электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық қасиеттерін проективті әдістер арқылы анықтау

№ 9 (190) ноябрь 2019г.

А.Ж. АПЛАШОВА, ПМПУ-дың педагогикалық факультетінің деканы, пс.ғ.кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент)
Г.С. МОЛДАКЕЛЬДИНОВА, ПМПУ-дың магистранты



Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан халқының білімі мен әл – ауқатын арттыруға, жас ұрпақтың рухани адамгершілігін жетілдіру мәселелеріне тың көзқарастардың қажеттігіне басты назар аударған. Сондықтан да, ұрпақ тәрбиесіндегі көкейтесті мәселелердің бірі – жетілген, адамгершілік мәдениеті қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу.

Бастауыш мектеп – үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы ретінде өзінің белгілі қызметін атқарады. Бастауыш сынып оқушыларының бойында жалпы адамгершілік қалыптармен гуманистік, моральдық, қайырымдылық, ізгілік, өзара түсінушілік, ізеттілік, кішіпейілділік, адалдық, сыпайылық тәрізді қасиеттерді сіңіріп, олардың өзара қарым-қатынас мәдениеті мен қоршаған ортамен қарым-қатынасына мән беруіміз керек. Бастауыш сынып оқушыларын сабақ барысында тәрбиелеудің – өзіндік ерекшеліктері бар, күрделі үрдіс. Оқу үрдісіндегі тәрбие міндетін іске асырудағы қиындықтың бірі сыныптағы оқушылардың адамгершілік түсініктерінің әр түрлі болуында және де тәрбие күрделі үрдіс болғандықтан, бір сабақта баланы адалдыққа, қайырымдылыққа, батылдыққа, шындыққа тәрбиелеу мүмкін емес [1].

Бастауыш сынып оқушыларының қызығушылығы өте жоғарғы деңгейде емес. Бірақ үлгерімі жақсы оқушыларда әртүрлі, соның ішінде ең күрделі оқу пәндері қызықтырады. Олар әрі сабақта, оқу материалына деген қызығушылықтарын көрсетеді.

Қазіргі уақытта бейнелеу өнері арқылы, баланың танып білу қабілетін жеткізу мәселесі, кеңінен қолға алынуда. Бұл орайда психолог мамандарының да өзіндік қосар үлесі көп. Яғни бейнелеу өнері пәнін жүргізу барысында психолог балаларға практикалық сабақтарды тиімді өткізу арқылы, баланың жас ерекшіліктерін, жеке даралық даму заңдылықтарын ескерту қажет. Сонымен қатар психологиялық тесттерді тиімді пайдалану арқылы ғылыми зерттеу жұмыстарының жолдарын жетік меңгере білу керек.

Әлемдік психологиялық практикада қолданылатын диагностикалық құралдарын ішінде бейнелеу әдістері бірінші орынға ие. Бейнелеу өнері – баланың психологиялық ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік беретін шығармашылық акт. Бейнелеу өнері – қоршаған орта мен әлеуметтік шындықтың бала санындағы бейнесі ғана емес, сонымен қатар баланың оларға деген қатынасының бейнесі.

Суреттерді ғылыми түрде талдау арқылы бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық ерекшеліктері туралы психологиялық мәлімет алуға болатындығы психология теориясынан белгілі. Бұл осы тақырыптың өзектілігін анықтайды. Бұл мәселелерді көптеген ғылым – психологтар қарастырған, олардың қатарында Ж. Пиаже (оның жұмыстарында баланың суреттері белгілі бір заң бойынша дамып отыратын және баланың ақыл-ойға байланысты бейнелері мен индивидуалды символдарының ерекшеліктерін көрсететін еліктеудің ерекше бір түрі қарастырылады), Н.А. Рыбников(баланың суретін түсіну үшін суреттің нәтижесін ғана емес, сонымен қатар сурет салу процессін де зерттеу маңызды), Л.С. Выготский (балалардың сурет салуларын жазбаша сөйлеуге дайындық ретінде қарастырады), Д.Б. Эльконин(өнімді іс-әрекет, оның ішінде сурет салу белгілері бір материал арқылы және ойдың дамып отыруы әртүрлі бейнелеу құралының көмегімен іске асады), А.В. Запорожец (бейнелеу іс-әрекеті ойын сияқты, баланың қызықты сюжеттерге терең ойлануына мүмкіндік береді), Ф. Гуденов (өзінің еңбектерін ақыл-ойдың дамуы мен сурет салудың зерттеу мәселесіне арнаған) бар [2].

