электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2019 г.

 

Мәтінмен жұмыс жасаудың тиімді тәсілдері

№ 9 (190) ноябрь 2019г.

С.Б. ЖҰРЫНТАЕВА, А.Д. МУСИНА, Педагогикалық шеберлік орталығының Көкшетау қаласындағы филиалының тренерлері



Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамытуда мәтінмен жұмыстың маңызы зор. Бүгінгі таңда, сауаттылық түсінігі өзгеріп, кеңеюде, дегенмен ол әлі де түрлі мәтіндер түсінігімен байланыста. Заманауи адам баспамен қатар электрондық кітаптарды оқи алады, бүгінгі күні аудиокітаптар да аса сұранысқа ие, сондықтан да мектеп оқушыны «қағаз», электронды және дыбыстық түрлі мәтіндермен жұмыс жасауға үйретуі тиіс.

PISA зерттеулерінде оқылым сауаттылығы келесі деңгейлерге бөлінеді:
-- қарапайым критерийлер бойынша (ең төмен деңгей) мәтінде қажетті ақпаратты іздеу;
-- көптеген критерийлер бойынша мәтінде қажетті ақпаратты іздеу;
-- мәтінде қажетті ақпаратты іздеу, ақпараттың үзінділері арасындағы байланысты табу, таныс, қайшылықты ақпартпен жұмыс жасау;
-- жасырын ақпараты бар үзінділердің бірізділігі немесе комбинациясын іздестіру және бекіту, тапсырманы орындау үшін мәтіндегі қай ақпарат қажет екендігіне шешім қабылдай алу;
-- күрделі мәтіндерді түсіну және түсіндіре алу, тиянақтау;
-- мәтіннің мазмұны бойынша қорытынды шығару, болжау.

Функционалдық оқылым дағдысы дамыған оқушы «мәтіннен ақпаратты алу – оны түсіну, қысқарту, өңдеу, өзгерту үшін т.т. оқылым және жазылым дағдысын еркін қолдана алады». (А.А. Леонтьев). Оқылым дағдысы қалыптасқан оқушы оқылымның түрлерін (зерделеу, көріп оқу, танысу) қолдана біледі. Оқылым мен мәтінді түсіну тәсілдер жүйесінің бірінен екіншісіне, яғни оқылым мен түсіну мақсатына адекватты, аталған мәтіндердің түрлеріне көше алады. Осыған сәйкес оқу үдерісінде оқылым дағдысын дамытуға сәйскес келетін әрекет түрлерін дұрыс таңдау міндетті. Оқылым дағдысын дамытудың аса маңызды құралдарының бірі мәтінмен жұмыс жасау болып есептеледі.

Мәтінмен жұмыс жүргізудің маңызы зор, себебі оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытуға, сөздік қорын молайтуға, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беруге әсіресе әдеби және тарихи деректерді түсінуге көмектеседі. Оқушылардың ауызекі сөйлеу сауаттылығын, әдеби тіл шеберлігі мен тіл байлығын дамыту, шығармашылық және танымдық қабілеттерін жетілдіру, сауатты сөйлеу арқылы тіл мәдениетін қалыптастыруда мәтіндік тапсырмаларды тиімді қолданудың рөлі ерекше. Мәтіндермен жұмыс жасау балалардың ауызша және жазбаша тіл дағдыларын дамытумен қатар, ой-өрісін жетілдіреді және тәрбиелейді. Мәтіндер оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін, жеңілден қиынға деген дидактиқалық принципіне сәйкес сабақтан сабаққа, сыныптан сыныпқа күрделенуі тиіс.

Мәтінмен жұмыс істеуде: мәтіннен ақпарат алып, оған тақырып таңдап, мәтіннің жалпы мағынасын беретін тезис құрап, графиканың негізгі бөліктері мен картаның, суреттің мақсатын түсіндіру, салыстыру және мәтіннің сипаты мен түрін анықтау керек. Мәтіннен ақпарат табу үшін оқушы мәтінді оқи отырып, оның негізгі бөліктерін айқындап, ондағы айтайын деген негізгі ойды табады. Сонымен бірге мәтіндегі түрлі ақпаратты салыстырып және қарама-қарсы қойып, тезистер арқылы қорытындылар жасайды. Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап, ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі.

