электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Көптілділік – білім берудің жаңа бағыты

№ 4 (165) апрель 2017г.

ЕСЕТОВА Қ.З., ТЕМІРБАЕВА З.Т., Лисаков қаласы әкімдігі білім бөлімінің «№ 6 орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері


Қазақ тілі неше түрлі тарихи тағдырды басынан кешті. XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары ана тілімізді дамытуға, ғылыми негіздеуге үлкен үлес қосты. 1991 жылы тәуелсіздігіміз жариялағаннан кейін қазақ тілінің даңғыл жолмен дамуына жол ашылды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып бекітілді. Әлеуметтік өркениет пен ұлттық мәдениет тоғысында, сол мәдениеттің негізгі нышаны ана тілін сақтау әрбір саналы ұлттың мақсат- мұраты. Кез келген мемлекетті – мемлекет етіп көрсететін белгілерінің бірі ұлт мұраты, ал құндылықтарды жеткізуші – оның мемлекеттік тілі. Тіл – ұлттың төлқұжаты, бет- бейнесі. Тілді білу – сыйластық пен түсіністіктің қайнар көзі, мемлекеттің негізі. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиевтің «адамның жаны бар сияқты ұлттың да жаны бар. Оның тілі мен табиғаты тығыз байланысты. Тілінен айрылған халық міндетті түрде ұлттық қасиетінен айрылады», – деген сөзі ұлттық болмыстың өзегі ана тілде жатқанын көрсетеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізді бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа жұмылдыру үшін «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауын жолдады. Ол жолдауда Н. Назарбаев «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, бабаларымыздың арманы», – деді. Сол армандардың бірі – тіліміздің мәңгі болуы еді. Себебі тіл – қай ұлттың болмасын тарихы тағдыры, қатынас құралы. Тіл болмаса адамзаттың тірлігінде мән-мағына болмайды, сондықтан мәңгілік ел болу үшін тілдің өсіп-өркендеуі, жоғалмауы аса құнды болып есептеледі. Демек, Н. Назарбаев өз жолдауында мәңгілік Ел болу үшін тілдің мәңгі болуы керек деген ойына бір ауыздан келісу қажет. Осы орайда өзіміздің ана тіліміз туралы терең ойлану әрқайсымыздың міндетті парызымыз ғой.

Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. Үштілділік – нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.

Біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсінеміз [2]. Елбасы ұсынған «үш тұғырлы тіл мәдени бағдарламасы» ел ішінде қарама- қайшы пікірталастар туғызды. Елбасы жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынастар тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіргізу тілі » делінген. Бұл экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел үшін көкейтесті мәселе. Елбасы «Қазақ тілін үйрету мектепке дейінгі білім беру жүйесінде орын алу керек» деп ескертіп отыр. Ақыл, өнеге, білім балаға бірінші ана сүтімен дару керек. Ана сүтімен кіретін екінші, үшінші тілдер қосымша білім, қосымша мағлұмат. Атамыз қазақ «жеті жұрттың тілін біл», «жігітке жеті өнер де аз» демейтін бе еді?!

Үш тұғырдың орыс тілін қазақ халқының жаппай еркін меңгеруі – біздің байлығымыз. Ғылымның, білімнің тілі, достықтың тілі ретнде орыс тілінің қадыр қасиеті бөлекше. Ұлы Абай: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да- бәрі де орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады», – деген сөзі еш маңызын жойған жоқ. Ал бейресми түрде әлемдік тіл болып отырған ағылшын тілін меңгеру- өркениетке ілесуді, бәсекеге қабілетті болуды ойлайтын әрбір жастың міндеті десек артық емес.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Үштілділікті үрейлі кейіпте елестететін кейбір ағаларымыз «мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын» [5] жасырмайды. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Мәселен, М. Әуезовтың «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік? Ағылшын тілі – әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек. Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандырутілі болып танылған ағылшын тілін білу – ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны – аталған үштілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн. Әрине, әр көтерілген мәселенің оң және теріс жағы болады, әр тұлғаның өзіндік жеке пікірі болады, бірақ анау айтты, мынау айтты деген негізсіз, дәлелсіз күдіктен арылып, бой көтеріп отырған мәселенің маңыздылығының қаншалықты қажет дәрежеде екенін айқындап, нақты зерттеп алғанымыз жөн сияқты.

Тіл арқылы өзге елдің мәдениетін, тарихын білуге болады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз жолдауында Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру стратегиясын ұсынған болатын. Онда осы міндеттерді шешуге жәрдемдесетін дамытудың жеті басым бағыты анықталған. Елбасы: «Бұл шешуші басымдықтардың бірі – осы заманғы білім мен озық ғылымды дамыту болып табылады», – деп нақты көрсеткен. Халық үшін тілдің мәні әрқашан да зор. Халықтың барлық рухани байлығы тіл арқылы көрінеді. Сонымен қатар, тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді.

Сондықтан да өзге ұлттар арасында өмір сүріп жатқан адам ең алдымен, сол ұлттың тілін жақсы меңгеруі керек. Бұл әрекетімен ол сол ұлтқа деген құрметін көрсетеді. Елімізде тұрып жатқан әрбір адам қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Оның ең бірінші себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Барлық құжаттар қазақ тілінде жүргізіледі. Келешекте қазақ тілін білмейтін адамға оқу да, жұмысқа орналасу да қиын болады. Әрине, тіл үйренуде мектептің де ықпалы зор.

Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы. Адамның ойын жарыққа шығаратын – тіл. Ал тіл адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға мирас болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал.

