электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Жаңартылған бағдарлама-білім берудің жаңа мазмұны

№ 5 (166) май 2017г.

КЕНЖЕБЕКОВА Н.Ә., аға оқытушы, СҮГІРӘЛИЕВА Ә.М., оқытушы, магистр Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ақтөбе қ.


Бүгінгі күн – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне де- ген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезең. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Бұған дәлел ретінде 2016-2017 оқу жылынан бастап білім беру саласына енгізіліп кеткен білім берудің жаңа мазмұнды бағдарламасын айтар едік.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы– оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ–ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 327 қаулысына сай 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген «Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» бойынша 1-сыныпта «Жаратылыстану» пәні енгізілген. Жаратылыстану бағытында білім беру кіші мектеп жасындағыларда табиғи білім құмарлықтың дамуына, әлем жайлы ой-өрістің кеңеюіне, ғылыми ұғынудың және қоршаған әлемді тұтастай қабылдаудың дамуына, қоршаған әлемді қорғау және бағалай білу біліктіліктерінің дамуына көмектеседі. «Жаратылыстану» пәнінің мазмұны «Адам – Табиғат» жүйесі шеңберіндегі ғылыми білімнің қарапайым деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оқу пәні білім алушылардың табиғатты тануға деген қызығушылығын, зерттеу дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаны ғылыми тұрғыдан түсініп, көре білуді қалыптастыруға бағытталған. Пәннің мазмұны «қарапайымнан күрделіге қарай, таныстан таныс емеске қарай» қағидаты бойынша құрастырылған. Жанды және жансыз табиғаттың құбылыстары мен процестерінің өзара байланыстарының себебін ұғыну және түсіну, қоршаған ортаның көптүрлілігі мен күрделілігін саналы аңғару білім алушылардың ой-өрісін кеңейтеді) [1,б.4].

«Жаратылыстану» пәні бойынша оқыту бағдарламасының басты мақсаттары – оқушылардың ойлау, зерттеу және қарымқатынас дағдыларын дамыту және қалыптастыру, ғылыми түсінікті дамыту, тәжірибелік әрекет, қоршаған орта туралы ой-өрісін кеңейту. «Жаратылыстану» оқу пәні – білім берудің кейінгі деңгейлерінде дербес пән ретінде оқылатын «Биология», «Физика», «Химия» оқу пәндерін оқып-меңгеруге жол бастайтын, сондай-ақ білімнің барлық салаларында маңызды орын алатын зерттеу дағдыларының іргетасын қалайды. Жаратылыстану пәнін бастауышқа енгізу бірнеше себептерден туындап отыр:
пән мазмұнындағы деректер мен білімдер жүйесі оқушылардың қоршаған әлем туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырады;
оқушылардың зерттеу дағдысын: сұрақ қоя білу және сол сұраққа жауап таба білу,зерттеу жоспарын дайындау,зерттеу нәтижесінде мәліметтерді жинақтай білу, өңдеу, түсіндіру, т.б.
ақиқатпен байланысты іс-әрекеттің жауабын таба білу,сұрақ қоюға дағдылану, ғылыми-зерттеу тәсілдерін түсініп, ойлауға және бақылауға дағдылану.

 

Кіріктіріле берілген ғылыми негіздегі білім арқылы оқушылардың күнделікті оқиға мен құбылыстар қисынды ойлауына көмектесіп, ғылымның адам өмірін жақсартатын әлеуметтік пайдалы әрекет екенін түсінулеріне мүмкіндік тудырады.

Оқушылардың ғылыми дағдыларын дамыту әр сабақтың мақсатына кіргізіліп, «Зерттейік» айдарымен жүзеге асырылып отырылады. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында Негеш пен Эврика кейіпкерлері оқушыларды ғылым әлеміне бағыттап, болжам жасауға, тәжірибе немесе зерттеу жүргізуге, табиғи құбылыстарды ашуға ынталандырады. Бастауыш сыныпта жаратылыстанудағы «Мен –- зерттеушімін», «Тірі табиғат, аттар және олардың қасиеттері», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы» сияқты оқу бөлімдерін зерделеу оқушыларға мынадай дағдыларды қалыптастырып дамытуға көмектеседі:

- Зерттелетін тақырыпты таңдау; сұрақ қойып, оған жауап беру тәсілдерін табу; зерттеу жүргізу жоспарын құру; болжам жасау; сұраққа жауап беру үшін зерттеу жүргізу, зерттеу нәтижесінде алынған түрлі деректерді жинау, өңдеу және түсіндіру) [2,б.7].

