электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Химия пәнінен жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асыру талаптарына сәйкес белсенді сабақты жоспарлау

№ 10 (171) декабрь 2017г.

САЙФУЛЛАҚЫЗЫ Б., Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалының аға менеджері


ХХІ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытовтың «Сабақ беру – үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» – деген ұлағатты сөзі бүгінгі таңда да күшін жоғалтпай келеді. Қазақ халқының аса көрнекті ғалымы, ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтылық белгісі – бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті білу…» деген ойы сабақтың педагогикалық туынды екендігін көздесе керек. Сабақтың педагогикалық туынды екендігі оның біртұтас педагогикалық үдерісті жүзеге асыруға бағытталғандығынан көрініс таппақ. Сабақтағы оқыту, оқу және бағалау үдерістерінің нәтижесі оқушылардың оқуынан күтілетін нәтижемен өлшенеді. Алайда осы үдерістердің тиімділігі Пажарес (1992) атап көрсеткен «білім беру сызбалары» бойынша жоспарлау үдерісінен кейінгі әрекет екендігін ескерсек, ұстаным, көзқарастан кейінгі шешіміміз – тиімді жоспарлау ерекше мағынаға ие болады. Олай болса, сабақтың тиімділігі сыныпқа кіргенге дейінгі алғашқы дайындықтан басталады және сабақ жоспарын дайындау – табысты сабақты құрылымдаудағы жауапты кезең.

Жаңартылған білім беру мазмұнындағы тиімді сабақ мұғалім мен оқушының белсенді ісәрекеттеріне негізделген. Белсенді сабақ оқушылардың белсенді оқуын көздейді. Маңыздысы – мұғалім мен оқушының белсенді бірлескен әрекетін тиімді ұйымдастыру. Неліктен белсенді сабақ туралы әңгіме өрбітуімнің себебін зерттеулерге сүйеніп негіздеген жөн шығар.

«Химия» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімге арналған нұсқаулықта химия пәні туралы келесі мәселелер қарастырылған. Қоршаған ортада әртүрлі құбылыстар мен үдерістер болып жатады, олардың көпшілігі химия ғылымы түсіндіретін заңдар мен заңдылықтарға бағынады. Химия пәні оқушыларға заттардың әртүрлілігі мен олардың өзгерістерінің маңыздылығын түсінуге көмектеседі, жаңа заттарды алу мүмкіндіктерін білуге, оның маңызын түсінуге, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын берілген мәліметтер негізінде нақты бағалауға үйретеді. Химия оқушылардың дүниетанымын дамытуда, әлемнiң тұтас ғылыми бейнесін қалыптастыруда маңызды орын алады. Сонымен қатар химия пәні арқылы оқушыларды «Мәңгілік ел» құндылықтарын сезінуге ықпал етеді. Химия оқушылардың сыни және сындарлы ойлауын, сонымен қатар көптеген эксперименттік және тәжірибелік дағдыларын дамыта отырып, проблеманы шешуде шығармашылдық тәсілдерді қолдануды қолдайды.

Сондықтан да химия пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық тәсілдер сындарлы белсенді оқуға негізделеді (Savery, J.R., & Duffy, T. M., 1994; Jonassen, D.H., & Rohrer-Murphy, L., 1999). Бұл тәсіл қолданылған жағдайда оқушылар оқу барысында белсенді түрде ат салысатындықтан, химияның маңызын, оның заңдылықтарын өздері анықтай алатын жағдайда болады. Химия пәні мұғалімдері оқушыларды өздігінен білім алуға, шешім шығаруға қабілетті, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатындай жеке тұлғаны қалыптастыру қағидасын ұстану арқылы ғана еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге ниетті, ғылым мен білімді ұштастыра алатын, ғылыми ойлау дағдылары бар оқушыны тәрбиелейді және дамытады.

Ал бұл оқу үдерісінің тиімділігіне тікелей байланысты. Ол үшін мұғалім нені білуі керек? Ең алдымен оқу үдерісінде оқушылардың танымдық белсенділігін дамытатын, оқу үдерісінің қарқынын арттыратын оқыту нысандары мен әдістерін таңдап, оны қай жерде қалай қолдануды білуі керек. Мақаланың басында айтылғандай, сабақ жоспарын дайындау – табысты сабақты құрылымдаудағы жауапты кезең.

