электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2013 г.

 

Қазақ тіліне толық ену, іске асыру мүмкіндіктері

№ 10 (131) декабрь 2013г.


ЖАДРИНА М., п. ғ. д., профессор «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰдың филиалы «Білім беру бағдарламалар орталығы»

 

Заман талабына сай жас ұрпаққа білім берудегі келелі мәселенің бірі - тілді шынайы қарым-қатынас құралы ретінде үйрету. Өйткені жаңа парадигма аясындағы нәтижеге бағытталған білім моделінің басты кейіпкері оқушының жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, рухани дүниесі бай тұлға болуы оның ана тілді ғана емес, сонымен қатар басқа да тілді толық меңгергеніне тікелей байланысты. Әр баланың тілді ана тілінің табиғи болмысына сай меңгеруі оның дүниетанымын, ой-өрісін дамытып, табиғат берген бейімділік пен қабілеттің көзін аша түсетіндігі көпшілікке мәлім. Ал екінші, үшінші тілді үйрену балаға қосымша жаңа мүмкіндіктер береді, оның білім мен білігі артады, мәдени деңгейі өседі. Осы тұрғыдан Эстонияда орыс тілді оқушыларды эстон тілі ортасына толық енуді ұйымдастыру тәжірибесін айтуға болады. Бұл тәжірибені қорытындылауға арналған зерттеу нәтижесінде ата-аналардың баласын эстон тіліне ену бағдарламасымен оқытуының себептері балаға сапалы білім беру, орыс тілімен қатар эстон тілін меңгеру, тілдерді меңгеруді әлемдік деңгейге сай ұйымдастырумен анықталған. [1, б. 11].

Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту- білім саласындағы және педагогика ғылымындағы келелі мәселелердің бірі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамып әлеуметтік міндеттерінің толық мағынада іске асуы оның қолдану аясының кеңеюінің кепілі. Қыры мен сыры толық зерттеліп үлгермеген бұл мәселенің теориялық тұрғыдан гөрі іс жүзіндегі бастамаларының басым болуы өмір заңдылығы. Қазақ тіліне толық ену арқылы оқу үдерісін ұйымдастыру сондай бастамалардың бірі деп танылады. Орыс тілді оқушыны мектептің табалдырығын аттаған сәттен бастап қазақ тіліне толық ену оқу ортасын жасаған жағдайда оның екінші тілді меңгеруі табиғи жолмен іске асады. Тілге толық енудің оқу ортасы қазақ тілінің екінші тіл ретіндегі міндеттерін іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Демек, тіл қарым-қатынас құралы ретіндегі міндетімен қоса ойлау мен таным құралы ретінде адам, қоғам және табиғат туралы білім мен білікті меңгеру құралы болады.

Қазақ тіліне толық ену жағдайында 1-сынып оқушылары жас ерекшелігіне сай берілген танымдық мүмкіндіктері негізінде қоршаған ортаны тану- ды, оқу пәндерінің мазмұнын меңгеруді қазақ тілі арқылы іске асырады. Оқушының қоршаған ортадағы заттар мен айналадағы құбылыстар, әлеуметтік жағдаяттарды танып білуі, олардың себеп-салдарын ұғынуы қазақ тілі арқылы меңгерілетіндіктен оқу үдерісі алғашқы 1, 5 жылда тек қазақша жүреді. Орыс тілі жеке пән ретінде 2-сыныптың екінші жарты жылдығынан бастап оқытылады. Әрине, мұндай оқу үдерісінің сәттілігі, сапалылығы көптеген факторларға тәуелді. Мысалы, жоғарыда аталған зерттеу бойынша эстондықтардың тәжірибесіне жүгінетін болсақ, олар тілге ену бағдарламасының табыстылығына әсер ететін екі факторды атайды: оқу үдерісінде орыс және эстон тілдеріне бірдей зейін қою, ата-аналармен байланыста болу арқылы толық мағлұмат беру. [1, б. 12-13].

