электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2016 г.

 

«Сауат ашу» пәнін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту

№ 1 (152) январь 2016г.

РЫСҚҰЛБЕКОВА А.Д., Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалының аға менеджері


Жаңартылған білім беру бағдарламасы Қазақстандық білім беру жүйесін реформалауға айтарлықтай мүмкіндік беруде.

Білім жүйесін реформалаудың мақсаты – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани- мәдени ахуалын нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге қабілетті, тиімді қарым-қатынас орната алатын тұлға тәрбиелеуге бетбұрыс жасау. Олай болса қазақ мектептерінің негізгі нәтижесі тек білім, білік және дағды жүйесі ғана емес, сонымен бірге зияткерлік, саяси-қоғамдық, коммуникациялық, ақпараттық және басқа салалардағы мемлекеттік тапсырыс беріп отырған әмбебап дағдылардың жиынтығы болып табылатын функционалдық сауаттылықты қалыптастыру назарға алынуда.

«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.

Жалпы функционалдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене арала- суы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы.

Функционалдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Ал өз кезегінде бұл қажеттілік білім сапасын арттыруды мақсат етеді.

«Сапаны тексеру» ұғымы білім беру саласында кеңінен қолданылуда. Өткен жүзжылдық соңында көптеген дамыған елдер қатары «білімді тексеру» жүйесінен «білім сапасы» жүйесіне көшуге талпыныс жасағаны белгілі. Бұл жүйенің жоғарғы оқу орындарында ғана емес, білім берудің бастауыш және орта буындарына да тиімді енгізілді. «Сапа» бұл «ең жақсы» деген мағынада қолданылады. Бұл жүйе еліміздің білім саласында да қолға алынуда. Ондағы бірінші міндет – білім беру салаларындағы «сапа» деп нені түсінетіндігіміз. Білім беру сапасының мазмұнын білім беру жүйесіне нәтижелі ендіріп, қамтамасыз ету үшін тиянақты талдау жасау бұл міндеттің ең тиімді жолы болып табылады.

К. Харисон өзінің «Білім сапасын басқару» конференциясында (Будапешт 2000 ж.) жасаған баяндамасында Ұлттық білім беру жүйесінің сапасын арттыруда тиімді болып саналатын 5 негізгі факторларды анықтауды ұсынды. Олар:

Оқу жоспары. Толығымен ұлттық білім беруге негізделген оқу жоспарын жасау. Сонымен қатар білім стандарттары және осы стандарттар негізінде үлгерім мақсаттарының қамтылуы.

- Бағалау. Белгіленген мақсатқа сай тиімділік пен біліктілікті, сәйкестілікті салыстыруда ендіруге лайықты, қарапайым және үнемді жүйенің жасалуы.

- Есеп берушілік. Мектеп пен мұғалімдердің жұмысының нәтижесін, есебінің көрсеткішін шығаратын қоғамдық әлеуетті жүйенің дайындалуы;

- Өкілдік ету. Бұл жүйеге қатысушылардың қажетіне қарай заңдылық тұрғыда өкілеттік жасау, өйткені олар ендіріліп отырған факторлардың жетістік мүмкіндіктерін төмендетіп немесе шектеу қойылуын қадағалап отырады. Децентрализацияның әкімшілік және қаржылық есеп беруде негізгі факторы болып табылады.

- Қолдау көрсету. Кәсіби қолдау көрсетуде тиімді өлшемдердің ендірілуі. Өйткені бұл сапаны тексеру жүйесін қолдану нәтижесінде кезіккен қақтығыстарға мұғалімдер мен мектептердің кәсіби қиындықтарды жеңуде өзінің септігін тигізеді.

Бұл факторлардың әрқайсысы сапа кепілдігі жүйесінің табысты болуы үшін бір-бірімен байланысты әрі бағынышты.

Халықаралық стандарттарға сай келетін білім нәтижелерін бағалау жүйесі ретінде оқушылардың білімін бағалаудың халықаралық PISA бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты білім беру саясаты мен ынтымақтастығы аясында жаңашылдық тәсілдерді қолданудың тәжірибесін жүзеге асыруда жаңаша базисті жасау болып табылады. Сонымен қатар бұл жоба стандарттар жасау мен бағалаудың факторларын анықтауға, білік пен дағдының дамуына, сондай-ақ басқа елдердің осыған ұқсас түрлі факторларына талдау жасап, оның себептері мен кемшіліктерін, дағдыны дамытудағы себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік береді.

PISA жобасы «әдебиеттік сауаттылық, математикалық сауаттылық, жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылық» секілді үш мәселеге екпін беріп, бағдарлама бойынша құзыреттіліктердің кең ауқымын өлшеуді де қамтиды. Сауаттылық деп отырғанымыз оқи немесе жаза білу емес, адамның сауаттылығы түрлі білім мен біліктерді игеруін білдіреді. Бұл жоба қолданатын сауататтылықтың кең түрдегі мазмұнды сипаттамасы ретінде күнделікті өмірде қызмет атқаратын қажетті білім мен дағдылар болып табылады.

