электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Критериалды бағалау – сапалы білім өлшемі

№ 6 (167) август 2017г.

СӘТТІБАЕВА Р.М. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы


Қазіргі таңда Қазақстанда әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге бағытталған жаңа білім беру жүйесі құрылуда. Білім беру парадигмасының орын алмасуы: жаңа мазмұн, өзгеше жағдай, өзгеше қарым-қатынас, өзгеше педагогикалық менталитет қалыптасуда. Білім беру мазмұны жаңа ақпарат алмасу, ғылым мен нарық практикасындағы проблеманы шығармашылық түрде білім беру процесінде жеке тұлғаға бағытталған дағдылармен байытылуда. Заман өзгерген сайын қоғамда түрлі өзгерістер мен жаңа бастамалар пайда болып, «ескінің» жаңа түрге енетіні, инновациялар мен ғылыми жаңалықтардың көрініс табатыны айқын. Сол жаңашылдықтың негізі ретінде білім мен ізденістің, жаңа бағыт пен шығармашылықтың сабақтастығы орын алуда.

Бүгінде заманауи талаптар негізінде туындаған білім саласындағы жаңа бағыттардың бірі – критериалды бағалау болып отыр. Ол білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқындалған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.

Бұл үдерісті іске асыру үшін қалыпты емес жағдайда жұмыс істей алатын, технологиялық ұйымдастырылған білім беру процесін түсінетін, жаңа рөлді қабылдай алатын педагог болуы қажет. Ол үшін педагог жаңашылдыққа дайын болуы керек екені белгілі. Білім – мәңгілік ізденіс, өйткені ол ешқашан таусылмайтын бұлақ. Осы жолда жас буынның болашағы жарқын, еліміздің келешегі кемел болатындай заманауи талаптардың бір жүйеге енуі, оның жүзеге асуы, басым бағыттарының болғаны білім берудің бағдаршамы болатыны айқын мәселе.

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалауды мектептерге енгізудің мақсаты оқыту сапасын жоғарлатудан, мектеп оқушыларының білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіруден туындап отырғанын білеміз. Білім беру жүйесіндегі критериалды бағалаудың басты ерекшелігіне тоқталатын болсақ алдын ала ұсынылған бағалау шкаласы, бағалаудың әділдігі, оқушының өзін бағалауына мүмкіндіктің берілуі. Критериалды бағалау – оқушының оқу нәтижелерін білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес келетін, білім беру үдерісіне қатысушылардың (оқушы, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т. б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушының оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үдеріс.

Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:
- заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастырады;
- оқушымен жеке жұмыстар жүргізу арқылы білім дәрежесін, ой-өрісін әрі қарай дамытады;
- оқушылардың білім сапасын арттырады;
- оқушының тұлғалық бағытын белсенді позициясына бағыттауға мүмкіндік беретін бірден-бір бағалау жолы;
- тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұғырлы нәтижеге, бағытқа жеткізетін, шығармашыл бағалау жүйесі.

Бүгінгі таңда жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес оқушылар білімі қалыптастырушы және жиынтық бағалау негізінде бағалануда. Қалыптастырушы бағалау – оқыту үшін бағалау, жиынтық бағалау – оқытуды бағалау болып табылады. Қалыптастырушы бағалау – бұл білім алушылардың оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен мұғалімдердің қолданатын мәліметтерді іздеу мен түсіндіру үрдісі. Жалпы қалыптастырушы бағалау сабақ жүйесінде жеке қарастырылмайтын, сабақпен қатар жүретін үрдіс. Қалыптастырушы бағалаудың (оқыту үшін бағалау) маңызы – білім беруді, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту, мақсаты – оқытудың қиындықтарын анықтау, оқыту бағдарламасының мазмұнын және білім беру стилін білу, болжау мен сұрыптау, жетістікке жеткендігін көрсететін кері байланыс.