Химия пәнін оқытуда әңгімелеу, әңгіме, кітаппен жұмыс істеу, бақылау, эксперимент, экрандық оқу құралын көру, тәжірибелік жұмыс қарастырылған. Бұл жерде химия пәнін оқытудағы баса айта кететін мәселе – оқушылардың зерттеу жүргізіп, сол зерттеулер бойынша алынған деректерге сүйене отырып, қорытынды жасауға үйренуі. Осылайша оқушыларды ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мән беру болып табылады. Оқушыларда сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруда сабақтарда модельдеу әдістері, ойша модель құрастыру, математикалық модельдеу әдістері де кеңінен қолданылады (Лакоба С.Е. және басқа авторлар, 2011).

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, белсенді сабақты жоспарлауда басты назарда болатын жайттарға тоқталайық.

Егер сабақты сабақтың басы, ортасы, соңы деп үш бөлікке бөліп қарастыратын болсақ, онда осы үш бөлікке қатысты әрекеттерді де жинақтауға болады. Сабақтың басында мұғалім оқушылардың сабаққа дайындығын нақтылау үшін түрткі сұрақтар немесе тапсырмалар береді, болмаса белгілі бір ширату жаттығуларын жүргізіп, жаңа тақырыпты меңгеруге зейінді шоғырландыруға әрекет етеді, бұл кезде оқушылар алдыңғы алынған білімдері бойынша мысалдар келтіріп, сұрақтарға жауап береді. Барлық оқушыны оқуға тарту мақсатында сынақтан өткізу және қайта бағыттаушы сұрақтар қою арқылы оқушыларды диалогқа тартуға, ойларымен бөлісуге ықпал етілсе оқу белсенді болмақ. Сабақ тақырыбына қатысты жағдаяттарды туындата отырып, сабақтың тақырыбын, сабақтың мақсаттары мен күтілетін нәтижелерін айқындау арқылы оқушылармен бірге табыс критерийлерін нақтылау арқылы оқушының өз оқуын өзі реттеуіне ықпал етуге болады. Ал бұл қазіргі оқытудағы түйінді мәселенің бірі. Осындай әрекеттер химияның белгілі бір тақырыбы бойынша оқушының нені білуі, ол үшін нені орындауы қажет екендігін сезінуге итермелейді. Яғни өз оқуы үшін қадамдарын анықтауға дағдыланады. Осыдан сабақты жоспарлауда белгілі бір тақырыптың өзектілігін анықтау үшін оқушыларға қойылатын сұрақтарды немесе тапсырмаларды алдын ала құрылымдаудың маңыздылығы туындайды. Құрылымдалған сұрақтар мен тапсырмалардың қызықты болуы, проблема туындатуы, осы проблеманы шешуге ұмтылыс жасалып отырғанын көздейтіндей сипатта болғаны оқушылардың зейінін аударады. Бұл сыныпта жағымды көңіл-күй қалыптастыра отырып оқу ортасын құруға әкеледі. Оқу ортасын құруда топтастырудың маңызы зор. Топтық және жұптық жұмыстағы бірлескен әрекет оқушылардың сыни ойлануына ықпал етеді, себебі топта мәселені талқылайды, бір-біріне сұрақ қояды, салыстырады және т.б. Осы жерде мұғалімнің үнемі ескеретіні – оқуды даралау. Оқуды даралау оқушының жеке жұмысын көздейді. Ал оқушының оқу мақсатына жетуіне топтағы бірлескен жұмыстың ықпалы маңызды екендігін ұмытпауымыз керек. Осылайша сабақтың басында өтілетін тақырып бойынша оқушы меңгеретін білімнің өзектілігі айқындала отырып, бұрын нені білді, енді нені білмек деген мәселені оқушының өзі шешуі үшін оқу ортасын құруға арналатындығы шығып отыр. Мұғалім сабақтың танымдық мақсатына жету үшін эмоционалдық, әлеуметтік мақсаттардың орындалуын алдын ала ойластырғаны жөн. Сабақтың басындағы сергіту сәттері сыныпта жағымды көңіл-күй қалыптастыруды қарастырады. Ал топтастыру әлеуметтік мақсатты көздейді. Топтастыру тек сабақтың басында орындалуы керек деген ой туындамауы керек, топтастыру қажеттілікке қарай жүргізіледі, ол топтастырудың мақсатына қарай сабақтың кез-келген уақытында ұйымдастырылуы мүмкін.

