электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Шағын жинақты мектеп жағдайында жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері

№ 7 (168) сентябрь 2017г.

ПАЗЫЛОВА Г.Ш., Педагогикалық шеберлік орталығының Көкшетау қаласындағы филиалының аға менеджері
ЖҰРЫНТАЕВА С.Б. Педагогикалық шеберлік орталығының Көкшетау қаласындағы филиалының маманы


Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды? » деген негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогиканың әдіс- тәсілдерімен тығыз байланысты.

Елімізде жоғарыда аталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейде ұлттық білім беру жүйесінің жетістіктерін сақтай отырып, ұлттық мән-мәтіндегі жұмыстар жүргізілуде.

Білім беру бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мән-мәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен критериалды бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ДЭФ (дүниежүзілік экономикалық форум) ХХІ ғасырдағы табысты адамның білімі мен дағдыларының бірнеше түрі атап көрсетілген. Бұл – командадағы жұмыс істеу дағдылары, көшбасшылық қасиет, бастамашылық, IT-іскерлігі, қаржылық және функционалдық сауаттылық және басқалар. (1)

Бүгінде білім беру мазмұнын жаңарту аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесін жаппай мектептерге енгізуге бағытталған кешенді іс-шараларлы іске асыру басталды. Жаңа интеграцияланған білім беру бағдарламасы «мектепте не үшін оқу керек?» деген сұрақ аясында болып, білім мазмұны күтілетін нәтижеге және балалардың бойында кең ауқымды дағдыларды қалыптастыра отырып, білімі мен дағдысын нақты тәжірибеде қолдана білу қабілеттерін дамытуға бағытталған.

Мемлекеттік бағдарламаның басым мақсаттары болып табылатын білім беру мазмұнын жаңарту кезеңі 2015-2016 оқу жылдары республикамыздың 30 пилоттық мектептің 1-ші сыныптары ойдағыдай апробациядан өтті.

Пилоттық мектептерді мониторингілеу нәтижесі бұл бағдарламалар оқушылардың функционалдық сауаттылық дағдыларын дамытуға ықпал ететінін көрсетті. Мұғалімдердің жауаптарынан «Сіздердің білім алушыларыңыз үшін жаңа оқу бағдарламаларының негізгі артықшылықтары қандай?» деген сұрағына жоғары көрсеткіштер алынды. Мұғалімдердің көпшілігі үш нұсқаны таңдаған: а) ол дағдыларды дамытуға бағытталған; ә) сыни ойлауын дамытады; б) жүйелі оқыту мақсаты бар. Сонымен қатар, негізгі проблемалық аймақ анықталды. Ол бағалау жүйесі және мұғалімдерді даярлау жүйесі. Шындығында да, жаңартылған білім беру мазмұнын тиімді де, сапалы енгізу тікелей педагогтардың кәсіби деңгейіне байланысты. Сондай-ақ мұғалімнің өз пәнін жетік білуі оның педагогикалық қабілеттілігімен ұштасып, әр оқушының бойында қажетті дағдыларды қалыптастыру мен дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан, жаңартылған білім беру мазмұны аясында атқарылып жатқан іс шаралар барысы педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға және әдістемелік қолдау, көмек көрсетуге негізделуі керек.

Алайда, республикамыздағы мектептердің жартысына тән ерекшелік – шағын жинақты болуы. Статистикалық көрсеткіш бойынша, шағын жинақты мектептер жалпы орта білім беру ұйымдарының жалпы санының 44 %-ын құрайды. Шағын жинақты мектеп ұғымы Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 1 бабы, 58 тармақшасына сәйкес – «бiлiм алушылар контингентi шағын, сынып-жинақтары бiрiктiрiлген және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзiндiк нысаны бар жалпы бiлiм беретiн мектеп», деген анықтамада қолданылады (2).

Бүгінде ШЖМ мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдау көкейкестілі мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай, Ақмола облысының Аршалы ауданында мектептердің басым көпшілігі – шағын жинақты мектептер болғандықтан 2016-2017 оқу жылында Ақмола облысы Білім басқармасы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумды іске асыру аясында, ШЖМ мұғалімдерінің қажеттілігін қанағаттандыру, курстан кейінгі қолдау көрсету мақсатында «Білім беру мазмұнын жаңарту аясында білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау» атты тақырыбы бойынша Көкшетау қаласындағы ПШО тренерлері Аршалы ауданы Жібек жолы ауылындағы И. Құтпанұлы атындағы жетекші мектеп базасында оқыту семинарлар топтамасы ұйымдастырылды.

