электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Студенттердің мәдениетаралық коммуникативтік құзыреттілігін конструктивтік амал негізінде қалыптастыру ерекшеліктері

№ 7 (188) сентябрь 2019г.

С.Ш. БИСАРИЕВА, 1 курс магистранты, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Алматы қ.



Қазіргі заманда яғни, XXI ғасырда, сапалы білім алған және бәсекеге қабілетті маман иесін дайындап шығару – бүгінгі күннің басты талабы. Білім беру жүйесінде жаңа талаптарға сай, болашақ мамандардың білімдерін дамыту, оқуға деген ынтасын, қызығушылықтарын арттыратын жаңа белсенді әдісіне көшу керектігі анық.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында (3бап) [1] белгілегендей, білім беру жүйесін жаңашылдандырып, белсендендіру, мемлекеттік білім саясатының негізгі қағидаларын жүзеге асырудың маңызды қағидасы болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында [2] болашақ мамандардың құзіреттіліктерін дамыту қажеттілігі нақты көрсетілген. Инновациялық оқыту арқылы білім алушылардың қажетті құзіреттіліктері дамиды.

Қазіргі таңда шетел тілін үйрену заман талабына айналды. Қазақстанның білім беру жүйесінде шетел тілін оқытудағы басты мәселелер – бүкіләлемдік білім беру кеңістігіне сай бейімделіп білім алуға, кәсіби білім деңгейін жоғарылатуға, сапалық біліммен қамтамасыз етудің ғылыми әдістемелік жүйесін жаңарту болып отыр. Тіл үйрету саласындағы ғалымдардың [3, 4] айтуы бойынша қазіргі таңдағы Қазақстанда шетел тілін инновациялық оқытудың негізгі міндеті – тілді шынайы және толыққанды қарым – қатынас ретінде үйрену.

Әрбір шетел тілінің сабағы мәдениеттер тоғысуы, мәдениетаралық қарым-қатынас тәжірибесі, себебі әрбір шетел сөзі шетел өмірін және мәдениетін көрсетеді, әрбір сөз ол ұлттың өмірі жөніндегі түсінігін білдіреді. Сондықтанда, білім берудің әдістемесін жаңарту – маңызды мәселеге айналады, өйткені білім алушылар бүкіләлемдік кеңістігіне сай бейімделіп, кәсіби деңгейі жоғары, құзіреттілігі дамыған мамандар болуына қажетті шарттар жасалуына жағдай туғызады.

Болашақ шетел тілі мамандарының бойында мәдениетаралық қатысым құзіреттілігін қалыптастыру қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Мәдениетаралық қатысым құзіреттілігі кең мағынада С.С. Құнанбаева [5], Д.Н. Құлыбаеваның [6], И.И. Халеева [7], зерттеулерінде ұсынылған. Мәдениетаралық қатысым құзіреттілігі дегеніміз не екенін зерттей келе өз жұмысымызда төмендегі анықтамаларды негіз ретінде алдық.

«Мәдениетаралық коммуникативті құзыреттілік» ұғымына сипаттама берсек, ол әртүрлі ұлттар мен мәдениет өкілдерінің меңгерген тілдік білімдерінің, өмірлік немесе ғылыми тәжірибелерінің арқасында емін-еркін қарым-қатынас жасай алу іскерлігі мен тұлғаның өзара түсінісе алушылық қасиетін қамтиды деп көрсеткен. И.И. Халееваның пікіріне сүйенер болсақ, «Мәдени жүйелілік жүйе шектеуінен асқан жағдайда танылатын адами өзара іс-әрекеттердің барлығы мәдениетаралық болып табылады» – дейді.

Жоғарыда айтылған ғалымдардың талдаған зерттеулері бойынша мәдениетаралық қатысым құзіреттілігі өзге мәдениет өкілдерімен шынайы қарым-қатынас орнату мақсатында өзге мәдениет ерекшеліктерін және де өз мәдениетімізді құрметтей отыра тілдік терең түсіністік негізінде өзара ақпарат беру, ақпарат қабылдау деп анықталған. Сонымен қатар, өзара түсіністік қабілетін қалыптастыра отырып оны мақсатқа бағытталған түрде қолдана отыра нәтижелі өзара қарым-қатынас орната алу қабілеті болып табылады.