Сабақтың ортасында орындалатын әрекеттер негізінен оқушылардың табиғаттағы құбылыстарды түсіндіру және болжау үшін теориялар мен модельдерді қолдануына, мұғалімнің көрсетілімдерді жүргізуінің және оқушылардың зертханалық тәжірибелер, тәжірибелік жұмыстарды орындауларының маңызын түсінуіне, жоспарлау және ізденістер жүргізу арқылы проблемаларды зерттеуіне, әртүрлі ақпарат көздерінен химияның заманауи проблемаларын таңдау, білімдерді жинақтау және алынған ақпаратты бағалауына, ойындарды қолдану, құрастыру, модельдеу және пікірталастар мен дебаттарды жүргізуіне бағытталғаны жөн. [Мұғалімге арналған нұсқаулық] Ал мұғалімдер оқушылардың оқу үдерісінде және оқу жоспарында ұсынылған, сонымен қатар оқу мақсатына сәйкес мұғалімнің өзі таңдап ұсынған тапсырмаларды орындау арқылы оқу мақсаттарына қол жеткізуіне көмектесетін тәсілдерді ұтымды пайдаланғандары дұрыс. Бұл тапсырмалар әртүрлі дағдыларды дамытуға арналған болуы мүмкін: мәселелерді шешу, материалды жинақтап қорыту, оқып-білген материалды белсенді қайталау үшін бірігіп рефлексия жасау, ақпаратты талдау арқылы қабылдау, ақпаратпен жұмыс істеудің бастапқы және қорытынды кезеңдеріндегі ақпаратты құрылымдау және т.б.

Бұл тапсырмаларды беру екі сипатта болуы мүмкін, біріншісі оқушыларға жеке тапсырмалар ұсынылады, ары қарай өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру үшін топтық талқылау жүргізіледі. Екіншісі егер тақырыпты түсінуде қиындықтар туындайтындай болса, онда алдымен топтық талдау, сонан кейін жеке тапсырмалар орындау ұсынылады. Мұғалімдер оқушылардың бойында жаңа дағдылар мен оқу мақсатына сәйкес білімді қалыптастыру үшін сыныпта сенімді қатынас пен ынтымақтастық үшін жағдай жасауды, оқушылардың жеке қабілеттері мен жас ерекшеліктерін есепке алып, сараланған және зерттеу сұрақтары мен тапсырмаларды беруді, топ жетістікке жетуі үшін әр оқушы түрлі рөлде жұмыс атқаруына мүмкіндік беретін топтық жұмысқа жағдай жасауды, өз ойын жеткізе білу және дәйек келтіру, мәселелерді анықтау үшін өз пікірлерін жеткізу, болжам құру және ұсыныстар жасау қабілетін дамыту үшін ынталандыратын жағдаяттар құруды, оқушыларды зерттеу жұмыстарына бағыттайтын белсенді оқуды ұйымдастыруды, оқушылардың сабақта зерттеу жұмыстарын жүргізуі, тәжірибелер жасауы мен түрлі дереккөздерді пайдалануын талап ететін проблемалық жағдаяттар тудыруды, зерттеу тақырыбын өз бетінше таңдауын, жоспарлауын және зерттеу нәтижелерін ұсынуын ұйымдастыру арқылы оқушылардың зерттеу жұмыстарына қызығушылығын оятуды ойластыруы қажет. [Мұғалімге арналған үлестірме материалдар]

Тапсырмалар орындау барысында оқушылардың жаңа ұғымдарға сипаттама беруі, есеп шығарудың жолдарын көрсетуге ұсыныс жасауы, берілген тақырыпқа қатысты химиялық заңдылықтарды анықтауға әрекеттенуі мүмкін. Топ ішінде өздері анықтаған мәліметтер мен олардың себептері бойынша талқылау жүргізеді, өздерінің қорытындылары бойынша негіздеу және ілгеріде оқып үйренген тақырыптармен салыстырулар жүргізеді. Кезекпен түсініктеме жасау арқылы идеялармен алмаса отырып, өзінің қорытындысына өзіндік бағалау жасайды. Жаңартылған білім беру мазмұнындағы ерекшеліктің бірі – сабақта қалыптастырушы бағалаудың ұйымдастырылуы. Қалыптастырушы бағалаудың әдістері көп, дегенмен мұғалімдер тапсырманың орындалуына тапсырмаға берілген дескриптор бойынша оқушылардың бір-біріне немесе мұғалім тарапынан кері байланысты ұйымдастыруды есте ұстауы қажет, себебі дәл осы кері байланыс арқылы оқушы өз оқуының қандай деңгейде екендігін білетін болады.

