электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Физика ғылымы өкілдерінің адамгершілік-рухани бейнесі

№ 10 (171) декабрь 2017г.

ӘБДІҚАЛЫҚОВ Қ., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к., Қарағанды қ.,
ӨТЕГЕНОВА А.С., Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті «Энергетика» кафедрасының доценті, х.ғ.к., Қарағанды қ.


Кеңестік дидактиканың көп жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің нәтижесіне жүгінсек, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесін шешуде әрбір оқу пәні өзіндік ерекшеленген, арнайы бағытталған үлесін қосады екен. Ғылыми негізделген сенім, дүниетаным және адами асыл қасиет оқушы жастарды тек өнер немесе гуманитарлық ғылымдардың әсерінен ғана емес, сонымен бірге жаратылыстану-математика және техникалық пәндерді, олардың ішінде физиканы зерделеген кезде де қалыптасатыны белгілі. Бұл физика ғылымының әйгілі өкілдерінің ізгілігін, өмірі мен қызметінің моральдық – саяси тұстарын, табиғат құбылыстарын ашу мен жаңа техника жасау арқылы адамзат тіршілігіне игілікті жұмыс атқаруын көрсетумен жүзеге асырылуы мүмкін. Орта мектептегі физика курсында оқушылар алпысқа тарта ғалымдардың аты-жөнін естіп, біледі. Онымен олар сыныпта оқытылатын осы ғалымдардың нақты еңбектері мен олардың ашқан жаңалықтарына қатысты танысады. Оқушы жастарды физика ғылымының негізін салушылардың еңбектерімен, жекелеген ғылыми мәселеге байланысты айтқан пікірлерімен, негізгі тәжірибелерді ойластырудағы және осы тәжірибелерді түсіндіру негізіне алынған ойша жасалған физикалық нұсқалармен, оларды жоспарлауымен, жаңалық ашуларда кездесетін қиындықтарды жеңуімен таныстыру ерекше танымдық және тәрбиелік маңызға ие бола алады.

Биографиялық материал білімнің біржақтылығына тосқауыл бола алатын сенімді құрал ретінде қолданылуы әбден мүмкін. Осы мақсатта оқушыларды ғалымдардың қысқаша мәліметімен таныстыруда олардың көзқарастарының кеңдігін, өнермен, әдебиетпен, музыкамен әуестігін, білімдерінің жан-жақтылығын атап өту маңызды.

Физиканы оқытуда адами асыл қасиеттерге қатысты тәрбиелік мазмұнындағы материалдарды қолданудың мынадай түрлерін ерекшелеуге болады:
1) жаңа білімді негіздеу құралы ретіндегі кіріспе шолулар;
2) білімді жүйелеу мен жалпылау құралы ретіндегі қорытынды шолулар;
3) білімді негіздеу құралы болатын жекелеген ашылулардың, іргелі эксперименттердің тарихына қатысты сипаттау;
4) оқушы тұлғасын қалыптастырушы ғалымдардың толық биографиясы мен үзікті биографиялық мәліметтер;
5) тәрбиелік мазмұнындағы есептер [1].

Әрине, тәрбиелік мазмұндағы материалдарды бұлайша сұрыптап жіктеу шартты түрде және оның классификациясы бола алмайды және ол физиканың мектептік курсының мазмұнында бөгде элемент болмағандықтан оны оқытудың ерекше әдістері болуы мүмкін емес. Тек жекелеген әдістер мен тәсілдер қандай да бір өзіндік артықшылығымен немесе мәнділігімен маңыздырақ болып көрінеді.

Мектептік физика оқулығында биографиялық сипаттағы мәліметтер біршама баршылық. Оны тиімді тәрбие құралы ету үшін оқыту үдерісінде саналы, әрі мақсат ұстана қолдануға жарамды түрге жүйелеу қажеттігі туындайды. Физиканы оқыту үдерісінде биографиялық материалдардың тиімді қолдануын қамтамасыз ететін шарттарға тоқталайық.

Ең алдымен бұл мәліметтер мазмұндық көлемі мен жұмсалатын сабақ уақыты тұрғысынан онша көп болмауы керек. Материалды зерделеу кезінде аты аталатын барлық ғалымдардың өмірі мен шығармашылығы жәйлі ауқымды очерктерді келтірудің сондай қажеттігі бола қоймайды.

Екіншіден, биографиялық материал оқушылардың күрделі оқу материалын игеруін ынталандырады, әсіресе физикадан үлгерімі төмен оқушыларға оқуды жеңілдетеді [2].

