электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Оқыту мен оқу үдерісінде бастауыш сынып оқушыларының тілдік дағдыларын дамыту тәсілдері

№ 7 (168) сентябрь 2017г.

РЫСҚҰЛБЕКОВА А.Д., п.ғ.к. Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалы


 

Еліміздің білім беру жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Жалпы орта білім берудің жалпы ұлттық деңгейдегі басты мақсаты – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға дайын, құзыретті тұлғаны қалыптастыруға ықпал ету.

Оқыту жүйесінде оның ішінде бастауыш сатыдағы білім мазмұнын жаңарту біліми кеңістікті оқушыға жеке тұлғалық тұрғыдан ұйымдастыруды қамтамасыз ететін деңгейде өзгертумен қатар, оқу пәндері бойынша кең ауқымды дағдыларды қалыптастырудың басымдылығы берілетін білім мазмұнына да өзгеріс енгізудің қажеттілігі артуда.

Орта білім беру реформасы шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған «жалпыға арналған білімнен», «білім әркімге өмір бойы» үлгісіне көшуді және әлемдік білім беру кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етуді мақсат етеді. Осыған орай қазіргі білім беру мазмұнын ұлттық негізде жетілдіре отырып, әлемдік жүйеге жақындастыруда құзыреттілікке бағдарлану бағытын қарастырып отыр. Бұл оқушыны жаңа тұжырымдарды түсінуге және қабылдай білуге, бүкіл өмір бойы өзгермелі жағдайларға тез икемделуіне, сындарлы ойлай білуге және ақпараттар ағынын бағдарлай алуға, топтың алдында өз ойын анық, дәл жеткізуге, тыңдаушысын иландыра білуге қабілетті интеллектуалды ұлт ретінде қалыптастыруды көздейді.

Н.Ә. Назарбаев «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасында қазіргі заманғы білім берудің болашақтағы міндеттерін атай келе, жас қазақстандықтар бастапқы интеллектуалдық әлеуетпен және терең ақылмен, шексіз қызығушылықпен және өмірлік күш-қуатпен ерекшеленуге тиіс деген. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жаңа білім беру жүйесінің бастауыш сатысында оқыту үдерісін ұйымдастыру базалық білім, білік, дағдылар, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде оқушылардың кең ауқымды дағдыларын қалыптастыруды қажет етеді. Осыған сәйкес бастауыш мектептен бастап оқушылардың бойында өзара мәдениетті қарым-қатынас нормаларын игертуді қамтитын қатысымдық дағды қалыптастыру басым бағыттардың бірі болып табылады.

Әлемдік деңгейдегі белгіленген білім беру мазмұны еліміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени ахуалын нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуге, ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге қабілетті, қарым-қатынасы жоғары тұлға тәрбиелеуге құрылуы тиiс. Соңғы кезде жаңа жағдайдағы қазақ мектептерінің басты іс-әрекетінің негізгі нәтижесі тек білім, білік және дағды жүйесі ғана емес, сонымен бірге зиялы, саяси-қоғамдық, коммуникациялық, ақпараттық және басқа салалардағы мемлекеттік тапсырыс беріп отырған кең ауқымды дағдылар жиынтығы болуына назар аудартуда.