Алайда, қазақ тіліне толық ену арқылы ұйымдастырылатын оқу үдерісінің сапасына тікелей әсер етуші факторлардың орны ерекше. Олардың ең бастылары – мұғалімнің шеберлігі, қолданылатын әдіс-тәсілдердің оңтайлылығы, оқулықтың сапалылығы.

Оқу үдерісінің алғашқы сәттерінде оқушы мен мұғалімнің қарым- қатынасында, олардың өздеріне тиесілі міндеттерін қазақ тілінде толық орын- дауында біршама қиындықтар туатыны хақ және туындайтын қиындықтар ауқымы қазақ тіліне ену дәрежесіне тікелей байланысты екендігі де сөзсіз. Әрине, мұғалім міндеттері тұрғысынан ұстанатын негізгі қағида – «бір мұғалім бір тіл». Бұл деген оқушы сөз қорын жинақтау барысында сұрақ қою, жауап беру сияқты қарапайым сөйлемдерді құруда қателесуі, ойын жеткізуі үшін орыс тілін пайдалануы мүмкін. Ол -оқушының құқы. Ал мұғалім болса, тек қазақ тілінде ғана қарым-қатынасқа түседі: сөйлейді, жауап береді, сұрақ қояды, қатесін түзетеді. Бала қазақша сөздің мағынасын тез ұғынып, кері байланыс тез болу үшін мұғалім қосымша материалдар (сурет, сұлба, фото, нақты заттар және т. б.) бет-жүз құбылыстарын, қол қимылдарын, ым-ишара әрекеттерін пайдаланады. Мұғалім «бір мұғалім бір тіл» принципін пайдалану арқасында баланың тілге ену ортасын күн асқан сайын қазақ тілімен қанықтыра түсіп танымдық мүмкіндігін арттырады. Әрине, бұл үдерістің өзегі - төрт тілдік дағдыны дамытудағы дәстүрлі заңдылықтарға сүйену, басқа елдерде мақсатты тілге толық ену бағдарламасының нәтижелерін ескеру. Мысалы, эстон тіліне ену бағдарламасын дайындағанда француз тіліне ену тәжірибесіне сүйеніп тілдің төрт дағдысын дамытудағы мақсаттар анықталған. Айталық, тыңдалым дағдысына қойылатын талаптар әр сынып үшін анықталған [2]. Баланың 1-сыныпта басқа тілдегі таныс емес сөздердің, сөйлемдердің мағынасын түсінуі мұғалімнің сөзінен гөрі басқа құралдар, контекстер көмегімен ғана болады. Келесі сыныптарда таныс емес сөз бен сөйлемді біртіндеп сөздік контекстің көмегімен түсінетін болады. Өйткені бұл кезде сөздік қор жинақталып, тілдің барлық дағдыларының дамуына мүмкіндік туды.

Мақсатты түрде тілге ену ортасын жасап оқушыларға өз тілінен басқа тіл арқылы дүниені таныту мұғалім үшін оңай жұмыс емес. Туындаған қиындықтарды шешуде де нақты кесімді жолдар ұсыну да мүмкін емес. Сондықтан мұғалім кәсіби шеберлігінің шыңдалуы оның рухани әлеуеті мен адамгершілік қасиеттерін ұштастыра отырып әр бала жүрегіне жол табуымен байланысты. Осы тұста мұғалім әлемдік деңгейде мақсатты тілге ену арқылы оқу үдерісін ұйымдастыру тәжірибесінде жинақталған әдіс тәсілдерге жүгінеді. Осындай озық әдістің бірі-пән мен тілді кіріктіріп оқыту (СLIL) барысында қолданылатын тәсілдер [3, 15-16 бет]. Айталық, қазақ тіліне енуді жаңа бастаған сәтте мұғалім оқушылардың берілген тақырыптар бойынша не білетінін анықтау үшін топтық жұмыс арқылы әр түрлі ойындар ұйымдастырып барлық мәліметтерді оқушылардың өздеріне жинақтатады. СLIL тәсілдері балалардың іс-әрекеттерін белсендіреді, өзара қарым -қатынасын жеңілдетеді, бір-бірінен үйренуге, сөз қорын толықтыруға мүмкіндік береді.

