электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2020 г.

 

Интерактивті жұмыс парағы оқушының өздігінен оқу әрекетін ұйымдастыру құралы

№ 5 (196) май 2020г.

ПАЗЫЛОВА Г.Ш., Көкшетау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері
ЕРКЕНОВА А.Р., Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Макинск қаласы мектеп- лицейінің бастауыш сынып мұғалімі


Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне қашықтықтан оқыту технологиялары белсенді енгізілуде. Қашықтықтан оқыту-желілік ақпараттық кеңістіктің мүмкіндіктерін белсенді пайдалана отырып арақашықтықта оқыту. Сондықтан бүгінде білім беру міндеттерінің бірі – оқушыларды әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеуге үйрету. Өйткені, кез келген пәндерді оқытуда ақпараттық технологияларды қолдану әмбебап оқу іс-әрекеттерін қалыптастыруға ықпал етеді, өзіндік жұмысты тиімді ұйымдастыруға және оқыту үдерісін дараландыруға мүмкіндік береді. Мұғалімнің басты міндеті – әрбір сабақты тартымды және шын мәнінде мазмұнды ету. Әрбір оқушы үшін материалды практикалық меңгеруге жағдай жасау, оқыту үдерісінде оқушының танымдық әрекетін белсендіруге мүмкіндік беретін оқытудың тиімді тәсілдерін, құралдарын таңдау. Оқушылардың назарын қалай шоғырландырамыз? Оларды қалай белсенді ойлау әрекетіне тартамыз? Әрине оның жолдары сан алуан. Соның бірі – интерактивті жұмыс парағын жасауды үйрену арқылы. Интерактивті парақпен жұмыс білім алушыларға жаңа материалды өз бетінше ұғынуға және игеруге мүмкіндік береді. Оларда әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істей білу, абстрактілі және көрнекі-бейнелі ойлау, өз қарқынында жұмыс істеуге, өзін-өзі бақылау және өзін-өзі түзету, мұғалімнен кері байланыс алу қабілеті дамитын болады. Жалпы, жұмыс парағы (қаржылық сөздікте) – «құрылымдалған деректерді өңдеуге және жазуға арналған формаланған сауалнама». Педагогикаға қатысты Жұмыс парағы – балаларды ақпаратпен жұмыс істеуге үйрету мақсатында мұғалімнің әзірлеген тапсырмалар жүйесі.

Интерактивті жұмыс парағы дегеніміз не? Интерактивті жұмыс парағы бұлтты сервистер және веб құралдарының көмегімен мұғалімнің оқушының оқу әрекетін ұйымдастырудың сандық құралы деп аталады. Яғни, оқушының өздігінен жұмыс істеуіне мұғалімнің құрған электронды жұмыс парағы. (Идея авторлары: Л.Рождественская, М.Смирнова.) Кез-келген мұғалім кез келген тақырып бойынша интерактивті жұмыс парағын құра а лады, п арақты ә зірлеу ү шін б ірнеше т әсілдер жиынтығын бөліп қарастыруға болады. Мәселен:
- тест элементтерін қосу: ашық және жабық тапсырмалар
- мәтінмен жұмысты ұйымдастыру.
- кезең-кезеңімен орындалатын проблемалық тапсырмалар
- жіктеуге, құрылымдауға бағытталған тапсырмалар.

Интерактивті жұмыс парағымен қалай жұмыс істеу керек?
1. Интерактивті парақ, жұмыс бөлігін қоспағанда, әрқашан аты/қолы және онымен жұмыс істеуге арналған қысқа нұсқаулық болады.
2. Парақтың конструкциясы парақтың бастапқы материалын оқушының белсенді жұмысына түрлендіруге арналған.
3. Парақтармен жұмыс кез келген ақпарат көздерін, қағаз түрінде немесе интернет көздерін еркін пайдалануды білдіреді.
4. Әр түрлі оқушылардың жұмыс парақтарымен жұмыс нәтижелері әрқашан бір-бірінен ерекшеленеді, бірдей толтыру ықтималдығы өте аз.
5. Құрылған жұмыс парағына түзету, өзгерту қажет болса, санаулы секунд ішінде ауыстыра аласыз – тағы да бір жаңа парақ дайын болады.