XX ғасырдың 50 жылдарынан бастап қазіргі уақытқа дейін көптеген суреттік тесттер өңделіп келеді. Жаңа, сонымен қатар ертеден құрылған әдістемелер әрдайым даму үстінде. Тесттерді жүргізудің түпнұсқалық түрі ұсынылуда, нәтижелердің интерпретациялық принциптері өңделіп, толықтырылуда. Олардың ең кең өріс алғаны – проективті суреттер.

Бұл әдісті жеке және топтық жұмыста да қолданылады. Проективті суреттің негізгі міндеті – клиенттердің сөзбен жеткізуде қиындық тудыратын мәселелері мен уайымдарын анықтау және түсіну. Суреттердің тақырыптық басқару бағыттау арқылы баланың зейінін ауыстыруға және оны нақты маңызды мәселелерге шоғырландыруға болады. Бұл әсіресе балалардың қорқыныштарын түзетуге тиімді. Бастауыш сыныптың табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер білім ұясы саналатын мектептен көп қызық дүние, үлкен жаңалық күтеді. Мектеп жасындағы балалар үшін мұғалімнің айтқанының бәрі заңды, бәрі орындалуға тиісті жағдайлар болып саналады. Бұл жастағы балалар сенгіш, тіл алғыш, қоршаған ортадағы өзін қызықтыратын нәрселерге, іс-әрекетке еліктеушілігі басым және оларға араласуға ынталы болып келетін әсерленгіш қасиеттері мен есте сақтау қабілетінің қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Сол себепті бастауыш мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру жұмыстарына балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес лайықтыларын ғана пайдаланып, оларды тиімді қолдана білген жөн.

Қазіргі таңда бұл талаптарды жүзеге асырудың мынадай мүмкіндіктері бар:
- тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру бойынша адамгершілік құндылықтарды кез келген пәнді оқытудың мазмұнына кіріктіру;
- сыныптан тыс сабақтарды баланың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру;
- жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына еңгізу.

Бастауыш сынып оқушысы тұлғасын қалыптастыруда халық педагогикасы материалдарымен таныстыру, оларды тыңдағанын қайта әңгімелеп беруге, мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды мәнерлеп айтуға үйрету мен сөздік қорларын байыту, сөздік шығармашылықтың бастапқы формаларын дамыту мен адами ізгілік қасиеттерді, психикалық процестерді жетілдіру жөніндегі жұмыс төмендегі жеке тұлғаның қалыптасу мүмкіндіктерін шешуге көмектеседі. Оған:
- халық педагогикасының асыл мұрасы – халық ауыз әдебиеті үлгілерін тыңдай білу;
- бейнелеу құралдарын (сахналау, кейіптендіру, диалог, кестелі-модельдер, т. б.) ойында қолдана отырып, шығарманы мәнерлеп, белгілі бір жанрмен орындауға үйрету, сөздік қорларын дамыту;
- ұлттық ойындарды түсініп, қызыға ойлануға баулу;
- ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын ажырата білуге;
- әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді түсіну;
- алған білімдері мен іскерлік-дағдыларын оқушының өзі атқаратын іс-әрекетте, өмірде қолдануға үйрету[3].

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды негiзге ала отырып, халық педагогикасы құралдары арқылы бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудың мүмкіндіктерін ашып көрсетуге болады: қазақ этнопедагогикасындағы бiлiмнiң мазмұнын жалпы адамзаттық құндылықтар арқылы меңгертіп, халықтың мұрасымен тереңiрек таныстырып, оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.

Тұлғалық қасиеттердің қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс, оның барысында жеке көзқарастар және сенім жүйесі дамиды, қалыптасады, олар жеке адамның әрекет жасауына басшылық болады. Егер адамның көзқарастар жүйесі оның санасының, сезімдерінің бірлігіне сүйенсе, тек сол жағдайда ғана белгілі бір тұлғалық қасиет қалыптасады. Сондықтан тұлғалық қасиет қалыптастыру тұлғаның белсенді іс-әрекетінен, оның интеллектісіне, жігеріне, эмоцияларына ықпал етуден тікелей тәуелді.