Мәдениетаралық қатысымдық құзыреттіліктің қалыптасуы қазіргі ақпараттық қоғам заманының дамуымен тығыз байланысты. Шетел тілін үйрететін оқу орындарында өзге мәдениеттерді кеңінен және толығымен таныстырылмағандықтан, оны білімгерлердің нәтижелі меңгеруі елеусіз қалып кетіп отырған жағдайы көпшілікке мәлім. Яғни, студенттерге шетел тілін жан-жақты таным негізінде үйретуде түрлі заманауи амал-тәсілдер қолданып, болашақ мамандардың бойында талап етілген мәдениетаралық қатысым құзыреттіліктерін қалыптастыру қажет [8].

Жоғарғы білім беру жүйесінде, атап айтқанда, шетел тілдерін оқыту, сондай-ақ біздің еліміздің бүкіл білім беру жүйесінде қазіргі уақытта әлемдік деңгейде мойындалған конструктивистік амал енгізілуде. Конструктивизмнің негізгі идеясы – білімнің студентке дайын түрінде берілмеуінде, керісінше, оған өзінің білім алу үдерісін тиімді құрастыру үшін әдістемелік, педагогикалық, психологиялық жағдай жасау.

Себебі, шет тілін мәдениетаралық коммуникацияның практикалық құралы ретінде оқытудың инновациялық парадигмасы мақсатты түрде конструктивтік амалды кеңінен енгізуді талап етеді. Осы айтылған амалды өзіміздің зерттеу барысында теориялық тұрғыдан енгізудегі ерекшеліктерін айқындадық.

Конструктивизмнің негізін қалаушылардың бірі американдық психолог Д. Брунер. Оқытудың конструктивтік үлгісі Л.С. Выготский [9], Ж. Пиаже [10], В.Ф. Шаталов [11], Ф. Бунятова [12], П.Я. Гальперин [13], А. Әлімов [3] сияқты ғалымдардың еңбектерінде зерделенеді.

Конструктивтік білімнің басты қағидасы білімнің үйренушіге дайын күйде берілуі мүмкін еместігімен және әр адамның қоршаған әлем туралы өмір бойы өзіндік түсінік құрастыруымен байланысты, яғни білім үйренушінің жеке басында пайда болған ойлары, идеялары, түсініктері, көзқарасы, дүниетанымы, пікірі, сұрақтары мен жауаптары, дәлелдері, ұстанымдары, уәждері мен ұстанған құндылықтары деп түсініледі. Ал мұның бәрін де үйренушілердің өздері әрекеттер мен ойлану арқылы құрастырады, жасайды. Мұндай жағдайда ұстаз үйретпейді, ол тек шәкірт тарапынан білімді өздігімен игерудің жағдайларын ғана жасайды.

Конструктивті амал негізінде оқытудың келесідей ерекшеліктері анықталып, оларға деген баса назар аудару қажеттілігі көрсетіледі. Студенттердің бойындағы: бұрыннан жинақтаған білімі, қызығушылықтары мен қажеттіліктері, пікірі және көзқарасы, сын тұрғысынан ойлауы, тәжірибеден нақты нәтиже шығару және т.б. білім негізінде қалыптасқан білік, дағдылары болып табылады.

Білім беруде, конструктивизм – теориялық және тәжірибелік бағыт болып табылады. Оқу үрдісіне қолданылатын конструктивизмнің негізгі принциптері дәстүрлі педагогикадан келесідей ерекшеленеді:
1. Конструктивтік амал арқылы білім беруде студентке білімнің дайын, яғни аяқталған түрінде берілмеуінде, оған тек білімін жетілдіру және өздігінен дамыту үшін жағдайлар жасалуы.
2. Білімгерлердің ауданның, қаланың және облыстың өмірінен нақты (экологиялық, экономикалық, өндірістік және т.б.) жағдайымен тікелей байланысты болатын маңызды проблемаларды, шындыққа қатысты мәселелерді іздеуге, зерттеуге және шешуге енгізу арқылы оқуды ынталандыруы.
3. Жалпыланған ұғымдарға, жүйелік білімдерге және интегративтік дағдыларға негізделген оқыту мазмұнын жобалауы.
4. Студенттердің болжамдарын білдіре білуге және қарым-қатынастағы топтармен ой-пікір алмасуларына ынталандыруы.
5. Әр білім алушының интеллектуалды қадір-қасиетін, оның көзқарасының ерекше құндылығын, проблеманы шешуге жеке көзқарасы, жағдайды бірегей көруді, ойлаудың жеке стилін көрсететін жағдайларды жасауы (әдістерді, білім беру нысандарын, бағалау құралдарын таңдауы).