Жұмыс парағын құрудың жолдары қандай?

Жұмыс парағын әзірлеу мен құрудың өте көп жолдары бар. Бүгінде интернетте бірнеше онлайн сервис құралдары бар. Мысалы, платформа Wordwall (https://wordwall.net/ru) – оқу тапсырмаларын жасауға арналған көпфункционалды құрал болып табылады. Қарапайымдығы ондағы дайын үлгілер(шаблондар) интерактивті және баспа нұсқасы да қолжетімді. Интерактивті жаттығулар Интернетке қосылған кез келген құрылғыда: компьютерде, планшетте, телефонда немесе интерактивті тақтада ойнатылады. Баспа нұсқаларын басып шығаруға және дербес оқу тапсырмалары ретінде пайдалануға болады.

Үлгілер. Бұл үлгілер педагогикалық тәжірибеде жиі кездесетін таныс дидактикалық ойындарды қамтиды. Оқу тапсырмасын жасау үшін үлгіні таңдап, мазмұнын енгізесіз. Сіз ойынның қолжетімді нұсқаларын қолдана аласыз немесе оны жаңадан бастай аласыз. Кіші мәтіндік редактор бар, оның көмегімен қаріпті енгізудің түрлі нұсқаларын (майлы, жол асты, жол үсті) пайдалана аласыз, таңбаны немесе математикалық формуланы енгізе аласыз. Сіз ойын жаттығуын дайындауға, оны сайтқа енгізуге немесе оқушыларға сілтеме арқылы жібере аласыз. Тапсырмаларды дербестеуге болады. Қашықтықтан оқыту барысында мұғалім үшін қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыруда бұл платформаның тиімділігі: әр оқушы жұмысының нәтижесін қарайды, тапсырма жауаптарына талдауды, сыныптың салыстырмалы мониторингісін сандық және сапалық түрде көре алады. Ол арқылы мұғалім әр оқушыдағы қиындық деңгейін анықтай отырып, сындарлы кері байланыс бере алады. Ал оқушы үшін өз жұмысының нәтижесін бақылай оты- рып, жіберген қатесімен қайта жұмыс жасауға мүмкіндігі болады.

Сондай-ақ жасаған оқу тапсырмаңызды ашық етуге де болады. Бұл электрондық пошта, әлеуметтік желі және басқа құралдар арқылы оқу тапсырмасының бетіне сілтеме жасауға мүмкіндік береді. Ол басқа мұғалімдерге «Қауымдастық» бөлімінде іздеу нәтижелерінде пәндер бойынша әзірленген оқу тапсырмаларын табуға, оны пайдалануға және оны дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша, WordWall арқылы мұғалім сыныпта және қашықтықтан оқу жағдайында оқу тапсырмасы ретінде оқушылармен жұмыс істеу үшін жақсы құрал.

Бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде қашықтықтан оқыту кезеңінде сабақтарды ұйымдастыруда интерактивті жұмыс парақтарын қолдану, оң нәтиже береді деп сенімді айта аламын. Өйткені, сол кездегі ізденістер мен ПШО тренерлерінің қашықтықтан әдістемелік қолдауымен ұсынған https:/wordwall.net/ru құралын жете меңгере отырып, оқу ресурстарын құруды үйреніп, өз тәжірибемде қолданып көрдім. Шынымен де, жұмыс парақтары оқушыларды іс-әрекеттің нақты тәсілдеріне үйретуге, оқушылардың жеке дамуына жағдай жасауға, әр баланың қабілетін іске асыруға көмектеседі. Оқу тапсырмаларын жасауда оқушылардың жасы мен қызығушылығына сәйкес жасауды ескеру қажет. Өйткені, бастауыш сынып оқушыларына суреттермен тапсырмалар ұнайды. Оларға түсінікті және жұмыс істеу оңай. 3-сыныптың қазақ тілі пәнінен сын есімнің түрлері тақырыбында сабақты бекіту кезеңінде жасаған жұмыс парақтарының мысалдарын ұсынамын.

