электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Педагогтардың кәсіби құзіреттілігінің негізі – ғылыми әдістемелік жұмыс

№ 4 (165) апрель 2017г.

СТАНБЕКОВА А.С., Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Көктал орта мектебі директордың әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары


Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдардағы арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда білім алушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің таратылғанын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.

Бұл мамандар дайындаудың жаңа әдіс тәсілдерін іздестіру мен жүзеге асырылуы талап етіледі, оның мазмұны үнемі өзгеріске ұшырайтын әлеуметтік экономикалық жағдайда тиімді әрекет етуге дайын болатын, шығармашыл, кәсіби ұшқыр, өзін өзі дамытуға және жетілдіруге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Сол себептен де бүгінгі заманғы қоғамда адамнан тек кәсіби білімді болуын талап етіп қана қоймай, жоғарғы деңгейдегі мәдениет, ғылым мен техниканың түрлі салаларында терең мамандануын ғана емес қоғамда өмір сүріп тіршілік ете білуді талап етеді.

Осындай талаптарды кәсіби тұрғыда мамандарға акмеология қояды. Ол ересек адамның жекелік дамуының толық болуын, оның азамат, маман ретінде барынша жоғары деңгейге жетуінің жолдарын зерттейді. Акмеологиялық әдіс-тәсілдер мәселелерін зерттеуге көптеген ғылымдар өз жұмыстарын арнады. Осы бағыттағы жүргізілген зерттеу жұмыстарының барысында кәсібилікке қол жеткізу, мемлекеттік қызметкерлердің гуманитарлық – технологиялық дамуы, оқытушының іс-әрекеті, бейімдеу мектебінің мұғалімдері, акмеология: білім берудің жаңа сапасы, мұғалімнің кәсіби құзырлығын дамыту сияқты негізгі мәселелер анықталған.

Мұғалімдердің кәсіби құзіреттіліктерінің қалыптасуын анықтауда А.К. Макарованың «кәсіби құзіреттілік – бұл педагогикалық іс-әрекет іске асырылатын, мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізген еңбегі»- деген пікіріне сүйенуге болады. Мектепте оқу пәні мұғалімнің педагогикалық кәсіби біліктілігін көтеруі тек кәсіптік құзіреттілікті арттырудың шарты болып қана қоймай, ол сонымен бірге өзін-өзі жетілдірудің алғы шарты болуы қажет.

Ғалым, академик Ш.А. Амонашвили мұғалімнің кәсіби қызметі мен рөліне ерекше назар аударған. «Мұғалімге елдің болашағын қалыптастыруда ең басты рөл берілген» – деп айтқан болатын.

«Барлық мамандықтың ішінде мұғалім мамандығы ең ардақты, ең қиын және ең маңызды» мамандық деп мұғалім мамандығының тұғырын биіктете көрсеткен.

Бұл жөнінде сондай-ақ ғалым, академик Д.С. Лихачев «Жақсы тәлім-тәрбиені мектепте немесе жанұядан ғана алмайды, адам өзін – өзі де тәрбиелей алады. Тек нағыз тәрбиелік деген не екенін біліп алу қажет. Тәрбиелі адам – бұл басқа адамдардың пікірімен санасқысы келетін және санаса алатын, өзінің инабаттылығы өзіне ұнайтын, дағдыға айналдырған адам. Бұл үлкендермен де, жасы кішілермен де, мәртебесі төмендермен де бірдей сыпайы адам», – деп есептейді».

Мұғалім мамандығының тұлғалық сапасы оның кәсібилігінен алшақтанбайды. Кәсіби дайындық процессінде білім, дағды, ойлау қабілеті, іс-әрекет әдістерін арнайы алуымен байланысты жүре пайда болған құзіреттіліктерді де есепке алады. Оның ішінде: пәнді оқыту, пәнді оқыту әдістемесі, психологиялық дайындық кең көлемді мәдени таным, педагогикалық шеңберлікті меңгеру, педагогикалық техниканы игеру, қарымөқатынас технологиясын, шешендік өнер және басқа да қасиеттерді меңгеру керек.

