электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2012 г.

 

«Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешені негізінде оқушы білімінің қолданбалылығын жетілдіру жолдары

№ 9(120) ноябрь 2012г.


ҚУАТОВА Н. М., Қызылорда қаласы № 176 орта мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында білім беру ұйымдары жастарға жалаң білім беріп қана қоймай алған білімдерін өмірдің түрлі жағдайларында пайдалана алуды үйретуі керек екендігін баса айтып, үкіметке оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың бес жылға арналған Ұлттық шаралар жоспарын дайындау жөнінде нақты міндет қойған болатын.

Осы тапсырманың негізінде маусым айында Үкімет қаулысымен бекітілген «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» қабылданды.

Бұл құжатпен танысқаннан кейін ойға келген төмендегі бірер пікірлерімді білдіргенді жөн санадым. Мысалы құжаттың негізгі, анықтаушы ұғымы ретінде алынған – «оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» ұғымы.

Біріншіден, «... сауаттылығын дамыту» сөзтіркесі бойынша. Біздің түсінігімізде оқушының сауаты «ашылады», яғни, ол «әріптерді таниды», «оқи алады», «жаза алады». Әрі қарай оқушының жылдам және қатесіз оқи алуын, жылдам және қатесіз жаза алуын, өз ойын ауызша да, жазбаша да қатесіз жеткізе алуын қамтамасыз етеміз, яғни оқушының сауаты сапалық өзгеріске ұшырайды. Сапалық өзгеру процесін «жетілу» деп атаған жөн сияқты. Ал «даму» сөзі, менің ойымша, сандық өзгерісті сипаттаса керек. Сондықтан, біздің түсінігімізге сай «... сауаттылығын жетілдіру» деген дұрыс падеймін.

Екіншіден, «оқушының функционалдық сауаттылығы» сөзтіркесі бойынша «функционалдық» сөзінің қазақша баламасы ретінде «оқушының қолданбалы сауаттылығы» десек орынды болғандай.

Аталған құжатта «Қазақстанның PISA мен TIMSS-қа қатысу нәтижесі республикадағы жа лпы білім беретін мектептер педагогтерінің мықты пәндік білім беретіндігін, бірақ оны нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтіндігін көрсетеді» депті. Яғни, мәселе жас ұрпақтың «сауаттылығы» емес, олардың әрбір пән бойынша алған «мықты білімдерін» өмірдің түрлі жағдаяттарында пайдалана, немесе, қолдана алу қабілетінде емес пе. Сондықтан, «оқушының функционалдық сауаттылығы» сөзтіркесін «оқушы білімінің қолданбалылығы» деген түсініктілеу болар еді. Сонда, «оқушы білімінің қолданбалылығын жетілдіру» деп атағанымыз дұрыс болар деп ойлаймын.

Ендігі мәселе оқушыларымыздың әрбір пән бойынша алған білімінің күнделікті өмір тіршілігінде қолдану мүмкіншілігін арттыру.

Ұлттық жоспарда бұл мәселенің бірнеше тетіктері қарастырылыпты:
1) білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
2) оқыту нысандары мен әдістері;
3) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;
4) мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;
5) мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);
6) барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;
7) ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі».

Осылардың ішінде оқушы білімінің қолданбалылығын жетілдіруге жеткізетін негізгі тетік – еліміздегі жалпы орта білім берудің мазмұнын жаңарту қажеттілігі байқалады.

Онда бүгінге дейін мектептегі білім беру мазмұны арқылы педагогтеріміз «мықты пәндік білім беретін» бірақ, ол білім оқушыларды «нақты өмірдегі жағдайларда пайдалануға үйретпейтін» болса, онда оқулықтардың мазмұнын нақты өмірде кездесетін жағдаяттарды сипаттайтын, оқушыларды сондай жағдаяттардан шығу жолдарын іздеуге баулитын тасырмалармен толықтыру, жаңадан қосымша оқу құралдарын (жаттығулар жинағы, диктанттар жинағы, бүгінгі өмір проблемаларын бейнелейтін балалар әдебиеті, т.с.с.) әзірлеу қажеттілігі байқалады деген сөз.

