электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың оқу нәтижелерін бағалау

№ 9 (170) ноябрь 2017г.

АБЗАЛБЕК Л.С., СҮЛЕЙМЕНОВ М.Б., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ аға оқытушылары


Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «бізге экономикалық қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» делінген [1]. Сол білім беруді дамыту ісі жеке тұлғаға мәдени-тарихи құндылықтарды, нормалар мен дәстүрлерді, білім берудің арнайы таңдап алынған мазмұны мен нысандарын беру болып табылады.

Өткенімізге зер сала қарасақ, білім беру жүйесінде осыған дейін оқушыға білім, білік, дағдыны қалыптастыруды талап етсек, бүгінгі күннің мақсаты – іскерлік қарым-қатынас, оларды өз бетімен білім алуға бағыттау. Сондықтан да қазіргі замандағы педагогикалық ғылымның ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа білім технологияларын қалыптастыру ұмтылу болып табылады. Осы орайда еліміздің білім беру жүйесі реформаланып, жаңартылған оқыту бағдарламасы дайындалып, бұл реформаның басы тілдік пәндерден басталуда. Себебі, тіл – негізгі білім құралы. Оқушылардың тілдік қарымқатынасы өздері өмір сүріп отырған және білім алатын орта арқылы жүзеге асады.

Десек те, соңғы жылдары білім беру саласында болып жатқан толассыз өзгерістер толқынын мұғалімдер қауымы қаншама рет бастан өткергендіктен, бұл жаңашылдықтардан олардың кей жағдайда мезі болғандықтарын жасыра алмаймыз. Алайда бүгінгі жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша тілді оқыту педагогтар қауымының жұмысын бірізділікке салып, бір жүйемен жұмыс істеуге шақырады.

Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша тілді оқытудың артықшылығы неде?

Біріншіден, анық, қолжетімді оқу мақсатының болуы. Мұғалімдер қауымы тікелей тәжірибе алаңының өкілдері болғандықтан, олар оқу үдерісімен күнде бетпе-бет келеді. Күнделікті сабақ жоспарларын дайындауда тіл үйретудегі оқу мақсатын оқытудың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік компонентіне негіздей отырып, әр мұғалім өз еріктерімен таңдайды. Бұл мақсаттар бір академиялық сағатта (45 минут) қолжетімсіз, жүгі ауыр мақсаттар болып жатады. Ал жаңартылған оқу бағдарламасында көрсетілген пәндік оқу мақсаты мен күнделікті сабаққа қойылатын мақсаттар бір мазмұнда, жүйеленген, дайын мақсаттар. Әрі барлық мақсаттар сөйлеу әрекетінің 4 дағдысын, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын дамытуға бағытталған.

Мақсаттың қолжетімділігі дегеніміз – мақсат мазмұнының ықшам, нақты болуы; бір тақырыпқа берілген оқу мақсатының бір тоқсанда, тіпті оқушы мектеп қабырғасын аяқтағанға дейін бірнеше рет қайталанып келуі. Бұл оқушының бір сабақта жете алмаған оқу мақсатына келесі сабақтарда қол жеткізуіне мүмкіндік береді, әрі оқушының оқуға деген оң мотивациясына ықпал етеді, өзөзіне деген сенімін нығайтады (1-сурет).

Оқыту мақсаттарына жетуде жетістік критерийлерін құрастыру және қолдану – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын-ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі. Мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін дамыту мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үрдісі оқу қызметінің барлық түрлерінің нәтижелігін оқу материалын меңгерудің процессуалды жағын және жеке тұлғалық қасиеттердің пайда болуын есепке ала- тын бағалаудың жаңа жүйесін енгізуді айқындайды [2]. Ең маңыздысы – оқу үрдісінің өзі, жетістік критерийлері арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді. Бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны белгілі болады. Білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу- танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім үрдісінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үрдіс.

Білім беру жүйесінде ұзақ жыл бойы оқушылардың білімі бес балдық жүйемен және басқа оқушының жетістігімен салыстырылып бағаланып келді. Яғни, оқушылардың оқу жетістігін шынайы бағалау болмады. Қазіргі таңда, әлеуметтік сұраныстарға байланысты бағалау жүйесіне де келесі өзгерістер енгізіледі:
- бағамен оқушының жұмысы бағаланады;
- жетістік критерийі оқушыға алдын-ала белгілі болуы шарт;
- оқушы өз білім деңгейін анықтай алуы керек;
- нақты білімділік мақсатты бағалануы қажет.

