электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2018г.

 

Ы. Алтынсариннің педагогикалық мұрасын ұлттық құндылықтар негізінде оқыту

№ 7 (178) сентябрь 2018г.

ҚҰРМАНОВА Ж.С., «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ каф. меңг., ф.ғ.к.. Орал қ.

 

Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Ел жастарының патриоттық сезімін, білімі мен біліктілігін, дағдыларын, ізгілік қасиеттерін, дүниетенымдық көзқарасын, жағымды мінез-құлық нормалары мен сыпайы эстетикалық қарым-қатынастарын ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу ұлттық білім беру жүйесінің басты міндеті болып табылады.

Бүгінде ұрпағымыздың сана-сезімін ұлттық, қазақи ерекшеліктермен толық қамтамасыз етуге, оны олардың бойына сіңіруге ғылымдарымыз үлкен үлес қосуда. Атап айтсақ, бұрынғы тарихымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды қайта жаңғыртып, күнделікті өмірімізде қолданудамыз. Осы ретте, ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Ол біздің білім беру жүйемізде ескерілген бе? Оны қалай сақтауға, дамытуға болады деген сұрақтарға жауап іздеу керек.

Ұлттық құндылық – ұлт болып қалыптасудың негізгі кепілі. Ұлттық құндылықты сақтау арқылы қазақ ұлт болып қалыптасып, оны ұрпақтан- ұрпаққа жеткізеді. Осы аталған қағиданы іске асыру Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 11 бабында былайша көрсетілген: «Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, сонымен бірге «азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге…» тәрбиелеу» [1, 2].

Қазақ халқының ұлттық тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті талай халықтардың өкілдерін тәнті еткені тарихтан белгілі. Ұлы жиһангез саяхатшылар мен зерттеушілер халықтың ежелгі тұрмыс- тіршілігі, мәдениеті мен ауыз әдебиеті туралы, ұл мен қыз бала тәрбиесіндегі ұлттық ерекшеліктер туралы, ұлттық таным, наным, сенім, ұғым, әдеті мен ғұрыпы, ұстанымы мен мінез-құлықтары туралы, салты мен дәстүрінің біртұтастығы туралы, осынау кең-байтақ ұлы далада көшпенді өмір сүргеніне қарамастан бір тілде сөйлеу, қолөнері мен бейнелеу, мүсін өнерінің, ауыз әдебиеті мен музыка өнерінің, жалпы дала мәдениетінің таңғаларлық үлгілері туралы таңдай қаға айтып, баяндайды. Мұның барлығы қазақ халқының қазіргі моральдық- психологиялық, мәдени-әлеуметтік ахуалының түп тамыры екендігін тарих, философия, филология, педагогика, аксиология, этнопедагогика ғылымдарының зиялы ғалымдары өз еңбектерінде дәлелдеп, олардың тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғары екендігін анықтады.

Бұған Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов т.б. ағартушылардың педагогикалық және психологиялық тұжырымдары мен қазақ мектебін құру жөніндегі пікірлері, қазіргі қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық негіздерін жасаушы ғалымдар Х. Досмұхамедов, С. Қалиев, С. Ұзақбаева, К. Қожахметова, Ж. Наурызбай, Т. Тәжібаев, М. Мұқанов, Қ. Жарықбаев т.б. тұжырымдары негіз болады.

«Дала қоңырауы» аталып отырған қазақтың тұңғыш ағартушы- тәлімгері, ғалым әрі этнограф-публицист Ы. Алтынсарин өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығының сөз басында қазақ халқы «азбаған, талап тілегі біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайтын ой-пікірі еркін халық» екенін айта келіп, «… оның келешегі үшін сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрету керек болып отыр» – деген. Бұл ойын жүзеге асыруда қазақ балаларына мектептер ашты. «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық ұлтымыз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде».

