электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2016 г.

 

Қазіргі білім беру үдерісіндегі заманауи оқыту әдістерін қолдану ерекшеліктері

№ 5 (156) май 2016г.

АРЫСТАМБЕКОВА Д.К., Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


Қазіргі мектеп ұстаздары алдындағы негізгі міндеттердің бірі – білім беру жүйесін жаңғырту болып саналады. Білім беруде оқытудың жаңа тәсілдерін әр маман жетік меңгермейінше сау- атты, жан-жақты дамыған оқушыны қалыптастыру мүмкін емес. Қоғамның дамуы келешек ұрпаққа білім беруші мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Қай заманда, қай қоғамда болмасын жеке тұлғаның дұрыс қалыптасуы мектептегі мұғалімнен басталары анық. Қазіргі кездегі білім саласындағы түбегейлі өзгерістер мұғалімдерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім ала алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға етіп жас ұрпақты тәрбиелеп жетілдіруге ұстаздар жауапты. Жаһанданудың әсерінен орын алып жатқан саяси, әлеуметтiк, экономикалық және т. б. өзгерiстер бiлiм беру жүйесiне әсер етуде. Ол өзгерiстер оқыту әдiстемесiнде жаңартулар енгізу арқылы көрініс табуда. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында қазіргі білім берудегі басты мәселе – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді де жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау екені атап көрсетілді[1].

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2020 жылға арналған даму стратегиясындағы ДББҰ басшылыққа алатын негізгі қағидаларының бірі инновациялық екендігін «жаңа әдістер мен технологияларды пайдалануға ұдайы ұмтылыс, жаңа білім мен ақпаратты қолдануға дайын болу"[2] деген үзіндіден көз жеткіземіз. Сондықтан да Назарбаев Зияткерлік мектептері Кіріктірілген білім беру бағдарламасын негізге алады. Ал ол мұғалімдерге Кіріктірілген білім беру бағдарламасына сай төрт тілдік дағдыны басшылыққа ала отырып, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, дарындылығын арттыру, ақпараттық сауаттылғын арттыру, бағалау жүйесін түрлендіру сияқты зор міндеттер қояды. Сондықтан да қойылған талапты дұрыс түсініп, талапқа қол жеткізуде түрлі амал мен әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Сабақ барысында оқушының жаңа ақпараттарды өз бетінше іздеуге бейімділігін қалыптастыратын, жинақтаған мәліметтерін жүйелеп, бағдарламаларға сәйкес тұжырымдар жасап, шешім қабылдай алатындай деңгейге жеткізетін әдістердің рөлі артып отыр. Әрбір мұғалімнің басты міндеті – оқушыларға белгілі бір білімдер жиынтығын беру ғана емес, сонымен қатар оларда оқуға деген қызығушылықты дамыту, оқи білуге үйрету. Жақсы ойластырылған оқыту әдістерінің көмегінсіз оқу материалының игерілуін ұйымдастыру қиын. Белсенді оқыту мұғалімнің дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталған әдістер жүйесін пайдалануды білдіреді. Белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктері – олардың негізінде практикалық және ойлау әрекетіне ояту жатыр. Онсыз білімдерді игеруде алға жылжушылық болмайды. Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы және дамуы оқытудың алдына оқушыларға білім ғана беріп қоймай, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттердің, шығармашылық ойлаудың, өз бетінше ақыл-ой еңбегінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету т. б. жаңа міндеттер қойылуымен байланысты. Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқу әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады. Әдісті таңдауда жаңашыл әдістерді таңдауға басымдылық беріп, заманауи әдістерді қолдануға баса назар аударамын. Осы мақсатта өз сабағымда қолданатын әдістің бірі ― болжау. Себебі оқушылардың қызығушылығын ояту мен назарын аударуда маңызды болып саналады. Оқушылар әр түрлі құралдардағы негізгі ойды болжап, тақырыпты ашады. Сонымен бірге сабақта «Қабырға» стратегиясын қолданамын. Қабырғаларға суреттер ілінеді, оқушылар топпен суреттерден көргендері туралы әңгімелесе жүріп, сол суреттің мағынасын ашатындай сөйлем жазады. Сөйлемдерді оқи отырып және суреттер арқылы сабақ тақырыбын ашады.