Мәтін жұмысы – оқылым дағдысын дамытуда үлкен орын алатын оқыту нысаны. Біріншіден, оқыту үдерісінде ұсынылатын материалдар көбінесе мәтіндер және екіншіден, жаттығулар тұтас мәтін түрінде беріледі. Мәтін – оқушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуіне, сол арқылы логикалық ойлауы бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім мәтінмен жұмысты жүйелі жүргізгенде және оқушының сауатты оқу дағдысын қалыптастыра білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады. Оқу сауаттылығының 3 құрамдаушысы (жағдай, мәтін, аспект) бойынша оқушыларды мәтіндермен жұмыстандырып, сол мәтіндердегі шынайы мысалдарды неғұрлым көбірек табуға жұмыстандыру арқылы мәтін типін зерттеуге қатыстыру, мәтінде берілетін қорытынды ойды беретін сұрақтар бойынша жұмыстар жүргізу тиімді.

Мәтіндерді белгілі бір санаттар немесе критерийлер бойынша нақты орналастыру мүмкін емес, өйткені бір мәтін түрлі белгілерге ие болып, бірнеше топтарға қатысты бола алады. PISA тестін құрастырушылары мәтінді бірыңғай тұтас мәтін және тұтас емес мәтіндер деп екіге бөліп ұсынды.

Бірыңғай тұтас мәтіндер: Сипаттау (әңгімеден үзінді, тақпақ, адамды, кез келген заттарды, жергілікті орындарды сипаттау). Баяндау (әңгімелер, мысалдар, тақпақтар, хаттар, газет-журналдардан мақалалар, оқулықтан мақалалар, нұсқаулар, жарнама, фильм және қойылымдардың мазмұнын қысқаша баяндауы және т.б). Талқылау (өз пікірін дәлелдеу, комментарийлар, талқылау-шығарма).

Бірыңғай тұтас емес мәтіндерге оқушылар күнделікті өмірде, мектепте оқитын мәтіндер жатады.

Бірыңғай тұтас емес мәтіндер:
- диаграмма;
- сызба (кластерлер);
- кестелер, географиялық карталар және жергілікті карталар;
- кіру билеттері;
- көліктердің қозғалыс кестесі;
- сайттардың карталары.

Бірыңғай тұтас мәтіндерді дайындау және таңдау бойынша ұсыныстар

Мұғалім жұмыстың мазмұндылығын қамтамасыз ету мақсатында оқу мәтінін таңдаған кезде ақпараттық тартымды мәтіндерге басты назар аударады. Олар оқушы үшін өзекті ақпараттарға толы және оның сұраныстарына сәйкес болуы тиіс. Мәтіндер оқу бағдарламасының мазмұнына сүйеніп, пәнаралық байланысты қамтуы керек. Оқылымға кедергі келтіретін және оқушыларды қойылған сұрақтардың жауаптарын белсенді іздеуге бағыттамайтын кемшіліктер болмауы тиіс.

Материалды таңдаған кезде мұғалім:
1. Мәтіндегі ақпараттың жеткіліктілігін;
2. Мәтінде келтірілген мәліметтердің нақтылығын;
3. Мәтіндегі тілдің дұрыстығын;
4. Белгілі бір нақты жағдайда өзге стильдік жеке немесе нормативті емес тілдік бірліктердің қолданылуының орнықтылығын;
5. Мазмұнның оқушының жасына сай болуын объективті бағалауы тиіс.

Мәтінді таңдау мен жұмысқа даярлау үдерісінде оның функционалды-стильдік қатыстылығына сүйене отырып, коммуникативті толыққанды мәтіннің параметрлерін ескеру қажет. Ондай мәтіндерде:
1. Орынды тілдік құралдар қолданылады;
2. Мәтіннің ақпараттық-мазмұнды, логика-композициялық, тілдік және эстетикалық (стилистикалық) элементтері автордың мақсатына сай, автордың айтатын ойымен оқырманның түсінігі, ойымен сәйкес келеді;
3. Мәтіннің мақсатына сәйкес айқын сөйлеу формулалары қолданылады;
4. Коммуникативті артық фрагменттер болмайды;
5. Классикалық үшбөлікті құрылым сақталады: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды;
6. Композициялық бөліктердің үйлесімділігі ескеріледі;
7. Материал логикалық бірізділікте ұсынылады.

