ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, өз кезегінде өлкетану мәселесінің туындайтыны айқын. Мұнда, аталмыш бағдарламаның басты мәні: «Біріншіден, бұл білім саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді көздейді» - деп атап көрсетілінген. Бұл жайлы, Елбасымыздың 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласындағы ҚР Білім және ғылым министрлігіне жүктеген 13-ші тапсырмасында: «Орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын» – деп айтылған болатын.
Осыған орай еліміздің жоғары оқу орындарында бұл мәселеге қатысты, сәйкесінше жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-де «5В011600-География» мамандығы бойынша шетелдік әріптес-жоғары оқу орындарымен бірлесіп әзірленген бакалавриатқа арналған білім беру бағдарламасының «Арнайы пәндер» модуліне 6-семестрде оқытылатын болып «Өлкетану» пәні 3 кредиттік (135 сағат) өлшемде міндетті пәндер компоненті ретінде енгізіліп, оның типтік оқу бағдарламасы жасалынды. Осы білім беру бағдарламасының «Модульдер мазмұнында» бұл пәннің: «Өлкетану – мектепті өмірмен байланыстырушы маңызды құрал болып табылады...» - деп басталатын сипаттамасы жан-жақты нақтыланып берілген. Ал осындағы: «Күтілетін нәтижелер» бөлімінде, аталмыш курсты зерделеу барысында бакалаврдың білулері мен меңгеріп игеруіне қатысты мәселелер қарастырылған. Олардың жалпы нәтижесі келесі сынақ-емтихан тапсыру, ғылыми зерттеу жобаларын қорғау, курстық және дипломдық жұмыстарымен байланыстырылады – деп қорытындыланған. Сонымен қатар мұнда, оның бағалау өлшемдері және түлектер үшін: жалпымәдени, кәсіби және пәндік құзыреттіліктерінің сипаты да көрсетілген.
Ал біздің университетіміздегі ғылыми-жаратылыстану бағытындағы «5В060900-География» мамандығының жұмыс оқу жоспарына «Өлкетану» пәні 2 кредиттік (90 сағат) өлшемде таңдау компоненті сапында оқылатын курс ретінде енгізілді.
Осы орайда біздер, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан, ғылымның дамуының «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері басым бағыты бойынша, оның «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері: Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» аясындағы жобалар байқауына қатысудамыз. Біздің ұсынған жобамыздың тақырыбы: «Туған жер» бағдарламасын білім беру жүйесінде жүзеге асырудың инновациялық тәсілдері. Осы ғылыми-зерттеуден алынған жұмыс нәтижелері жалпы білім беретін мектептердегі оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңғыртуға себепші болуы тиіс. Өз кезегінде, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы педагогикалық-психологиялық процесті белсендіріп, оқушылардың өз бетінше ізденуін көтеріп, олардың өз өлкесін тануға деген құштарлығын арттырады, осылайша мектеп оқушысының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына маңызды жағдай жасалынады.
Жоғарыда аталған «География» мамандықтарының оқу топтарында, физикалық және экономикалық географиядан өткізілетін оқу-далалық пен кешенді зонааралық практикалар барысында, оның өлкетанушылық мазмұнына баса мән берілуде. Бұл практикалардың нәтижесі, оның қорытынды конференциясында талқыланып, ал есебі университеттің арнаулы сайтына ендіріліп және республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда үнемі жариялануда.
Сонымен қатар, осы жерде университетіміздің барлық педагогикалық мамандықтарының жұмыс оқу жоспарларындағы «Оқытудың қосымша түрлері» цикліне: «Мәңгілік ел», «Дінтану», т.б. оқу курстармен бірге «Мектептік өлкетану (школьное краеведение)» пәнінің енгізілгенін айтқанымыз орынды.
«Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында жобалар байқауын өткізу барысында, оның өлкетану секциясына қатысушылардың санының басқалармен салыстырғанда көптігі бірден көзге түседі. Мұны өз тарапымнан аталмыш конкурс бойынша, оның Алматы облыстық және қалалық байқауларында «Өлкетану» секциясының қазылар алқасының мүшесі және оның төрағасы болғанда анық байқадым. Бұл бір жағынан – жюри мүшелеріне қосымша басы артық жүктеме болып табылғанымен, ал екінші жағынан – оқушылардың өз өлкесін танып білуге деген қызығушылығы мен белсенділігінің артуы әрине өте қуанарлық жәй.