Қазақ тіліне толық ену арқылы ұйымдастырылатын оқу үдерісінің сапасына тікелей әсер етуші келесі фактор – оқулық. Мақсатты тілге ену жағдайында оқушыларға ұсынылатын оқулық кіріктірілген сипатта болуы керек. Сонымен қатар оның атқаратын қызметі де өзгеше. 1-сыныпта оқылатын барлық пәндерге ортақ болғандықтан, бұл оқулық басқа оқулықтарға қосымша оқу құралы ретінде ұсынылады. Сол себепті оқу пәндері тілге толық енудің компоненті ретінде қарастырылады. Ал қазақ тілі кіріктірілген оқулық аясында қоршаған нақтылықты тану және аталған пәндер шеңберінде оқу материалдарын ұғыну құралы болады.

Қазақ тіліне енуге арналып дайындалған оқулықтың ерекшелігі грамматикалық құрылымға, не мәтіндік құрылымға бағындырылмаған. Баланың тілді әлі білмейтіндігін ескере отырып, кіріктірілген оқулық дайын мәлімет беруге емес, олардың әрекеттену барысында тілді біліп үйренулеріне бағындырылған. Осы тұста Ксавье Рожьенің оқулықты дайындауға қойылатын екі талабының қазақ тіліне толық енуге арналған оқулық үшін маңыздылығын атап өткен жөн. Автордың айтуынша, оқулық дайындағанда басты назарда мынандай екі мәселені ұстау керек: оқу объектісін және әрекет түрлерін [4, 40-41 бет]. Ол оқу объектісіне жеке ұғымдар, ұғымдар жиынтығы, құрылымдар, жүйелерді жатқызады. Оқулық құрылымында көрініс табатын әрекеттерді имитациялық, когнитивтік, шығармашылық, мінез-құлықтық, қимыл- әрекеттік деп жіктеген. Қазақ тіліне толық енуге арналған оқулықтың құрылымын анықтағанда және оқу материалдарын жүйелегенде автордың жоғарыда аталған ұстанымдары негізге алынды.

Оқулықтың құрылымдық ерекшелігі берілетін мазмұнның мәтін түрінде емес, нақты тақырыптар аясындағы сюжет, сурет, фото түрінде жүйеленгендігімен байланысты. Ал мазмұны бойынша оқулықта екі мазмұндық желі кіріктірілген. Оның біріншісі- қазақ тілінің мазмұнына сай тіл қатынас құралы (ауызша сөйлеу, жазбаша сөйлеу), тіл таным құралы ретінде айқындалған. Оқулықта тілдің танымдық міндетін іске асыру мақсатында «қарапайымнан күрделіге», «таныстан таныс емеске» принциптері қолданылды. Ал екінші мазмұндық желіде «табиғат- адам- қоғам» мазмұнын ашу мақсатында адамның табиғатпен әлеуметтік ортамен қарым-қатынасы, ғылым жөніндегі алғашқы ұғымдар, зерттеу әдісінің қарапайым түрлері (бақылау, тәжірибе қою, өлшеу тәсілдері) айқындалған [5].

Екі мазмұндық желіні кіріктіру мақсатында оқулықтың бүкіл мазмұны «Менің ортам», «Табиғи орта», «Адам және оның мүмкіндіктері» атты үш түйінді идея арқылы жүйеленді. Кіріктірілген оқулық барлық тоқсандарды қамтитын бірыңғай құрылымдық негіздегі түйінді идеяларға сәйкес үш бөлімнен тұрады. Әр бөлім аптаға арналған тақырыптардан құралады. Мысалы, 1-жартыжылдыққа арналған Кіріктірілген оқулықта бірінші тоқсанда «Менің ортам» бөліміне «Мен мектепке барамын», «Мектепке баратын жол», «Менің мектебім» сияқты үш тақырып кіреді. [5, 5-22бет]. Сонымен қатар қазақ тіліне толық енуге арналған оқулыққа оқу жылының бірінші жартыжылдығында оқылатын әліппе мазмұнына сай қазақ алфавитін меңгерту жүктеліп отыр. Әріптердің берілу реті апталық тақырыптармен үйлестірілді.