Аталған жаңа жүйедегі өзгерістер оқушылардың оқуға деген қызығушылығын жоғарылатуға өз септігін тигізеді. Балдық жүйемен бағалау өте тиімді. Тиімділігі білім деңгейі үш түрлі деңгейде оқитын (келесіде – А, В, С тобындағы оқушылар) баланың негізгі бағасы анықталады. А, В, С оқушыларының оқу мақсатына жетудегі жетістік критерийлері анықталып, балдық жүйе арқылы негізгі біліміне баға қойылады [3].

Ал жетістіктер критерийлері дегеніміз – оқытудың мақсаттарын жүзеге асыратын өлшемдер. Жетістік критерийі арқылы бағалау жүйесі оқушы бойындағы үрейленуді басады және оның бойындағы өзін-өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қабілетінің дамуына ықпал етеді. Жетістік критерийі арқылы бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді.

Жетістік критерийі арқылы бағалау – оқушылардың оқу-танымдық құзыретін қалыптастыруға жағдай жасайтын, білім беру мақсаты мен мазмұнына сәйкес білім беру үрдісіне қатысушылардың (оқушылар, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, заңды тұлғалар және т.б.) барлығына алдын ала таныс, ұжым талқысынан өткен, нақты анықталған өлшемдер арқылы оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген үрдіс.

Критерий – ұсынылған талаптарға сәйкес белгілі бір дағдыны бағалау бойынша шешім қабылдау ережесі, негіздемесі және белгісі. Әр критерийдің нақты тапсырмасы болады, онда оқу тапсырмасының орындалу нәтижесінің дұрыстығы туралы түсінік беріледі.

Қалыптастырушы (ағымдағы) бағалау – сабақта күнделікті жүзеге асатын, білім мен дағдыны меңгеру деңгейін анықтайтын бағалау. Қалыптастырушы бағалау білім беру үрдісінде оқушы мен мұғалімнің арасындағы өзара тығыз байланысты жүзеге асырады. Сонымен қатар, оқушыларға жаңа материалды меңгеруде тапсырмаларды қаншалықты дұрыс орындағандығын білуге және оқытудағы мақсаттарға жетуге мүмкіндік туғызады [4].

Табысты болу үшін оқушыларға ілім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты еске сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді.

Жетістік критерийлерін әзірлеу барысында оқушылардың бойында қалыптастыру қажет рухани құндылықтар мен дағдылардың тізімін құрды (1-кесте) [4].

Оқушылардың оқу бағдарламасындағы оқу мақсатына жетуі оқушылардың дағдыларының дамуына мүмкіндік тудырады. Дағдыларды нақты бағалау біліктілігі жетістік критерийі арқылы бағалаудың маңызды аспектісі. Берілген кестеде оқу бағдарламасына енгізілген, бағалауда дағдылардың қалыптасқанын немесе даму деңгейінің бағалауы көрсетілген (2-кесте).

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау – бұл оқушылардың жоспарланған оқу мақсаттары мен шынайы нәтижелерінің сәйкестік деңгейлерін орнату болып табылады. Жетістік критерийі арқылы бағалау – алдын ала белгілі критерийлерге сәйкес, оқушының жеке оқуын түзетуге мүмкіндік беретін, оқу мақсаттарына сәйкес күтілетін нәтижеге жетуде оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау. Сол арқылы бағалау оқушылардың дағдыларын дамыту деңгейін бағалауға мүмкіндік береді және сабақ беру, бағалау мен оқытудың өзара байланыс қағидаттары негізінде дайындалады [5].

Келтірілген құндылықтар мен дағдылар ескеріліп, пән бойынша білім деңгейі, дағдылар мен құзыреттіліктер қарастырылады. Жоғарыда аталған құндылықтар мен дағдылар пәнді оқытатын оқу бағдарламасында белгіленген, пәннің оқу бағдарламасы стандартты оқу жоспарының негізі болып табылады.

