электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Бастауыш сыныптардың математика сабақтарында дифференциалды білім беру нәтижелерін қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық аспектісі

№ 7 (168) сентябрь 2017г.

ЧУКОТАЕВ М.Н., С. Аманжолов атындағы ШҚМУ,
НҰРТАЗИНА Е.М., Шығыс Қазақстан облысының ББЖ БАҰО «Өрлеу» АҚ филиалы, Өскемен қ.


 

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы барысында орта білім берудің жүйелі реформалануы қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға ие. Білім беруді реформалауды жүзеге асырудың және бір маңызды сипаты қазіргі уақыттағы оқыту үдерісін технологияландырудың қажеттілігінен туып отыр. Осыған орай, соңғы кезде оқытудың әртүрлі педагогикалық технологиялары жасалып, С. Лысенкованың алдын ала оқыту, В. Шаталовтың интенсивті оқыту (тірек сигналдарын пайдалану арқылы), П. Эрдниевтің [1] ірі блокпен оқытудың белсенді әдісі т. б. мектеп өміріне енгізіліп жатыр.

Педагог – ғалымдар басымдық адамның зиялы, не дамушылықтың ізгілікті моделіне жету үшін қисық ұстаным мен нұрлы ақыл – ойды қайшылықта алып, өзінің ерекше – жігерін білім жиюға, тәрбиелеуіне мән бергені жайлы толыққанды сипаттама, талдама жасаған. Олай болса, мұның өзі – әлемнің төрт бұрышында айтылып жатқан бір ой. Мұның генезисі сонау грек ғалымдарының құнды еңбектерінде екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі таңда педагогикалық технологиялардың ұтымды-ұтымсыз тұстарын ашық жіктей алу мүмкіндігі бар. Бір ескеретін мәселе – педагогикалық технологияның әрбір өлшейтін нысаналардың дидактикалық философиясын дұрыс сұрыптай алмайтын ұстазға, не басқа бір субъектіге тигізер пайдасы жоқ. Бұдан ұғарымыз не? Ол – мамандық мазмұнын меңгерумен шектелу – ең төменгі деңгей. Ал дидактиканың философиясын меңгеру – эвристикалық және шығармашыл деңгей, мұның өзі де ізденісті – зерттеу бағытындағы педагогикалық технологиялар арқылы іске асады.

Деңгейлік саралау негізіндегі педагогикалық технология мазмұнының ерекшілігі:
- жеке құрылымдарға бағдар беру;
- білім мазмұнының сипаты мен көлемі, оқу жоспарының, материалының, баяндау түрлерінің дидактикалық құрылымы.

Оқушылар бір сыныпта, бір бағдарлама және бір оқулық бойынша оқи отырып, материалды әртүрлі деңгейде игере алуы деңгейлік саралау деп аталады. Сондықтан міндетті дайындық деңгейі анықтаушы шарт болып табылады. Міндетті дайындық деңгейіне жету оқушының мазмұнды игеруге қойылатын ең аз қажетті талаптарды орындағанын сипаттайды. Осының негізінде материалды игерудің жоғарырақ деңгейлері қалыптасады.

Зерттеудің теориялық, прагматикалық негізін И.Я. Лернерден іздейміз. Адам «Тұлғалық» дәрежеге оның жиған ілімі мен ғылымы арқылы жетеді. Әлемнің құндылықтарын саралап, сұрыптап өзінің мәртебесіне үндестіре алатын мәртебеге ие болды [2].

Бұл – даралық сипаты. И.Я. Лернер өзінің тұжырымында мынадай төрт құрылымға ерекше мән берген:
- білімнің тәжірибеде қолданылымы;
- оның қабілет, іскерлігінің ширатылуы;
- шығармашылық қызметінің тәжірибесі;
- ортаға, дүниеге деген жағымды құбылысты сезу.