Әр тақырыптың мазмұндық аспектілерін қамту мақсатында оқулық 2 немесе 3 «қос беттік» принципте құрастырылған. Әр «қос бетте» оқу материалдары екі түрде берілген: алфавиттегі нақты әріп және сол әріп кездесетін түйінді сөздер; тақырып бойынша баланың өзіне «жақын» сюжеттер және оларға сай таныс сөздер, сөз тіркестері мен жай сөйлемдер. Сюжеттер негізінен баланың сөздік қорын байытуға және оның қазақ тілін таным құралы ретінде пайдаланатынына бағытталған. Мысалы, бірінші тоқсанның 7-аптасында қарастырылатын тақырып «Күн тәртібіне 3 қос бет арналған. Аталған тақырыптың бірінші қос бетінде берілген сюжеттер «таңертең», «түске дейін», «түстен кейін», «кешке қарай» ұғымдарының мағынасын ашуға бағытталған және оларға сай сөздер, сөз тіркестері берілген. Сонымен қатар, осы қос бетте «Ұ ұ» әрпін оқуға байланысты сөздің басында, ортасында, аяғында «ұ» әрпі бар сөздер берілген [5, 40-41 бет]. Келесі қос бетте аталған тақырып аясында уақыттың қазақша аталуына және санмен белгіленуіне тоқталған. Мысалы, «таңғы сағат тоғыз», «кешкі сағат тоғыз», «түскі сағат он үш», т. б. [5, 42 бет].

Кіріктірілген оқулықтағы сюжеттерде мұғалімнің басқа пәндердегі оқу материалдарымен (математика, ғылым, өнер және т. б.) жұмыс жасауына көмектесетін «ойтүрткілер» де бар. Осы оқулық негізінде басқа пәндердің оқу материалдарын ықпалдастыру тілге ену деңгейіне тікелей байланысты қарастырылады. Мысалы, бесінші аптада өтілетін «Күнтізбе» тақырыбы үш қос бетке жүйеленген. Екінші қос бетінде «апта», «апта күндері», «айлар» ұғымдарын ашатын түйінді сөздер негізінде тақырып мазмұнын математика пәнінің мазмұнымен ұштастыруға болады [4, 30бет].

Қазақ тіліне толық енуге арналған кіріктірілген оқулықтың тартымдылығы ондағы сюжеттердің таныстығына, ба ланың күнделікті тіршілігімен үндестігіне, бірінші орында қажет болатын сөздер мен сөз тіркестер жеткіліктілігіне, суреттердің эмоционалдық тартымдылығына, ой әрекетін жандандыра алатындығына тікелей байланысты. Сонымен қатар, оқулықтың құрылымындағы тұрақты белгілердің де мәні зор. Мысалы, оқу материалының оқулықта берілуін тартымды ұйымдастыру үшін әр қос бетте өзіндік міндеттері бар үш кейіпкер берілген: ара, құмырсқа және торғай. Ара әріптердің баспа түрін көрсетсе, құмырсқа әріптердің жазба түрін қаламмен жазып көрсетеді. Ал торғай болса сұрақ қойып, таңғалғанын білдіріп, демеу көрсетіп, қуанышын білдіріп, ескерту жасап отырады. Мысалы, «Ауа райы» тақырыбының үшінші қос бетінде күзгі және көктемгі салқын туралы оқу материалы сюжеттер арқылы берілген. Осы қос бетте торғай «Байқаңдар, суық тимесін!» дейді. Торғайдың осы сөзін тілге тиек қылып аталған тақырыпты күнделікті өмірмен, басқа пәндермен байланыстыруға болады [5, 74 бет]. Үшінші аптада оқылатын «Менің мектебім» тақырыбында сыныптағы сюжеттер берілген үшінші қос бетінде торғайдың «Алақай, үзіліс!» деген сөзі мектеп тіршілігіндегі балалар үшін куанышты сәтке назар аудартады. Осы «ойтүрткіні» мұғалім тәрбиелік мақсатта не оқу үдерісіндегі тілді дамыту мақсатында пайдаланады. [5, 21бет].

