электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуда белсенді оқу стратегияларын қолдану

№ 2 (183) февраль 2019г.

М.Б. АЙТКЕНОВА, Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты


Қазіргі заманауи білім берудегі қажеттілік – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, жоғары білім алған, білімді, көптілді жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатта баланы мектеп қабырғасынан бастап зерттеушілік, тәжірибелік жұмыстарға қатыстыру, қазақстандық, әлемдік білім беру жүйесінің таңдаулы әдіс-тәсілдеріне ыңғайланған орта білімнің инновациялық үлгісін құру талап етіліп отыр. Сондай басым бағыттардың бірі – оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту.

Оқу сауаттылығын дамыту мынадай жолдармен іске асырылады:
1) терең ұғыну үшін мәтінді мұқият оқу;
2) күрделі мәтінмен жұмыс;
3) оқушылардың оқу лексикасын дамыту.

Тілдік пәндердің мазмұны ойын және танымдық іс-әрекеттер арқылы білім алушылардың бойында тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен оң қатынасын дамытуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білу, фразалар мен сөз орамдарының мәнін түсіну және оларды нақты жағдайлар кезінде қолдану үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған [1].

Қазақстан мектептерінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру теориясы тіл үйренушілердің қазақ тілін өз мүддесіне сай, қатысым мақсатына орай қолдануға төселдіруде маңызды рөл атқарады. Тілді деңгейлік тұрғыдан динамикалық жүйе ретінде меңгерткенде, оның шынайы функционалдық қасиеті ашылады. Коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруда өмірлік жағдаяттағы мәселені тиімді жолмен шешуге сәйкес келетін түрлі деңгейдегі тілдік бірліктерді дұрыс талғап қолдану тіл үйренушінің функционалдық сауаттылығына тәуелді. Сондықтан функционалдық сауаттылық нәтижеге бағдарланған оқыту жүйесінде әрі құзыреттілік, әрі түпкілікті нәтиже болып саналады. Бұл теория тілдік грамматикамен қатар тілдік қатынас теориясына қатысты білім-біліктерді өзара сабақтастықта игертуді көздейді [2, 28].

Ал функционалдыққа келетін болсақ, алған білімді оқушылар өмірде туындауы мүмкін жағдайларда дұрыс, орынды пайдалануға дайындалады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығы алған білімімен, құзыреттілігімен, білімін өмірде тиімді қолдана білуімен қалыптасады. Олай болса, Қазақстан 2009 жылдан бастап қатысқан PISA зерттеуі оқушылардың қабілеттерін емес, ол оқу барысында меңгерген білімдерін, дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдану ептілігін бағалауға бағытталады. Зерттеудің міндеті – білім беру саясатында ғылыми дәлелденген және жасампаздық шешімдерді шығару үшін білім беру саласындағы әлемдік басымдықтарды сипаттайтын зерттеу құралдарының негізінде объективті өлшеулер арқылы алынған айқын нәтижелерді талдау болып табылады [3, 6]. Осы тұрғыда оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығы өмірден алатын білім, білік және дағдыларды адам жұмысының әртүрлі саласындағы алуан түрлі тапсырмаларды шешудің, еңбек өнімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың, әлеуметтік қатынастардың оқушының меңгеретін білім мазмұнымен байланысы арқылы қалыптасады. Бұл туралы кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл білімін ереже жаттау түрінде үйретпей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тануға үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс», – деген тұжырым жасаған [4].

Функционалдық сауаттылық жүйесін құрастыру білім беру деңгейлерін әрбір пән бойынша білім-білік пен құзыреттіліктерді қарап, өзара сабақтастықта айқындайды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын табысты ету үшін тиімді жұмыс жүйесін құру қажет:

1) әртүрлі оқу пәндерінің тақырыптық материалдарынан тапсырма даярлау керек, оның дұрыс орындалуы кіріктірілген білім мазмұнын талап етеді;

2) әртүрлі ақпарат дайындау қажет (мәтін, кесте, графиктер, диаграммалар, суреттер, т.б.);

3) шығармашылық тапсырмаларды сабақта, сабақтан тыс іс-шараларда қолдануды арттыру керек.