Өзінің кәсіби еңбегіне деген сүйіспеншілік сапасын меңгеруде мұғалім келесідей ұстанымдарды басшылыққа алуы керек:
- өз-өзіне сенім – бұл өмірдің негізі;
- педагогтың әсері саналы стратегиялық мақсатқа бағынуы тиіс;
- кәсіби рефлексия, өзін-өзі тану және өзін-өзі дамытуға қабілеті;
- балалардың өзін-өзі көрсетулерінің алуан түрлілігіне дене және сөз реакцияларының вареативтілігімен жауап беру қабілеті;
- психологиялық-педагогикалық білімдерді меңгеруді, оқушылардың жеке ерекшіліктерін ескеру;
- жарқындылық және балалармен қарым-қатынас жасаудың табиғи дарыны, жан жүрегімен қызмет етуге дайындылығы.

Осындай педагогикалық қабілеттіліктер әр педагогтың тұлғалық әлеуеті мен мүмкіндіктеріне сай қалыптасып, кәсіптік іс-әрекет барысында өзін-өзі жетілдіру жолдарын анықтайды. Сондықтан әр мұғалімнің бейімі мен икеміне қарай қалыптасатын педагогикалық қабілеттіліктерді философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік аспектілер тұрғысынан қарастыру мұғалім бойында қалыптасатын кәсіби құзіреттіліктерді жетілдіруге ықпал етеді.

Педагог – тәрбие беру басымдылықтарының негізгі жолсерігі. Тәрбие өрдісінің ақырғы нәтижесінде мұғалімнің кәсіби-тұрғылық қасиеттеріне байланысты.

Әрбір педагог өзінің оқушыларының қандай болғанын тілесе, өзіде сондай болуы тиіс. Бұл кәсіби іс-әрекетте құзіретті әдісті іске асыруға мүмкіндік береді.

Мұғалім – бұл ақылдың шектеулігін жоятын сонымен жер бетіндегі тыныштыққа ықпал ететін және өзіңді-өзің ұстай білуге үйрететін адам.

Егер оқушы өзін жаман ұстаса, онда бір адамның мінезі жапа шегеді, ал егер оқушы өзін дұрыс ұстамаса, көптеген оқушының мінезіне зиян келеді.

Егер мұғалім өз ісіне берілген және таза болса, онда оның мыңдаған оқушысы жақсара түседі, және де еліміз мінезі жетілген білімді ұл-қыздарға ие болады.

Сондықтан мұғалімге басты екі қасиет қажет: қарапайымдылық, өз кемшіліктерін ұғыну үшін, және де кемелденуге деген тілек.

Қазіргі күні мұғалімнің жоғары тұлғалық беделін – оқыту және тәрбие нәтижесінде өзінің елінің тағдырын, өзінің әрбір тәрбиеленушінің тағдырын жауапкершілікпен түсінетін бірден бір маңызды тұлға деп есептейміз.

Жаһандық білім беруде мұғалім тұлғасы – бұл әлемдік тәжірибені құраушы және мәдениетті таратушы тұлға. Әлемдік стандарт бойынша заманауи ұстаз – бұл жекелеген шаруашылық, шынайы проблемалы –педагогикалық және сыни ойлауды меңгерген, рефлексия және мақсатқа бағытталған диагностикалық негізде нақты педагогикалық жағдайлардағы оқытудың жаңа технологиялары мен әлемдік озық тәжірибелерді жүзеге асыратын көп вариантты бағдарламаларды құрушы.

Ал, қазіргі біздің көзқарасымыз бойынша бүгінгі мұғалім – бұл ұйымдастырушы, ақпарат беруші, кеңес беруші, серіктес, интерприататор, фасилитатор, әңгімелесуші, шебер, суретші, артист, шешен, дирижер. Осы көрсетілген қасиеттер бүгінгі мұғалімнің тұлғалық күші болып табылады.