Факультативтік сабақтар бойынша, белгілі бір пәндердің (география, тарих, биология, т.б.) аясында жергілікті жердің жәдігерлеріне сүйене отырып өлкетану бағытындағы жұмыстарды жүргізу арқылы әрбір оқу (институт, колледж, мектеп) орындарында өлкетану бұрыштарын ашуға мүмкіндік зор, ол кеңейе келе сол өңірде жиналған материалдар негізінде өлкетану музейіне айналмасына кім кепіл, әрі мұндай мұражайлар мен мүйістер еліміздің кейбір жоғары және орта мектептерінде баршылық (№ 1 сурет).
Өлкетанушылық бағыттағы осындай қолданбалық т ұ рғыдағы ж ұ мыстар әрбір оқу орындарында, Елбасымыздың жоғарыда аталған бағдарламаларын жүзеге асыру жолында жаппай қолға алынуы тиісті кезек күттірмейтін замануи өмір талабы, ал өз кезегінде өлкетану бұрыштары мен мұражайлары бар немесе олар ашылған жағдайда жергілікті билік пен білім беру органдары тарапынан мұндай оқу орындарына жан-жақты (материалдық, моралдық, т.б.) қолдаулар көрсетіліп жатса нұр үстіне нұр болар еді (№ 2 сурет).
Қазіргі 7-ші сыныптағы «География» пәнінің жаңғыртылған мазмұны жағдайы аясында 2 сағат мөлшерінде «Өлкетану» оқу курсы қарастырылған. Осы себепті біз төменде, негізгі орта білім беру деңгейінің 7-сыныбы үшін бұдан азғана жыл бұрын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география» кафедрасының профессоры, г.ғ.д. – О.Б. Мазбаевпен бірлесіп құрастырған «Өлкетану» пәнінің баламалы негіздегі авторлық бағдарламасын беріп отырмыз:
1. Түсінік хат
1. Аталмыш бағдарлама, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағытындағы «жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленді.
2. «Өлкетану» оқу курсының басты мақсаты: өзінің туған өлкесі жайлы білімді терең меңгерту және дамыту; жасөспірімдердің бойында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және отансүйгіштік сезім тәрбиелеу.
3. Аталған мақсаттарға сәйкес білім берудің келесі міндеттері шешілуі тиіс: оқушылардың танымдық қызығушылықтарын тереңдету; практикалық және интеллектуалдық дағды мен шеберлікті қалыптастыру және дамыту; болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу; жеке тұлғаның бойында ізденушілік- зерттеушілік қасиетін, экспедициялық жұмыс дағдыларын қалыптастыру; әр түрлі тәсілдермен оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытатын өлкетану жұмысындағы кешенділікті сақтау: жалпы оқу біліктілігі мен дағдысын, байқағыштықты, ойлауды, қиялдауды, ғылымдарға деген сүйіспеншілікті, білімдарлықты және мәдени деңгейін, әдеби және пәндік тілді, бірнеше тілді меңгеруді, әр түрлі мамандық иелерімен, өзінен үлкенкіші адамдармен қарым-қатынас дағдыларына икемделу, өз бетімен өмір сүруге және болашақтағы мамандығына психологиялық тұрғыдан дайындалу, моральдық-өнегелілік қасиеттерді, туған өлкеге және Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдерді тәрбиелеу.
4. Өлкетану сабақтарында, сынып сағаттарында, олардың т әрбиелік м ақсаты р етінде ( «Кіші О танына» деген патриоттық, азаматтық сезімдерді тәрбиелеу) жүзеге асырылады;
5. Өлкетану курсы жергілікті жердің қыр-сырын ашып көрсету арқылы география, биология, тарих, әдебиет және басқа да пәндерді оқу-біліммен логикалық түрде толықтырады;
6. Өлкетану курсының бағдарламасы сыныпта және мектепте жекелеген зерттеу топтарымен, білім беру ұйымының өлкетану жұмысы Кеңесінің белгілеген экспедициялық зерттеу тақырыптары бойынша жүзеге асырылады.