Тапсырмалар үлгілері төменде көрсетілген:

   

 

Бұл тапсырмалар оқу мақсатына сәйкес, «Сын есімнің түрлері» тақырыбына берілген. Оқушылар тапсырмаларды өте белсенділікпен, қызығушылықпен орындады. Тапсырмалардың нәтижесі арқылы оқушылардың сабақты қаншалықты меңгергені, ережені қаншалықты түсінгендіктерін және оны тапсырмалар орындау барысында қолдана алатындары анықталады. Жеке жұмыс парақтарын пайдалану әрбір оқушыға ұсынылған жұмыс аясында өз іс-әрекетінің мақсатын анықтауға, мүмкін болатын шешімдерді іздеуге, білім мен практикалық мүмкіндіктерді таңдау еркіндігін сезінуге, туындаған мәселелерді шешу кезінде дербестік танытуға мүмкіндік береді, яғни оқушы оқыту үдерісінің белсенді қатысушысы болады.

Математика сабақтарында жұмыс парақтарын қолдану графиктер, диаграммалар құру және олар бойынша сұрақтарға жауап беру, әртүрлі фигуралардың ауданын есептеу, формулалар мен т.б. шығару біліктерін дамытуға өте пайдалы. Мысалы, үш таңбалы санды бір таңбалы санға көбейту және бөлу алгоритмін қолдануда төмендегідей тапсырма берілді.

Осындай жұмыс түрлері ата-аналарымның да көңілінен шығып, үйде балаларының сабақты оқуда өздіктерінен асқан қызығушылықпен ойын түрінде жеңіл, әрі тез орындайтындықтары туралы кері байланыстарын ұсынды.

Әрине, қашықтықтан оқу барысында баланың мұғалімі де, кеңесшілері де үйдегі ата-анасы. Сондықтан ата-аналарға қүрделі тапсырмаларды орындау бойынша қысқа түсініктеме ұсынып отырдым. Жалпы, жұмыс парағының артықшылығы, оны сабақтың әр кезеңінде қолдануға болады. Нәтижесінде оқушылардың танымдық белсенділік деңгейі, оқу материалын меңгеру сапасы және оқуға деген ынтасы артады.

Жұмыс парағын құру бойынша ұсыныстар:
- Егер, сіз өз сабақтарыңызда жұмыс парақтарын пайдаланғыңыз келсе, олардың қандай болатынын анықтаңыз: интерактивті немесе қағаз түрінде.
- Егер, интерактивті жұмыс парағы таңдалса, алаңды анықтаңыз. Ол ыңғайлы болуы керек( ең алдымен, сіздің оқушыларыңыз үшін) және қолжетімді.
- Сіздің жұмыс парағыңыз қандай міндеттерді шешуге көмектесетіні туралы ойлаңыз және оның түрін анықтаңыз.
- Жұмыс парағының мазмұнына оқулықта берілген ақпаратты ұғынуға арналған тапсырмалар, сондайақ талдау, салыстыру, жаңа жағдаяттарда білімді қолдану, қосымша көздерде ақпарат табу білігін талап ететін күрделілігі жоғары деңгейдегі тапсырмаларды қарастырыңыз.
- Тапсырма құрылымы бойынша оларды орындау үшін балаға жеткілікті пәндік білімі немесе өмірлік тәжірибесі қажет екенін ескеріңіз.
- Жарқын, ерекше безендіруді жасаңыз.
- Аз мәтінді қолдануға тырысыңыз (көбірек схемалар, карталар, кестелер т.б.).

Сонымен, жылдам және виртуалды болып келе жатқан әлемде мұғалімнің міндеті уақытқа сай даму және дидактикалық қоржынын жетілдіру. Интерактивті жұмыс парақтары – бұл өз оқушыларының жұмысын түрлендіруге және білім беру үдерісінің барлық міндеттерін орындауға тілек білдірушілер үшін тамаша нұсқа.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Андреев А.А. Введение в дистанционное обучение: учеб.-методич. пособие. – М.: ВУ, 1997. – 467 с

2. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования: [учебное пособие] – Москва: Академия, 2008. – 268 с. – ISBN 978-5-7695-4788-1.

3. М. Смирнова, Л. Рождественская. Интерактивный рабочий лист в Googledocs (материалы мастер-класса) https://sites.google.com/site/intelworksheets/

 

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no