Конструктивизмде білімгер мұғаліммен және әріптестермен педагогикалық ынтымақтастық процесінде білімін меңгеру үшін белсенді рөл атқарады. Мұғалімнің конструктивистік рөлі – педагогикалық ынтымақтастық процесінде студенттердің білімін жинақтауды қолдау және жеңілдету, студенттерге проблеманы ойластыру үшін жеткілікті уақыт беру, ескі және жаңа білім арасындағы байланыстарды орнату. Конструктивизм оқушыны жасан- ды оқытудан емес, түпнұсқамен жұмыс істеуге емес, «өмір сүруге» көздейді, сол себепті оқушыларды өзіндік зерттеуге, гипотезаларды қалыптастыруға және заңдарды табуға ынталандырады.

Конструктивистік мұғалім оқудағы мақсаттарды дамытады, яғни, студенттердің шығармашылық ойлау қызметін ынталандыруға, негіздеуге, қорытындылауға, талдауға, болжауға, бағалауға, үлгілеуге тырысады. Оқу мақсаттарының осындай тұжырымдамалары, сонымен қатар оқу проблемалары мен тапсырмалары студенттерді сабақ материалын жақсы түсінуге, оларды мазмұнды талқылауға қосылуы, өз көзқарастарын, болжамдарын білдіруге белсенді түрде талпындырады. Бұдан басқа, конструктивистік мұғалім білімгерлердің көзқарастарын тыңдайды, оларды мазмұнды талқылау процесіне тартады, содан кейін ғана оны қорытындылайды және осы мәселе бойынша өз ұстанымын ашып көрсетеді.

Конструктивистік мұғалім студенттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасай- ды, мысалдар келтіріп, пікірталас барысында қарамақайшылықтарды ашып көрсетуіне қолайлы жағдай туғызады.

Қорытындылай келе, конструктивизм – XXI ғасырдағы негізгі теориялық көзқарастарының бірі, ол когнитивтік теорияға кіреді және шын мәнінде коммуникативтік және когнитивтік тәсілдерге, шет тілдерін үйренуге негізделген.

Конструктивистік оқыту – білімгерге нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын білім алушының идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Конструктивизм негізінде оқу үрдісінің негізгі мақсаты бұрын алған тәжірибесі мен үйренген білім негізінде студенттің психикалық қызметінің көмегімен салынған өз білімін құру болып табылады. Зерттеуіміздегі осы анықталған ерекшеліктерді болашақ тәжірибемізге енгізуге тырыса- мыз. Алынған нәтижелерді алдағы мақалаларда жариялаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi № 319 «Білім туралы» Заңы // «Егемен Қазақстан», 2007 ж. 15 тамыз, 254-256.

2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, Ақорда. Қазақстан Республикасы президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығы.

3. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғарғы оқу орындарында қолдану. – Алматы, 2013 327-б.

4. Әбдіғали С.Ә. Әдістеменің кейбір өзекті мәселелері. Әдістеме. – Алматы: Абылай хан атындағы ҚХҚ және ӘТУ, 2005.

5. Құнанбаева С.С. Қазіргі шеттілдік білім берудің теориясы мен практикасы. – Алматы: Эделвейс, 2010.

6. Құлыбаева Д.Н. Халықаралық типтегі мектептердің білім беру жүйесін басқарудың әдіснамалық негіздері. – Алматы, Эдельвейс, 2010.

7. Халеева И.И. Основы теории обучения пониманию иноязычной речи. – М.: Высш. шк., 1989. 236c.

8. Жайтапова А.А., Абдолдаева А.А. Студенттердің мәдениетаралық қатысым құзыреттілігін қалыптастыруда инновациялық оқыту технологиясының негіздері. ҚазҰУ Хабаршысы – Алматы, 2015 https:// articlekz.com/kk/article/17443

9. Выготский Л.С. Педагогическая психология / под ред. В.В. Давыдова. – М.: Педагогика, 1991. – 480 с.

10. Пиаже Ж. Генетический аспект языка и мышления // Психолингвистика. – М., 1984. – С. 334-335.

11. Шаталов В.Ф. Педагогическая проза. Из опыта работы школ Донецка. – М.: «Педагогика», 1980. – 94 с.

12. Бунятова Ф. Конструктивное обучение: сущность, принцип, цели и образцы уроков. – Баку, 2008. – 218 с.

13. Haenen, J. Piotr Gal’perin: Psychologist in Vygotsky’s foot-steps. Commack, NY: Nova Science Publishers, 1996

 

 
 

Теория и практика





 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.coma> yr.no