Дискурсивті маркерлер, қайталау, мысалдарды, синонимдерді жиі пайдалану, кең түсінік беру, өзгертіп айту, анық артикуляция, түрлі екпіндік құрылымдар және т.б. арқылы оқытылатын пәннің мазмұнын қабылдау жақсарады. Бұған қоса, оқушыларда екінші (үшінші) тілде оқылған мәтінге жауапкершілік артады, себебі негізгі басымдылық ең алдымен мазмұнға, сосын материалдың берілу жолына түседі [5, 88].

Оқу сауаттылығының тиімділігі белсенді оқу стратегияларын пайдаланған жағдайда арта түседі. Белсенді оқу оқушының ойлау қабілетін және оқу сауаттылығының дағдыларын дамытады. Бірнеше белсенді оқу стратегияларын талдап көрелік.

«Ойлан, жұп тауып ал, бөліс»

1. Мектепте немесе отбасында, достарыңнан үйренген нәрсе туралы ойлан (Бұл оқу, практикалық тапсырма болуы мүмкін). Бұл мәні бар, сенің жадыңда анық қалған мәлімет болуы тиіс. Үйренген нәрсеңді сипаттап бер.

2. Түсіндіру кезінде қасыңдағы адамға бұрыл. Сұрақтар бойынша өзіңнің ойларыңды талқыла.

3. Енді өз идеяларыңмен сыныппен бөліс. Басқа оқушылар нені үйренгенін, қалай үйренгенін мұқият тыңда. Қажет ақпаратты жаз.

Бұл стратегия оқушылардың бір мәселені өз бетінше талқылауына мүмкіндік береді. Олар бір-бірімен идея алмасады. Әр жұп басқа жұппен де идея алмаса алады. Мысалы, оқу сауаттылығы тұрғысынан алатын болсақ, оқушылар мәтінде кездескен немесе пайдалану негізіне байланысты белгілі бір сөйлем немесе сөз туралы ойланады. Олар өз идеясымен жұпта бөліседі. Басқа жұппен идея алмасады [6, 21].

Белгілі бір тақырып аясында диалогтық тілдесімді дамыту үшін тиімді тілдік жағдаятты туғызу қажет. Ол шынайы, шартты немесе мәселелік болуы мүмкін. Тілдік білім беру жағдаяттары бірлескен орта құруға, тілдік кедергіні жоюға септігін тигізіп, өздігінен білім алуға, өзін-өзі ұйымдастыруға әрі өзара оқытуға мүмкіндік береді [6, 71]. Оқушыларды осындай тапсырмаларға қатыстыру арқылы оқыту мәселелерін шешу жеңіл болады.

«Мәтіндік граффити» («Үнсіз әңгіме»)

Мәтінмен жұмыс жасауда қолайлы стратегия. Мәтінге қызығушылықты оятып, өзара әрекеттестікті қолдайды. Стратегияның мақсаты мәтінді үнсіз оқып шыққан соң оқушылар бір-біріне мәтінді түсінуге, мәнін ашуға, автор қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестерін түсінуге көмектеседі.

Қадамдары:

1. Мәтінді үнсіз оқып шық (Дауыстап оқу түрлерін де пайдалануға болады: хормен, бір оқушының оқуы, тізбектей оқу).

2. Мәтін мазмұнын ой елегінен өткіз. Ойыңды қағаз бетіне түсіруге дайындал (сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашуға болады, сұрақ қоюға болады, сызба, сурет т. б. арқылы сипаттама беруге болады).

3. Өз ойыңды параққа (флипчартқа) жаз. Жазба жұмысы топ мүшелеріне түсінікті, нақты болуы тиіс. Мәтіннің бөлігін, сөзді, сөйлемді қоршау арқылы сілтеме де жасауға болады. Топ мүшелері бір мезгілде жазатын болады.

4. Топ мүшелерімен жазған түсініктемелерді, сұрақтарды кезек-кезек оқып, жұмыс жаса.

5. Жазбаша ой алмасуды бөлінген уақыт ішінде жалғастыр. Қажет болған жағдайда жазбаша ой алмасуға қайта тоқталуға болады, қосымша сұрақтар қоюға болады [6, 43].

«Сократтық семинар»

Мәтін бойынша ашық сұрақтарды пайдалана отырып бірлескен интеллектуалды диалог жүргізуге болады. Бұл жұмыс оқушыларға мәтінді өзара бірлесіп зерттеу үшін сұрақтар қоюға, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді. 2 топ жұмыс істейді. Бір топ ішкі айналымды, бір топ сыртқы айналымды құрайды. Ішкі айналымның оқушылары тапсырманы орындап жатқан кезде сыртқы айналымның оқушылары бақылайды [6, 70-72]. Талқылау аяқталған соң айналымдар орнын ауыстырады.