Оқу мақсатына жету үшін оқушылар жұптық талқылау жасайды, тапсырмалардың нәтижелерін салыстырады, оқулықтағы мәтінмен жұмыс жасайды, мәтіннен негізгі ұғымдарды анықтайды, қысқаша тұжырымдамалық жазба жазады немесе кесте сызады. Осындай әрекеттер орындалғаннан кейін өз жұмыстарының таныстырылымын жасайды. Бұл тақырыпты түсінуге, түсіндіру арқылы ойын жеткізуге дағдылануға, өзгелерді оқытуға ықпал болады. Сыныптастарының сұрағына жауап беру білімді тереңдетуге көмектеседі. Топтық жұмыстың бір ерекшелігі әрбір оқушының диалогқа түсінуіне, өз ойын айтуына қолайлы орта бола алуында. Оқушылардың өзара белсенді жұмыс істеуіне мұғалімнің бақылауы, ұйымдастыруы, шешім шығара алуы, қолдау көрсетуі маңызды. Сондықтан мұғалім оқушылардың өзін-өзі, бірін-бірі бағалауын, оқушылардың іздену жұмыстарын, өз бетінше жұмыстарын ұйымдастыруға, топтық жұмыстардың орындалу барысын бақылауға, топтық талқылаулардың нәтижелерін бағалауға, алынған білім туралы қорытынды жасауына мүмкіндік беруге, оқушылардың ойын жинақтауына көмектесетін бағыттаушы сұрақтар қоюға, оқушылардың зейінін оқу үдерісінің нәтижелілігіне шоғырландыруға, сыныптағы оқушылардың арасындағы сенімді, достықты, сыйластықты қалыптастыруға басты назар аударғанда ғана оқушыларды белсенді оқуға итермелейді.

Сабақтың соңындағы әрекеттер оқушылардың сабақтың басында анықталған табыс критериийлері бойынша өзінөзі бағалауға, сабақ бойынша өзінің іс-әрекетіне рефлексия жасауға бағытталады. Өтілген тақырыпты қорытындылауға арналады. Өйткені «Химия» бойынша оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттары оқушылардан өздерінің дағдыларды үйренуі туралы ой-пікірлерін білдіріп, оны талдай және бағамдай білуді талап етеді. Мұғалімнің кері байланысы оқушының оқуын жетілдіруге, оқушыға өз оқуы туралы ойлануына бағытталуы керек. Сонымен қатар оқушыларға үйге берілетін тапсырмаға түсініктеме бере отырып, оқушының өз бетімен ізденуіне түрткі бола алу да мұғалімге қойылатын талаптың бірі.

Сабақта қолданылатын белсенді әдістер оқушының өзіндік рефлексия жасау дағдыларының дамуына, сыныптағы жалпы жұмысқа үлес қосып, қатысқанын сезінуге; оқу үдерісінің белсенді мүшесі болуына, академиялық тілде сөйлеуді жетілдіре отырып, қарым-қатынас дағдыларының дамуына, танымдық белсенділігінің артуына мүмкіндік береді. Сондайақ, мұғалімнің сабағын қызықты ұйымдастыруына, оқушыларының танымдық әрекетін күшейтіп, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдай түсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар білім беру құндылықтарын, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілікті, ашықтық пен ынтымақтастықты қалыптастыру, өмір бойы білім алуды іске асыру тетіктерін оқушының түсінуіне әкеледі.

Қорытынды ретінде тиімді жоспарлауда қай стратегияны қай жерде және неліктен қолдануды білетін, танымдық, эмоционалдық, әлеуметтік мақсаттарды ықпалдастыра алатын мұғалім XXI ғасырға оқушыны қалай дайындау керектігін білетін, оқытуды басқарып көшбасшылық көрсете алатын білікті мұғалім бола алады дегім келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Химия» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімге арналған нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016ж

2. Мұғалімге арналған үлестірме материалдар, 2016ж

3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы

4. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық, Оспанова М.Қ., Белоусова Т.Г., Аухадиева Қ.С. Алматы, «Мектеп», 2017ж

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no