Міне, осы аталған даралық сипаттың құрылым – жүйесі Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Бұхар жырау, Қожа Ахмет Иасcауи, Шал Құлекеұлы, Абай Құнанбайұлы т.б. даналардың шығармаларында жоқ па? Керісінше, көркем сөз, сөз құдыреті арқылы өз міндетін атқармады деп кім айта алады? Сонымен, педагогикалық технология – қазақ жұртының ана сүтімен дарыған тәлім. Дәстүрі арқылы білім мен ғылым игерту деп ұғамыз.

Саралап, деңгейлеп, дамыта оқыту технологияларын пайдалана отырып, бастауыш мектепте білім беру нәтижелерін дарынды қабілеттілікті анықтау мақсатында білімді зерделеу мен тексерудің түрлері қарастырылады. Оқушыны өмірге, одан әрі білім алуға ынталандыру – ұстаз парызы. Бұндай табысқа оқушылардың игерген білімдерін, дағдылары мен шеберліктерін іс-әрекетке қосу арқылы жетуге болады. Үлгерімді есепке алуды дұрыс жолға қою үшін оны өткізудің кейбір дидактикалық талаптарын білудің де зор маңызы бар. Оқу процесін белсендіре түсу жолдарын іздестірумен байланысты кейбір мұғалімдер білімдердің өзін емес, мектеп оқушыларының іс-әрекетінің сипаты мен нәтижелерін есепке алып бағалай бастайды. Әрине, білімдерді тексергенде зер салу мен ыждағаттылық ескеріледі, бірақ бұл ең басты компонент емес. Ең алдымен білімдердің, шеберліктер мен дағдылардың сапасы мен тереңдігі есепке алынады. Бұл көрсеткіштер білімдерді тексеру және бағалау кезінде анықтағыштар болып табылады.

Тексеру – ұмытудан сақтандырудың ғана емес, сондай – ақ, білімді неғұрлым берік игерудің де маңызды құралы. Тексеру барысында ұстаз балалардың білімін игеру қарқынын өзін ғана емес, сондай – ақ, олар білім нысандарын қаншалықты дұрыс игеріп, қабылданғанын ойлап есіне сақтай ала ма, жоқ па соны анықтауға ұстаз оқушылардың өзін ұмсындырады. Сол сияқты ұстаз оның көзқарастарын, нанымдарын заман талабына сай келуіне оқылып отырған материалдың көмегі мен сүйенісі болуын қадағалайды [3].

Тексеру мен бағалаудың тәрбиелік маңызы – оқудағы дұрыс, я бұрыс бағалануының мәнін жүйелі тұрғыда анықтаудың теориялық ұстанымы. Оның мінез-құлқының өмір сүргіштік сипаты ретінде оқу еңбегіне ынталануына жол ашады. Білімдерді тексерудің бүтіндей алғанда ұстаз үшін де, мектеп үшін де үлкен мәні бар. Тексеру нәтижелері бойынша мектеп, ұстаз, қоғам мен ата-ана, мемлекет алдында есеп береді. Сонымен, білімдерді тексеру үлгерімдерді формальды есепке алу ретінде қаралмайды, ал, бұл – білімдерді, дағдылар мен шеберліктерді игерудің тұтас үдерісінің маңызды буыны.

