электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Ұлттық құндылықтар негізінде оқыту

№ 8 (169) октябрь 2017г.

ТОЙЫМБЕКОВА Ж. Б., Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ Қарағанды қ.


Білім алушылардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіруде тілді дамытудың маңызы зор. Тілді дамыту барысында қазақ тілі сабағында мәтінмен, әдебиет сабағында көркем шығармамен жұмыс жасау білім алушының өздігінен жұмыс істей алу қабілетін арттыратыны белгілі. Бұл іс-қимылды сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта жүзеге асыруға болады. Олай болса, бүгінде мектеп пен өзге де білім беру жүйелерінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге қабілетті, ғылым мен тәжірибе жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу. «Мектепке бірінші керегі – мұғалім, екінші – оқыту ісіне керек құралдар, үшінші – бағдарлама және оқулықтар керек» – деп, педагог-ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқандай, оқыту мен оқудың сапасы жоғарыда айтылған үш қажеттілікке байланысты. Әсіресе, мұғалім бағдарламаны, оқыту құралдарын, оқулықтарды және әдіс-тәсілдерді пайдаланып, жас жеткіншекті тиімді әрі сапалы білімге жетелеуі қажет.

Шәкәрімнің шығармашылық жолы – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр арасында қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ғалым этнограф Ш. Уәлихановтың, балалар әдебиетінің атасы, педагог Ы. Алтынсариннің, хакім Абайдың көзқарастарын, шығармаларының идеялық тақырыптарын С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Торайғыров, тағы басқа қазақ зиялыларының еңбектерімен байланыстырған «рухани алтын діңгек» [1]. Дала ойшылының өнегелі өсиетке толы әдеби мұрасын оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану – әр мұғалімнің алдындағы жауапты міндеттердің бірі. Демек, ақынның ұлағатты ойлары, халқының жарқын болашағына арнаған азаматтық үні – бүгінгі саналы да салауатты ұрпақ, өзіміз дәріс беріп отырған «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-на кәсіби біліктілігін арттыруға келген мамандардың оқыту мен оқу тәжірибесіне енгізіліп, жас ұрпақтың болашағы үшін пайдаланылса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Абай мектебінен тағылым алып, ізгіліктің негізін салған Шәкәрім мұрасы – рухани байлықтың бастауы [4]. Бай қазынамызды қастерлеп, оны келер ұрпақтың еншісі етудің ыңғайлы кезеңінде оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін оқу үдерісіне енгізуіміз керек. Олай болса, жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлға қалыптастыруда негіз бола алатын технология – жаңашыл ұстаз Қ. Бітібаеваның іс-тәжірибесі негізінде құрастырылған әдебиетті оқытудың инновациялық технологиясы. Ұстаз сөзімен айтсақ: «Технология – диагностиканы басшылыққа ала отырып, жеке тұлғаға бағытталған мақсатты, сапалы оқу әрекетін ұйымдастыру...» Педагогтың эвристикалық жобалау технологиясын пайдалану кезінде білім дайын күйінде берілмейді, білім алушыға іздену, бақылау, ой елегінен өткізу жолымен алуға бағытталады. Сөзіміз дәлелді болу үшін аталған модельдің үлгісін ұсынайық: жаңа тақырып бойынша алдын-ала тапсырмалар жүйесі; тапсырмалар негізінде сұхбат, әңгіме, пікірлесу; мұғалім түсініктемесі; қосымша материалдар, ғылыми еңбектер; оқулықпен жұмыс; жинақтау, қорытындылау. Бұл әдістеменің әрқайсысы білім алушылардың ізденісін, шығармашылық қабілетін дамытуға, жазу мәдениетін жетілдіруге негіз болады [3].

