Бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлауын дамытудағы әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану жолдары
№ 7 (188) сентябрь 2019г.
Н.А.ЖАНҰЗАҚОВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы
Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Жаңартылған оқу бағдарламаларында оқушылардың бойында қалыптастыру көзделетін келесі дағдылар анықталған: сын тұрғысынан ойлау, білімді
шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілеті, проблемаларды шешу қабілеті, ғылыми-зерттеу дағдылары, қарым-қатынас дағдылары (тілдік дағдыларды қоса алғанда), жеке және топпен жұмыс істей білу қабілеті, АКТ саласындағы дағдылар. ХХІ ғасыр дағдыларын жүзеге асыруда әдіс-тәсілдердің маңызы зор. Әсіресе, сыни тұрғыдан ойлауын дамытатын әдістер өте тиімді, бұл әдістер мектеп қабырғасынан шыққан түлектеріміздің кез келген жағдайдан саналы шешім қабылдап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдап, кез келген жағдайға сыни көзқараспен қарауға үйретеді.
Сыни тұрғыдан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік, яғни қазіргі заман талабына сай мектепте оқушыларды сыни ойлау қабілеттерін дамыту басты мәселе болып табылады.
Мақалада бастауыш сынып оқушыларына бірнеше пәндер бойынша сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытатын әдіс-тәсілдердің мысалы ұсынылып отыр. Ұсынылған әдістер мұғалімнің еркімен өзгертіліп, бейімдеуіне мүмкіндігі бар. Бұл әдістер арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтары артады, оқушылар өздерін субъект ретінде сезеді. Сонымен қатар әдістер барысында 4 дағдыны (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бірдей қамтуға мүмкіндік туады, балалардың тілдік қоры молайып, қиялдарын дамытады.
3 сыныптың қазақ тілі пәнінен 3.1.2.1 мәтіннің тақырыбы мен берілген суреттер /фото/ диаграмма бойынша мәтіннің мазмұнын болжайды – деген оқу мақсатын орындау үшін келесі тәсілді алуға болады.
«Болжау» әдісі, оқушыларға сурет пен мәтіннің бастапқы бөлігі беріледі, бірнеше сұрақтар қойылады және келесі нұсқау беріледі:
- Мәтіннің бастапқы бөлігін тыңда;
- Фото арқылы болжа;
- Бұл мәтін не туралы болуы мүмкін?
- Аяқталмаған мәтінді болжап, жалғастырып көр. Берілген мәтін тақырыбы: «Құмырсқаның пайдасы»
Құмырсқа – ұйымдасып, жабыла жұмыс істейтін жәндік. Құмырсқалар ұйымшыл келеді. Орманда жүріп адасып кетсеңіз, құмырсқаның илеуіне қарап бағыт-бағдарды анықтап алуға болады. Өйткені…
Осы әдіске ұқсас «Санадағы кинофильм» әдісін де қолдануға болады. Бұл тапсырмада оқушылардың көздерін жұмғызып, мәтіннің бастапқы бөлігі оқылады. Оқып жатқан мәтінді көз алдарына елестетіңдер. Мәтін оқуды тоқтатып, оқушылардан мәтінді тоқтаған жерінен жалғастырып, одан әрі сюжеттің дамуы сұралады. Топ ішінде талқылатып, әр топтың ішінен жақсы ойлар айтылады.
Дүниетану пәнінен 3.2.2.3. Табиғаттағы жануарлардың өзара қарым- қатынас түрлерін сипаттау атты оқу мақсатын сабақта келесі әдіс арқылы жүзеге асыруға болады:
«Салыстыр, жауап бер»
Оқушыларға туыстық қатынасы бар жабайы жануарлар мен үй жануарларының суреттері беріледі (қасқыр – ит, мысық – жолбарыс және т.б.).
Ең алдымен келесі сұрақтар арқылы тақырыпты бастап ары қарай өрбітеді:
- Туыстық қатынас қандай болады?
(Анасы мен қызының, әкесі мен ұлының, ағасы мен інісінің арасындағы және басқа да қатынастар)
- Бір- біріңе туысқандарыңды атаңдар.