7. Нақты белгіленген бағдарлама бойынша факультатив сабағы ретінде бөлек оқытылады.
8. Оқу сабақтары үдерісі кезінде туған өлкені тікелей оқып-білу мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті, жұмыстың жүйелі-әрекеттік нәтижелерін сыныптан тыс және сабақтан бос уақытта кабинеттерден жергілікті жердің төңірегіне, өзенкөлдердің жағалауына, өнеркәсіп және ауылшаруашылық кәсіпорындарына, ескерткіштерге және тарихи даңқ орындарына, мұражайлар мен көрмелерге т. б. жерлерге саяхатқа шығу арқылы жандандыру мүмкіншілігі бар.
9. Оқу барысында оқушылардың бойында өз өлкесі: оның табиғаты, табиғат ресурстары, өнеркәсіптері, ауыл шаруашылығы, көлік жүйесі, тарихи және мәдени дамуы, белгілі адамдары, өлкенің аудан, облыс, аймақ және республика үшін маңызы жайлы білім жүйесі қалыптасуы тиіс. Оқушының өз өлкесі экономикасындағы еңбек ресурстарына сұранысы жайлы білу мүмкіндігі бар.
10. 7-ші сынып оқушылары туған аймақтың табиғи-экономикалық ерекшеліктерін және олардың даму келешегін оқып-үйренеді. Алдын-ала оқыту мақсатында, бағдарламаға өлкенің экономикасы жайлы тақырыптар кіргізілгенін атап айту қажет, жоғары сыныптарда ол тақырыптар тереңдетіліп оқытылады. Сонымен қатар, өлкетану жұмысының мазмұнына өлкенің тарихи өткені, археологиялық ескерткіштерін, мәдени (сәулет өнері, әдебиет) ескерткіштерін, әр түрлі жанрдағы фольклорлық материалдарды, ұлттық ерекшелігі бар қолөнерді, өлкенің атын шығарған атақты тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеу кіреді.
11. Оқушылардың өз өлкесіне тән негізгі ерекшеліктерді анықтауға жағдай жасайтын, өлкетанудағы оқу-ізденушілік әрекетінің негізгі түрі ретіндегі бұл бағдарлама, іздеу-зерттеу әрекеттерінің алгоритмі болып табылады. Бағдарлама жан-жақты сипатқа ие және еліміздің кез-келген бөлігінде орналасқан туған өлкені, ауылды немесе қаланы, олардың төңірегін оқып-білудегі негізгі бағыттарды көрсетеді.
12. Жыл бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі мектептің өлкетану конференциясында қорытындыланады, үздік жұмыстар марапатталады және аудандық, қалалық конференцияға ұсынылады.
13. 7-ші сыныпта «Өлкетану» факультативтік курс ретінде аптасына 2 сағат, жылына 68 сағат оқытылады.
2. Оқу пәнінің базалық мазмұны
14. Курстың мазмұны келесі тақырыптардан тұрады:
«Кіріспе» (1 сағат): «Өлкетану» пәні нені оқытады, курстың м ақсаттары м ен м індеттері, б ілім к өздері; аумақтың (өлкенің, ауылдың, қаланың) географиялық орны және көлемі; елді мекендердің (әкімшілік, экономикалық, ғылыми, туристік, рекреациялық, мәдени, мәдени-тарихи, рухани орталықтар) маңызы және ерекшеліктері.
«Туристік-өлкетану негіздерімен танысу және карталармен жұмыс» (2 сағат): өлкетануда қолданылатын карталардың түрлері, бағдарлау (бағытты анықтау) негіздері, компас, жергілікті жерде және картада азимутты анықтау, полярлық және маршруттық түсіру тәсілдерімен жергілікті жердің планын жасау технологиялары, шартты белгілер; туристік техника негіздері (шатырды орнату, заттарды салу, арқанды (жіпті) байлау, өткелдерден өту тәсілдері, алғашқы медициналық көмек көрсету), картаның көмегімен жергілікті жерде жүру, экскурсия кезіндегі қауіпсіздік ережелері.