Тексерудің барысында ұстаз ұстаным ретінде алған деректерге сәйкес, ол материалды оқып үйрену жөнінде бұдан арғы жұмыстың барысын белгілейді. Бірақ бұл жүйе оқушының дерексіз қабылдануына ғана бағытталмайды, ұстаз мұны біреуінің білімдеріндегі кемшіліктерін, екіншісінің көзқарастарының тұрақсыздығын, үшіншісіндегі есте сақтау сапасындағы кемшіліктерін есепке ала отырып, келесі тапсырмалар мәтіндерін құрып шығады. Балалармен одан әрі жұмыс істеудің барысында ұстаз бұл кемшіліктерді жоюға және олардың білімдерін арттыра түсуге бағдарлайды. Білімдерді, дағдылар мен шеберліктерді тексерудің мән – жайы мен маңызына мұндай көзқарас дидактика нысанында бірден қалыптасқан жоқ. Кеңес мектебі оқыту үдерісіндегі үзіліссіз тексерудің қажеттігін жоққа шығарады. Мәселен, бригадалық-лабораториялық әдіс қолданды, онда бригадир есеп береді, ал баға әрбір мүшесіне қойылатын, оқушылар өздері тапсырған тәжірибелік жұмыстары негізінде сыныптан-сыныпқа көшіріледі. Бұл теріс практиканы партияның Орталық Комитеті сынап, өзгертті. «Бастауыш және орта мектептегі оқу бағдарламалары мен күн тәртібі туралы» қаулыда мектеп жұмысын есепке алу негізіне оқушылардың білімдерін ағымдағы жеке – дара жүргізілетін есеп алынуға тиіс екендігі көрсетілген.

Анықтау – тексерудің алғашқы кезеңі. Мұнда ұстаз оқушының материалмен жұмыс істегендігін ғана анықтап шығады. Білімдерді анықтау бұларды игерумен бірге соның барысында жүре алады. Тексеру жан – жақты бақылауды, білімнің көмегі мен тереңдігін, беріктігін анықтауды, дағдылар мен шеберлікті саналы түрде меңгеруді, оқушыларды ой жұмысының барысы мен нәтижелерін тексеруді көздейді.

Жеке-даралық ерекшеліктерді есепке алу – білімдерді тексеруге қойылатын келесі талап. Бұл ұстазды балалардың мінез – құлық ерекшеліктерін ұстаздың бағамдауына қолдаушылық дәрежесі, оларды ой әрекетінің ерекшеліктерін терең зерттеуге бағыттайды.

Үлгерімділікті тексеру негізінен алғанда ағымдағы есеп түрінде өткізіледі. Ағымдағы есепті жүйелі пайдалану ұстазға алда өткен материалдың қалай игерілгенін тексеруге оқушылардың білімдеріндегі олқылықты табуға, бұдан әрі жұмыс барысында оларды жоюдың жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы есеп балаларды жүйелі жұмыс істеуге үйретеді және бірқатар маңызды адамгершілік пен жігерлілік қасиеттерді қажырлылықты, ұйымшылдықты т. б қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы есептің маңызы, әсіресе бастауыш мектепте өте зор. Оқытудың алғашқы кездерінде баланың жұмысындағы әрбір қадамды тексеріп отыру көзделеді.

Оқушының ақыл – ой дамуының барысын қадағалаудың маңызы зор. Байқау үдерісінде жиналған материал оқу- тәрбие жұмысын жоспарлағанда оқушыларға жеке-дара қарауды жүзеге асырғанда негіз болып табылады. Байқау нәтижелерін ұстаз оқушылардың біліміне қорытынды баға қойғанда, сондай – ақ, балалармен күнделікті тәлім-тәрбие жұмысында пайдаланады.

Ағымдағы есеппен қатар үлгерімнің тақырыптық есебі де белгілі бір орын алады. Тақырыптық есеп бастауыш мектепте шектелген мөлшерде пайдаланылады. І және ІІ сыныптарда мұндай есептің элементтері ғана болуы мүмкін. Мұның мақсаты – оқушыларды тақырып бойынша екі – үш, ал содан-соң бір топ мәселелерді қамтып отырудағы оларды дұрыс айтып беруге бірте-бірте үйрету. Оқу тоқсанының, жарты жылының, оқу жылы үлгерімінің қорытынды есебін жинап пысықтаумен бірге жүзеге асырылады. Бұл өткен материалға қысқаша, шағындалған шолу түрінде курстың өзекті мәселелерін қайталап айтып беруге бағытталған.