Семинардың басты мақсаты – ШЖМ бірінші сынып мұғалімдеріне негізгі пәндер бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, критериалды бағалау жүйесімен терең таныстыру, өзара тәжірибе алмасу.

Бүгінде кез келген ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы орта деңгейде жабдықталған. Дегенмен, ауылдың шағын жинақты мектептерінде баланың толыққанды, жан-жақты дамуына әлі де кедергі болатын жағдайлар өте көп. Олар: өзара тәжірибе алмасуда пән мұғалімдерінің жетіспеуі, мұғалімдер жүктемесінің аздығы, бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруі, оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау тәртібін дұрыс түсінбеуі, өзара ынтымақтыстықта бірлесіп қарым-қатынасқа түсіруде оқушылардың аз болуы топтық жұмыс түрін ұйымдастыруға мүмкіндіктің болмауы және т.б. Сонымен қатар, шағын жинақты мектептердің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар. Олар:
- балалардың санының аздығы, мұғалімге әрбір оқушымен жеке жұмыс жасауға;
- бірінші сыныптан бастап, оқушылар дербестік іс-әрекетке бейімделуіне;
- әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, қажеттіліктеріне сай тапсырмаларды саралауға;
- оқушылардың өзін-өзі және өзара бірін-бірі тексеруін және бағалауын жүзеге асыруға;
- мұғалімнің ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауына мүмкіндіктері мол және т.б. (3)

Семинардың алғашқы күнінен бастап, мұғалімдердің сұраныстары мен қажеттіліктеріне қолдау мен көмек беруге келгендіктерімізге тоқтала отырып, қажетті деген сауалдарына әр семинар барысында жауап алуға үлкен мүмкіндік туды. Зейін фокусын бірлескен оқу ортасына бағытталған практикалық тапсырмаларды орындауда, әр мұғалімнің сыни ойлауына жоғары деңгейдегі сұрақтарды қою арқылы өзара бір-біріне сыни дос форматында сапалы жұмыс істеуге бағыттадық. Топтың қажеттілігін ескере отырып семинарларды жоспарладық. Теориялық материалдарды талқылай отырып, әр мұғалім оны өз тәжірибиесінде сол тәсілдерді қалай қолданатындықтарына талқылауға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар, бірлескен жұмыста ШЖМ ерекшеліктерін ескере отырып, критериалды бағалау жүйесінің маңызды аспектілерін қарастыруға тоқталдық. Себебі барлық педагогтарды толғандырып жүрген мәселенің бірі – бағалау. Бағалаудың мақсаты: мұғалім мен оқушының оқу үдерісіндегі əрекетін түзету. Міндеті: іс-ə рекетті түзету арқылы мұғалімнің оқушымен бірлесе отырып оқу нəтижелерін жақсарту. Сол сұранысты қанағаттандыру мақсатында, барлық оқыту семинарларымыз осы тақырып аясында терең қарастырылды.

«Критериалды бағалау» терминін алғаш рет Роберт Юджин Глейзер (1963) қолданған және бұл термин оқушылардың оқу жетістіктерінің қол жеткізген және потенциалды деңгейлері арасындағы сәйкестікті анықтауға мүмкіндік беретін үдерісті сипаттайды.

Критериалды бағалау – оқушылардың оқу жетістіктерін білім беру мақсаттары мен мазмұнына сәйкес, ұжым ішінде өңделген, оқушыға, ата-анаға және мұғалімге түсінікті нақты анықталған критерийлерге негізделген үдеріс.

Критериалды бағалау оқушылардың жетістіктерін бір- бірімен салыстырмайды және бір-біріне тәуелді етпейді, сонымен қатар әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпарат беруге бағытталады. (4) Ал оқыту үдерісінде жетістікке жету үшін оқытушы мен оқушы белгілі бір критерий арқылы білім нәтижесіне жетеді. Бағалау міне, осы тұста керек. Критериалды бағалаудың оқушылар үшін берері мол:
- бағалау критерийлерін түсінуге;
- Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;
- Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге;
- Нені жақсарту қажет, бала өз білімін көтеру үшін қалай жұмыс істеу керек екенін анықтай алады;
- Əр оқушының оқу жетістігін жекелей бақылап, бағалауға, алғашқы нəтижесімен кейінгі оқу жетістіктерін салыстыруға мүмкіндік бере алады.