Үшіншіден, оқушыларды (әсіресе физикамен құмарта айналысушыларды) ғалымның ойлау стилімен таныстыру аса маңызды. Д.К. Максвелл өзінің ғылымға алғашқы келуі ғалымдардың өмірі мен шығармашылығымен танысудан басталғанын ерекше атаған болатын.

Төртіншіден, тәрбиелік міндеттің орындалуын қамтамасыз ете отырып, биографиялық материал нақты физика мазмұнымен байланыста болуы ескеріледі, мұғалімнің ағымдағы материалды түсіндіріп беру әдістемесіне астарласа, логикалық жымдасып жатқаны дұрыс [3].

Бесіншіден, егер ғалымдардың кескін-келбеті оқушылар алдында өзіндік нақты тұлғалық қасиетімен берілетін болса, онда биографиялық материалдың тәрбиелік күші өлшеусіз арта түседі. А. Эйнштейннің айтқанына жүгінсек, ұлы тұлғалардың сол уақытта ұрпаққа және тарихтың аяқ алысына таза ақылой, кеменгерлік жетістігінен гөрі моральдық сапасы үлкен мәнділікке ие болуы мүмкін [4]. Ғалымның шындыққа жанасымды келбетін көрсете білу үшін оның өзіне тән оң да, теріс те іс-әрекеттері болғанын жасырмай айта білуіміз керек. Оның ойы мен ісінің кейде келіспей жатқандығын, өте жоғары мақсат ұстана жүріп, кейбір тұста «сүрінулерге» ұшырағанын білу ғалымның пендешілдігін, қатып қалған суық бейне еместігіне көз жеткізеді. Дәл осындай адамды көп қырынан таныстыру оқушылардың қызығушылығын туғызады, таным мен өзін-өзі тәрбиелеуге ынталандырады.

Ғалымның әдептік құндылықты түсінуі жәйлі әңгімеде шынайы, әрі ақиқатқа құрылған болса, онда олардың да пендешілік жасайтындығына көз жеткізуге болады. Сенімді деректерге, дәлелді ақпараттарға жүгіндіретін бұл ақпаратты айтпай кету мектепті саясатсыздандыруға және өз қара басын күйттеуші, елі мен жерін байлық пен мансапқа айырбастай салуға даяр жандарды тәрбиелеуге әкеледі. Ондайлар бүгін ғана пайда болған жоқ, олар бұрын да болған, әлі де бола беруі мүмкін. Ондай атағы әлемге әйгілі адамдардың қателігін дәлелдей келіп, өз кемшілігімізді ақтау жастарға үлгі болмауға тиісті. Дәл сондайлардың біреуі – фотоэффект құбылысын зерттегені үшін Нобель сыйлығын алған неміс ғалымы Ф. Ленардтың фашистік көзқараста болғанын оқушылар білгені жөн. Ғылыми жетістігі мен адамға кішіпейілділігімен ерекшеленген Э. Ферми атом бомбасының жапон қалаларына тасталуын қолдады. Оқушылардың тек деректермен танысып қана қоймай, сонымен бірге ғалымдардың іс-әрекетіне, шешіміне себеп іздестіруіне, өз бағалауын жасауына жетелеу мұғалімнің еншісінде. Галилей мен Д. Бруноның өз көзқарастарына әртүрлі тұрғыдан келуін, инквизиция соты алдындағы жалтаруы мен қайсарлық танытуына әрбір оқушы іштей тұжырым жасауға тиісті. Зорлықтың кез келген түріне жиіркеніштікпен қарауды қалыптастыру болшақта фашизм мен шектен шыққан большевизмге ұрынбауға көмектеседі. Ғалымның дүниетанымын көрсету кезінде мұғалімнің байыптылық танытуы қажет, себебі бұл оқушы дүниетанымының қалыптасуына өз әсерін тигізеді. Дүниетанымның философиялық екшелген, ғылыми негізделген болуына барлық күш-жігерді сала отырып, діни көзқараспен санаспауға болмайды. Ол ғылыми тұрғыдан негізсіз болғанмен, бірнеше ғасырлар бойы ұрпақтардың құлықтық құндылығын өз бойына сіңіріп келеді. Құдайды тану жолы әртүрлі халықтар тұрақтанған елімізде діннің тек адамзатқа пайдалы тұстарын електен өткізу арқылы қолдану керек сияқты. Дүниенің күрделі мәселелерінің бірінен саналатын бұл қарама-қайшылықты өзі шеше алмаған оқушы өмірлік тәжірибесі мол үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асқаны дұрыс шығар [5].