Бастауыш сынып оқушыларынан жеке – дара сұрау анағұрлым кеңінен пайдаланылады. Ауызша сұрауда ұстаз басты назарын фактілерді жай қайталап айтуға ғана емес, сондай – ақ, оларды түсіндіріп дәлелдеуге аударады. Ауызша сұрау барысында есептерді шешуді, сөйлемдерді грамматикалық талдауда, өлшемдер жүргізуде алған білімдерін оқушылардың практикада пайдалана білуі тексеріледі.

Дәстүр бойынша оқушылардан сұрауды көптеген ұстаздар үйге берілген тапсырмаларының төңірегінде шоғырлайды. Озат ұстаздар бұл дәстүрден бас тартады да, үйге берілген тапсырмаларды тексеруді білімдерді бекітіп, жетілдіре түсу жөніндегі өз жұмысының элементі ретінде ғана қарайды.

Үздік ұстаздар жауап – әңгіме, түсіндіру, салыстыру, ойлап қорыту жағын талап ететін, сондай – ақ, баланың құмарлығын, ойы мен пайымдауының барысын, байқағыштығын және басқа да қасиеттерін ашып беретін сұраулардың ойластырылған жүйесін пайдаланады. Сұраудың сипатына анық тұжырымдалуы да сай келеді.

Ауызша сұрау үнемі жүргізіліп тұруға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана ол оқушыларды оқытып, тәрбиелеудің маңызды факторына айналады. Егерде оқушыны тоқсан бойында екі-үш рет қана сұраса, онда ұстаздың оны бірдемеге үйрете алатындығына есеп жасау қиынға соғады.

Бастауыш мектепте жаңа материалды меңгертумен бірге жүргізілетін жаппай тексеру сабақтағы жұмыстың дербес түрі ретінде кеңінен қолданылып жүр. Міндетті түрде еске сақтауға және ережелерді, хронологиялық детальдарды, көбейту кестелерін игеруге тиісті білімдерді бақылау үшін жаппай тексеру бәрінен де жиі пайдаланылады. Алайда жаппай сұрау тексерудің негізгі түрі бола алмайды. Мұның барысында тапсырманың орындалу фактісі тексеріледі, бірақ игерудің толықтығы мен тереңдігін анықтау қиынға түседі.

Сабақтағы жұмыстардың барлық түрлерінің нәтижесі бойынша білімді тексеру, сабақ бойынша рейтинг жүйесін пайдалануды көздейді. Білімді тексеріп, бағалаудың бұл түрі біршама кеңінен таралып отыр.

Оқушылар білімдерінің, дағдылары мен шеберліктерінің баға көрсеткіші әрбір пән үшін оның ерекшеліктеріне сүйене отырып жасалады. Әрбір бағаны ұстаз оқушының жауабын қысқа, анық талдаумен қосарлап отырады. «Сен бүгін өте жақсы жауап бердің, ережені сауатты, өте жақсы білесің, көп қызықты мысалдар келтірдің, саған «5» қоямын»; «Материалды жақсы білесің, әңгімені сауатты да дәйекті құрғансың, бірақ анықтамада дәлсіздік жіберіп алғансың, саған «4» қоямын».

Білімдерді бағалаудың түрі ретінде сабақ бойынша балды пайдалануға байланысты бағаны міндетті түрде сабақтың соңынан қою практикасы қалыптасқан. Алайда білімдерді бағалауға жеке-дара қарау талаптары тұрғысынан мұндай практиканы дұрыс деп тануға болмайды. Әрбір сыныпта үнемі шұғылданатын, материалды жақсы білетін және әрқашанда жауап беруге әзір балалар бар. Зейін қоймайтын тәртібі нашарларға, керісінше, ұстаз олардың ісін байқап отырғанын, сабақтың соңында баға қоюды ойлайтынын айтып ескертуге болады. Бұл оларды алға ұмтылдырып, ұйымдастыра түседі [4].