Бағалаудың мәні – бақылау, алынған мәліметтердің интерпретациясы, бұдан арғы іс-әрекеттерді анықтау үшін қолданылуы мүмкін шешімдерді қорытындылау. Ол оқушының жаңа сабақты, тарауды қалай меңгеріп жатқандығын жүйелі түрде бақылап, қадағалап оты- ру. Жиынтық бақылау жұмысына дейінгі оқушының білім деңгейін қалыптастыру, дамыту, жетілдіру. Қалыптастырушы бағалау жұмысы сабақтың толық бөлігін қамтуы міндетті емес. Ол сабақтың басында, сабақтың ортасында, сабақтың соңғы бөлігінде жүргізіледі. Уақыт көлемі тапсырма деңгейіне сәйкес 5-10 минут болуы мүмкін. Сабақ барысында қалыптастырушы бағалаудың формальді, формальді емес әдістерін тиімді әрі жүйелі қолдануы қажет. Формальді бағалау әдісі нақты оқу мақсатына негізделіп жүргізіледі. Дескрипторлар мен бағалау критерийлері тапсырмаға сай құрылып, оқушы білімінің нәтижесі ауызша немесе жазбаша түрде «мақсатқа жетті», «талпынады» деген бағалау түрі бойынша қорытындыланады. Осы орайда критериалды бағалаудың артықшылықтарына тоқталсақ оқушылар нәтижені талдау үшін бағалау критерийлерін білуге, түсінуге, рефлексияға қатысуға, яғни өзін және өз достарын бағалауға, нақты тапсырмаларды орындауда өз білімдерін қолдануға, ойларын еркін жеткізе білуге, сын тұрғысынан ойлай білуге дағдыланады, қалай оқу керектігін пайымдайды.

Критериалды бағалау мұғалімдер үшін де сапалы нәтиже алуға ықпал етеді критерийлерді құрастыруға, өз жұмысын талдап, жоспарлау үшін ақпарат алуға, оқу үрдісінің сапасын жақсартуға, әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып бағалаудың әр түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдануға, оқу бағдарламасының мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге мол мүмкіндік береді. Ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығы мұғалім өткізетін жиынтық бағалаудың негізгі ұстанымы болып табылады. Сенімділік оқушының оқу үлгерімі туралы шынайы және толық ақпарат беру дәрежесін білдіреді, ал дұрыстығын бағалау үшін маңызды және түбегейлі болып табылатын барлық тұстарды бағалауды талап етеді.

Критерийлер оқу тапсырмасының дұрыс орындалу жолдарының айқын, нақты көрсетілген көрсеткіштерінен тұрады, ал сол көрсеткіш бойынша бағалау – оқушының белгіленген мақсатқа қаншалықты жеткендігінің дәрежесін анықтау. Оқу мақсаттары оқушы бойында осы дағдылардың қалыптасуына негізделген. Сабақтарда белсенді іс-әрекеттерді, топтық жұмыстарды ұйымдастыра отырып, оқушыны білуге жетелеу, ұмтылдыру мұғалімнің кәсіби шеберлігін қажет етеді. Сондықтан әр мұғалім өз сабақтарында қалыптастырушы және жиынтық бағалау тапсырмаларын тиімді әдістерді пайдалана отырып нақты құру жақсы нәтиже бермек.

Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның шығармашылық жұмыстарынан көрінеді. Оқушының білім алудағы жоғары белсенділігін қалыптастыру үшін оқытудың әдістері мен тәсілдерін дұрыс қолдану – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың ең басты құралы болып табылады. Мұғалімінің шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табатын азамат болып қалыптасады. Болашақтың бәсекесіне қабілетті XXI ғасыр шәкіртін тәрбиелеу білім беру саласының еш назарынан тыс қалған емес. Еліміздің жарқын болашағы, әрбір мектептегі оқушылардың болашағы біздің ұстаздардың ізденісіне, балаларға деген сүйіспеншілігіне, кәсіптік деңгейіне байланысты екенін түсіне отырып, біліммен тәрбие беруде қоғам сұранысына сай тұлғаны қалыптастыру міндеттері тұр. Сондықтан осы міндеттерді шешуде жаңашыл педагогтер оқушының жеке тұлғалық құзыреттіліктерін, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлауқабілетін дамыту арқылы білім беруде нәтижеге жетуге ұмтылуы қажет.

Соған сай ұстаз – ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, тынымсыз еңбеккер, ортаның ұйтқысы, жан-жақты, шебер, гуманист, өз елінің белсенді патриоты болғанда ғана жоғарғы мәдениетті, жан-жақты дамыған, шығармашылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастырып, тәрбиелейтініміз айқын болмақ

Білім беру үрдісінде мұғалім оқушының белсенді таным қызметінің ұйымдастырушысы, кәсіби кеңесшісі және көмекшісі болып табылады. Егер оқушы алған жүйелі білімін нақты түрде тәжірибеде, күнделікті өмірде, әлеуметтік бейімделуүрдісі кезінде қолдана алса, онда мұғалім оқушылардың бойында заман талабына сай білім негіздерін қалыптастыра білді деп анық сеніммен айтуға болады.

Қорытындылай келе, критериалды бағалау жүйесі білім алушыларды оқуға ынталандыруға, қызығушылығын арттыруға, дамытуға бағытталған. Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – ол білім және білімді ұрпақ.

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no