Пікірталас, әңгімелеу, суреттеу сияқты сөйлеу типтері көрініс табатын мәтіндерді қолдану ұсынылады. Мәтіндегі сөйлеу типтерінің әртүрлілігі оқушылардыңназарын белсендетумен қатар, мұғалімге тапсырмаларды тұжырымдауды жеңілдетеді. Қолданылып жүрген мектеп оқулықтарындағы көркем мәтін тапсырмаларын орындау, әдетте оқығанды түрлі қырынан талқылап, өз болжамдарын ұсынуды талап етпейді. Сондықтан мұғалімдер оқулықтағы мәтіндермен жұмыстана отырып тиісті нәтиже көрсете алмайды. Ал, PISA халықаралық зерттеуінде ұсынылатын төмендегідей тапсырма түрлері өте тиімді болады.

Бірыңғай тұтас мәтіндермен жұмыс жасау үлгісі:

Мәтін

Жаңа жыл алдында алты жасар Хельга атты қыз Аяз атаға 100 марка сыйлауын сұрап хат жазды. Финляндияда мекенжайы қате жазылған хаттарды тек республика президенті ғана аша алады. Сондықтан да «Аяз атаға» жолданған хатты 1958-1982 жыл аралығында елді сәтті басқарып отырған Урхо Калева Кекконен оқыды. Кекконен қыздың тілегін орындауға бел буды, дегенмен кішкентай қызға 50 марка да жеткілікті болады деп ойлады. Ол қызға ақша мен «Құдайдың хатын» өз көлігінде апарамын деп шешті. Кейін кеңсеге Хельгадан тағы бір хат келді. Ол өз хатында үйінің алдына тоқтаған президенттің көлігіне барлық көше көз салғаны туралы жазыпты. Сондай-ақ, қыз Аяз атадан келесі жолы ақшаны президенттен жібермеуді сұрады, себебі ол жартысын ұрлап алғандығын жазған.

Мәтінді қабылдау үшін оқушылармен алдын-ала психологиялық жағынан дайындау жұмыстарын жүргізу қажет:
Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;
Шығарманы оқытқызу; Жоспар жасату;
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстарды алдын-ала дайындау.

Көркем шығарма жазушының сөз арқылы жасаған көркем бейнесі арқылы қабылданады. Шығарманы оқыған кезде оқушының көз алдына сол бейне елестейді. Бұл оқушының сезімін де қозғайды. Мысалы: Абайдың «Жаз» өлеңін өтер кезде сурет бойынша әңгіме айтқызуға болады. Осылайша әңгіме жүргізілгеннен кейін, «Жаз» өлеңінің мазмұнын білуге оқушылардың ынтасы артып, оны тереңірек ұғынуларына және молырақ әсер алуларына жағдай жасалады. Психологиялық жағынан дайындау кезеңі мынадай нәтижеге жеткізе алады:
- балаларды оқылатын әңгіменің мазмұны мен ондағы кейіпкерлердің ісін саналы түрде түсіне алады;
- оқылатын әңгіменің мазмұнына қызығушылығы артады;
- түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсінеді.

Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу. Сөздік жұмысты әр түрлі жүргізуге болады. Мысалы, шығарманы оқымас бұрын, түсіндірмелі сөздікті пайдаланып, ұсынылған сөз немесе сөз тіркестердің мағыналары түсіндіріледі. Сонымен қатар, мәтіндегі түсініксіз сөзді сол сөйлемімен оқушы оқыған кезде жақсы түсінеді. Осындай жұмыс түрін жұппен, топпен және жеке беруге болады.

Шығарманы оқу кезеңі мәтінмен жұмыс жасаудың маңызды кезеңдерінің бірі. Мәтінді оқу – дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыс түрі. Мұнда түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Көпшілік мұғалімдер, егер шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса, оны өзі дауыстап оқып шығады немесе балаларға оқытады. Шығарма бірінші рет оқылғанда, оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Сондықтан шығарма әуелі тұтас оқылғаны тиімді. Өйткені бөлініп оқылса, балалар оның мазмұнын толық ұғына алмайды.