«Өлке аумағының жер бедері» (3 сағат): жер бедерінің түрлерімен танысу, рельеф құрушы негізгі факторларды анықтау, сейсмикалық үдерістер, жер сілкінуі кезіндегі әрекеттер, жер бедері түрлері атауларының шығу тарихын оқып-білу, тау жыныстарымен танысу; карталарда және жергілікті жерде өлшеу жұмыстары (нивелирмен жұмыс), дөңдердің (төбелердің), қыраттардың, таулардың биіктігін, беткейдің тіктігін анықтау, жер бедерінің әр түрлі формаларының бейнесін жасау (сурет, карта-сызба, сызба-нұсқа, жергілікті жер нысандарының шартты белгілерінің жиынтығы және модельдеу); жер бедері бетіндегі антропогендік және табиғи эрозиялық үдерістер және олардың кері әсерінің салдары, оларды болдырмау үшін қолданылатын шаралар, аумақтың экологиясы.
«Өлкенің табиғи ресурстары» (2 сағат): туған өлкенің табиғат ресурстарының тізімін құрастыру және олардың экономиканы дамытудағы рөлін анықтау, өлкенің пайдалы қазбаларымен және кен орындарының ашылу тарихымен танысу, рекреациялық ресурстарды саралау; пайдалы қазбалардың кен орындарымен және оларды өндіру әдістерімен (тәсілдерімен) танысу, ресурс қорғау технологиялары, кен орнының, карьердің сызбасын жасау, пайдалы қазбалардың, тау жыныстарының үлгілерін жинау.
«Жергілікті жердің ауа райы және климаты» (3 сағат): климат қалыптастырушы факторларды анықтау, ауа райын бақылау әдістері (атмосфера қысымын, ауа температурасын, желдің күші мен бағытын, атмосфералық жауын-шашын мөлшерін өлшеу (құралдармен жұмыс істеу), ауа райының бұл көрсеткіштерін график түрінде көрсету, жақын маңайдағы метеостансаның жұмыс істеу технологиясымен танысу (мүмкіндікке байланысты); ауа райы өзгерістерінің жергілікті белгілері, ауа райын болжау (әдістерді презентациялау), төтенше жағдай сипатындағы ауа райы құбылыстары, адамның іс-әрекеті; көпжылдық бақылаулар бойынша өлкенің жалпы климат жағдайларындағы және табиғатындағы өзгерістерге талдау жасау, өзгерістердің негізгі себептерін анықтау (әр түрлі ақпарат көздерінің көмегімен, сонымен қатар байырғы тұрғындардың тәжірибесінен), өлкенің жел энергетикасы, ауа бассейінінің экологиясы.
«Өлкенің сулары және оларды пайдалану» (3 сағат): өлке аумағындағы су нысандарының жіктелуі, жергілікті жердің гидрографиялық жүйесінің сызбасын жасау, атауларының пайда болу тарихын оқып-білу, су ресурстарын пайдалану, су энергетикасы, су экологиясы; бір су нысанын зерттеу және сипаттау (өзенді, бұлақты); өлкенің көлдерін зерттеу және сипаттау (немесе жақын маңайда орналасқан бір көлді).
«Өлкенің топырағы» (2 сағат): өлке топырағының негізгі түрлері, олардың негізгі сипаты және маңызы, топырақ кесіндісін оқып-білу; жергілікті жердің топырағының құнарлығы, оны сақтау және қалпына келтіру шаралары, агромелиорация технологияларымен танысу (ауыл шаруашылығы жұмысшыларымен және мамандарымен кездесулер).
«Өлкенің өсімдік жамылғысы» (3 сағат): өлке аумағындағы өсімдік жамылғысын оқып-білу, өсімдіктердің түрлерін және олардың ішінен ғажайып түрлерін анықтау, өлкенің өсімдік жамылғысының жағдайы, қаланың өсімдік жамылғысы, Астана қаласын және оның маңайын көгалдандыру тәжірибесі; өлкеде өсетін өсімдіктердің жекелеген түрлерін оқып-білу, олардың пайдалы және емдік қасиеттерімен танысу; кеппе шөптердің көмегімен жергілікті жердің өсімдіктерін оқып-білу және сипаттау, флористикалық бұрыш ұйымдастыру.
