электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2017 г.

 

Мұғалімнің кәсіби біліктілігін дамыту мәселелері

№ 6 (167) август 2017г.

ЖҰРЫНТАЕВА С.Б., Педагогикалық шеберлік орталығының Көкшетау қаласындағы филиалының маманы


Қазіргі әлемде көз ілеспес жылдамдықпен, бүкіл ғаламды шарпып келе жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті барынша күшейте түскені баршаға мәлім. Біздің елімізде экономика, саясат, қоғамдық өмірдегі өзгерістер бойынша алға қойған бағыты қоғамның барлық институттарында болатын өзгерістерге әкеледі.

Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесі дамуының мемлекеттік тұжырымдамасында «Кез-келген білім бағдарламасының табысты орындалуы мұғалімге байланысты. Оның кәсіби шеберлігі нысаналы бағдарламаны да, оқу жоспарын да биік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ете алады, ал кәсіби дәрменсіздігі істі құлдыратады...» делінген (1). Ал жаңартылған жүйеде адамзаттың саяси және рухани көзқарастарының өзгеруі болашақ қоғам мүшесінің тұлғасына және мұғалімдердің кәсіби дайындығына жаңа талап қоюды қажет етеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Занының 5-тарауындағы 41-бапта «педагог қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті» деп көрсетілген (2). Демек, жаңаша білім беру – жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Білім – адам сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, ол педагогикалық мамандықтың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сондықтан «адамды» өмір сүру барысында өзгеруге әлеуеті жететін ашық жүйе деп қарастырғанымыз жөн. Ол белгілі бір саладағы маман болғандықтан, «адам- ды» – маман тұрғысынан қарау «біліктілік» ұғымына шығарады. Біліктілік – бұл білімді меңгерудегі, тәжірибиедегі білімділікті, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік.

Зерттеушілердің пікірінше, кәсіби біліктілік – ол қандай-да бір белгілі еңбек сапасы және белгілі бір күрделі орындалуына жұмыскердің кәсіби дайындық деңгейі. Кәсіптілік – ол тек қана мамандықты шебер игеру ғана емес, онымен қоса кәсіби дағдыларға ие болуы, өзіндік кәсіби сана болуы, жауапкершілік және кәсіби жауапкершілік сезімнің болуы. (3) Ал мұғалімдердің білімін жаңғырту олардың кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру жолымен жүзеге асырылуы тиіс. Зерттеушілердің басқа пікіріне сүйенетін болсақ, «өздігінен кәсіби біліктілігін жетілдіру – бұл адамның барлық рухани және физикалық күштері қатысқан тұлғаның ең жоғарғы өзін-өзі жетілдіретін көрсеткіші;бұл шығармашылық іс-әрекеттің түрі». Осыған орай, педагогтардың өздігінен кәсібилігін жетілдіру кезеңдеріне тоқтала кетсек.

І кезең. – таңдайтын. Бұл кезең өз бетімен жұмыс істеуге белгілі бір бағытты қарастырады;

ІІ кезең – үйрететін. Бұл кезеңде педагог таңдап алған өзекті мәселе бойынша әдістемелік әдебиеттермен жұмыс жасау.

ІІІ кезең – практикалық Бұл кезеңде эксперимент жасау, жұмыстың жаңа әдістерін қолдану. ІV кезең – теорияны ұғып, жинаған педагогикалық дәлелдерді жалпылау және талдау. V кезең – қорытынды бақылаулы. Бұл кезеңде педагог өзінің нәтижелерін белгілейді.

Зерттеулерді талдап отырсақ, табысты педагогикалық қызмет жасау үшін алуан түрлі жолдарын таңдап алуға болатыны айқын байқалады. Мұғалім өмір бойы оқуда, ізденісте болуы шарт. Ол – кәсіби міндет. Себебі, білім саласына түсіп жатқан жаңа ақпарат маманнан белсенді қабылдауды және оны іс-тәжірибеде қолдана білуді талап етеді. Тіпті біліктілікті көтеру, жаңа талаппен, жаңа шартпен өзіндік қабілетін арттыру негізгі стратегиялық міндет те деп айтуға болады. Бүгінгі күн мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Бұл мұғалімнің өз қызметінде табысқа жетуін ғана көздемейді, оның аясын одан әлдеқайда кеңірек қарастырған жөн. Мұғалімнің кәсіби білігі оның практикалық қызметінде іске асырылады, сондықтан ол, оның жалпыпедагогикалық, әдістемелік біліктілігімен, дағдысымен тығыз байланысты. Білім жүйесі мұғалімдерден кәсіби шеберлікті, сан қырлы шығармашылықты, өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Ал біліктілік тәжірибені жетілдіру барысында қалыптасады. Кәсіби дамуда педагогтың кәсіби өзіндік даму мен өзіндік білім алу жолы ерекше деп те айтуға болады. Әр педагог өзін іштей үнемі оқуға, ізденуге итермелеп, дайындап оты- ру керек. К.Д. Ушинский айтқандай, «мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» (4). Өмірдің өзі педагогтың алдындағы күн тәртібіне педагогикалық білім берудің үздіксіздігі мәселесін қойып отырған жөн.