Мұғалім мәтіннің мазмұнын балалардың дұрыс түсінген-түсінбегенін, әңгіменің қай жері ерекше әсер еткенін біліп, ойларына бағыт беру үшін екі-үш сұрақ қояды. Сұрақ көбінесе негізгі фактіні анықтау үшін қойылады. Көркем шығарманы оқу барысында оқылымның мынадай түрлерін түрлендіріп, қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылады:
түртіп алып оқу;
тізбектеп оқу;
іштей оқу;
дауыстап оқу;
хормен оқу;
болжай отырып оқу.

Шығармаға жоспар жасау. Жоспар оқушы ойының, шығарманың мазмұнын көрсететін оқиғалардың жүйесін білдіреді. Жоспар жасау жұмысы екі түрлі жолмен іске асады:
Әңгімені бөлімдерге
бөлу; Бөлімдерге ат қою, оны рет-ретімен жазу.

Мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері.

Бұл жұмыстар, біріншіден, оқушылардың оқылған материалды тереңірек меңгеруіне мүмкіндік туғызса, екіншіден, оларды өз беттерімен ойланып жұмыс істеуге талаптандырады, үшіншіден, жоғары ойлаут дағдыларының дамуына ықпалы зор.

«Көп таңдауы» бар тапсырмалар:
1) ұсынылған нұсқалардан дұрыс жауапты таңдау;
2) мәтіннің мазмұнына сәйкес/сәйкес емес/ мәтінге мүлдем қатысы жоқ тұжырымдамаларды анықтау;
3) мәтіннің мазмұнына сәйкес ақпараттың ақиқаты/жалғанын анықтау.

«Сәйкестендіру» тапсырмасы:
1) сұрақтар, атау, тұжырымдар, жоспардың бөлімдері, суреттер, сызба, диаграмма және мәтіннің бөлімдері (шағын мәтін) арасындағы сәйкестікті табу;
2) мәтіннің мазмұнына сәйкес сөздерді, пікір, сөйлемдерді т.т. табу;
3) суреттер, сызбалар т.т.;
4) аталған сөздердің (пікірлер) мәтіндегі сөздермен сәйкестендіру (антоним/синонимдер табу).

«Ақпаратты толықтыру» тапсырмасы:
1) мәтіндегі бос орындарды сөйлемдер/бірнеше сөз/бір сөзбен толықтыру;
2) сөйлемді толықтыру (аяқтау).

«Ақпаратты көшіру» тапсырмасы:
1) кестені оқылған мәтін негізінде толтыру;
2) кесте/сызбаны оқылған мәтін негізінде толтыру.

«Деформацияланған мәтіндерді қалпына келтіру» арналған тапсырмалар:
1) мәтіннің «шатастырылған» фрагменттерін дұрыс реттілікпен орналастыру;
2) мақсат пен нақты мазмұнға байланысты сұрақтарды үш негізгі топқа бөлуге болады.

Ақпаратты табу мен мақсатты түрде алу тапсырмалары:

(«Мәтінді жалпы түсіну» және «Ақпаратты табу»):
- нақты материалды табу – негізінде кім? (не?) қашан? қайда? не істеді? Сұрақтары
- тақырыпты анықтау;
- мәтінде айқын ашылмаған ақпаратты табу.

Мәтін мазмұнын қорытындылау мен түсіндіру тапсырмасы («Мәтінді түсіндіру»):
- берілген ақпаратты мәтіннен табу;
- мәтіннен нақты бір ойды суреттейтін деректерді табу;
- өз пікірін дәлелдеу үшін мәтіннен ақпарат қолдану;
- мәтін бөлімдер немесе екі (бірнеше) мәтін арасындағы мазмұндық байланысты орнату;
- шығарманың бір сюжетіне сурет салу, баяндау
- мәтіннің негізгі ойы (идеясын) анықтау;
- нақты детальді мәтіннің жалпы идеясымен сәйкестендіру;
- мәтін авторының ойын анықтау;
- мәтіннің атауын түсіндіру;
- мәтінде ұсынылған ақпаратты талдау негізінде қорытынды жасау.