Оқушылардың өз пікірін дәлелдету, ұсынылған пікір аясында пікір алмасу және пікір аясындағы мәселелерді өмірмен байланыстыру қабілетін арттыру мақсатында «Төрт сөйлем» тәсілін қолданып, төмендегі алгоритм бойынша мәтінді талдатамын:
-Пікір. Оқыған мәтін бойынша өзіндік пікір айтыңыздар.
-Дәлел. Айтылған пікірді бір сөйлеммен дәлелдеңіздер.
-Мысал. Пікірді өмірмен байланыстырып, мысал келтіріңіздер.
-Қорытынды. Мәтіннің негізгі тақырыбы бойынша қорытынды шығарыңыздар.

Оқушылардың мәселелерді зерттеу қабілеттері мен дағдыларын дамыту мақсатында «Фишбоун» әдісін қолданамын. Оқушыларға балық қаңқасының суреті беріледі. Бұл әдісте оқушылар жұпта мәтіннің мазмұнын талдай отыра сызбаны толтырады. Сызбадағы басы – мәтіннің идеясы, үстіңгі сүйектері – мәтіннің негізгі тірек сөздері немесе сөз тіркестері, астыңғы сүйектері – мәселе , құйрығы – мәселенің шешімі. Осы сызбаны толтыра отырып, оқушылар ойланып қана қоймай, мәселені анықтайды, мәселенің шешімін ұсынады.

Оқушылардың топтық жұмыстарын үйымдастырғанда «4 рөл» әдісін қолданамын. Бұл әдіс бойынша оқушылар төмендегі спикер, хатшы, таймкипер, эксперт рөлдеріне және міндеттеріне ие болады:
Спикер – өз тобына берілген мәтіннің мазмұнын өзге топтарға сағат тілімен айналып жүріп түсіндіреді.
Хатшы – өз тобына келіп түсіндірген өзге топ спикерлерінің сөзін жазып отырады.
Таймкипер – спикердің сөйлеу уақытын шектейді. Уақыт – 3 минут.
Эксперт – өз тобына келген спикерлердің жұмысына баға береді.

Өзге ұлт өкілдеріне, яғни, екінші тілді меңгертуде «диалогтік оқыту» маңызды рөл атқарады. Диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосады. Диалогтік оқытуда оқушылар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, жүргізілген жұмыс балалардың оқуына және танымдық дамуына әсер етеді. Сұрақ дұрыс қойылған жағдайда, оқытудың тиімді құралына айналады және де оқушылардың оқуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Сондықтан сабақта түрткі болу, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтарын жиі қолданамын. Сонымен бірге сабақтарымда «Ойлан – жұптас – бөліс» әдісін қолданамын. Бұл әдіс бойынша оқушылар жеке ойланады, жұпта талқылайды, топ болып бір шешімге келеді, сыныпқа жариялайды. Оқушыларға «Карусель» деп аталатын мынадай жұмыс түрі қатты ұнайды; Екі сақина жасалады. Ішкі және сыртқы сақиналар. Ішкі сақина – бұл қозғалмай отырған оқушылар. Сыртқы сақина – бұлар әрбір 30 секунд сайын ауысып тұрады. Осылайша, олар бірнеше минутта бірнеше тақырыпты айтып шығады және әрқайсысы өзінің дұрыстығына әңгімелесушінің көзін жеткізуге тырысады.

Екінші тілді үйретуде сөздік қорды молайту сабақтың ең маңызды элементі болып табылады. Сондықтан оқушылардың сөздік қорын молайтуға арналған әдістерді көбірек қолдануға тырысамын. Сол әдістердің бірі – «Сөздік гол» әдісі. Оқушылар сөздіктегі анықтамаға қоса әр сөзге өз анықтамаларын береді.