2 сыныпта бағаны пайдаланудың кейбір ерекшеліктерін көрсете кеткен жөн. Оқытудың алғашқы қадамынан балаларға өздерінің білімдеріне қойылатын талаптарды түсініп, игеру қиынға түседі. Мұның үстіне оларда әлі де болса оқу-білімге деген тұрақты ынтасы қалыптаспаған. Сондықтан да, жоғары орындалмайтын талаптарды қою жылт етіп көрінген ынтаны басып тастауы мүмкін. Бұл жағдайларды екінші сынып оқушыларымен жұмыс істегенде ұстаздар еске алады. Тәжірибелі ұстаз алғашқы күндері барлық оқушыларға «5» қояды, содан кейін барып «4» көрінеді. Нашар оқушыларға уақытша баға қоймайды, оларға оқуға ынтасын қуаттап, дамыту үшін қосымша көмек көрсетіледі, сенімсіздік, көңілі қайтып, рухы түскен жағдайларды болдырмау жағын қарастырады.

Дидактикада оқушылардың білімдерін, дағдылары мен шеберліктерін бағалау ережелері тұжырымдалған. Болашақ мұғалімдер осыларды жақсы біліп, оны оқу жұмысында қолдана беруді үйретуі керек:
1) оқушыларға өз талаптары жайында айтып беру, қандай білім орташа, жақсы, өте жақсы екенін оқушылардың жауаптары мысалында көрсетуге бағдарланды;
2) баға бергенде міндетті түрде оқушы жауабына талдау жасау және талдағанда түйін жасау және оқу нысанын талдағанда оған назарды неге аудару керектігін көрсету болып саналады;
3) бағалағанда оқушыны мақтаудың маңызы бар, бірақ бір баланы үнемі мақтай беруге болмайды. Кейбір ұстаз, оқушылар туралы белгілі бір пікірді ұстап, объективті болудан қалатындығын және жақсы үлгеретін оқушыларға жиі көтеріңкі баға қоятынын атап айтуға болады. Мұндай ұстаздарда тәртібі қиын балалар әдетте жақсы бағалар алмайды. Оқушылар баға қоюда ұстаздың объективті емес екендігін өте тез түсінеді де, ынта қойып оқудан қалады. Оқушылардың білімдерін бағалағанда, олардың жеке-дара бабын табу қажет. Осы ережелерді сақтағанда баға ұжымды ұйымдастырудың маңызды құралы болады және мақсат көздеушілікті, еңбек сүйгіштікті, адалдықты, сондай-ақ, зейін қойып, инабатты болуды дамыту ісіне ынталандырады.

Қорыта келгенде, тексерудің прагматикалық негізі оның теориясына бағынатыны байқалды.

Алдымен ұстаз:
1. Тексеру жолы тағылымдық мәнін жақсы түсінбейінше, бағалау әділ болмайтынына мән беруі көзделеді. Тексеру жолы тұрған жерде бағалау да білім межесін анықтаудың құралы болып есептеледі.
2. Анықтау – тексерудің алғашқы кезеңі.

Тексерудің келесі бір құралы – есеп беру. Үлгерімнің тақырыптық есебі деңгейліктер межесінде жіктеледі.

Тақырыптық есептен қорытынды есеп туындайды. Тексерудің жеке және жаппай түрі де тәжірибеде қалыптасқан жол болып табылады.

Сабақтардың ірі жүйесін рейтингімен тексеру бүгінгі күннің мәселелік бағдарламалық, модульдік оқытудың интеграциясында жүзеге асып отырған нұсқалы жолы демекпіз. Жауаптарының толық және логикалық болып келуі білім мазмұнының басымдығын көрсетеді.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Америкада, ал 60-жылдары білім беру мен оқытуда саралау үрдісі кеңінен етек алғаны мәлім. Бұл үрдіс бүгінгі таңда Қазақстан мектептеріне келіп жетті. Саралап оқытудың байланысын 1-суреттен көруге болады.