Мәтіннің түрі мен мазмұнын бағалау тапсырмасы, рефлексия («Мазмұнға рефлексия жасау» және «Мәтінді ұсыну түрі бойынша рефлексия»):
- мәтіннің мазмұнын өз ойымен салыстыру;
- мәтіндегі ақпаратты өз тәжірибесімен сәйкестендіру;
- мәтін кейіпкерлерінің амал (әрекетін) бағалау;
- жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің іс әрекеттерін салыстыру;
- басты кейіпкерлерге сипаттама беру;
- мәтінді әрі қарай болжап жазу;
- бұрынғы таныс ақпарат және мәтіндегі мәліметтер негізінде өз ойын дәлелдеу;
- өз білімі мен құндылықтар жүйесін ескере отырып мәтінде бар тұжырымдарды бағалау;
- иллюстрация міндеті мен рөлін анықтау;
- мәтіндегі кейіпкерлердің (амал) әрекеттерін, оқиғалардың реттілігін «болжау»;
- мәтіндегі бар ақпарат негізінде одан тыс оқиғаларды «көру»;
- мәтіннің жанры мен стилін анықтау;
- сөйлеу түрін анықтау (суреттеу, хабарлау, әңгімелеу);
- мәнерлеп көркем оқу құралдарын табу және оның қызметтерін анықтау.

Мәтіннің жалпы мазмұнын меңгертуге байланысты тапсырмалар:
- тақырып таңдау;
- мәтіннің негізгі ойын анықтау;
- айтылатын ой жүйесін нақтылау;

- мәтін түрін анықтау;
- мәтін құрауға тірек болған сөздер мен сөзтіркестерін теру; ең негізгі эпизодын анықтау;
- жоспар жасау;
- мәтін мазмұнын ашатын сұрақтар құрастыру;
- мәтіннің жалпы мағынасын беретін тезис құрастыру.

Мәтінге байланысты грамматикалық тапсырмалар:
- жай сөйлемдерден құрмалас сөйлемдер құрастыру;
- құрмалас сөйлемдерді жай сөйлем түрлеріне айналдыру;
- сөйлемнің негізгі мағынасын сақтай отырып, ойды кеңейту;
- мәтін бойынша омоним, синоним, антоним сыңарларын табу;
- тест тапсырмаларын құрастыру;
- синтаксистік талдау жасату, т.б.

Оқушылардың таным белсенділіктерін арттыруға бағытталған тапсырмалар:
- мәтін мазмұнын ашатын мақал-мәтел, қанатты сөздер мен нақыл сөздерді жазу;
- көркемдегіш, суреттеу құралдарын теру;
- мәтінде жауабы жоқ сұрақтар құрастыру;
- кей сөйлемдердегі ойды тұрақты тіркестермен беру;
- диалог құрастыру;
- кейіпкер атынан хат жазу;
- берілген ойды шынайы өмірмен байланыстыра көрсету;
- оқиға барысына проблемалық жағдаяттар қосу;
- шешу жолдарын ұсыну;
- өзіндік көзқарасын білдіру;
- тірек-сызбасын жасау, қорғау, дәлелдер келтіру.

Мұғалімнің сапалы жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық тартымды мәтіндерге ерекше мән беріледі. Олар оқушылар үшін аса өзекті ақпаратқа толы және оның қажеттілігіне сәйкес, оқу бағдарламасының мазмұнына сай және пәнаралық байланысқа негізделіп келуі тиіс. Оларда оқылымға кедергі келтіретін және оқушыларды қойылған сұрақтарға жауапты белсенді іздеуді мақсат етпейтін кемшіліктер болмауын ескеру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кәтенбаева Б.Ш. Тіл ұстарту жұмыстары бойынша әдістемелік нұсқаулар. – Алматы: «Рауан», 1988.

2. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы, №5, 1995.

3. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде журналы, №10, 2010ж.

4. ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Үлестірмелі материал. – Астана, 2016 , 155-166 б.

5. ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы. – Астана, 2015, 9-12 б.

6. https://massaget.kz/kyizdarga/psihologiya/21106/

 

 
 

Теория и практика





 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.coma> yr.no
 
 

 

050035, г.Алматы, 8 м-н, д.4, кв.82, тел. 8(727)249-84-38, 8(727)290-92-10