электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2018 г.

 

Оқушыларды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңыздылығы

№ 3 (174) март 2018г.

ТАНАЕВА Д.О., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ ИТ және ҒЖ(Г)ПОӘ кафедрасының аға оқытушысы
МАМЕТОВА Г.К., Алматы қаласы, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия мектебінің информатика пәні мұғалімі


Тәуелсіз елдің негізгі тірегі – білімді ұрпақ. Адамзат баласының бүгінге дейін қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Расында, қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы енді туды.Жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», – деген.

Сондықтан Елбасы әдеттегідей өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім саласына ерекше назар аударды. «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», – деп атап көрсетіп өтті. Оның ішінде қоғамның әртүрлі сатылары бар. Ғалымдар, студенттер, оқушылар болсын, яки зейнеткерлер мен жұмыскерлер болсын қоғамның әр мүшесі болашақта өзінің даму жолдарын осы Жолдаудан айқын көре алатынына сенімдіміз. Әрине, алдымыздағы басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басып, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқанына тоқталып, жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертіп жатқанын атап көрсетті.

Негізінде білім беру мазмұнын жаңарту қандай қажеттіліктен туындады? Бүгінгі бала – ертеңгі маман иесі. ХХІ ғасыр жағдайында бәсекелестікке қабілетті табысты болу үшін ол еңбек нарығында өз орнын таба алатын дәрежеге жетуі тиіс. Сонымен қатар мектеп оқушысы оқу мен жазу дағдыларымен шектеліп, халық, көпшілік алдында дұрыс сөйлеу, өз ойын ашық айту, тыңдау дағдыларынан шет қалып жатады. Сондықтан коммуникативтік дағдыларды толықтай оқушыға игерту мен көшбасшылық қасиеттерді бойына сіңірту, топпен, командамен жұмыс жасауға, ақпараттық-технологияны меңгерген оқушы тұлғасын қалыптастыру керек. Яғни, экономикалық, адамдардың өз-өзін басқаруы, қарымқатынас көлемі мен жылдамдығы, еңбек нарығының құрылымы, басқа мемлекеттермен байланыстығымыз, оқыту мен үйретудің анағұрлым нәтижелі тәсілдерінің болуы себепші.

Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткеніндей, елімізде білім берудің жаңа сапасына барынша назар аударыла береді, алдағы уақытта жастарды бәсекеге қабілетті, өз Отанын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға білім беретін мұғалімдердің де соған сәйкес біліктілігін арттыруымыз керек делінген. Демек, қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде.Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ өткізетін біліктілігін арттыру курсынан мұғалімдердің алған әсерлері өте көп. Ондағы жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер – педагогтардың оқытудың әмбебап үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, оқуға жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға негізделген.

Елбасы жаңартылған білім беру мазмұнының ерекшеліктеріне былайша тоқталады: «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады... Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс». Осыдан біз кешегі кеңестік жүйедегі сан жылдық білім мазмұнымен шектелудің уақыты өткендігін, халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи оқу бағдарламалары негізінде жасалған жаңа жүйеге көшу – ғылым мен технологияның қарыштап дамыған ғасырында жаһандық әлемде өмір сүріп жатқан бүгінгі барша қазақстандықтардың алдында тұрған асыл міндеттердің бірегейі деп түсінеміз.

Жаңартылған оқу бағдарламаларының негізгі ерекшеліктері: пәннің маңыздылығы, пән бойынша оқу бағдарламасының мақсаты, үштілділік саясатты іске асыру, оқыту үдерісіне ұйымдастыруға қойылатын талаптар, пәнді оқытуда қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдер, түрлі мәдениет пен көзқарастарға құрмет, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану құзыреттілігі, оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту, оқу нәтижелерін бағалау жолдары, оқудың мазмұны, ұйымдастырылуы мен бірізділігі болып табылады.

Бағдарламаның міндеттері:

1. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігінің өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;

2. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді түсінуін және қолдана білуін қамтамасыз ету;

3. Пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету;

4. Мұғалімдердің бойында орта білім мазмұнын жаңарту жағдайында пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті дағдыларды қалыптастыру.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы оқушының сөйлеу әрекетінің төрт түрін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды жетілдіруге бағытталған. Бұл сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша түйінді дағдылар оқу жоспарында «спиральді» тәсілмен берілген. Қарапайымнан күрделіге қарай, бірте-бірте білім, білік пен дағдылары кеңейтіліп қалыптасады. Оқу мақсаттары оқушылардың зерттеу дағдыларын, қарапайым бақылауға тәжірибе арқылы білімінің қалыптасуына, алған білімін қайта өмірде қолдана білуіне бағытталған.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты баллдары бойынша өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Критериалды бағалау, кері байланыс тәсілі ХХІ ғасырдағы қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау, бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және ынталандырады.

Сондай-ақ, оқушылар барлық пәндерді оқу кезінде АКТ қолдану дағдыларын дамытады. Ақпаратты іздеу және өңдеу барысында ұжымда идеялармен алмасады, өз жұмыстарын бағалайды және жетілдіреді, түрлі жабдықтар пен қосымшалардың кең ауқымын пайдаланады. АКТ оқушы білімінің, оларды тиімді қолдану бойынша дағдыларының дамуына жәрдемдеседі.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қ олайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативтік қарымқатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдістәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдана білу.

Қорыта келе, «Өрлеуде» жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша курсты оқып шыққан мектеп мұғалімдері – озық технологиялардың барлық қыр- сырларын меңгеріп, мектепте тәжірибеде өз нәтижелерін көрсетуде. Егер біз осы қарқынмен мамандардың біліктілігін заманның жаңа технологиялық талаптарына сай арттыратын болсақ, мектептегі білім сапасы тереңдей түседі. Бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз – адамның бойындағы білімі, қазіргі табысты ел болуға қарышты қадам жасаған кезеңде өзге озық елдермен иық тірестіре тұрып, әлемдік деңгейдегі озық білім мен тәжірибелерді меңгеріп, бәсекеге қабілетті болу. Өзіңнің жетістігіңді қоғамның пайдасы мен ілгерілеуіне жарату, қабілеттеріңді дамыта отырып «Мәңгілік ел» болуға өлшеусіз үлесіңді қосу. Осыған байланысты білім экономикалық категорияға айналып отырған жаһандық дәуірінде ақшалы, қаражаты мол адам емес, білімді адамның мәртебесі, қадір-қасиеті жоғары болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2018ж. http://www. akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstanrespublikasynyn- prezidenti-n-nazarbaevtyn-kazakstan-halkynazholdauy- 2018-zhylgy-10-kantar

2. Ж. Жонтаева «Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту» // Білімді ел. 2016 ж. №15 (52)

3. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200000832

4. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – Астана қ., 2016 ж.

5. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi № 319 «Бiлiм туралы» заңы. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/ V09TH000166

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no