Қатысымның негізгі құралы – тіл. Сондықтан Л.С. Выготский, Л.Р. Лурия, А.А. Леонтьев, Л.А. Чистович және т.б. психологтар қатысымдық дағдыны дамытуды тіл табиғатымен байланыста қарастырады. Аталған зерттеушілер қатысымдық іс-әрекет ішкі тілек пен сыртқы түрткінің нәтижесінде туындайтынына ерекше көңіл бөледі. А.А. Леонтьевтің пікірінше, адамның негізгі мақсаты – сөйлеу емес, сол сөздің ықпалын пайдалану. Сөйлеу түсінігі сөйлеу әрекетімен қатар, өнім немесе нәтиже сияқты сөйлеу әрекетінің өнімді үдерістерінің нәтижесінде пайда болатын нақты материалды болжайды, яғни олардың жиынтығы мәтін немесе контекст деп аталатын, қабылдау мен түсіну нысанасы ретінде қызмет ететін, сөйлеу әрекетінің перцептивтік үдерістері жасалатын белгілі сөйлеу мен пікірлер болып табылады. Осы сипаттаманы Б.В. Беляев «Ойлау, тіл және сөйлеудің өзара қатынасы туралы» еңбегінде қарастырып, қабылдау мен сөйлеуді түсіну үдерістерін немесе сөйлеудің мазмұндылығы, түсініктілігі, айқындылығы және керектілігі зерттеу барысында, сөйлеу мен ойлау арасындағы өзара қарым-қатынасты анықтау жағдайларында сөйлеу әрекетінің өнімді болып табылатындығын талдайды.

Адамның қарым-қатынас жасау қабілеті психологиялық- педагогикалық әдебиеттерде (Г.М. Андреева, А.Б. Добрович, Н.В. Кузьмина, А. Джекова, С.Қ. Бердібаева т.б.) қатысымдық сапа ретінде қарастырылады. Қатысымдық сапаның дамуы арнаулы қарым-қатынастық біліктерді меңгерумен байланысты: қарым-қатынастың құралдарын еркін игеру, қажетті және сезімдік ақпаратты бере білу, кері байланыс орнату, әңгімелесушіні тыңдай білу, оның позициясын қабылдау, қарым-қатынасты ұйымдастыру, кез келген жағдайда қарым- қатынас орнату шеберлігі, әңгімелесушінің ақпаратына талдау жасап, бағалау, оған ықпал ете білу т.б. болады.

Зерттеушілер Ю.М. Жуков, Л.А. Петровский, П.В. Растянников т.б. жоғарыда аталған Қатысым дағдысын меңгеруге, басқа адамдармен байланыс орнатып, оны ұйымдастыра білу қатысымдық дағды деген анықтама береді .

Н.И. Бабич, С.С. Качалина, М.Г. Маркина, Л.Р. Мунирова, А.А. Панферова, В.А. Ситаров, Н.В. Щиголева және т.б. психологиялық-педагогикалық зерттеулерінде кіші жастағы оқушыларының өзара тілдесуін саралап, оны қатысымдық іс-әрекет ретінде қарастырған. Біздің ойымызша, «Қатысым» және «қатысымдық іс-әрекет» ұғымдары гуманистік педагогикада бір-біріне жақын келеді.

Е.В. Руденский қатысымдық дағдыны оған қатысушы субъектілердің коммуникативті, интерактивті және перцептивті тәртіптерінің (мінез-құлықтарының) сәйкес болуы, өзара әрекеттегі субъектілердің әр алуан психологиялық тәсілдерді жүзеге асыруда максимал көзқарастар палитрасын игерудегі жетістіктерімен байланысты түсіндіреді. Бұл жерде Қатысым дағдысы субъектісі мынадай әлеуметтік- психологиялық қабілеттерді өте қажеттілікпен игеруі қажет:
- тұлғааралық әрекет жағдайына болжам жасай (алдына
– ала сезу) білу;
- қатысымдық жағдайдың өзіне тән өзгешелігіне сәйкес қарым-қатынас үдерісін бағдарламалау;
- алуан түрлі жүзеге асырылатын мінез-құлық жағдайында қарым-қатынас үдерісін басқара білу. Бірақ, солай бола тұра Қатысымның инструменталды жағымен ғана әуестену адамдардың рухани мәнін жоюы және бұл қарым-қатынас түсінігін қатысымдық әрекет сияқты қарапайымдануға әкелуі мүмкін. Пайдалы ақпарат алу немесе беру, серіктестердің белсенділігінің артуы, жүктемені түсіру немесе ортақ әрекетпен басқару, көмек көрсету және өзге адамдарға ықпал жасау қарым- қатынастың негізгі мақсаты болып табылады. Қорыта келе, жоғарыдағы ғылыми зерттеу жұмыстарды талдаудан тілдік дағдыс – бұл өзара байланыс, пікірлесу, сөйлесуге қатысты коммуниканттардың жинақталған білім, білік, дағдылармен қарулануы, тілдік қатысымды терең меңгеруі деп тұжырымдаймыз.