Бұл ақпараттар тапсырмаларға сәйкес келеді және осы оқу мақсаты бойынша қалыптастырушы бағалауға қатысты дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Жетістік критерийі арқылы бағалау жүйесінің өзіндік тиімділігі бар:
- заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер, ойлау жүйесі дамыған, логикалық тұжырым жасауға бейім, еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастырады;
- жеке жұмыстар жүргізу арқылы білім дәрежесін, ой-өрісін әрі қарай дамытады;
- оқушылардың білім сапасын арттырады;
- оқушының тұлғалық бағытын белсенді ұстанымына бағыттауға мүмкіндік беретін бірден-бір бағалау жолы;
- тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұғырлы нәтижеге, бағытқа жеткізетін, шығармашыл бағалау жүйесі.

Тапсырмаларды әзірлеуде жетістік критерийлерін құрастыру бойынша ескерілетін мәселелер:

Жетістік критерийі бойынша дайындалған тапсырманың бағдарламадағы сілтеме мен оқу мақсатына негізделіп жасалуы:
- тапсырманың шұбалыңқы емес, оқушыға түсінікті тілде құрылуы;
- қысқа көлемді тапсырмалардың қолданылуы, көлемі, орындау уақытын алдын – ала жоспарлау;
- бағалауда бақылауды қажет етпейтін артық ақпараттың тапсырмада қолданылмағаны жөн;
- кейбір күрделі тапсырмаларда міндетті түрде орындау қадамдары берілуі керек(мысалы, жазылымда және айтылымда) шығармашылық сатыға арнап құрылатын тапсырмалар үшін арнайы шектің немесе жауап үлгісі алдын-ала даярлануы керек.

Оқу мақсаттары, тапсырмалар және жетістік критерийлері өзара тығыз байланыста болады. Жоспарлау оқу мақсаттарын анықтаудан басталады. Мұғалім оқушының игеретін білімі туралы шешім қабылдаған соң, оған сай тапсырманы оқу жоспарын қолдана отырып жоспарлайды. Тапсырма оқушының бір немесе бірнеше оқу мақсаттарына табысты түрде жетуіне ықпал етеді (2-сурет) [2].

Оқушы тапсырманы орындап жатқан кезінде мұғалім оның оқу үрдісінің қай сатысында екенін анықтауға тырысады. Ол ағымдағы нәтиже деңгейін осы деңгейге сәйкес жетістік критерийлеріне жүгіне отырып салыстырады. Оқушы оқу мақсатына «жеткен» жағдайда, мұғалім оқушы білімін әрі жетілдіруді ұсынады, қиынырақ деңгейдегі тапсырмалар береді. Оқу мақсатына «талпынған» оқушыға мұғалім қолдау мен кеңес береді, әрі қарай оқу мақсатына жетудің жолдарын көрсетеді.

Мектепте оқыту сапасын жоғарылат у, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру – жетістік критерийі арқылы бағалаудың мақсаты болып табылады.

Жетістік критерийі арқылы бағалаудың міндеттері %сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға; бағдарламаға сәйкес оқу мақсаттарын орындау қабілеті; жеке оқушының даму жетістігін бақылауға; оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға; әртүрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге; оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға; сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге жағдай туғызады.

Сонымен қатар алдын-ала ұсынылған бағалау өлшемдері, анық, айқындылығы, бағаның әділдігі, өзін бағалауға мүмкіндіктің берілуі жетістік критерийі арқылы бағалаудың басты ерекшелігі болады. Жетістік критерийі арқылы бағалау оқушыларды оқуға ынталандыруға, белсенділікті арттыруға, қателіктерді түзету қызметін атқарады. Осындай жетістік критерийі арқылы бағалау жүйелілікті, шынайлылықты, оқушының жеке даму траекториясын анықтауды, оқу дағдыларын дамытуды, оқыту сапасын жақсартуды және мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Әдебиеттер

1. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, 2014 жылғы 17 қаңтар. – [URL]: http://massaget. kz/mangilik_el/43897/

2. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған ұлттық ісқимыл жоспары. – [URL]: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/ P1200000832

3. Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау. - «НЗМ» ДББҰ, 2015. – 11-б.

4. Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау: Мұғалімге арналған әдістемелік құрал. - «НЗМ» ДББҰ, 2015. – 23-б.

5. Бастауыш мектептің мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша басшылық. - «НЗМ» ДББҰ, 2015. – 21-б.

 

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no