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Өйткені білім спиральді жүйеде берілгенде ғана терең меңгеріледі. Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырьлған танымдық теорияға негізделеді. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдарын дұрыс ұсынатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері:
- оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды;
- әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі;
- жаңа білім алдынғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады. Оқушылар алға ілгерілеу шамасына қарай бір сыныптан келесі сыныпқа ауысқан сайын бұл тақырыптарды анағұрлым тереңірек түсінеді және онымен байланысты тиісті тұжырымдамаларды қолдануға мұмкіндік алады.

«Шиыршық әдісімен» білім беру жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырылады да, білімнің берік орнауына негіз болады.

Жаңарған бағдарлама әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал әдістеме сындарлы оқыту теориясына негізделген (Hattle, 2009). Сындарлық теориясына негізделген оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсініп, алған білімін сыныптан тыс жерлерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Бұл жерде ең маңыздысы оқушыдардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгеріледі, үстрірт меңгерілген білім ұзаққа бармайды. Олай болса, оқушылардың алған білімдерін жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдысын арттыруға қолдануға мүмкіндік беретін жаттығулар көбірек болуы тиіс. Айталық, оқулықтың 45-46 беттеріндегі «Қозғалыс траекториясы дегеніміз не?» тақырыбын өту барысында оқушылардың өздеріне өз үйінен мектепке дейінгі жолының траекториясын сызу тапсырмасын ұсынайық. Тапсырманы орындау барысында өз жолында кездесетін кедергілерге «қызыл жалау» орнатып отырсын, сол арқылы бала өз траекториясының не түзу жол, не қисық екенін зерттеу арқылы біледі. Бұл тапсырманы орындау арқылы бала қозғалыс траекториясы ұғымын меңгеріп қана қоймай, түзу сызықты және қисық сызықты қозғалыс болатынын да түсінеді. Ал мұғалім әр оқушының тақырыпты түсінуін бағалай алады) [3,б.48].

Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқыту мен оқуға сындарлы көзқарасты қолдайды, ол оқушыларды мұғаліммен және бір-бірімен диалог жүргізуге ынталандыруды көздейді. Диалог аясын кеңейту үшін мұғалім сабақты оқушылар оны тыңдап қана қоятындай емес, нақты пән немесе тақырып туралы ойлана алатындай белсенді етіп жүргізу керек. Мұғалім сұрақ қоюды ойластырған кезде ол сұрақтарға берген оқушының жауабы жаңа сұрақ тудыратындай болуы тиіс. Салмақты жауап беруді қажет ететін тиісті сұрақ қою үшін мұғалім алдымен қойылған сұраққа қандай жауап ала алатынын ойластыруы керек. Егер мұғалімнің сұрақтары бұлыңғыр болса, онда өзі де бұлыңғыр, екіұшты жауап алады. Сонымен қатар, сұрақтар оқушылардың жауаптарын шектемеу керек, керісінше, оқушыларға мәселені мейлінше зерделеп, жауапты өз бетінше қалыптастыруға еркіндік ұсыну керек. Оқушылар өзінің жауабымен белгілі үлес қосатындығын сезінуі үшін мұғалім жауаптарды зейін қойып, айқын қызығушылықпен тыңдауы керек. Бастауыш сыныпта оқитын оқушылар анағұрлым жан-жақты және күрделі жауап бере алады. Бастауыш сынып оқушыларының ойлау дағдыларын қалыптастыру тәсілдерінің бірі –дәлелдеу. Дәлелдеу бастауыш сыныптарда кез келген пікірталас бастау, жүргізу және оны бағамдау үшін маңызды, әсіресе, өз жасаған зерттеуін түсіндіре білуі, нақты дәлелдемелер келтіре білуі, идеяларды түсіндіру, талқылау, оларға қарсы шығу және өз ойларын қайта қарау арқылы пікірталасқа араласа отырып, белсенді рөл атқарады. Бұл сондай-ақ Қазақстандағы жаңартылған білім беру бағдарламасында басым болып табылатын бірнеше құндылықтар мен дағдыларды, мысалы, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытудың негізгі тәсілі (NIS, 2011) [2,б.10].

Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асырып, пайдаға асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі — «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.

Әдебиеттер тізімі:

1. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. – Астана: «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2016ж.

2. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пəндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. Екінші басылым. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015ж.

3. Жаратылыстану. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.Жалпы білім беретін 1-сыныптың мұғалімдеріне арналған құрал. – Астана: «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2016ж.

 

 
 

Теория и практика



 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10