электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2016 г.

 

Үш тілде оқытуды енгізудің кейбір мәселелері туралы

№ 6 (157) август 2016г.

БАҚЫТЖАНОВА К.О. «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының әдіскері


Үш тілде оқыту-заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады. Ол жөнінде Елбасымыз: «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деп атап өтті.

Үштілділік-нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма кезек қолдану құбылысы. Бұл жерде қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән бергеніміз дұрыс. Алайда үштілділік мәселесін дұрыс түсінгеніміз жөн. Әрине жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей болады деген сөз емес. Қазақстанда бір тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл-қазақ тілі. «Тұғыр» сөзі-діңгек деген мағынаны білдірсе, біздің алтын діңгегіміз- мемлекеттік қазақ тілі болып табылады, ал өзге тілдер шаңырақтың жан-жағына уық болып қадалып, шаңырақтың беріктігін қамтамасыз етеді. Міне, біз тілдердің үштұғырлығы дегенге бір жақты емес, осындай көзқараспен қарауымыз қажет. Жастардың жаһандану дәуірінде қарым-қатынас жасау үшін халықаралық тіл-ағылшын тілін игерулері тиімді.

Ағылшын тілі ешқашан мемлекет тік тілмен бәсекелеспейді, өйткені ол мемлекеттік тіл емес. Сондықтан ол қазақ жерінде ешқашан үстемдік жүргізе алмайды. Бізде тек қана қазақ тілі билік жүргізе алады. Өзге тілден біздің қорқуымызға болмайды. Қайта оларды еркін меңгере отырып, өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Ағылшын тілі-бизнес тілі, мемлекеттік тіл-қазақ тілі екендігін жадымыздан шығармайық. Біздің жастарымыз мемлекеттік тіл қазақ тілінде сөйлеуді өздеріне азаматтық парызымыз деп түсінуі қажет.

«Тілдердің үштұғырлығы» атты мәдени жобасы негізінде көптілділікті меңгертуді жолға қою, соның ішінде қазақ тілін тереңдетіп оқыту-орта білім жүйесінде педагогикалық үдерісті дамытудағы басты бағыттардың бірі болып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 21 сәуірдегі № 115 бұйрығы негізінде Білім және ғылым министрлігі Жамбыл облыстық білім басқармасымен бірлесіп осы жылдың 15-16 мамыр күндерінде Тараз қаласында, жалпы білім беру ұйымдарында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру, көптілді және билингвалдық білім беру мәселелеріне арналып өткізілген Республикалық семинар-кеңес Қазақстанның жаһандану жағдайында ұлттық білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, үш тілді меңгерту мақсатын көздеген маңызды іс-шараның бірі болды. Бұл семинар-кеңеске біздің облысымыздан Қостанай қаласының № 20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Маликова Ақмарал Мұғатайқызы қатысты. Сонымен қатар өткен жылдың 8 қарашасында Астана қаласындағы Халықаралық мектебінде «НЗМ-і» Дербес білім беру ұйымы НЗМ-нің тәжірибесін тарату және үш тілде білім беруді жүзеге асыру мақсатында қазақ тілі мұғалімдері үшін Форум өткізілді. Бұл Форумға біздің облыстан қазақ тілінің 10 мұғалімі қатысып қайтты.

Әрине, үш тілде оқыту түйіні шешілген мәселе деп айту әзірше қиынырақ. Ғылыми-техникалық үдерістің өз қарқыны тиісті ұтқырлықты талап ете отырып, жеделдетілген. Бүгінгі күні мамандардың саны жеткіліксіз және барлық қазақстандық мектептерде ұйымдастырушылық пен материалдық-техникалық жағдайлары қалыптаспаған. Бірақ, ойлап қарасақ, біз бұл мәселені бүгін-ертең шешіп тастай алмаймыз. Алайда жаңалықты енгізуге уақыт баршылық. Бұл өзгерісті енгізу оңайға соқпайды және тиянақты дайындықты қажет етері сөзсіз.