Мұғалімді шығармашылыққа ынталандыратын факторлардың бастысы – өзі оқытатын пәніне деген шығармашылық көзқарас, пәндік материалдың дамытушылық және тәрбиелік мүмкіндіктерін көре білу. Егер тәжірибе ғылыми біліммен нәрлендірілсе, оның жаңашылдық деңгейі де жоғары болады, демек шығармашылық әлеуетті дамыту мүмкіндігі басым деген сөз. Ғылыми шығармашылық зерттеу, эксперимент барысында мұғалімде жаңа теорияларда қалыптастыруда, оларды ғылыммен құнарландыруда, әрекетті жобалауда және рефлексиялауға деген қажеттілікте пайда болады.

Шығармашылық – жаңаны жасаудағы процесс, креативтілік – адамның ішкі ресурсы, әлеуеті. Креативтілік – адамның шапшаң, нақты ойлау, жоғары қызығушылықтарға негізделген бай қиял және проблеманы жылдам түсіну қабілетімен танылады. Креативтіліктің негізгі шартының бірі – адамның өзін-өзі ұстауы мен өзіне деген сенімділігі. Креативтілік тек қана ойлау операцияларының сапасы мен ғана емес, тұлғалық сипаты мен шығармашылық кезеңдеріне қажетті білім, білік дағдыны меңгеру деңгейімен ерекшеленеді.

Мамандардың жоғары кәсібилігі және шығармашылық шеберлігі – ғаламдық дағдарыстық мәселелердің тиімді шешімінің факторы болып анықталатын адами ресурстардың ең маңыздысы. Осы әлеуметтік мәдени мән – мәтінді мұғалімнің шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік әрекетін кәсіби тұрғыда дамытуда акмеологиялық ғылымы ерекше маңызға ие болады. Осы ғылым кәсіби іс-әрекет түрлерінің жүзеге асуының акме- формалары ретінде кәсібилік пен шығармашылық дамудың заңдылықтарын және технологияларын зерттейді.

Бүгінгі күні мұғалімдердің шығармашылық ісәрекетін кәсіби тұрғыда жүзеге асырылып отыруға ісшаралар ауқымы арта түседі. Мектеп мұғалімдері пәндік әдістемелік бірлестіктер негізінде жекелеген ғылыми зерттеу тақырыптары аясында шығармашылық жұмыстармен айналысуда.

Әдістемелік жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
- Ізденіс жұмысына, ғылыми – зерттеу іс-әрекетіне оны белсендендіру және педагогтар ұжымы мүшелерінің шығармашылығы мен ықыласын ынталандыру;
- Оқу – тәрбие үрдісінде қазіргі әдістердің түрлері мен формаларын, амалдар мен жаңа технологияларды қолдану;
- Педагогтар ұжымы жұмысындағы артық күш пен қиыншылықтарды , кемшіліктерді ескерту және көрсету.

Әдістемелік жұмыстың өзекті мәселесі: Ұстаздың кәсіптік шеберлігін көтеру, инновациялық қызметін ұйымдастыру, шығармашылық қызметті қалыптастыра отырып дамыту.

Әдістемелік жұмысты ұйымдастыру қағидалары:
- Мұғалімдердің біліктілігін арттыруда ең бастысы әдістемелік жұмыстың бағыттылығы;
- Теория мен практиканың бірлігі;
- ӘЖ шапшаңдығы, икемдігі, жеделдігі;
- ӘЖ ұжымдық сипаты;

Мұғалімдердің шығармашылық ізденісіне, ӘЖ тиімділігі үшін қолайлы жағдай туғызу.

Педагог мамандардың бірлестіктер бойынша жоғары және І санатты мұғалімдердің сапалық құрамы.

Мұғалім өзі шығармашылықпен тұрақты айналысқанда ғана дәуір көшінің өзгерісіне ілесе алатыны сөзсіз. «Өзі шығарма жаза алмайтын мұғалім жағада тұрып, жүзуді үйреткен су жаттықтырушысына тең». Ұлы адамның осы сөзі – мұғалімнің қазығы, бағыты болуы қажет.