Қазақ тіліне толық ену бағдарламасы бойынша дайындалған жұмыс дәптерінің құрылымы кіріктірілген оқулыққа сәйкес құрастырылды. Демек, жұмыс дәптері де «қос бет» принціпі негізінде дайындалды. Әр аптаға арналған тақырып бойынша берілетін тапсырмалар екі қос бетке жүйеленді. Ал әр қос беттегі тапсырмалар қарапайымнан біртіндеп күрделену негізінде құрастырылды. «Салыстыру», «топтастыру» сияқты дәстүрлі тапсырмалармен қоса «құрастыру», «дайындау, жасау», «сахналау, көрсету», «әңгімені жалғастыру» тәрізді күрделі тапсырмалар берілген. Мысалы, «Әдептілік әліппесі» тақырыбы бойынша берілген тапсырма сахналауға байланысты: «Жол сұраудағы әдептілік ережелерін сахналаңдар». [6, 63бет]. Бұл тапсырманың мақсаты жинақталған сөз қорын пайдаланып оқушыларға әдептілік ережелерін шығармашылықпен қолдандыру, өзара қарым-қатынасқа түсіру, топтық жұмыс барысында білімдерін толықтыру.

Кіріктірілген оқулық та, жұмыс дәптері де өзге тілді балалардың қазақ тіліне толық енуінің соңғы нәтижесіне бағытталған. Бірінші жарты жылдық соңында олардың оқу жетістіктері сөздер және түсініктердің мағынасы мен мәнін түсіну және тыңдай білу, сөздерді дұрыс айта алумен шектелмейді. Сонымен қатар оқушылар сөздерді, іс-әрекеттерді, жағдаяттарды түсінуге, таңдау және топтастыруға, сөз тіркестерін және жай сөйлемдерді құрастыруға, контекстке сәйкес әрекеттеніп өз ойын жеткізуге, бақылай алуға, ауызша суреттеуге және тәжірибесімен алмасуға бейім болады.

Сонымен, бастауыш мектепте оқу үдерісін қазақ тіліне толық ендіру арқылы ұйымдастыру жаңа бастама деп танылады. Баланың және оның ата-аналарының таңдауымен ұйымдастырылатын оқу үдерісі биылғы оқу жылында эксперименттік деңгейде Назарбаев зияткерлік мектептерінде (Көкшетау, Талдықорған) іс жүзіне асырылып отыр. Кіріктірілген оқулық, жұмыс дәптері, мұғалімдердің арнаулы дайындығының арқасында қазақ тіліне толық ену бағдарламасының іс жүзіндегі нәтижесі тілдің қолдану аясын арттыруға, оның шынайы қарым -қатынас құралы және таным құралы ретінде дамуына ықпал етеді.


Қолданылған әдебиеттер

1. Пеэтер Мехисто, Хийе Ассер. Исследование по дальнейшему устойчивому развитию программ раннего языкового погружения. Таллин, 2005. 30 с.

2. Early French Immersion: Language, Grades 1-8, A Resorce Document. 1998.

3. Liz Dale, Wibo van der Es, Rosie Tanner. CLIL skills ICLON, Universiteit Leiden, 2010

4. Франсуа-Мари Жерар Ксавье Рожье. Разработка и анализ школьных учебников (перевод с франц.). Изд. «АВОVО», 1998 -372 с.

5. Джадрина М., Байжасарова Г., Жадрина Г., Әрінова Б. Менің ортам. 1-сынып. 1-жартыжылдық. Тілге ену бағдарламасы бойынша кіріктірілген байқау оқулығы. Астана: «Жарқын Ко» ЖШС, 2013- 92 бет.

6. Джадрина М., Байжасарова Г., Жадрина Г., Әрінова Б. Менің ортам. 1-сынып. Тілге ену бағдарламасы бойынша байқау жұмыс дәптері. Астана: «Жарқын Ко» ЖШС, 2013- 88 бет.

 
 
 

Тема номера









 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no