Кез-келген тұлға, әсіресе әйел адам қоршаған ортасының (тұратын үйінің, ауласы мен бөлмелерінің, мектеп ауласының, мектептегі жұмыс бөлмесінің, оқу сыныптарының), өз басының, жанындағы адамдардың көңіл- күйлерінің жоғары болуын қамтамасыз ететіндей жағдайда болуын қаласа керек. Сондай көңіл-күйді келтіретін жағдайдың бірі – адамның өмір сүру ортасы ауасының таза болып саулығыңды көтеруі, өсімдіктер мен гүлдердің талғамды болып көңіліңді жадыратуы деп білемін. Әсіресе, экологиялық проблемалы жағдайдағы Қызылорда өңірі тұрғындары үшін бұл жағдай өте маңызды нәрсе болып отыр. Осы бағытта маған көп көмегін тигізіп келе жатқан «Гүлстан» журналы деп батыл айта аламын. Осы журналдың арқасында біздің гүлдерге, әсем өсімдіктерге деген қызығушылығымыз артты. Өз отымның басы мен жұмыс орнының экологиялық жағдайын сауықтыруға бірыңғай бет бұрдым. Ондағы жарияланған танымдық материалдарды мектебімізде пән сабақтарында, сабақтан тыс шараларда пайдаланып жүрміз. Бұл журнал әріптестерімнің, оқушыларымыздың гүлдер туралы, оларды күнделікті күтіп-баптау туралы азын-аулақ білімдерімізді байытты, қоршаған ортамыздың экологиялық ахуалын жақсартуға септігі тиді, бүгінгі тілмен айтқанда гүлдер туралы білімімнің пайдасыз болмай оның «қолданбалылық әлеуетін» көтерді.

Осындай қосымша оқу құралдары ретінде, соңғы жылдары, менің қолыма «Өсімдіктер әлемі» оқу- әдістемелік кешенінің дидактикалық материалдар топтамасы тиді. Ол материалдар «Ағаштар», «Бұталар», «Жемістер», «Көкөністер», «Жидектер», «Бөлме гүлдері», «Бақша гүлдері», т.с.с. деп топтастырылған екен. Енді біз қажетті материалды журнал сандарын парақтап жатпай осы топтамадан алатын болдық. Батылдау айтсақ, оқулық беттерінде балалар үшін рухани құндылығы төмен, өмірлік қолданбалы әлеуеті де шамалы, бала сезімін селт еткізбейтін мәтіндер аз емес. Кез-келген тақырып бойынша жаңа білімді пысықтау, бекіту мақсатындағы мәтіндердің мазмұны да баланың эмоционалдық сезіміне, күнделікті немесе болашақ қажеттілігіне жауап беретіндей болғаны жөн. Аталған топтамаларда осындай қажетті мәтіндер жеткілікті. Әрине біз ол мәтіндерді бағдарламалық тақырыпқа, сыныптың ерекшеліктеріне, сабақтың немесе жеке тапсырманың шешуі тиіс дидактикалық міндеттеріне байланысты өңдеп, пайдаланып жүрміз.

Құрметті әріптестер, сөз соңында төмендігідей ұсыныстар айтқым келеді:

1) «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторларына, жақын болашақта, осы дидактикалық материалдар топтамасы негізінде орта мектептің қазақ тілі курсына арнап «Экологиялық диктанттар жинағы» құралын дайындау қолға алынса.

Осындай құралдар, Елбасының Жолдауда көтерген оқыту процесінің тәрбиелік әлеуетін күшейту туралы маңызды мәселені шешуге де септігі тиері сөзсіз. А дамзатқа «Екінші ұста з» атанған Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби өз заманында «тәрбиеге негізделмеген білім аса қауіпті» дегені белгілі. Сан ғасыр бұрын көтерілген бұл мәселенің бүгінгі таңда да өзекті екендігінің дәлелі Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауындағы «оқыту үдерісінің тәрбиелік компонентін күшейтудің маңыздылығына» баса назар аударуында болып отыр. «Бізде жастармен осы мәселелер бойынша жұмыс істейтін оқулық та, оқытушы да жоқ» деп нықтап айтты Президент.

2) Келесі, «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторларын әрбір облыстық педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институттарының курстық жоспарына енгізу арқылы бұл білімнің қолданбалылық әлеуетін арттыру қамтамасыз етілсе.


 

Ұлттық жоспардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау болып белгіленіп, төмендегі міндеттерді шешуді көздеген:
1. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық тәжірибесін зерделеу.
2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.
3. Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.
4. Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.
5. Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.
6. Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту».

 
 
 

Тема номера









 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10