электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Классика и современность

 

   

Архив статей 2016г.

 

Түбегейлі, бастамашыл, өнегелі (1974-1987 жж.)

№ 4 (155) апрель 2016г.

С.М. ШАЙЖАНОВА, ҚР Президенті Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының мұрағатшысы

 

Қожахмет Балахметұлы Балахметовтың өмірі мен қызметі – үлкен тарих. Оның өмір жолы өршімелі жоғары шекпен тең. Бақытты жұлдызбен туылған жолы болғыш адам деп айтуға болады. Бірақ ең бастысы – оның табиғи таланты, өмірге деген төзімділігі, мақсатқа талпынушылығы, еңбекқорлығы мен өзіне жүктелген істі адал атқаруы. Қожан атанып кеткен (құрдастары солай атаған) ауыл баласы кейіннен Қазақ КСР оқу министрі болады.

«...Біздің отбасымыз Володаровка ауылында тұрды – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының Саумалкөл ауылы, - деп жазады Қ. Балахметұлы өзінің «Акмолинская правда» газетіне берген сұхбатында. – 20-30 жылдардағы өмір қандай болған? Жоқшылық, аштық, таусылмайтын мәселелер.

Отбасында жеті ағайынбыз, үлкені – мен. Әкем Балахмет жетім болып өскен, ал әйелдікке аухатты отбасының қызын алған. Бұл іс-әрекеті үшін көресіні көрген: анамның туыстары оның батыл қылығы үшін өлім аузына дейін апарған, бірақ билік қорғап қалған. Ол кездері әкем білімді адам болған: араб және орыс тілдерін жақсы білген, жұрт арасында сыйлы болған, отызыншы жылдары хат жазып, бұл адамдар өзіне қарсы шыққан. Шыны керек, Омскіге дәл уақытында кетіп үлгерген, әйтпесе біздің басқа туыстарымыз сияқты сібірлік лагерлерде шіритін еді. 1940 жылға қарай ол үйге қайтуға бел буып, келген соң майданға кетті. Мүгедек болып оралды. Адамдарға қайтадан лайық қызмет көрсете бастады. Олардың өтініші бойынша Саумалкөл көшелерінің біріне Хаиров Балахмет есімі берілді» [1]

Қожахмет Балахметұлы үшінші сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқып, ол жабылып қалған соң, орыс мектебіне ауысады. Қазақ мектебіндегі үздік оқыған оқушы орыс мектебінде артта қалған оқушылар қатарына қосылады. 5-7 сыныптар ол үшін сынақ болып, сегізінші сыныпта жақсы оқитын оқушылар, одан кейін үздік оқушылар қатарына қосылып кетеді.

Мектепті бітіргеннен кейін 1947 ж. Алматы қаласына келіп, С.М. Киров атындағы ҚазМУ тарих факультетіне еш қиындықсыз оқуға түседі. Бірінші курсты үздік бітіргенімен, дұрыс тамақтанбау, тұрмыстың басқа да жағдайлары салдарынан денсаулығының нашарлауына байланысты университеттегі білім алуын тоқтатуына тура келеді.

Алматыдан өз үйіне қайта оралған ұлын анасы қолдағы барымен баптап, «Енді осылай оқуға кететін болсаң, үйге қайтіп оралмассың!» [1] - деген әкесінің кеңесіне құлақ асқан Қожахмет үйіне жақын жерде оқуды жөн көріп, 1949 ж. Петропавл қаласындағы мұғалімдер институтына сырттай бөлімге оқуға түседі. Кейінірек Семей қаласындағы Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. 1948–1952 жж. аралығында Сырымбет орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып, 1953–1957 жж. Еңбекшілдер ауданы, Макинск, Степнякск ауылдарының орта мектеп директоры қызметін атқарған. 1957–1970 жж. Көкшетау облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі орынбасары, Көкшетау облыстық партия комитетінің мектептер бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1974 ж. 14 тамыздағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен республиканың оқу министрі болып тағайындалып, 1987 ж. қарашасында зейнеткерлікке шығады [2]. 1975–1985 жж. аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, бірқатар қоғамдық ұйымдарда, оның ішінде 13 жыл қазақ-корей достастығы Қоғамының төрағасы қызметтерін атқарған. Ол туралы қызметтестері «зерек, айтқанынан қайтпайтын, еңбексүйгіш, ұйымдастырушылық қабілетке ие, адамдармен жақсы қарымқатынас орната алатын шыншыл адам» деп жоғары баға берген» [3].