«Өлкенің жануарлар дүниесі» (3 сағат): өлке аумағының жануарлар дүниесін анықтау және оқып-білу, жануарлардың топтарын және олардың ғажайып түрлерін анықтау, жануарлар дүниесін қорғау; өлкенің жануарлар дүниесінің жекелеген түрлерін оқып-білу, қауіпті және пайдалы жәндіктер, кәсіптік жануарлар және олардың маңызы, қазақтың ұлттық аңшылық өнері – саяткерлік; туған өлкенің табиғат мұражайларына саяхат жасау (аң аулау қоғамдарының, орман шаруашылығының жұмысшыларымен кездесулер), құс үйшіктерін жасау және ілу.
«Өлкенің ерекше қорғалатын аумақтары және табиғатты қорғау» (3 сағат): туған өлкенің қорғауды талап ететін өсімдіктері мен жануарларын анықтау және тізімін құрастыру, олар жайлы фотоальбомдар, бейне слайдтар, бейнефильмдер жасау (жұмысты презентациялау); туған өлкенің және оған жақын аумақтардың «Қызылкітаптық», эндемикалық өсімдіктері мен жануарлары; ерекше қорғалатын аумақтар және нысандарға (мүмкіндікке байланысты): қорықтарға, қорықшаларға, ұлттық саябақтарға, табиғат ескерткіштеріне, хайуанаттар бағына, ботаникалық бақтарға, дендрарилерге, орман шаруашылықтарына саяхат жасау, олардағы табиғатты қорғау жұмыстарының технологияларымен танысу.
«Өлкенің шаруашылығы» (4 сағат): маңызы бар (ауылдың, ауданның, қаланың) өнеркәсіп және ауылшаруашылығы кәсіпорындарының орналасуының карта-сызбасын құрастыру, өлкенің кәсіпорындары және мекемелерінде сұранысқа ие мамандықтар; өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысу (кәсіпорындардың жетекшілерімен және мамандарымен кездесу); кәсіпорынға экскурсия жасау, техникамен, технологиялармен және технологиялық үдерістермен танысу, әр түрлі мамандық иелерімен кездесу; алдынала жасалған жоспар бойынша аудан, қала үшін аса маңызды кәсіпорындарды оқып-білу және сипаттама беру, өнеркәсіптік, сонымен қатар экспорттық және импорттық қарым-қатынастардың сызба-нұсқасын құрастыру.
«Өлкеде өмір сүретін халықтардың тарихы және мәдениеті» (4 сағат): жақын маңайдағы археологиялық ескерткіштер, ерте замандағы тұрақтардың, елді мекендердің, қалалардың, қорғандардың, қорымдардың сызба-нұсқаларын жасау, әдеби мұра көздерін зерттеу; өлкенің ең бастапқы игерілуінің тарихи-қоғамдық, экономикалық және табиғи факторлары, аумақтың қоныстану, игерілу және даму үдерісінің қысқаша тарихы; мәдениет (қазақ және өлке аумағында өмір сүретін басқа да ұлт өкілдерінің шығармашылығы, салт-дәстүрлері, әдетғұрыптары, ұлттық тағамдары, ұлттық қолөнері); өлкенің белгілі адамдары, өлкенің, қаланың дамуына үлес қосқан адамдардың өмірбаянымен және еңбегімен танысу.
Қорытындылау (1 сағат): «Өлкетану» пәнінің бөлімдері бойынша жинақталған материалдарды рәсімдеу, оларға презентация жасау және мектептің өлкетану мұражайына тапсыру.
3. Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
15. Пәндік нәтижелер, 7-ші сыныптың соңында оқушылар туған өлкесінің: географиялық жағдайының ерекшеліктерін; өлкедегі елді мекендердің дәрежесі мен маңызын; географиялық нысандарының атауларын; аумақ және рельеф көлемінің ерекшеліктерін; табиғат ресурстарының жиынтығын; пайдалы қазбаларының негізгі кен орындарын; өз өлкесінің рекреациялық мүмкіндіктерін; ауданның гидрография жүйесін, негізгі су нысандарын; өз өлкесінің ауа райы мен климатының ерекшеліктерін; төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерді; топырағын, өсімдік жамылғысының негізгі түрлерін; өз өлкесінің жануарлар дүниесінің негізгі түрлерін; өсімдіктердің және жануарлардың ерекше түрлерін; өлкенің ерекше қорғалатын аумақтарын; өлкенің экономикалық «тұрпатын», өнеркәсіптің және ауылшаруашылығы-ның негізгі кәсіпорындарын; экспорттық өнімдерін; жақын маңайдағы археологиялық ескерткіштерді және тарихи нысандарды; өлкенің қоныстану, игерілу және даму үдерісін; негізгі халықтарын, олардың мәдениетін, дәстүрлерін, әдетғұрыптарын және қолөнерін; өлкенің белгілі, еңбек сіңірген адамдарын - білулері тиіс.