Жоғарыда аталған жетістіктерге жету үшін, біз сессияларда мұғалім -оқушы, оқушы -мұғалім және оқушы-оқушы рөлдерін кезектесіп орындап өткіздік. Себебі, ұстаз оқыту барысында оқушыларға сапалы білім беруге, олардың ішкі сезімін терең түсінуге, түрлі жағдаяттарды шешуге дайын болу керек.

Алғашқы кездесу тамыз айынан басталып, оқушылардың демалыс күндері жалғасын тауып отырды. Семинарды өткізу барысында мұғалімдер қажетті барлық ресурстармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, семинар қатысушылары өздерінің тарапынан ресурс әкелуді жөн көрді. Олар: оқушылардың жұмыс дәптерлері, ұсынылған рубрикалары, әр түрлі шығармашылық жұмыстары.

Оқыту барысында жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі құжаттарына талдау жасалды, тәжірибелеріне бағытталған жұмыстар ұйымдастырылды. Мәселен, жұптық, топтық жұмыс барысында оқу мақсатына жететіндей, бағалау критерийлері мен қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмаларға дескрипторлар құрастырып, кезектесіп оқушылардың рөліне кіріп орындады.

Жиынтық бағалаудың барлық аспектілерін терең қарастыруды жөн көрдік. Себебі, алғашқы кездесуде мұғалімдердің кері байланысынан және мұғалімдерге жиынтық бағалауға арналған тапсырманы құрастыруды ұсынған сәтте, олардың тарапынан тапсырманы таңдау жағынан қиындық туғызғаны байқалды. Алдымен, жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныстарды басшылыққа ала отырып, спецификацияның маңыздылығын түсіндіріп, соның негізінде бөлім/ортақ тақырып бойынша мақсаттарды қамтып, оқушылардың ойлау деңгейіне байланысты тапсырмалар іріктеленетіні жайында ақпарат берілді. Сол тапсырмаларға дескриптор жазып, қаншалықты сапалы құрастырғанын анықтау үшін және бір-біріне тиімді кері байланыс беру мақсатында шағын топта жұмыс ұйымдастырдық.

Семинарға қатысушылар өз оқушыларының жұмыстарын модерацияға ұсынды. Себебі, семинарлар топтамасында мұғалімдер өз оқушыларының бағалаған жұмыстарымен бөлісіп, талдау, талқылау жүргізу барысында тәжірибе алмасты. Осындай бағыттағы жұмыс түрі семинарымыздың ерекшелігі бола алды. Сонымен қатар, мұғалімдер үшін қиындық туғызған тақырыптарды анықтай отырып, ықшам сабақтар жоспарлап өткізілді.

Семинар топтамасы жайында мұғалімдердің берген кері байланыстарында өз кәсіби шеберліктерін шыңдауда аса маңызды және тиімді әдістемелік көмек алғандықтары жайында ризашылықтарын білдірді.

Мұғалім əр сабақ сайын оқушылардың табысқа жету жолын мұқият қарастырып, əрбір оқушының пікірін ескере отырып, жұмыс жүргізсе, өз-өзіне есеп бере отырып, жасалған жұмысты саралап, түзету енгізіп отырса оқушының білім сапасының артатынына сенімдіміз.

Қорыта келе, Болашақ шағын жинақты мектептің қабырғасы берік, еңсесі биік болуы – біздің бүгінгі еңбегімізге байланысты. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз. Яғни мұғалімнің кәсіби шеберлігі жоғары болған жағдайда – білім сапасы да артады дегіміз келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ – Астана, 2016 жыл // URL: http: //adilet. zan.kz/rus/docs/U1600000205

2. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III // online.zakon.kz

3. Астамбаева Ж.Қ., Уəйісова Г.И. Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы. Оқу құралды. – Алматы, 2010. – 4-9 бет.

4. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015. – 40 б.

 

 
 

Тема номера





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10