электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудің маңызды факторының бірі – мұғалімнің кәсіби шеберлігі

№ 3 (184) март 2019г.

Г.С. АСАНБЕКОВА, «Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия» КММ-сінің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі, Алматы қ.


Еліміздің орта мектептеріндегі сабақ беріп жүрген барлық мұғалімнің жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасын терең игеруі маңызды. Бағдарламаны оқушыларға меңгертуде мұғалімнің негізгі қаруы ол тиімді оқу мен оқыту тәсілдерін игере отырып, өзінің педагогикалық қызметінде белсенді оқу қағидаттарын енгізу. Мұғалімдер оқу мен оқытудағы әр іс-әрекет мақсатқа жетуге бағытталатынын түсінеді. Егер ұстаз тәжірибесінде үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білсе, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері дамып, білімнің қажеттілігін түсінетіні белгілі. Яғни, «Не үшін?», «Қалай?», «Неліктен?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.

Бағдарлама аясында ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену қажет екенін жақсы түсінді. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады деп ойлаймын.

Бағдарлама бойынша ұстаз меңгерген әдістер оқушылардың ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасауына, ойын еркін жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына септігін тигізетініне көзім жетті.

Ертеңінен үміт күткен «Мәңгілік еліміздің» ұрпағы білімді, білікті болу үшін нақты жоспар, нақты қадам керек. Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі — пәндер бойынша ортақ тақырыптардың болуы екені бәрімізге белгілі. Дәстүрлі оқыту мен жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшеліктерін саралай келе, жаңартылған оқу бағдарламасының оқушы тұлғасын дамытудағы маңыздылығын түсінеміз.

Өйткені, оқушының: білу және түсіну, білімді қолдану, ақпарат іздеу, өңдеу және талдау, топ ішіндегі ынтымақтастық және жеке жұмыс, тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым, зерттеу жүргізу, функционалдық сауаттылық, тұжырымдама жасау, рефлексия сынды дағдылары қалыптасады және дамиды. Мұғалім осы дағдыларды оқушы бойына қалыптастыру арқылы білім алушының дарындылығын шыңдау мақсатын орындайды.

Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі – құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама болып табылады.

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) екендігін ұғындық. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттарын зерделей отыра, тапсырмаларды, сабақтарды құрастыру барысында көз жеткіздік.

Оқушы білімін бағалауға тоқталар болсам, жаңа білім беру мазмұнында бес балдық бағалау емес, критериалды бағалау арқылы бағалануы – оқушылардың оқу жетістіктерін нақты айқындалған, бірге даярланған, оқу үдерісінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі, білім берудің мақсаттары мен мазмұнына сай критерийлермен салыстыруға негізделген бағалау үдерісі болып табылады. Критериалды бағалау оқыту, тәлім-тәрбие беру және бағалаудың өзара байланысына негізделген. Бұл бағалау жүйесінің оқушы үшін ерекше екендігі тәжірибе барысында байқалып жүр. Оның алты факторын атап өтсем:

1. Қалыптастырушы бағалау шынайылыққа бағытталады.
2. Оқушының өз бетімен жұмыс жасап, тұжырым жасауына ықпал етеді.
3. Мұғалім үшін қай оқушының қандай деңгейде екендігін байқауға мол мүмкіндік береді.
4. Оқушының өзара бір-бірін бағалауын қалыптастырады.
5. Ата-ана өз баласының қай оқу мақсатынан төмендігіне көз жеткізіп, сол бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік жасап отыр.
6. Әр мұғалім қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын жасау арқылы өздерінің кәсіби бағытта дамуына қол жеткізетіндігі белгілі болды.

Сонымен қатар, бағдарлама ата-ана үшін де бір жағынан қорқыныш, екінші жағынан қызығушылық та тудырып отыр. Ата-аналарды әр оқушының қалыптастырушы бағалау нәтижесін есеп беру бетшесі арқылы таныстырудың өзі олар мен мұғалімдердің арасында ынтымақтаса жұмыс жасауға ықпал ететіндігін көрсетуде. Кері байланыс бетшесінде алған мәліметтерін, жазған ұсыныстарына қарай отырып ата-ананың бағдарлама мақсатын түсінгендігін байқауға болады. Бағдарламаның тек оқушы ғана үшін емес мұғалімнің де кәсіби дамуына үлкен ықпалын тигізетіндігін айта аламын. Бағдарламаның ерекшелігін түсінумен қатар, әлі де жетілдіретін тұстары бары екендігін байқаймыз. Ол бағдарлама мен оқулықтың өзара сәйкес келмеуі. Бұл ата-анаға да, оқушыға да, мұғалімге де қиындық болып тұр. Әрине, жаңа бастаманың қашанда қиындығы да қызығы да болады. Бірақ осы үлкен міндетті абыроймен атқарып, шәкірттерді бәсекеге қабілетті жеке тұлға дәрежесіне жеткізе білу әр ұстаздың міндеті. Сондықтан заман талабына сай болып жатқан өзгерістерден қауіптенбей, мақсатқа сай, нәтиже аламыз деп сенемін.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені оқыту керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды.

Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылатын педагогикалық әдістемелермен тығыз байланысты. Қарқынды жаһандану, сондай-ақ, ұлттық экономикаға да ықпал етуде және қазіргі уақытта экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық бәсекелестік артты. Білім беру жүйесін жаңартуға арналған бұл экономикалық дәлелдерге қоса, қазіргі жиырма бірінші ғасырда басқа да негіздер бар: байланысқа бейімділікті арттыру, әлеуметтік өзгерістер, ауа райының өзгеруімен байланысты мәселелер, бүкіл әлемдегі халықтың қарқынды өсуі, заманауи әлеммен өзара табысты байланысу үшін қажетті және келешек күннің әлемімен өзара байланысу үшін қажетті дағдыларды қазіргі таңдағы мектеп жасөспірімдері талап ететін шектеулі ресурстарға деген сұраныстың өсуі.

Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Мектеп бітіруші түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда елімізде жаппай білім беру мазмұны жаңартылуда.

Жаңартылған бағдарлама бойынша әлемдік білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікке қарай білім алушыны баулу, қоғамнан өз орнын таба білетіндей сапалы маман болуына бағытталған. Ал осы уақытқа дейін біздің елімізде жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар күтілетін нәтижеге көз жеткізбей, түрлі әсер етуші факторлар ықпалымен мамандық таңдап, соңында сол оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа тартыла алмай отырғаны бәрімізге белгілі. Орта білім мазмұнын жаңарту аясында әзірленген оқу бағдарламалары оқушылардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдылары қайталанып тексеріліп отыратын спиральділік қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасы моделіне негізделген. Оқу үдерісінің алға ілгерілеуі айқан көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөліктер мен бағыттарға біріктірілген.

Айталық, қарапайымнан күрделіге қарай шиыршық бойымен өрлей түскені жай эссе жазудан әңгіме тіпті повесть жаза алатындай дағдыға ие болып, тілдік құзыреттіліктері шыңдала түседі. Мұғалімдердің пайдаланатын оқыту әдісі оқушыларды оқытудың ең жоғары стандартта- рын қамтамасыз ету үшін маңызды. Осы орайда жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Қабырғадағы роль», «Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «Саналылық аллеясы», «5 сұрақ, 5 жауап», «5 қадам», «Драма әдісі», «Маңыздылық аймағы», графикалық органайзерлер – «Дара диаграмма», «Қос диаграмма», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Стоп кадр» т.б.

Мұғалімдер пайдаланатын әдіс оқудың тиімділігіне елеулі әсерін тигізеді. Педагогикалық әдістерді жетілдірмей тұрып, оқу бағдарламасын өзгерту білім беру стандарттарына қатысты реформалау шараларының мүмкіндіктерін және нәтижелілігін төмендетеді. Жаңартылған бағдарлама бойынша әр мұғалім төмендегідей нәтижелерге қол жеткіздік:
• жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымына;
• жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұны мен жүйесіне;
• оқу бағдарламасының және оны іске асырумен байланысты құжаттамалардың мақсаты мен рәсімделуіне;
• білім беру бағдарламасын іске асыруға көмектесетін тиісті педагогикалық тәсілдерді меңгеруге.

Әр мұғалім жаңартылған бағдарлама бойынша мазмұн мен жүйелілікті, білім беру бағдарламасын іске асыруға көмектесетін тиісті педагогикалық тәсілдерді қолдана алатын нәтижелерге қол жеткізеді.

Қорыта келе, Міржақып Дулатовтың «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман». Өркениетті дамудың өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ.

Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы, яғни ұстаз білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» – деп айтқан болатын.

XXI ғасыр – ғылым мен білім ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпы еуропалық стандартқа сай жаңа білім беру – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол!

Әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республика- сы Білім және ғылым министрлігіЫ . Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы: 2018 -2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2018. – 226 б.

2. Тілдік төрт дағды бойынша белсенді оқыту тапсырмалары , оқу әдістемелік құрал.

3. UNIVERSITY OF CAMBRIDGE Faculty of Education Center o f ExcellenceNazarbayev Intellectual Schools Мұғалімге арналған нұсқаулық (Бірінші (ілгері)деңгей).

4. Н . Ә . Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы- 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»,17.01.2014 ж.[Электрон.ресурс]http:// adilet.za n.kz /kaz/docs/ K1400002014

5. ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2011.

6. ҚР Білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010.

7. ҚР «Білім туралы» Заңы. – Астана, 2007.

 

 
 

Теория и практика




 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
 
 

 

 

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10