Тілдердің үш тұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кіруге тілі. Қазақстанның қазіргі кезеңдегі қарқынды даму жолындағы елді демократияландыру, әлеуметтік өркендеу саласындағы талпыныстары білім беру жүйесін жаңаша өркендетіп оқыту, тәрбие үрдісін жетілдіруді талап етіп отыр. Егемендік алған еліміздің жаңа даму кезеңінде, оның дүниежүзілік аренаға шығып, басқа елдермен саяси-экономикалық, мәдени қатынастарды қалыптастыруы, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, әр түрлі дипломатиялық қызмет атқаруы шетел тілінің ролін көтеруді қажет етеді. Қоғамдағы геополитикалық, коммуникациялық, технологиялық өзгерістер және интернет жүйесі арқылы тілдесу әр түрлі мамандықтағы, әр түрлі жастағы, әр түрлі қалауы, қызығушылығы бар адамдардың санын мейлінше көбейте түсуде. Осыған байланысты шетел тілдерін пайдалану қажеттілігі де артып келеді. Тіл – тек қатынас құралы емес, тілін үйреніп жүрген елдің рухани байлығын меңгеруде деүлкен рөл атқарады. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрдық. Бұл қарым-қатынастың нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендеуге тіл білудің мәні күн сайын арта түсуде. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қазақстанда білім саласында қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқу тілі ретінде де қолданылады. Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып, сондай-ақ жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлініп жатқаны жасырын емес. Сондықтан да жастарымыздың болашағы үшін әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер ашылып, «Болашақ» бағдарламасының негізінде олардың шетелге шығып білім алуына жан-жақты жол ашылған. Үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның еліміз үшін болашақтағы алары да, берері де мол. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» [2, 51].

Осынау мүмкіндіктерді игеру мақсатында бүгінгі білім ордалары үштілділікті енгізудің, оны тиімді жүргізудің тың жолдарынан ізденіс табуда. Тілдерді оқыту және оны насихаттау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда оқушыларға компьютермен, интернетпен, интербелсенді тақтамен сабақ өткізу толығымен жолға қойылып отыр. Көптеген мұғалімдер осы уақытқа дейін техникалық құралдармен сабақ өтіп, оның қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді. Компьютермен сабақ өткізу арқылы оның қолданылуын үйрене отырып телесабақтарды тың, жаңа деңгейде өткізуге, оқытушы мен оқушының қарым-қатынасының педагогикалық және методикалық тұрғыдан сараланып алынған алуан түрлі қызмет түрлерінің қолданылуы жүзеге асады. Компьютерді қолдану барысында өздерін қызықтыратын әр түрлі мәселелерді шешуге болады және талқылайды. Компьютермен бала жазады, оқиды, түрлі тестер орындайды. Техникалық құралдарды пайдаланудың ең тиімді жағы уақытты ұтасың, дәл, тиянақты оқу-материалдарын алдын-ала дайындап, оқушыға беріп отырсаң өзінен-өзі жасауға тырысады, қызығады, жасамай, үлгермей отырған оқушы болмайды, себебі оның алдында бәрі дайын тұр. Сонымен қатар мұғалім қазіргі мектептегі ақпараттық құралдарды жетік меңгеру, Power Point, Active Studio, Learning apps бағдарламаларымен жұмыс істеп қана қоймай үнемі интернет жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді өзінің кәсіби шеберлігіне қолдана білу, білім кеңістігін кеңейту, ашу бағытындағы өзгерістер мен әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге талпыну керек. Соңғы кезде уақыт көрсетіп отырғандай, мұғаліммен салыстырғанда оқушыда көп ақпарат болатыны кейінгі көрсетілген тәжірибелер дәлелдеп отыр. Сондықтан әрбір мұғалім өз қызметіне ақпараттық технологияны пайдалана білуі кажет. Бұл мәселе білім беруді ақпараттындырудың қажетті шартына айналып отыр. Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз. Өз істәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген іскерлік ойындары: «Полиглот», «Кім тапқыр?», «Үздік тілші», «Кел, ойланайық!», «Тілге құрмет- елге құрмет» сынды тағы басқа ойындарды өткізудің үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сөзжұмбақтар, анаграммалар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест т. б түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да оқушылар қызыға орындап, еркін аударма жұмыстарын жасауға дағдыланды. Мәселен, «Мақал-мәтелдердің үндестігі» салыстыру жұмысы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұсынылып, сыныбына орай күрделеніліп отырады. Бұл тапсырмада мақал-мәтелдерді тақырып бойынша табу, үш тілде аудармасын ұсыну, үндестігін табу. Тілді жылдам үйренгісі келетіндер оны күнделікті тұрмыста көбірек қолданулары керек. Елімізге мемлекеттік тілді меңгерген мамандар қажет. Сондықтан, барлығымызға тіл үйренудегі белсенділігімізді ісімізбен көрсететін уақыт жетті.

Қорыта айтқанда: «Білекке сенер заманда-ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік», – деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық. Қандай да бір өз мақсат – мүддесіне ұлттық мәдениетін, ұлттық ой – санасын, ұлттық дәстүрін сақтап, дамыта отырып қана әлемдік өркениетке үлесін қоса алады. Өркениет өнегесі – өз тіліңмен өмір сүру.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. аңа әлемдегі – жаңа Қазақстан». Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2007

2. «Қазақ тілін білу – әншейін бір ұран емес», Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХVІІ сессиясында сөйлеген сөзі// «Ақиқат», № 5, 2011 ж.

3. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері. – Алматы, 2008 ж.

4. Әбдуәли Т. Үштұғырлы тілден түңілмейік // «Жетісу», №31, 2008 ж.

5. Үш тілді білу – заман талабы [Электрон. ресурс]. Источник доступа: group-global.org

6. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // «Қазақ әдебиеті», № 48, 2008 ж.

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no