Тілеуова С. жеке тұлғаның құндылық бағдар жүйесінің танымдық мәні атты еңбегінде мектеп оқушыларының тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеуде және өзін-өзі тәрбиелеуінде мынадай тәрбие нысандары кеңінен қолданылады: дөңгелек стол, баспасөз конференциясы (пресс-конференция), ауызша журнал, диспуттар, сұрақ-жауап кештері, әдеп, өзін-өзі тәрбиелеу тақырыбындағы әңгімелер, әдеби-музыкалық композициялар, «Қарым-қатынас мәдениеті», «Құқық пен міндеттер бірлігі» типіндегі практикалық сабақтар, телекөпір, сырттай саяхаттар, мейірімділік акциялары, ізденіс әрекеттері және т.б. [4.

Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағлымдарын мәдениет тарихын Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ойшылдарының еңбектерінен көруге болады. Олардан жеке тұлғаны қалыптастыруда халықтардың бір-бірімен әдет-ғұрпы, салт-дәстүр тұрғысынан жақындығы ғасырлар қойнауынан орын алатындығын көреміз. Осы тұрғыда, тәрбие туралы ой-пікірлер айтқан Орта ғасыр ғұламалары: Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өмір сүрген классик ақындар мен ағартушы ғалымдар: Абай, Шоқан, Ыбырай одан бертін келе қазақтың зиялылары: Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, т.б. бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Педагогикалық теория мен тәжірибенің бірден-бір күрделі және негізгі мәселесі – жеке адамның белгілі жағдайда дамуы. Сол себепті жеке адам мәселелері жас ерекшелік физиологиясы мен анатомиясы, әлеуметтану, педагогикалық психология, әлеуметтік психология тәрізді әрқилы ғылымдар арқылы зерттеледі. Ал, қандай да болмасын жеке тұлға белгілі бір ұлт өкілі болғандықтан, оның кейбір генетикалық, әлеуметтік негіздерін халық педагогикасы мен ұлттық психология қарастырады.

Қазақстанда ұлттық психология ғылымының негізін салған психолог, ғалымдар: Қ. Қойбағаров, Ә. Алдамұратов, Ж. Аймауытұлы, Қ. Жарықбаев, Т. Тәжібаев, С. Балаубаев, А. Темірбековтардың психологиялық зерттеулер жүргізу нәтижесінде ғылыми теориялық және әдістемелік еңбектері жарық көрді [5].

Философиялық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектерге жасалған талдаулар бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруды ғылыми-теориялық тұрғыда негіздеуге және тұлғаны қалыптастырудың педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін анықтауға қол жеткіздік. Біз зерттеу жұмысы барысында бастауыш сынып оқушыларының педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін анықтаудағы мақсатымыз – бастауыш сынып оқушысы тұлғасын қалыптастырудың жолдарын іздестіру, бағыт-бағдарын айқындау болды. Ол үшін бастауыш мектепте ұсынылатын білім мазмұнын нақтылап, оқу-тәрбие үдерісінің барысында пайдаланудың жолдарын зерделейміз. Олай болса, бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үдерісінде халық педагогикасы мұраларын қолдану жеке тұлғаның сана-сезімі мен ақыл-ойына жүйелі әсер етіп, оның дүние танымының дамуына, психикасының дұрыс қалыптасуына оң ықпал ететініне сеніміміз мол.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. Давыдов В.В. Психология младших школьников. – М., 1990.

2. Калмыкова З.И. Продуктивное мышление как основа обучаемости. – М., 1981.

3. Еникеева В.А. Образная выразительность в рисунках детей старшего дошкольного возраста. // Художественное творчество и ребенок. Под ред. Н.А. Ветлугиной – М., 2012

4. Соколина Е.Т. Проективные методы исследования личности. – М., 1980.

5. Рогов Е.И. Настольная книга практического психолога. – М.: Владос, 2000.

 

 
 

Теория и практика





 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.coma> yr.no