Көркем шығарманы оқытуда сыни тұрғыдан ойлау дағдысы мен сөйлеу тілін дамыту, қабылдау, ес, қиялды жетілдіру сынды психологиялық үдерістер Шәкәрім шығармаларын меңгерту барысында да қалыптастырылатыны мақалада нақты мысалдармен көрсетілді. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолы мен шығармашылығын өтуде «Шәкәрім әлемі сыр шертеді» модулі бойынша кіріспе-лекция сабағын өткізуге болады. Сабақ барысында білім алушы модульмен танысады, мақсаттар жүйесін айқындап, қандай тапсырмалар орындау қажеттігіне алдын-ала ұсынылатын технологиялық сызба- модель бойынша бағыт-бағдар алады. Қабылдау жүзеге асуы үшін қажет қасиеттердің бірі – зейін. Зейіннің барлық табиғаты оның талғампаздығында, берілген мәліметті игеруде саналы не санасыз түрде әрекет ету. Зейін – сананың жеке тұлғаның белгілі бір нысанға назар аударған уақыттағы бағыт-бағдары, назар аударуы. Білім алушының зейінін дамыту үшін сабақта басынан аяғына дейін Шәкәрім шығармаларына қатысты деректер, түрлі тапсырмалар арқылы ұстап отыру керек. Сабақта ақын өмірбаянына, шығармашылығына қатысты тың, жаңа мәліметтер мұғалім-білім алушы тарапынан өзара талқыланса, соғұрлым балалардың сабаққа деген қызығушылығы арта түсері сөзсіз. Әрі зейіндері жетіліп, дамып отырады. Мысалы, «Адамдық борышың» өлеңіне ассоциация құру туралы тапсырма берілсе, білім алушылардың логикалық ойлауы қалыптасады, зейіні тұрақтайды, сезімі оянады, арманын ұштайды, өзін-өзі тануға жол ашады. Сөйтіп білім алушы бойында психологиялық сана қалыптасып, өзіндік тұжырым жасауға дағдыланады. Нәтижесінде ассоциация құру арқылы білім алушы қабылдаған білім нәтижесі төмендегідей қорытындыланады:

Бүгінгі таңда оқытудың мақсаты – білімді, өмір сүруге бейім, ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Демек, өзіміз сөз етіп отырған Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығының да білім алушы дүниетанымын кеңейтуде алатын орны ерекше десе де болады. Дүниеге көзқарасы Абай ықпалымен қалыптасқан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы» жинағы мен «Үш анық» атты философиялық трактатындағы адамгершілік хақындағы ойлары болашаққа ұмтылған жаңа буын өкілдерінің көзқарасын тың бір арнаға салуда. Сондықтан ұлылар үндестігін сабақтастыра оқыту әрбір білім алушының жан-дүниесін ізгілендіре түсері анық [5].

Шәкәрім – Абайдың қазақ өлеңінің дәстүрлі үлгілерін дамыту бағытындағы жаңашылдық жолын одан әрі жалғастырып, оған өзіндік сөз кестесін қосқан ақын екендігіне зерттеу, іздендіру тапсырмалары бойынша білім алушылармен жүргізілген жұмыс түрлері де дәлел бола алады.

Әдебиет – сөз сабағы, көбінесе, сөздік әдістер арқылы білім беретін пән болғандықтан, даналық ойдың маржанын түсініп, дұрыс ұғынып, талдау үшін әр білім алушы санамен саралап, түйсігімен топшылауы қажет [2]. Осы орайда сөздің ажарлысын, келістісін тізе білген ақын Шәкәрім өлеңдеріне жасалған поэтикалық талдау үлгісін ұсынуға болады.

Бұл – білім алушының әдеби-теориялық білімін жетілдіруге, шыңдауға жәрдемдесетін әрекет түрі.

Жалаң дидактика білім алушыны әдебиетке қызықтыра алмайтыны ақиқат, яғни көркем мәтінді оқушыларға меңгертудің бірден-бір жолы – образдар мен тіл өрнектерін тұтас талдау. Тыңдаушысына ой салып, бағыт беретін Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мақтау мен сөгіс» өлеңінде:
Дос мақтайды сені жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік,
Жол тап-тағы, ақылды солай айда, -
деген жолдар ақынның ойы мен сезімін көрсете отырып, мақтау мен сөгіс жайлы екі түрлі ұғымнан жол табуға үндейді. Лирикалық шығармадағы осындай идеал-мақсат арқылы оқушы бойына жақсы мен жаманды танытып, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыруға болады [6]. Өлеңді оқыту барысында білім алушылардың ой белсенділігін дамыту үшін төмендегідей сұрақтар беріледі:
1. «Мақтау мен сөгіс» өлеңін жазуда Шәкәрім Құдайбердіұлының алға қойған мақсаты қандай?
2. Мақтау мен сөгіс алу сенің өміріңде маңызды орын ала ма?
3. Адамдық қасиет, адам болу идеясының мәні неде деп ойлайсыңдар?