Сауаттылықты анықтаудың бұл үш құрамды бөлігінің әрбір аймағында бағалау үш бағытта ұйымдастырылады: дағдылар үдерісі білім және түсіну, оның мән-мағынасын айқындау. Бұл үдерісте әр аймақтың өзіне тән әдістерін түсініп меңгеру талап етіледі.

«Әдебиеттік сауаттылық» шығарма авторының шеберлігі мен қабілеттілігін түсініп, баға беруді және сол мәтін бойынша талқылау жүргізе білу талап етіледі. Оқу барысында мәтіннің құрылымын оның жанры мен дәрежесінің жоғарылығын түсінуге болжам жасалады. Сонымен қатар мәтінді оқу барысында оқырманның дәлелдемелерінің бірізділігін көре білу, мәтіндегі ақпаратты салыстырып және қарсы қойып оған қорытынды жасай білу, мәтіннің қандай мақсатта құрылғандығын түсіну үшін оның мысқыл- мазағын түсініп, сезе білу, тілдің өзгешелігі мен шеберлігін көре білу және оқығанына көз жеткізіп ықпал етуде өзінің білімі мен тәжірибесіне сәйкестендіре білу.

Осы секілді «Математикалық сауаттылық» математикалық тапсырмаларды орындауда нәтижелі талдау жасай білу, ойын қабылдау арқылы дәлелді жеткізу. Математикалық сауаттылық өзіне ойлаудың мынадай дағдыларын қамтуына (мысалы, түрлі пікірлер арасындағы айырмашылықтарды), дәлелдеме келтіру (мысалы, математикалық дәлелдемелердің реттілігін қадағалау), өңдей білу дағдысы (математикалық құрылымдардың «ақиқаттығы»), мәселені қоя білу және олардың шешімін ұсына білу (түрлі шешімдердің арасындағы айырмашылықты таба білу қабілеті) және қосымша кесетелерге математикалық құралдарды пайдалана білу дағдысы. Математикалық сауаттылықты анықтау коммуникацияны қамтып, сабақта белгілі көзқарастың математикаға қызығушылығының байланысын бағалайды.

«Жаратылыстану ғылымдары бойынша сауаттылық» түрлі сауалдарды анықтауда ғылыми зерттеулер көмегімен алынған (түрлі идеялар мен сұрақтарды анықтау, ғылыми зерттеу нәтижесінде белгілі сұрақтарды ажырата білу қабілеті, сол сұрақтардан ғылымның ғылыми зерттеуді ұйымдастыруға қажетті дәлелдемелерді анықтауға мүмкіндік бермеуі (мысалы, заттарды анықтау арқылы қандай өзгерістердің болатындығын қадағалап, салыстыру үшін қандай қосымша ақпараттың қажеттілігін); түрлі көзқарастар құра білу мен қорытындылау (мыса- лы, жиналған фактілер негізінде қорытынды жасау мен осы қорытындыны жасаудағы жіберілген қателіктерді анықтау); айналадағы қоршаған ортаға дұрыс шешімдер жеткізе білу. Жаратылыстану ғылымы «ғылыми ойлау» ұғымын қолдана отырып, математикалық технологиялық білімдерді күнделікті өмірде ғылыммен байланыстыра қолдану үдерісін бейнелейді. Ғылыми сауаттылық ғылыми теорияларды анықтауда белгілі бір қолдау мен дәлелдерге қол жеткізу үшін қоданылатын әдістерді меңгеруін және шынайы өмірде ғылыми әдістерді қолданудың басымдылығы мен олардың шектеулілігін жорамалдайды.

ҚР функционалдық сауаттылықты дамытудың ұлттық жоспарында көрсетілгендей функционалдық сауаттылықты дамытудың ең бастапқы тетігі ретінде оқыту мазмұны мен әдіснамасын түбегейлі өзгерту деп анықталған. Оқыту мазмұнын құрайтын құралдардың негізгісі бұл – оқулық. Осы мақсатта оқулықтар мазмұны да оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға ықпал ететіндей етіп дайындалуда.