Ы. Алтынсарин халықтық педагогика тағылымдарын мектеп өміріне түбегейлі енгізуде жетекші құрал ретінде қызмет атқарған «Қазақ хрестоматиясы» оқулығында бала біліміне, бала тәрбиесінің сан түріне нұсқау беретін әңгімелер енгізген. Оқушыларға «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Бір уыс мақта» және т. б. әңгімелерді оқыта отырып еңбек сүйгіштіккке, ұйымшылдыққа, жомарттылыққа және т.б. тәрбиелеген.

Тұңғыш оқулық авторы оқулық құрастыруда кездескен қиыншылықтар мен кеткен кемшіліктер мен оның ішкі мазмұны мен маңыздылығына басты назар аударады: «Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс- қазақ және қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алуы жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; сондықтан бұл кітапқа енгізілген әңгімелерді тергенде көп қиындықтарға кездестім, әр мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды».

Осынау оқулық туралы профессор А. Құсайынов: ««Қазақ хрестоматиясы» күні бүгінге дейін балаға қоса, ересектердің де қызыға әрі қайталап оқитын кітабы болып қалды. Ұлы педагогтің хрестоматиясына енгізген осынау даналық хикаялар мен аңыздар, ауыз әдебиетінің үздік үлгілері мен өзінің тамаша туындылары қазіргі оқулықтар мен оқу құралдарына (оқулықхрестоматиялар, оқу кітаптары, мазмұндамалар мен диктанттар, жаттығулар жинақтары т.б.) жиі пайдаланылып келеді» [2., 27].

Осылайша Ұлы ағартушы халықтық педагогикаға лайықты пансофиялық (тәрбиенің даналығы) үндестік құрылымын жасап, оны халықтық педагогиканың негізгі тәжірибелік қызмет объектісінің бірі болып табылатын отбасы мен мектепке бағыттайды. Осылайша халықтық педагогика классикалық педагогика ғылымының маңызды саласына айнала отырып, халық педагогикасының табиғилығы мен өміршеңдігін, халықтық тәрбиенің әулеттілігін нығайта түседі.

Халықтық педагогика туралы мәселелерді де тұңғыш ұстаз Ы. Алтынсарин еңбектерінде көп кездестіреміз. Ұлы ұстаз ұлтты сауаттандырудың, халықты тәрбиелеудің, ұлт санасын дамытудың қайнар көзін тауып, халықтық педагогика үрдістерін пайдаланып, оны өмірде қолданудың тәсілдерін тапты. Халық тәрбиешісі өз шәкірттерін рухани-адамгершілік тұрғыда оқыту үшін алдымен өзі үлгі көрсетуі, сосын көркем әдебиеттердегі бейнелердің руханилық, ізгілік, ар-ұяттылығы арқылы ықпал етті, бұл – ұлттық мектеп үшін халықтық тәрбиенің басты шарты болып табылды.

Еңбекті сүю және қадірлеу тақырыбы Ыбырай әңгімелерінің де негізгі өзегі болып табылады. Оны жазушы шағын әңгімелерінде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. «Қазақ хрестоматиясына» кірген әңгімелерінде Ыбырай жастарды еңбекті сүюге, оқу-өнерге ұмтылуға, талапты, жігерлі, кішіпейіл болуға баулиды. Жалқаулықты, қиянат жасауды, надандықты сынап, жас ұрпақтың ондай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетеді [3., 13].

«Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде жазушы балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселелерге әлеуметтік мән бере отырып, еңбекке деген қоғамдық көзқарасты кеңінен бейнелеп, өмірден еш нәрсе үйренбей жалқау болып өскен бай баласындай болмай, қиыншылыққа төзімді, өнерге бейім, еңбек сүйгіш жарлы баласы Үсендей болып өсуді уағыздайды.

Тұңғыш рет ана тілінен оқулық жасаған ағартушыпедагог Ыбырай Алтынсарин алғашқылардың бірі болып ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, іріктеп, оқулыққа енгізу жұмыстарын жолға қойды. 1879 жылы басылым көрген «Қазақ хрестоматиясына», «Қобыланды батыр» жырынан үзінді және «Қарабатыр» ертегісін, Жиренше шешен әңгімелерін, қазақтың мақал-мәтелдерін ұсынды.