Сол себептен де мұғалімнің кәсіби өсуі барысында маңызды көрсеткіштердің бірі ұстаздың шығармашылық әлеуеті болып табылады. Ұстаздың жазған пікірі, мақал, озық әдістері баспасөз бетіне жарияланып тұруы шығармашылық пен, жұмыс істеуінің, оқушымен бірлесе табысқа жетуіне ықпал етеді. Осы бағытта «Көктал» орта мектебі мұғалімдерінің білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге, оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын жандандыруда жеткен жетістіктері өте жоғары.

2009-2014 жылдар аралығында мектеп ұстаздары түрлі бағыттағы аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарға қатысып жоғары нәтижеге қол жеткізе білді. Атап айтатын болсақ, соңғы оқу жылының, шығармашылық зерттеу тақырыптары аясында қатысқан жұмыстары жүлделі орындарға ие болған.

2014 жылы Астана қаласында «Оқыту және дамыту» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ұлағатты Ұстаз» атты ІІІ Республикалық оқытушылар конкурсында ұжымның 3 мұғалімі І-ІІ жүлделі орынды иеленді. Олар: Ускенбаев М.Р., Ускенбаева А.Т., Абдикеримова Н.Ж.

Сондай-ақ «Менің инновациялық сабағым» атты І Халықаралық оқытушылар сайысында да мектеп мұғалімдері қатысып, І-ІІ дәрежелі орынды иеленді. Олар: Рапильбекова Г.Д. – І орын, Арғынбаева Ф.Р. – І орын, Жотабаева Г.М. – ІІ орын, Станбекова А.С. – ІІ орын.

Осы орайда мектеп ұжымындағы шығармашыл ұстаздардың ғылыми –зерттеу жұмысы бұл іс-шаралармен тоқталмақ емес. Мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық көлемде атқарылатын іс-шаралардан да енжар қалып қойған емес. Аудандық, облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми – практикалық семинар, конференция жұмыстарына қатысып, оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларына жетекшілік жасап, жүлделі орындарды еншілеп жүр.

Бұл атқарылып жатқан іс-шаралар мектеп мұғалімдерінің қажырлы еңбектері мен шығармашылық жұмыстарының жемісі. Оны келесі диаграммадан көруге болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс деп атап өткендей қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде оқушыларға қажетті білімді игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін талай іздеу әрбір ұстаздың міндеті. Білімнің негізін қалайтын – мектеп. Мұғалім ең қастерлі де қасиетті мамандық иесі. «Мен үшін жақсы мұғалім бәріненде қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі», – демей ме кемеңгер ағартушымыз Ыбырай Алтынсарин. Біздің мектебімізде оқып білім алып жатқан оқушылар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Осы ұрпақты тәрбиелеу, болашақты тәрбиелеу деген сөз. Бұл істі атқару ұстаздардың еншісіне тиген екен. Бүгін де білім беру саласында түбірлі өзгерістер жасалуда. Яғни, педагог ұстаздар қазіргі жаңа технологияларды меңгеріп, күнделікті сабағында тиімді қолдана білуі тиіс. Осындай мақсаттары мен армандарын тоғыстыра жүрген ұстаздар оқу-тәрбие үрдісін жаңаша ұйымдастырып, жаңа заман ағымына қарай бейімделе алса нағыз бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелеуге болады.

Білімнің қайнар бұлағы мектепте десек мектепті дамыту үшін жаңа ұғым, жаңа әдіс-тәсілдер, жаңа көзқарас қажеттілігі – бүгінгі күн талабы екендігі айқын. Басты міндет – жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету, баланың, қоғамның, мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыру. Оқу – тәрбие үрдісін жаңаша ұйымдастырғанда ғана, жаңа технологияларды тиімді пайдалану әдіс – тәсілдерін меңгерген де ғана жаңа заманның жаңаша ойлайтын азаматты тәрбиелеуге болады. Оқытудың технологиясы білім берудің теориялық және қызметтік негізін қалыптастыруды, білімді еңбекпен ұштастырып, іс-әрекеттің сапалығын дамытады, мақсатты өмір сүруге ұмтылуға әсер етеді. Оны жүзеге асыруда мұғалім шығармашылығы мен құзіреттілігінің мәні зор.

 

 

 
 

Теория и практика


 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10