Сократтық семинарға дайындық:

1. 4 адамнан тұратын 2 топ дайындаңыз.

2. Топтың әрбір мүшесі 2 рөлді де атқарады: ішкі айналымда да, сыртқы айналымда да жұмыс жасайды.

3. Ішкі айналым дөңгеленіп отырады, бір-біріне мәселе төңірегінде түсініктеме беріп, сұрақ қойып кезектесіп сөз а лады. Ал сыртқы айна лымдағы бақылаушылар бір-бір оқушыдан бөліп алып, ішкі айналымның жұмысын бақылайды. Талқылау уақыты аяқталған соң, әркім өзі бақылаған оқушының жұмысы туралы пікір айтады.

Сократтық семинарға арналған басқарушылық қағидалары:
Қол көтерме, еркін сөйле;
Тақырыпты ұстан, топ мүшелерінің де тақырыптан ауытқымауына көмектес;
Сенің мақсатың топ мүшелерінің мәтін бойынша түсініктерін кеңейту, талқылау екенін естен шығарма;
Өз сұ рақтарыңмен бөліс, басқа лар қойған сұрақтарға жауап бер;
Мәтінге мүмкіндігінше көбірек көңіл бөл;
Күмәнді ойларды талқылауға тырыс;
Басқалардың түсініктемелеріне сүйен, тыңда;
Бір-біріңнің идеяларыңды талқыла.

Бақылаушы өзі бақылайтын оқушы әрекетін Бақылаушының бланкісіне толтырып отырады. Ішкі айналым жұмысын аяқтағанда осы бланкідегі жазбаға сүйеніп, талдау жасайды (1-кесте).

Ішкі айналымға қатысатын оқушылар белгілі бір тақырып аясында талдау жасағанда академиялық тілдік көмекті басшылыққа алуына болады (2-кесте).

Тілді игеру барысын да оқушы лардың еркін сөйлеу машығы дамытылып, базалық, пәндік, түйінді құзыреттіліктері қалыптасуы тиіс. Осы аталған мәселелерді шешу мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы Қарағанды облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының филиалы 2014 жылдан бастап функционалдық сауаттылықты дамыту аясында қазақ тілі, орыс тілі, математика, жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, тыңдаушыларды белсенді жеке тұлғаға бағытталған оқыту тәсілдерін зерделеу және тәжірибеде қолдану, функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған белсенді стратегияларды зерделеу, PISA талаптарына сәйкес тапсырма мысалдарын құру дағдыларын қалыптастыру жолдарымен таныстырады.

Республика мектептерінде білім беру жаңартылған мазмұнында оқытыла бастады. Жаңарту тұжырымдамасы оқушының сөйлеу əрекетінің (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) түрлерін дамыту арқылы еркін жəне сауатты сөйлеу, жазу, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда белсенді оқыту әдістерін тиімді, орынды пайдалану нәтижені жақсартатыны сөзсіз. Оқушылардың дара даму траекториясы есебінен өз бетінше тілдегі қажетті ақпараттарды ала білуі мүмкіндігінше жоғары деңгейде құрылуы қажет.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары – [ЭР]. Қолжеткізу режимі http: //adilet. zan. kz/kaz/docs/ P1200001080

2. «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді деңгейлік үздіксіз оқыту стандарты. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2014. – 96 б.

3. PISA халықаралық зерттеуі. Әдістемелік құрал – Астана, ҰББСБО, 2012. – 112 б.

4. Мақал-мәтелдер: Алаш қайраткерлерінің тіл туралы қанатты сөздері: [ЭР]. – [URL]: https: //rector. kz/makalmatelder/ lists/36

5. Жетписбаева М.А. Предметно-языковое интегрированное обучение в образовательной системе средней школы. «Өрлеу. Үздіксіз білім жаршысы» – «Өрлеу. Вести непрерывного образования» – № 4 (11)/2015. – С. 86-92

6. PISA халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту әдістері бойынша Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Оқу сауаттылығы. 2014. – 214 б.

 

 
 

Теория и практика





 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

E-mail: o.shkola@rambler.ru      

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10