да, қолындағы шелекті алып:
Немересі:
- Әжетайым! Сен ауыр шелекті неге көтересің? Ауырып қаласың ғой! Саған барма деп едім ғой!
Әжесі:
- Қайтейін, сені оқу оқысын деп, суға барғаным ғой!
Немересі:
- Әже, уәде берші! Енді суға бармайтын боласың, жарай ма?
Әжесі:
- Жарайды, жарайды, құлыншағым, қамқоршым менің! – деп немересінің маңдайынан сүйеді.
«Көмекшім менің»
Бөлменің іші. Үстелде шашылып жатқан қағаз, гүлдер тұр, календарьдің бір парағы жатыр. Қыз мектептен қуанып, әндетіп жүгіріп келеді де, сөмкесін орындыққа лақтырып, музыканы қояды. Бір кезде үстелдің үстінде жатқан парақты көреді де:
Қыз:
- Ойбай! Бүгін шешемнің туған күні екен ғой! Қап! Есімнен шығып кетті ғой! Тез-тез үй ішін жинауым керек! Қыз өлеңдетіп үй ішін жинайды, шай жасап қояды. Шешесі кіреді. Қыз алдынан жүгіріп шығады.
Қыз:
- Мама, шаршадың ба?
Шешесі:
- Шаршадым, қызым.(Айнала қарап, таң қалып) Қызым
–ау, үй іші тап-таза ғой! Шайымды да жасап қойған екенсің ғой!
Қыз:
- Мама, бүгін сенің туған күнің! Мен сені құттықтаймын! Саған зор денсаулық, жемісті еңбек, мол бақыт тілеймін! Бірақ сыйлық әпере алмадым.
Шешесі:
- Қызым-ау! Сен үй ішін жинадың, шайымды жасап
қойдың. Мектептен қандай бағаларды әкелдің?
Қыз:
- Барлық пәндерден «бестік» әкелдім!
Шешесі:
- Міне, қызым, осыдан артық қандай сыйлық керек! Айналайын, кішкентай көмекшім менің! – деп қызды бетінен сүйеді.
Мұғалім:
- Балалар, енді менің сұрақтарыма жауап беріңдер. Жаңа ғана екі қойылымды көрдіңдер. Немере және қыз туралы қандай ой-пікір айтасыңдар?
Оқушы:
- Екеуі де өте ақылды, мейірімді, әдепті балалар екен. Өйткені, олар әжесін, шешесін сыйлайды екен, оларға қамқорлық жасайды.
Мұғалім:
- Дұрыс айтасыңдар, балалар! Сендер де әжелеріңді, шешелеріңді сыйлай біліңдер! Жарайсыңдар, балалар! Ал енді ана, әже туралы қандай өлеңдерді білесіңдер, айтыңдар. Оқушылар өлеңдерді айтады. («Анашым», «Ана», «Ақ мамам», т. б.)

Мұндай дәстүрлі емес түрінде өткізілген сабақ оқушылардың тілін жаттықтырады, қазақша жақсы сөйлеуді үйренуге мүмкіндік береді, оқушыларды әдепті, мейірімді, ақылды болуға, ата-аналарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелейді.

Тағы бір мәселе. Орыс тілді мектептегі қазақ әдебиеті пәнін оқыту. Ойлаймын, мұнда біраз өзгерістерді енгізу керек. Мысалы, бастауыш сыныпты бітірген оқушылардың сөздік қоры әлі бай емес. Ал әдебиет оқулығында күрделі тілмен жазылған мәтіндер, түсіндірмелер беріледі. Онда, мысалы, 16 сөз тіркесі мен сөйлеу үлгілері жазылған. Осыны оқушы қалай меңгере алады, қалай келесі сабаққа дейін жаттап алады? Ал оқушыларға түсініксіз болса, олар мұндай жағдайда тыңдамайды, тыныш отыра алмайды, шулай бастайды.

Тәртібі жоқ сабақта – білім жақсы болмайды деген сөз.

Жоғары сынып оқулықтарында ақын-жазушылардың өмірбаяндары, шығармашылығы керекті деңгейде болып тұрған жоқ деп ойлаймын, өйткені оқушыны қызықтырмайды.

Меніңше, әдебиет оқулығында оқушыны қызықтыратын, тәрбиелік мәні зор шығармалар немесе шығарманың үзінділері болу керек. Оқушы одан өзіне деген бір жақсы сәт, кейіпкердің бір жақсы қасиеттерін алатындай болсын.

Өкінішке орай орыс тілді мектептерде әлі де көп қазақ балалары оқиды. Мектепті бітірген балалар қазақтың ақын-жазушыларын дұрыс танымайды, олар туралы терең білмейді, олардың шығармаларын өз ана тілінде оқып түсіне алмайды.

Сондықтан мен ойлаймын, әуелі қазақ тілін терең, ауқымды үйретіп, сосын барып әдебиетке көшуге болады. Мен өзімнің оқу құралдарымды қалай жасадым? Бастауыш сыныптарында негізгі күнделікті тұрмыс-жағдай жасайтын тақырыптардың сөздерін меңгертіп, әңгімелерді айтуға үйретіп, 5-6-шы сыныптарда бұл тақырыптарды сөздік қорын молайту арқылы кеңейтіп,ал 7-8-9-шы сыныптарда үлкен, маңызы зор тақырыптарды, халық ауыз әдебиетінің шығармашылығын енгіздім, қазақ халқының салт- дәстүрлері, ұлттық ойындар, лиро-эпостық шығармалар. Ал 10-11-ші сыныптарға арналған оқу құралдарында қазақ ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармашылығы беріледі. Мысалы, Абай Құнанбайұлының өлеңдері, әндері, афоризмдері, тәрбиелік мәні зор қарасөздері (16-шы, 19-шы, 31-ші). Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» халық эпопеясымен оқушыларымды таныстырып, роман бойынша бірнеше қойылымдарды құрастырып, оқушыларға рөлдерді бөліп, үйретіп, көпшіліктің алдында, ата-аналарға, оқушыларға көрсеткен болатынбыз. Мысалы: «Абайдың оқудан келген сәті», «Күйеу көрімдігі», «Қызыл құлжа», «Абай сезімшіл бала», «Еңлік-Кебек» пьесасы, тағы басқа. Міне, осындай- дан оқушылар үлкен әсер алып, ешуақытта ұмытпайды, әрдайым естерінде сақтайды.

Оқулық оқушыға әрі қызықты, әрі тиімді болса, сонда ғана негізгі мәселелер шешіледі деп ойлаймын.

 
 

Тема номера








 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no