16. 7-ші сыныптың соңында оқушылар оны зерделеу барысында: аумақтың географиялық орнының және өлкенің географиялық нысандарының негізгі белгілеріне карта көмегімен талдау жасай; т абиғат ерекшеліктеріне сипаттама жасау барысында карталардың көмегімен өлшеу жұмыстарын орындай; өз өлкесінің климаты және ауа райының, суларының ерекшеліктеріне, тау жыныстарына, пайдалы қазбаларына талдау жасай; өлкенің өсімдік жамылғысына және жануарлар дүниесіне, топырағына сипаттама бере; өз өлкесінің шаруашылығына, жекелеген маңызды кәсіпорындарына, олардың өнімдеріне, шаруашылық байланыстарына жалпы және толық сипаттама бере; өлкенің тарихын, дамуының негізгі факторларын, қоныстануының ерекшеліктерін, халық құрамының көпұлтты болу себептерін, олардың мәдениетін, салтдәстүрін, әдет-ғұрпын сипаттап, түсіндіре; туған өлке аумағындағы табиғат кешені және оның компоненттерін қорғау жағдайын, экологиялық, басқа да проблемаларды анықтап және сипаттама бере алулары тиіс.
17. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер: іздену-зерттеу жұмыстары кезінде алынған ақпаратты саралау, өңдеу, жинақтау, қолдану шеберлігі; іс-әрекетті және зерттеуді жоспарлау, танып білу әдістерін меңгеру; қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, білім беру ресурстарын, мұрағат деректерін қолдана білу, алынған ақпаратқа презентация жасау; коммуникативтік қабілетті, көптілділікті дамыту және өздігінен, шағын не үлкен топтарда ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
18. Оқушылардың тұлғалық нәтижелері: белсенді азаматтық ұстанымын, жоғары патриоттық сезімін көрсете білуінен, өз Отанына қызмет етуге және оның мүддесін қорғауға дайын болуынан; туған өлкесінің табиғатын сақтауға және көркейтуге, қолынан келерлік еңбегімен оның экономикасын, экологиясын жақсартуға ұмтылуынан; өлкенің көрнекті өкілдерінің рухына, халықтардың тарихына, мәдениетіне және салт-дәстүріне құрметпен қарауынан көрініс табады.
Әдебиеттер
1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру // «Егемен Қазақстан» газеті, 12 сәуір 2017 жыл.
2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам // «Егемен Қазақстан» газеті, 10 шілде 2012 жыл.
3. «5В060900-География» мамандығы бойынша бакалавриатқа арналған ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты // Гос.стандарт образования РК (ГОСО РК) для бакалавриата по специальности «5В060900-География». – Астана, МОН РК, 2010 г. – 9,5 п.л.
4. «5В011600-География» мамандығы бойынша шетелдік әріптес-ЖОО бірлесіп әзірленген бакалавриатқа арналған білім беру бағдарламасы / Образовательная программа разработанные совместно с зарубежными вузами-партнерами по специальности «5В011600-География» для бакалавриата. – Алматы, МОН РК, 2015 г. – 16,25 п.л.
5. Алматы облысының географиясы (тақырыптық жинақ) / География Алматинской области (тематический сборник). – Алматы, Алматинский областной институт проф. развития кадров, 2001 г. - 17,4 п.л. / Под редакцией: Т.О. Увалиева, Г.А. Утеевой.
6. Мазбаев О.б., Увалиев Т.О. «Өлкетану» пәні бойынша оқу бағдарламасы // «География, биология, экология – орта мектепте» журналы, 2015, № 4 (46), 2-5 бет.
|