Бұл жерде үлкен үміт Назарбаев зияткерлік мектебіне байланысты болмақ. Қазіргі таңда қазақ-түрік лицейін қоспағанда, соңғы үш жылда дарынды балаларға арналған Ы. Алтынсарин атындағы және «Озат» мектеп-интернаттары НЗМ-нің оқыту жүйесін трансляциялау мақсатында жұмыс жасауда.

Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мерейтойына байланысты «Біз-Алтынсарин ісін сенімді түрде жалғастырамыз» атты өткен жылдың 5-6 мамыр күндері жас ұстаздар арасында аталған мектеп-интернатта педагогикалық экспромт байқау өткізілді. Сайысқа 6 мұғалім қатысты.

Мектеп-интернаттың әкімшілігі ұйымдастырған бұл экспромт байқаудың ерекшелігі сол-әрбір пән мұғалімі өз мамандығы бойынша ғана емес, керісінше, басқа пәннен сабақ бере отырып, мұғалімнің жаңа ғасырдың бәсекелестікке дайын білімді, жан-жақты ізденімпаз, зиялы тұлға екендігін дәлелдеу болды.

Білім беру ұйымдарында ҚР «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында Федоров ауданының «Пешков» ОМ-нде 18 сәуірде «Парадигма біліміндегі заманауи сабақ» тақырыбында семинар өткізілді. Семинардың мақсаты: мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін үздіксіз дамыту, оқу пәндері аясындағы тәжірибелік, танымдық қызметін белсендіру негізінде сабақ беру әдістерін қалыптастыру болды. Осы семинарда қазақ тілінің мұғалімі Донник В.Н. пен ағылшын пәнінің мұғалімі Санникова С.В. 9 сыныпта «Қазақ даласының ән-күй өнері» тақырыбында кіріктірілген сабақ өткізді. Сондай-ақ аталған семинарда қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қарбаева Ж.С. және орыс тілінің мұғалімі Ефремова Ю.В. «Қоғамдық пәндер айналымы сабақтарында сыни тұрғыдан ойлау мен жазуды дамыту технологиясы: негізгі кезеңдер, жүзеге асыру мен қалыптастыру» тақырыптарында коучинг ұйымдастырды.

Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдер әдістемелік құралдар, пән бойынша авторлық бағдарламалар дайындап, семинарларда өз жаңалықтарымен бөлісуде. Шығармашыл ұстаздар жоғарыда аталған әдістемелерін Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Өңірлік ғылыми-практикалық орталығы «Қостанай дарыны» базасының облыстық эксперттік Кеңесінде қорғап, тиісті бағасын алады. Сонымен қатар осы сараптамалық Кеңесте озат мұғалімдердің озық тәжірибесі де көпшілікке таратылады.

Тәжірибе алмасу мақсатында мұғалімдер облыстық, республикалық мерзімдік баспасөздерге, «Қостанай дарыны КZ», республикалық «Білім технологиялары», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде» журналдарына өз іс-тәжірибелерінен мақалалар жариялап отырады. Әсіресе Арқалық, Қостанай, Рудный, Лисаковск қалаларының мұғалімдері республикалық кәсіби басылымдарда жиі үн қосады.

Сонымен қатар өзара тәжірибе алмасу үшін жыл бойы облыс мектептерінде 3 айлық деңгейлік курстардан өткен мұғалімдер он-лайн режимінде ашық сабақтар көрсетті.

2015 жылдың 29 мамыр айында қазақ тілі мұғалімдеріне арналған «Интеграциялық сабақтар» атты семинар өткізілді.

2016 жылдың қазан айында «Қостанай дарыны» ӨҒПО базасында қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Үштілділік жағдайында функционалдық және сыни сауаттылықты қалыптастыру» тақырыбында семинар-тренинг өткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі заман талабына сай қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілін де жетік меңгеруге ұмтылу қажет. Адам баласы көптілді игерген сайын оның солғұрлым білімі де, ішкі мәдениеті де, жалпы рухани дүниесі бай болары сөзсіз. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық дер едім.

 

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no