 

Оқушылардың бейімділігін, қызығуын, үлгерімін анықтай отырып оқыту, яғни саралап оқыту қазіргі мектептердің даму бағытына айналып отыр. Ғалымдардың есептеуі бойынша әрбір топта жас ерекшелігіне байланысты 3 пайыздан 8 пайызға дейін өте талантты оқушылар болады.

Англияда дарынды балаларды зерттеу орталығы бар. Мұнда дарынды балалармен жұмыс істейтін мектептер, арнаулы бөлімдер және тездетіп, тереңдетіп оқытатын курстар жетерлік. Ағылшын педагогтарының дарынды балаларды оқыту әдістемесі бойынша диагностикалық тестілеу тәжірибелері мол. Германияның Гамбург қаласында 1985 жылдан ерекше қабілетті оқушылармен шұғылданатын қызмет орны жұмыс істейді. Францияда 80-жылдардың ортасынан бастап кейбір бастауыш оқу мекемелерінде талантты балаларға арналған сыныптар пайда бола бастады. 90-шы жылдардың басында Страсбургте ойлау қабілеті өте жоғары балаларға арналған ерекше мектеп ашылды. Жапонияда дарынды балаларды оқыту мәселесіне салыстырмалы түрде ұстамды бағыт көрсетіледі. Кейбір оқу орындарында талантты оқушыларды анықтау бағытында диагностикалық тестілеу жүргізіледі. Оларға арнап арнаулы оқулықтар мен оқу құралдары шығарылады. Ресейде 1989 жылы «Дарынды балалар» атты кешенді бағдарлама жасалды, арнаулы «Ресейлік мәдени қор» ұйымдастырылды, қаражат бөлінді. 1996 жылы бұл қор 229 дарынды оқушыларға стипендия бөлді.

Дүние жүзінде болып жатқан мұндай құбылыстан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Республикада «Дарын » ғылыми-практикалық орталығы құрылған. Мақсаты – еліміздегі талантты да дарынды балаларды тауып, сапалы білім беру. Көптеген авторлық мектептер, гимназиялар, лицейлер және жеке меншік мектептер ашылуда. Ең таңдаулы жастар шет елге оқуға жіберіліп тұрады. Балаларды саралап оқытуда тестік жүйе кеңінен тарап келеді.

Саралап оқытудың басты бағыттарының бірі – толықтыра оқыту, яғни үлгерімі төмен оқушыларға қосымша педагогикалық күш жұмсау. Толықтыра оқыту дегеніміз – үлгермеушілікті жою мақсатында өзіндік бағдарламамен оқыту.

Қазақстанда білім берудің мемлекеттік емес саласы да кеңейе түсуде. Қазіргі таңда мемлекеттік емес мектептерде 15 мың бала оқып жүр. Білім жөніндегі қызмет рыногы құрылды, кез келген рынок сияқты ол да бәсекелестік заңдарымен дамып келеді. «Білім туралы» жаңа заң, «Білім» атты мемлекеттік бағдарлама, осы көкейкесті мәселе бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Осы арқылы білім беру жүйесін нарық ұстанымдарының талаптарын ескере отырып, дамытуға жаңаша жағдайлар жасалды. Мектептерде үздік, дарынды оқушылар бар, олардың үміт талабын, бағыт, бағдарын дамытуда саралай оқыту – бүгінгі күннің алға қойған міндетін шешудің негізгі жолы деуге болады.

Библиографиялық сілтемелер

1. Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесiн 2010 жылға дейiн дамытудың Мемлекеттiк бағдарламасы.

2. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы.

3. Матрос Д.Ш., Полев Д.М., Мельникова Н.Н. Управление качеством образования на основе новых информационных технологий. – М., 2001. – с. 30-33

4. Садуова Ж. Жаңа педагогикалық технологиялар – болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру құралы //Ізденіс. – Алматы, 2007. – № 4. – 181-185 б.

 
 

Тема номера





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10