Физиканың адаммен және қоғаммен тікелей және жанама түрде байланыстарында объективті тарихи ойлауды қалыптастыру оның мәдениеттің маңызды элементі екендігін мойындаудан туады. Бірақ, мәдениеттің тарихи құндылықсыз жасалмайтыны белгілі. Ендеше, физикалық білімді тарихи даму сипатында баяндау ғылым мен қоғамның байланысымен айқындалатын ғылымның әлеуметтік тарихының элементтерін қолдануды қажетсінеді. Бұл бағыттама оқушылардың дұрыс тарихи ойлауын, дүниетанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Физика тарихынан алынатын мәліметтер осындай жұмыс жасау кезінде мына бағыт-бағдарды ұстанғаны мақсатқа сай келеді.

Тарихи материал негізінде қазіргі физиканың құнды жәйттерін талдау (атом энергиясын әскери және бейбіт жағдайда қолдану, атмосфераның залалдануы мен экологиялық келелі мәселелерді физика көмегімен шешу) азаматтылықты, ізгіліктілікті, бейбітшілік үшін күрескерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Көпшілік физиктердің адамзаттың еркіндігі, әділеттілік және әлеуметтік прогресс үшін жанын сала күрескенін физика курсының сәйкес тақырыптарында айтып беруге болады. Оларға В. Рентген, М. және П. Кюрилер, Э. Резерфорд, Н. Бор, И.В. Курчатов, П.Л. Капица және тағы басқалар жатады. А. Эйнштейн біздің заманның ұлы гуманисі, сондықтан әлемдік сый-құрмет пен үлкен беделге ие болды. Ф. Жолио-Кюри – көрнекті француз физигі, жасанды радиоактивтілік құбылысын ашқан ірі ғалым, Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің төрағасы болған. Табиғи және жасанды радиоактивтілікпен айналысқан Кюрилер отбасының асқақ моральдық бейнесі тарихқа мәңгілік енді. Академик А.Ф. Иоффе кез келген адамның жасаған ескертпесін байыппен тыңдайтын, ашу-ыза кернеуге тиісті жағдайларда да өзінің салқын қандылығынан, қоңыр дауысты үнінен жаңылмағанын замандастары жиі еске алатын. Өз басына түсетін қасіреттен қорықпай репрессиядан П.И. Лукирский мен П.К. Ошенковты арашалап алып шыққаны оның өжеттігінің куәсі. Дәл осындай жағдайды бастан кешірген академик П.Л. Капица В.А. Фок пен Л.Д. Ландауды азат етті. Оның Байкалды қорғауы мен атом электр станцияларының қауіпсіздігі мәселелері төңірегіндегі іс-әрекеті нағыз азаматтық ұстаным. Кванттық физика элементтерін академик И.Е. Тамм еңбектерінсіз көзге елестету қиын. Оның маңайындағылар одан тек идея мен келелі мәселелер ғана емес, сөнбес моральдық қолдауға да ие болатын.

Ғалым туралы биографиялық очеркте негізгі назар аударарлық мәселелерге мыналарды жатқызуға болады: 1) ең алдымен ол ғалым ретінде қандай жаңалық ашты, жаңалық несімен құнды, ол бұл мәселемен неліктен айналысты?, 2) жаңалық қалай ашылды, яғни ғылыми ізденістің бағыты мен нәтижесін анықтаған ғалым дүниетанымы, ғылыми жұмыс істеу әдісі, 3) ғалымның шығармашылық жолын баяндауда жаңалық ашу кезіндегі сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік жағдайынан хабар ету жәйі; 4) ғалым түсінігіндегі әдептілік – нағыз құлықтық категориядағы құндылық ретінде, 5) ғалымның қоғамдық – саяси көзқарасы мен қызметі [6].

Басқа физик-ғалымдардың аттары мұғалімнің оқутәрбие міндетін қою әдісіне қарай, қисынды кезі келген тұста шығармасынан үзінді берілу түрінде еске алынады. Осындай қысқаша үзік бейнелеулерден оқушыларда біртіндеп жинақталған ақпарат ғалымдардың адами және жасампаз кескініне жалпылама пікір қалыптастырады.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Мощанский В.Н.,Савелова Е.В. История физики в средней школе. – М., 1981. – 105 с.

2. Голованов Я. Этюды об ученых. – М., Мол.гвардия, 1983, – 415 с.

3. Иоффе А.Ф. Встречи с физиками. – М.,Физматлит, 1962, – С.67-68.

4. Эйнштейн А. Физика и реальность. – М., 1965, – С.116.

5. Иоффе А.Ф. О физике и физиках. – Л., Наука, 1977. – С.218.

6. Дягилев Ф.М. Из истории физики и жизни ее творцов. – М., 1986. – 255 с.

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no