Тілдік дағды – адамның сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу және т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. Сондықтан қатысымдық дағдыға байланысты теориялық негіздерін анықтау: айтылған, берілген, жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау, сол сияқты қарым- қатынас құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу жолдарын белгілеу қазіргі кезеңде өзекті мәселелер қатарына жатады. Осы мәселелерді жан-жақты оқыту мен үйрету олардың ғылымда өзіндік анықтамасын беріп, қатысымдық дағдының теориялық және әдістемелік жағын арнайы зерттеуді қажет етеді.

Сонымен, оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын қатысымдық немесе тілдік дағдыларға:
1) тыңдалым;
2) айтылым;
3) жазылым;
4) оқылым .

Ағартушы ғалым Ж. Аймауытов қатысымдық дағдыны дамыту жөнінде: «бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін» – деген тұжырым айтқан.

Бастауыш сыныптарда баланы оқыту тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бастауыш сынып оқушыларының мұғаліммен, сыныптастарымен объективті және субъективті себептерде олардың қиындық салмақтарын көруге болады. К. Фопель «… қазіргі балалар бір-бірімен, сондай – ақ, ата-аналарымен де аз қарым-қатынас жасайды », деп өзінің пікірін айқын білдірген. Отбасы мүшелері өздерінің бос уақыттарын телебағдарламалар мен видеофильмдерді көруге, сондай ақ компьютер арқылы түрлі ойындарды ойнауға арнайды.

Бастауыш сынып оқушыларын қарым-қатынас жасау үдерісін меңгерту үшін қандай тапсырмаларды шешуді үйренуі тиіс? Психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде тапсырма деп нені түсіндіреді? Бастауыш сынып оқушыларының қарым-қатынас жасау біліктілігін дамытуда қатысымдық тапсырмалардың ролі қандай? Оқыту үдерісінде қатысымдық тапсырмаларды қолданудың мүмкіндіктері, қағидалары мен оны өңдеу тәсілдері нені білдіреді? деген бірізді заңды сауалдарға жауап іздеуді талап етеді.

Оқу әрекетінің негізгі құрылымдық элементтері болып оқу тапсырмалары, сол сияқты белгілі қарама- қайшылықтан шығу, таныс ұғымдар мен тәсілдердің пайда болған кемшілігін іздеу мәселесі ретінде көрінеді. Біз зерттеу жұмысымызда Д.Б. Элконин ұсынған оқу әрекеті тұжырымдамасын қамту барысында, практикалық тапсырмалар мен оқу тапсырмаларын бөліп қарастырамыз. Практикалық тапсырманың ерекшелігі, оны шешу кезінде кейбір пәндерді үйренуде оған өзгеріс енгізу үшін, субъектінің әрекеті оның әрекетінің объектісі болып табылады. Мұндай шешімнің нәтижесі объектіге кейбір өзгеріс енгізуінен көрінеді. Сол секілді оқу тапсырмаларын шешуде оқушылар өз әрекеттері арқылы объектілерге немесе олар жайлы түсінікке өзгеріс енгізіп, оны қайта жасау нәтижесінде – әрекет етуші субъектінің өзіндік өзгерісінен көрінеді. Оқу тапсырмасын субъектіде алдын- ала тапсырылған өзгерістер болғанда ғана шешілді деп есептеуге болады. Бұл мәліметті схема түрінде былайша бейнелеуге болады:
Практикалық тапсырма - шешім - объектідегі өзгеріс
Оқу тапсырмасы - шешім - субъектідегі өзгеріс