Қожахмет Балахметұлы өзінің қызмет жолы мен білім саласындағы өзгерістер жайлы: «...Время моей работы в ЦК совпало с крупнейшими событиями в области образования. Было создано Министерство просвещения СССР, Академия педагогических наук СССР. Шла реформа школы с изменениями содержания образования и ее структуры – трехлетнее начальное, восьмилетнее – неполное среднее. В 70-е годы было принято несколько постановлений партии и правительства по всем структурным направлениям образования, поставивших задачу дальнейшего его совершенствования, приведение в соответствие с научно-технической революцией» –деп жазады [4].

Қазақ КСР оқу министрі қызметін атқарған уақытында мұғалімдердің V және VI Республикалық съездері ұйымдастырылды. Оның жетекшілігімен Министрлікте мектептер мен мектептен тыс мекемелердегі, жоғарғы оқу орындарындағы оқу-материалдық базасын нығайтуға, педагогикалық және ғылыми кадрлармен қамтамасыз етуге шара қабылданды. Республикалық оқу орындары базасында Бүкілодақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, оқушылардың жиналыстары мен олимпиадалары үнемі өткізіліп тұрды. Жыл сайын «Мектеп» баспасы 100-ден аса түрлі әдістемелік оқулықтар мен кітаптар шығарды. Жалпы қоғамдық орта білім үшін барлық жағдайлар жасалып, колхоздар мен совхоздардың орталықтарында интернаты бар орта мектептер ашылды. Республика бойынша мектептердегі оқушылардың 67 пайызы ыстық аспен қамтамасыз етіліп, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің 50 пайыздан көбі балабақшаларға орналастырылды [1]. Интернат мекемелерінің, әсіресе жетім балалар мен ауру балаларға арналған мекемелердің жұмысына ерекше бақылау жасалынды. Халықтық білім беру қызметкерлері мен оқытушыларға арналған біліктілікті жоғарылату жұмыстары үнемі жүргізіліп отырды.

Барлық аудандарда әдістемелік кабинеттер жұмыс істеп, олардың штат саны ұлғайып, материалдық деңгейі артты. Жеті педагогикалық жоғары оқу орны мен университеттерде басқару кадрларының біліктілігін арттыру факультеттері жұмыс істеді., Білім беру саласына қатысты екі тілдегі газеттер, «Қазақстан мектебі» журналы және мұғалімдерге көмегі зор басқа да педагогикалық басылымдар жүйелі түрде шығарылып тұрды. Осы жылдарда 15 докторлық және 289 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мұның барлығы оқу-тәрбие жұмыстарының деңгейін жоғарылатып, Қазақстан мектептері Бүкілодақтық білім беру жүйесінде алдыңғы қатарлы білім беру орындарының қатарына енді.

Қожахмет Балахметұлы Қазақстан Республикасы мен Астана қаласының ардагерлер Кеңесінің мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрметті профессоры лауазымына ие болған. Бірқатар ЖОО-да студент- терге «Қазақстандағы педагогика және педагогикалық ойлар» тақырыбында дәрістер оқыған. «Мое время», «Заман зерделері», «Менің туыстарым», «Школа на пути обновления» атты кітаптары жарыққа шыққан. Сонымен қатар, түрлі жинақтарда М. Қанапиянов, А. Сембаев, Е. Сүлейменов, М. Фазылов, А. Тыныбаев, Т. Бекенов және т. б. өзімен қызметтес болған мемлекеттік қызметкерлер мен педагогтар жайлы естеліктері жарияланған.

Қожахмет Балахметұлының жүріп өткен өмір жолы, ел қамын жеген мақсат-мұраты мен атқарған игі істері тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпақтарына ғибрат аларлықтай үлгі-өнеге болмақ.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. А. Тришечкин. Его пример – другим наука. // Акмолинская правда – 25 шілде 2011. – 5–7 б.

2. Ашимбаев Д.Р. Кто есть кто в Казахстане: Биографическая энциклопедия. – Изд.11-е, доп. – Алматы, 2010. – С.175.

3. ҚР ПА, 708-қ., 58-т., 130-іс, 205-п.

4. К. Балахметов. Человек, партийный функционер, дипломат / Чрезвычайный и полномочный посол СССР. – Алматы, 2002. – С.78–90.

 

 

 

Классики и современность






 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no