Сабақ үрдісінде оқушылар арасында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру сабақтың тиімді үрдісінің жүруіне себепкер болып табылады. Сондықтан сабағымда оқушылар арасында ізгілендіру жүргізуге себепкер болатын әдістерді қолданамын. Сол әдістердің бірі – «Түсін мені» әдісі. Әдіс барысында оқушылар себеттен сын есімдер жазылған сөздерді алады, сол сөзді синоним сөздермен, іс-әрекетпен көрсету арқылы өз тобына түсіндіреді.

Оқушылардың сабақты түсінген және түсінбегендігін анықтау және кері байланыс алу үшін «Бес саусақ» әдісін қолданамын. Әдісті қолданғанда әр оқушыға саусақ салынған суреттер таратамын. Төмендегі түсіндірмелердіің бірін таңдап, суретке ұнатқан саусағына жүзік салуды сұранамын.
-Бас бармақ – мен түсіндім
-Балалы үйрек – мен білгім келеді
-Ортан терек – маған қиын болды
-Шылдыр шүмек – мен тапсырманы түсіндім
-Кішкентай бөбек – мен тырысамын.

Кері байланыс алғанда әдістерді түрлендіріп қолданудың да маңыздылығы зор. Тағы бір кері байланыс алудың әдісі – «Себетті толтыру» әдісі. Оқушылар төмендегі сөз тіркестерін жалғастыру арқылы өтілген сабаққа рефлексия жасайды: Бүгінгі сабақта 1. Мен білдім…; 2. Мен түсіндім…; 3. Мен үйрендім…; 4. Мен қиналдым…; 5. Мен өте керемет орындадым…

Сонымен бірге сабақты қорытындылау кезеңінде "Үш сауал" стратегиясын қолданып, төмендегі үш сауалға ауызша жауап арқылы кері байланыс аламын: 1. Біз бүгін білдік(нені?)2. Біз жақсы орындадық(нені?)(не сәтсіз, не түсініксіз?)3. Тағы не білгіңіз келеді және өзіңізге ұсынасыз?

Қолданылатын заманауи әдістердің төмендегідей артықшылықтары бар:
-Оқушылардың бірігіп белгілі бір мәселені шешуге, белгілі бір әрекетке өз жауапкершілігін сезініп, белсенді болуға және осы кезде өз қиялын, ой-өрісін, шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік береді;
-Оқушы өзін-өзі еркін және ыңғайлы сезінетін өрісті қалыптастырады, тілді оқып үйрену ниетін арттырады;
-Танымдық және шығармашылық дарыны артады.

«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»[3], -деп тілші-ғалым А. Байтұрсынұлы атап өткендей, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – мұғалімнің еліміздегі жүргізіліп жатқан білім беру саясатындағы және әлемдік білім кеңістігіндегі оқытудың заманауи құралдарын өз тәжірибесінде ықпалдастыру арқылы оқыту сапасын арттыруға үлесін қосуы болып отыр. Сонымен, оқыту әдісі – мақсатқа жетудің саналы түрде қолданылатын тәсілі, ал мақсатқа жету мұғалімнің шеберлігіне, оның оқыту процесін тиімді ұйымдастыра білуіне, оқушылардың даярлық дәрежесіне, мұғалім мен оқушылардың белсенділік педагогикалық ынтымақтастығына байланысты. М. Әуезов «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін- білім»[4] деп атап көрсеткендей, ғылым мен білім адам ой-санасының, дүние танымының өсуіне қорек беретін рухани күш деуге болады. Демек халықты теңестіретін ол оқушы болса, жаңашыл әдістердің білім беру процесінде алатын орны зор. Сондықтан пәнді оқытуда оқушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін басқарып, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастырып, пәнге деген қызығушылығын арттыру басты мақсатымыз болып табылмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы

2. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы

3. http: //alashainasy. kz/okushy_portfolio/ustazdar-turalyi-kanattyisozder- 60211/

4. http: //cpm. kz/ru/blogs/?page=post&blog=u23194-blogs1& post_id=121497

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no