Схема 1. Практикалық және оқу тапсырмасының шешімінің нәтижесі

Субъектінің пәндік әрекетіндегі өзгеріс үдерістен бөлек, субъектінің өзінде ешқандай өзгерістің болуы мүмкін емес дегенді назарға ала отырып, оқыту әрекеті – бұл пәнге өзгеріс әкелетін, міндетті пәндік әрекет деген нақты қорытындыны жасауымызға болады. Дегенмен оның пән бойынша жүзеге асыратын мақсаты мен нәтижесі өзгеріс емес, алдын ала тапсырылған субъектінің өзіндегі өзгерісті білдіреді.

Т.В. Уракова бастауыш сынып оқушыларының қатысымдық белсенділігінің динамикалық қалыптасуын білдіретін қатысымдық тапсырмалардың төрт түрін бөліп көрсетеді:

1) Коммуникативті – орындаушылық тапсырмалар (бағдарлау кезеңі) – бастауыш сынып оқушыларының бірлескен әрекеті барысында тұлғааралық байланыстарында қажеттіліктерін ретке келтіру. Қатысымдық тапсырмаларды шешу бірлескен әрекет басында педагогтың толық түсіндірмесі, содан кейін оны орындауда бірнеше рет қайталау барысында этикалық ережелер мен тәртіпті анық орындаумен негізделеді.

2) Коммуникативті-репродуктивті тапсырмалар (ізденушілік кезең) – бастауыш сынып оқушыларының серіктесімен бірлескен әрекетінде конструктивті қатынасын ретке келтіруге деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған. Тапсырманы шешу қатысушылардың бірлескен әрекетінде тұлғааралық қарым-қатынастың барлық жинақталған ережелерін, алғашқыда тікелей мұғалімнің жетекшілігімен, содан кейін өз бетінше қайта жасауына негізделеді.

3) Коммуникативті – жаттықтырылған тапсырма- лар – бастауыш сынып оқушыларының әрекет үдерісінде қарым-қатынас субъектісі ретінде өзіндік көзқарасын дәлелдеуге бағытталған. Тапсырманы шешу бастауыш сынып оқушыларының өз әрекеттерін басқа қатысушылармен бірлескен әрекет талаптарымен бірге келісуге талпынысын педагог тарапынан жағдай жасауға негізделеді.

4) Коммуникативті шығармашылық тапсырмалар (интегралданған кезек) – бастауыш сынып оқушыларының бірлескен әрекет нәтижелеріне қол жеткізуде өзіндік көзқарасына талдау жасау қажеттілігіне бағытталған. Тапсырманы шешу барысында тұлғаның қатысымдық белсенділігі құрылымында рефлексивті компоненттің пайда болуына себепші болады.

Қатысымдық тапсырма бастауыш сынып оқушыларының қатысымдық біліктіліктерін қа лыптастырудың педагогикалық құралы ретінде қарастырылуы мүмкін, оның тағайындалуын былайша негіздеуге болады:
- ықыластың қайнар көзіне қызмет етеді;
- коммуниткативтік әрекетке ынталандыру;
- оқушылардың қатысымдық тәжірибесін жетілдіру мен танымдық белсенділігін және соңында олардың қатысымдық құзыреттілігін қарым-қатынас жасай білу біліктілігін мақсатқа бағытталған дамуы негізінде қамтамасыз ету.

Сонымен жоғарыда айтылған пікірлерге талдау жасай келе біздер мынадай қорытындыға келеміз: бастауыш сынып оқушыларын оқытуда қатысымдық тапсырмалардың ролі баланың тұлғалық дамуының ішкі қайнар көзі ретінде қызмет етеді, сондай ақ, оқу әрекеті барысында тұлғааралық қарым-қатынасы мен өзара әрекеттеріндегі оның қажеттілігін қанағаттандырады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасында білімді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2016 ж.

2. Дж. Хэтти. ҚР мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Астана, 2015 ж.

3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 ж.

4. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016 ж.

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no