Ы. Алтынсариннің қай шығармасын алсақ та тек шындықтан тұрады және шындықты арнайы тәжірибеге айналдырады. Ол шәкіртінің сезімталдығына, қабілетіне, икемділігіне сүйенеді. Жалпы алғанда ұлттық педагогика дәстүрлердің тәрбие тәсілдеріне – жадыда сақтау, ойдағыны жедел іске асыру, түгендеп отыру, тәжірибе мен ойларды есепке алу, тәртіпке келтіріп отыру (ұлдың, қыздың, келіннің, немеренің т.б. тәрбиесін реттеу), даралау (ұлды, қызды даралап тәрбиелеу) саралау, сараптау, бүтінді бөлшекке бөлу, күтпеген жерден шешім қабылдау, шешімнің тиімділігін болжау, соңғы нәтижеге жету, жалғасын тауып ілгері жылжу, болған және болатын оқиғалардың (жай оқиға, күтпеген оқиға, жат оқиға, қолайсыз оқиға, т.б.) адамдардың көңіл-күйіне, мінез-құлқына, әдет-ғұрпына т.б. әсер етуін байқау жатады. Сондықтан осынау адами тосын әрекеттердің алдын-алу, тығырықтан шығар жол іздеу, тапқырлыққа баулудың педагог қызметінің басты шарты болғандықтан өз әңгімелерінде ағартушыпедагог тәрбие мәселесін жан-жақты көрсеткен.

Дарынды педагог, халқымыздың қаһарман қайраткері Ы. Алтынсарин: «Қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін, оған тек сана-сезім жағынан жалпы біліммен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» – деп жазған болатын.

Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзді айтқанына, міне, бірнеше ғасыр өтіпті. Өзін басқалардан кішік, қарапайым ұстаған дана мұғалім еліміздің ертеңгі болашағына бағыт-бағдар беріп, жас ұрпақтың рухани өсіп-өнуіне үлкен жағдай жасағаны ақиқат. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің туы – білімді ұрпақ қолында» деген қағидасы ұлы данышпан Ыбырайдың аталы сөзімен сабақтасып жатыр.

«…Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады… олар ұрпақ тәрбиесінде дана болады: оның саулығына, біліміне және дүниеге көзқарасына қамқорлық жасайды…» – деді Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында[4., 1]. Осы сөздің өзінен-ақ жалпы білім беретін қазақ мектептерінің оқушыларына ұлттық тәрбие беру идеясын көре аламыз.

Қорыта айтқанда, Ы. Алтынсарин балаларға өз халқының асыл мұрасын таныта отырып, оның тілін, салт-дәстүрін қастерлей білуді, тәлім-тәрбиесін, өнеге-үлгісін бойларына сіңіртуді мақсат тұтса керек. Бұл мәселе XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақ зиялыларының (Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхаметов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Н. Құлжанова т.б.) педагогикалық еңбектерінде заңды жалғасын тапты. Сондықтан ұлттық рухани құндылықтар, яғни, ата-бабаларымыз қалдырып кеткен тәрбиелік, адамгершілік жайлы мирастары ғылыммен, технологиямен жасандырылып, үнемі жаңарып, өмірге бейімделіп отырғанда ғана егеменді еліміздің еңсесі биік, тұғыры тұрақты болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана: Ақорда, 2007.

2. Құсайынов А.Қ. Оқулықтанудың өзекті мәселелері. – Алматы: Рауан, 2000.

3. Қалиұлы С. Оқулық арқылы оқушы бойына ұлттық қ ұндылықтарды қа лыптастыру // Білім беру жүйесіндегі этнопедагогика. 2017 ж., № 2

4. ҚР Президентінің «Мәдени мұра» – кемел келешекке қарай басталған бүгінгі қадам Жолдауы // Қазақ әдебиеті. 2003 ж., 5 желтоқсан. Аксиология – (грек, axios – құнды, logos – ілім) – құндылықтардың табиғаты, олардың әлеуметтік шындықта аталған орны және құндылық әлемінің құрылымы туралы философиялық ілім.

 

Классики и современность






 
 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no