Бүгінгі күні ұстаздық – бұл ең мықты мамандықтардың бірі болып табылатындықтан мұғалім маманы кәсіби дәрежесін көтеріп, білімдерін үздіксіз жетілдіруде оқыту семинарлар, дөңгелек-үстелдер, тренингтер, вебинарлар, онлайн түрде арнайы семинарлар, әріптестерімен алмасу алаңы және біліктілікті арттыру курстарының әсері мол. Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді оқытуда оқытушы жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруы керек. Ең алдымен мұғалімнің өзі өз өзгерістерінің мәнін ашып алып, жаңартылған білім беру мазмұнын терен түсініп, оқытудың жаңа амалдары мен жаңа әдістемелерімен қарулануы абзал. Кәсіби даму үрдісінде педагог әріптестерімен тәжірибе бөлісу үстінде белгілі жетістікке қол жеткізіп, өз оқыту деңгейінің жоғарлауына мүмкіндігі болады. Оған дәлел ретінде өз тренерлік қызметімнен мысал келтіргенді жөн көріп отырмын. Себебі, жаңартылған білім беру мазмұнын іске асырмас бұрын, елімізде осы үлкен реформаны жүзеге асыру үшін, ең алдымен тренерлерді сапалы түрде оқытып дайындады. Ал содан соң, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-мен және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе отырып, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында еліміздің педагогтарыңың біліктілігін арттыру курсын өткізуге кірісті. Бұл мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруына жұмыс жасалып жатқанына тағы бір дәлел деп айтуға болады. Курс барысында мұғалімдер мұғалім – оқушы, оқушы – мұғалім және оқушы-оқушы рөлдерін кезектесіп орындады. Мұғалімдер жұптық, топтық жұмыс істеу кезінде жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшеліктерін ескере отырып, көптеген практикалық жұмыстар арқылы, коммуникативтік және зерттеу дағдыларын дамыту әдістері мен тәсілдерін талқылап, баға лаудың маңызды аспектілерін қарастырды. Мұғалімдер, өз кері байланыстарында, осындай форматта жүргізілген курс, олардың кәсіби өсуіне көп әсер тигізгені жөнінде дәлелдеме келтіре отырып, ризашылығын білдірді. Себебі, ұстаз оқыту барысында оқушыларға сапалы білім беруге, олардың ішкі сезімін терең түсінуге, түрлі жағдаяттарды шешуге дайын болу керек. Өйткені, тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол дегеніміз – кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде көрініс табуы. Жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, өмірінде оны қолдана білу, өздігінен білім алатын, жанжақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында. Бүгінгі күн-білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Бұл дегеніміз – білім берудің жаңартылған мазмұнына өту-инновациялық технологияларды игерген, тәжірибелік іс-әрекет үстінде даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші мұғалім болуын талап етеді. Қазіргі заман мұғалімі – информатор, бақылаушы, тексеруші, ізденуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу. Жаңашыл мұғалім – жаңалықтың жаршысы болуға ұмтылыс жасайтын, әлеммен бірге өзгеруге және білім саласына өзгеріс енгізуге дайын, үздіксіз ізденетін, еңбекқор жан. Аталған дәрежеге жету үшін мұғалім тек қана өз пәнін біліп қоймай, жеке тұлғаға бағытталған тиімді педагогикалық тәсілдерді қолданып, өз тұлғасы мен кәсібилігін одан сайын жетілдіруге дайын болу керек. Бүгінгі мұғалімді жаңа білім алу шыңына шарықтататын үнемі үзіліссіз оқу. Заман талабы – білімді, білікті, өздігінен тығырықтан шығар жол таба білетін іскер адам тәрбиелеуді қажет етіп отырғандықтан мұғалімнің мақсаты – өз тәжірибесіне өзгеріс енгізу. Өзгеріс енгізу – өз жұмысымыз жайлы ойлану, саралау, зерттеу, кәсіби біліктілігін арттыру. Осыған орай жаңа ғасыр мұғалімдері де талапқа сай болып, сапалы әрі сан алуан салиқалы тәрбиелік – білімділік қызметтерді ойдағыдай атқара білгенде ғана ұстаздық мақсатына жетеді. «Білімсіз» дәрігердің бір қатесі бір адамның өміріне балта шапса, ал «білімсіз» ұстаз бірнеше адамның миын улайды дегендей, біз ұстаздар қауымы, алдымызда отырған әрбір шәкірттің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Яғни, жаңа заман талабына сай сыни тұрғыдан ойлай білетін, алған білімін өмірде тиімді пайдалана білетін, дұрыс қолдана білетін және өзіндік дәлелі, сенімі бар, ынталы, тәрбиесі ұлттық мәдениетімізге сай, өз ойын еркін жеткізе білетін тұлға тәрбиелесек, еліміздің болашағы жарқын болатынын сеніммен айтуға болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. Оқу әдістемелік құрал. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2016

2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2012

3. Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогика лық шеберлік орталығы, 2015

4. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV Заңы

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no