электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Білім беру мазмұнын жаңарту жолдары

№ 6 (167) август 2017г.

СЫЗДЫКОВА А.И., Басқару және білім сапасы кафедрасы, аға оқытушы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты Қарағанды қ.


Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Осыған орай, қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан реформалар барлық деңгейлердегі білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту керек» деп атап өтті [1].

Орта білім мазмұнын жаңарту «бүкіл өмірге жарамды білім алу» тұжырымдамасынан «өмір бойы білім алу» қажеттігіне көшуге; тілалғыштықтан бастамашылдыққа; білімнен құзыреттілікке ауысуға бағытталған. Ол көптеген дағдыларды қалыптастыра отырып, құндылықтардың негізінде оқу мақсаттарын оқу нәтижесіне айналдыруды көздейді.

«Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ стратегиясында» еліміздің Президенті Н. Назарбаев былай атап өтті: Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуы тиіс» [2].

Айта кететін болсақ, бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық әдістемелермен тығыз байланысты. Сондай-ақ, оқушылар оқу арқылы мәдени, эмоционалдық, зияткерлік, әлеуметтік және рухани жағынан даму мүмкіндігіне ие болады. Оқу оқушылардың жаңа білімді меңгеруіне де, сондай-ақ алған білімін әрі қарай дамытуына да мүмкіндік береді.

Яғни, білім беру бағдарламаларын жаңартудың басымдықтарына тоқтала кетейік. Табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты еске сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға ХХІ ғасырдың дағдысы деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді.

Сол себепті Қазақстанда қазіргі кезде жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейдегі ұлттық мән мәтіндегі жұмыстар атқарылуда. Білім беру бағдарламаларының, бағалаудың, оқулықтардың және педагогиканың ұлттық стандарттарымен байланысты өзекті білім беру құндылықтары мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы жетістіктерін арттыруды, сондай-ақ инновациялар мен озық тәжірибелерге қол жеткізу үшін, ұлттық сәйкестікті мектеп бағдарламасы арқылы растау мен іске асыру үшін және барынша ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесу үшін қажетті дағдыларды дамытуды қамтиды.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Осы жағдайда оқушының білімі мен дағдыларын тиімді дамыту үшін мұғалім не істеуі қажет?

Мұғалімдердің пайдаланатын оқыту тәсілдері (яғни, педагогикалық әдістемелер) оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету үшін маңызды. Хэтти (2011) білім беру шараларының оқушыларға әсерін талдау үшін жүргізілген 60155 педагогикалық зерттеу аясында 9000-нан аса метаталдау әдісін пайдаланды [3]. Олар алдында қол жеткізген жетістіктерден кейін оқушылардың алға жылжуына мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі айтарлықтай септігін тигізетінін дәйекті түрде көрсетті. Мұғалімдер пайдаланатын әдіс-тәсілдер оқудың тиімділігіне елеулі әсерін тигізеді. Педагогикалық әдістемелерді жетілдірмей тұрып, білім беру бағдарламасын өзгерту білім беру стандарттарына қатысты реформалау шараларының мүмкіндіктері мен нәтижелілігін төмендетеді.

Педагогиканың барлық осы аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, жаңа білім алуы туралы тұжырымдамаға негізделеді. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті сын тұрғысынан ойлау, рефлек- сия және басқа да дағдыларын, алған білімін қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындауға мүмкіндіктері болуы аса маңызды болып табылады

Терең зерттеу мұғалімдердің оқушылардың алған білімдерін алдыңғы білімдерімен ұштастыра отырып, пайдалануын бақылау дағдыларына сүйенеді. Бұл үдеріс әр оқушының жеке дағдысы мен қабілеттеріне байланысты әртүрлі мәнге ие. Сол себепті мұғалімдер әр оқушы үшін оқу үдерісінің келесі қадамдарын анықтап, әрі қарай ілгерілеуіне септігін тигізу үшін жекелеген оқушыларды үнемі бағалап отыруы керек. Оқудың келесі қадамдарын анықтау үшін ақпаратты бақылау және пайдалану соңғы 20 жыл ішінде халықаралық деңгейде танылды және метаталдаудың көмегімен білім беру шараларының табысты түрлерінің бірі ретінде танылды (Блэк және Уильям, 1998) [4].

Сонымен, оқыту үдерісі үздік халықаралық тәжірибемен келісілген оқудағы сындарлылық, тұлғаға бағдарланған тәсілдермен байланысты оқыту әдістерін дамытуға бағытталады. Білім беру бағдарламасының аясында мұғалімдер үшін белсенді оқытудың стратегиялары енгізілген, мысалы белсенді талқылаударды ұйымдастыру және қатысу, жоспарлау және бағалау бойынша қызмет, топтарда оқыту және ықшамсабақ, мұғалімдер осыны пәндік бағдарлама шеңберінде оқытудың мақсаттарына жету үшін өз сабақтарында пайдалана алады.

Қорыта келе, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 5-тарауындағы 41-баптың 1-бөліміндегі «педагог қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті» деп көрсетілуі [5], «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында Елбасының «біз балаларымызға өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыруымыз керек» деген сөзі бүкіл ағартушы қауым ал- дында оқу-тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін дамытуды өзекті мәселелер етіп енгізіп отырғаны белгілі. Мектеп – еліміздің халыққа білім беру жүйесінің күрделі тармағы. Еліміздің жарқын болашағы, мектеп болашағы – ұстаздардың ізденісінде, балаларға деген сүйіспеншілігінде, кәсіптік деңгейіне байланысты екендігінде. Шындығында мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2012 жыл, 27 қаңтар //http: // adilet. zan. kz/kaz/docs/ K1200002012#z0

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» // http: //adilet. zan. kz/rus/search/docs/dt

3. Хэтти, Дж.. (2011). Visible Lear ning for Teachers: Maximizing Impact on Learning [Мұғалімдерге арналған көзге көрінетін оқу: оқудың ықпалын арттыру]. Routledge, London

4. Блэк П. және Уильям Д. (1998). Inside the black box: Raising standards through classroom assessment [Қара жәшік ішін де: сын ып жұмысын бағалау арқылы стандарттарды арттыру]. Phi Delta Kappan, 80 (2), 139-148

5. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қазандағы № 487- ІV Заңы

 

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no