Жалпы оқулық жазу мәселесі күн тәртібінен түспеген, өзекті мәселелердің бастысы екендігі алаш арыстарының ой-пікірлерінен анық аңғарылады. Атап айтар болсақ, Ж. Аймауытов: «...Тегінде оқу кітаптарын кеңседе отырып одан-бұдан құрастырып ойдан шығарылып, долбармен жазу керек емес, мектептердің программасына жанастырылып, сондағы оқыту тәсілдеріне сүйеніп жазылу керек. Бұлай болмағандықтан кітаптардың көбі мектептерде қолдануға жарамсыз болып қалады. Кітап жазушылар ауылдағы мұғалімдер арасынан шықпай, немесе кітап жазам деген кісі, сол бастауыш мектепте бала оқытып көрмей тұрып, мектептердің мүддесіне, мақсатына тап ете түскендей кітап шығуы қиын». «...Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес. Пән сөзін пән маманы, кітап жазушы шығару керек. Ешбір ғалым пән сөздерін кеңседе шешкізіп, жасамайды. Кітап жазушы өзі табады. Бір ғалымның шығарған кітабында кейбір сөздер қолайсыз болса, екінші жазушы ол сөздерін түзеп, өзгертіп, жаңа сөз кіргізеді. Сөзді пән иесі ғана шығармаса, бөгде кісілердің шығаруы мүмкін емес. Өйткені, әр пәнге жетік адамдар білім кеңесінде болмайды. Пән иесі көп ойланып, көп еңбекпен тапса, кеңес сөзге көп ойланып отыра алмайды. Білім кеңестерінің жиналысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей, үстірт қаралатындығы, көп отырса жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатындығы байқалады», – деп оқулық жазудың үстірт қарайтын, жеңіл дүние еместігіне баса назар аудартады. Елбасының оқулық мәселесіне қатысты айтылған тұжырымы осы алаш ойшылдарының пікірімен үндесіп жатыр.

Яғни, жоғарыдағы пікірлерде айтылғандай, оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны, құрылымы функционалдық сауаттылықтың құзыреттіліктеріне сай қызмет етуі керектігін дәлелдейді. Оқулықты жаңа мазмұнда жазу барысында жоғарыдағы айтылған құзыреттіліктерді басшылыққа ала отырып тапсырмалар оқу мақсаттарына сай әрбір оқушының белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуі үшін табысты оқу ортасын қалыптастыру назарда болды.

Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді. Бұл орайда білім белгілі бір сауаттылық деңгейін қамтамасыз ететін құрал және нақты іс-әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады. Ендеше, Сауат ашу пәнін оқыту кезеңінен білімнің түпкі нәтижесі деп саналатын құзыреттіліктердің біртұтас бірлігі ретіндегі функционалдық сауаттылықтың мәнін, рөлін айқындаудың, оны мектеп тәжірибесіне ендірудің уақыт талабымен толық сай келуі де оқулық мазмұнының өзектілігін дәлелдей түседі.

Сондықтан жаңа үлгідегі білім берудің Сауат ашу кезеңінен бастап баланың жеке тұлғасын дамытуды және қалыптастыруды жаңа тұрғыда қарап, білім, біліктерін өмір жағдайларында қолдана алуға мүмкіндік беретін түйінді дағдыларды (тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым) яғни, тілдік сауаттылығын қалыптастыру көзделіп отыр. Тілдік сауаттылық тұлғаның аталған міндеттерді шешуде бастауыш сынып оқушыларының бейімділіктері мен қабілеттерін есепке ала отырып, білім беру аясын барынша даралау мақсатында оқу іс-әрекетін құзыреттілік тұғыры негізінде ұйымдастыруға көшуге бетбұрыс жасадық.

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуде Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты білім мазмұнын жобалау және белгілеу тәсілдерінің жаңа үлгісін ұсынады. Бұл стандарттың ерекшелігі білім берудің ең маңызды нәтиже ретінде тұлғаның функционалдық сауаттылығын дамытуға бағдарланады. Функционалдық сауаттылық – білім алушылардың оқу біліктері, алған білімдері мен өмірлік тәжірибелерін кез келген оқу және өмірлік жағдайларда шығармашылықпен қолдана білуге, өзіндік даму мен басқаруға дайын болуы», – деп, әр оқушының жеке ерекшелігін ескеріп, бастауыш білім беру нәтижелері ретіндегі дағдылар кешенін игеруге бағдарлануды көрсетеді. Аталған міндеттерді шешуде бастауыш сынып оқушыларының бейімділіктері мен қабілеттерін есепке ала отырып, білім беру аймағын барынша саралау мақсатында оқу іс-әрекетін құзыреттілік тұғыры негізінде ұйымдастыру үшін оқулық мазмұнын құрастыруда маңызды қағидалардың бірі ретінде ескерілді.

Қорытындылай келгенде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу мақсатында «Сауат ашу» пәнінен даярланған оқулық пен оқу әдістемелік құралдар қазіргі педагогика мен әдістеме саласында талап етіліп отырған теориялық және практикалық қағиданың ұтымды тәсілдеріне негізделіп даярлануда.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Мемлекеттік жалпыға ортақ бастауыш білім беру стандарты. 25.4.2015 ж. № 327 бұйрық.[Электрон.ресурс]. Режим доступа: http: //nao.kz/loader/fromorg/7/48?lang=kz

2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 – 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. – Астана, 2012 ж.

3. Совершенствование содержания современного учебника в контексте развития функциональной грамотности учащихся. – Астана, 2013 г.

4. Дуйсебек А.Т. Современные аспекты обновления содержания школьного образования //Сб. материалов Между- народной заочной научно-практической конференции «Педагогические и психологические науки: актуальные вопросы». – Новосибирск, 31 октября 2012 г. – С. 36-38.

 

 
 

Тема номера








 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10