Өлең мәтіні мен білім алушылардың ішкі сезімі, ойы сәйкестендіру қағидасы негізінде талданғаннан кейін, білім алушы қиялына қанат бітіріп, шарықтату мақсатында салыстыру кестесін пайдаланған тиімді.

Ақынның лирикаларын түйсініп, идеялық көркемдік ерекшелігін таныған оқушылар конструкциялық жобалау технологиясына арқа сүйеп, мынадай қорытынды кесте-модель жасайды. Ең бастысы – тиянақты алған білімдерін жеке, жұптық, топтық жұмыстар негізінде белгілі бір мақсатқа жүйелейді, бағыттайды әрі зерттеу еңбектерімен жұмыс жасауға, ғылыми сипаттағы мақала жазуға деген ұмтылыс пайда болады. Нәтижесінде білім алушының жазу мәдениеті қалыптасады.

Шәкәрімнің лирикалары – бір халық, бір адам емес бүкіл адамзатқа ой тастар, ортақ асыл қазына. Соны түйсінген, ұғынған әрбір білім алушы ақын шығармашылығы туралы қанатты ойларды негізге алып, өзбетіндік талдау-жинақтау, баға беру дәрежесіне жетеді әрі бұл іс-әрекеттер білім алушылардың таным белсенділігін арттырады.

Өзіндік ой-пікір айта білуге, сындарлы ойлауға жетелейтін әдебиет сабақтарында жоғарыда өзіміз сөз еткен жазу әдісінің, жобалау технологиясының өзіндік артықшылығы бар. Ол білім алушының ойын айқын, ашық жазып, тереңірек пайымдауға, көркем туындыны өнер туындысы деп қабылдап, әдеби шығармаларды талдау жолдарын меңгеруге бейімдейді.

Педагог-жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» дегендей, сабақты өткізуде әр пән мұғалімі сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтиже анық болу керек; тілдік төрт дағдыны (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) дамытды; белсенді оқыту түрлерін қолдану арқылы оқушы уәжін арттыруды; мұғалім мен білім алушы арасындағы кері байланыс орнатуды; оқу жетістігін критериалды жүйе арқылы бағалауды да ескеруі қажет. Нәтижесінде білім алушылар өзара ынтымақтастықта жұппен, топпен жұмыс істеуге; өз ойларын еркін жеткізуге; өзін-өзі және серіктестерін бағалауды жүзеге асыруға; бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға, сабақты қорытындылауға, қорғауға; оқытудың белсенді әдістерінің пән мазмұнына еніп, алынған білімнің негізінде еркін бағдарлай білуге дағдыланады.

Қорыта келе, «Сусыз егін не шықсын, суғар, шыда азапқа, Дәмін алып, ел ұқсын, сонда ұмтылар тамаққа» – деп, Шәкәрім Құдайбердіұлы өзі айтқандай, шығармаларын осындай тірек талдау сызбалары арқылы ұғындыру оқушыларды ақынға рухани жақындатып, көркем сөздің құдіретін түсінуге баулиды [6]. Ұлттық құндылықтарымызды игере отырып, бағалай білуге жетелейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Акманова Г.Р. Орта мектепте Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларын оқыту әдістемесі (автореферат). Қазақстан Республикасы. – Алматы, 2010ж.

2. Әбдіғазиев Б. Абай дәстүрі және Шәкәрім. «Асыл арна». – Алматы, 1992 ж.

3. Бітібаева Қ. Әдебиетті тереңдетіп оқыту. – Алматы: «Мектеп», 2003 ж.

4. Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. – Алматы: «Жазушы», 1989 ж.

5. Сатбаева Ш. Ш. Құдайбердиев. – Алматы, 1993 ж.

6. Шәкәрім. Қазақ айнасы. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: «Ата мұра», 2003 ж.

 

 

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no