- Олар барлығы бір қала, бір ауылда тұрады.
- Ал жануарлардың туысы бола ма, қалай ойлайсыңдар? деп тақырыпқа әкелеміз.
- Суреттегі жануарларды білесіңдер ме?
- Көргендерің бар ма? Қай жерден?
- Қандай ұқсастықтары бар?
Суреттер интерактивті тақтада Венн диаграммасы арқылы айырмашылығы мен ұқсастығын жазады: «қасқыр – ит», «мысық – жолбарыс», «қабылан – барыс», «кесіртке – саламандра», «құлан – кианг».
Қазақ тілінен «Сөз таптары» тақырыбын өткен кезде «Ішкі, сыртқы шеңбер» әдісі арқылы ұйымдастыруға болады.
Оқушылар ішкі және сыртқы екі шеңберге тұрады. Ішкі шеңбердегі оқушыларға заттың атауын білдіретін суреттер беріледі. Ал сыртқы шеңбердегі оқушыларға сол затты сипаттайды, ішкі шеңбер қалай қимылдайтынын айтады. Шеңбердегі барлық балалар өз ойларын айтып болған соң, рөлдерін ауыстырып, сыртқы шеңбер заттың атауын, ал ішкі шеңбер сипатын, сыртқы қимылын айтады. Бір-бірін қайталамас үшін сыртқы шеңберді сағат тілі бағыты бойынша, ал ішкі шеңберді керісінше айналдыруға болады.
Әдебиеттік оқу пәнінен «Ақбас торғай» деген шығарманы өткенде «Стоп кадр»әдісін қолдануға болады. Бұл әдісте оқушылар көркем шығарманың басталуын, дамуын, аяқталуын анықтап, ертегі желісін ары қарай болжай алып, түсініп оқу керек. 3-топ шығарманың үш бөлігін оқиды.
1-топ шығарманың басталуын оқиды. Мұғалім: «стоп» дегенде ертегіні оқуды аяқтайды. Ары қарай ертегі желісінде не болатынын болжайды.
2- топ шығарманың желісінде ары қарай не болғанын ертегіден не болғанын нақты дамуын оқиды.
3-топ ертегінің немен аяқталатынын оқиды.
Математика сабағында «Үлес» тақырыбын өткенде «Мозайка құрастыру» әдісі өте тиімді. Оқушылардың тақырыпты қаншалықты түсінгенін көре отырып, қызығушылығын арттырады, ой-өрісін кеңейтеді, қиялын дамытады.
Түрлі түсті қағаздан екі шаршы дайындайды. Оларды бүктеу арқылы бірдей бөліктерге бөледі Бүктеу сызығы бойынша қияды. Шыққан төртбұрыш, үшбұрыштардан мозайка құрастырып, жапсырмалайды.
Тапсырма соңында әр жұп өзі жинақтап, жапсырмалаған өрнектерді яғни, мозайкаларын қорғап шығады. Жинақтаған мозайкалары неше тең төртбұрыш, үшбұрыштарға бөлінгені туралы? Олардың қанша үлесі қызыл? Қалған үлестерін қандай түстер құрағаны туралы айтып береді.
Оқушылардың сыни ойлауын дамытатын әдістермен жұмыс жүргізгенде мынандай талаптарды ескерген жөн:
1. Оқушыларға топқа берілген тапсырмалар ұзаққа созылып кетпес үшін уақытты шектеп беру. Мысалы 1 тапсырмаға 3 минут.
2. Оқушы өз ойын не пікірін айтқанда оны шектемеу.
3. Оқушы жауап бергенде, не өз ойын ашық айтқанша ешқашан «сенің айтқаның дұрыс емес» деуге болмайды.
4. Басқа оқушылар бір-бірінің жауаптарын сын тұрғысынан бағалайды.
Оқушылардың сыни ойлау қабілеттері сонымен қатар, мұғалімдердің дұрыс сұрақ қоюынан қалыптасады, олар оқушылардың терең ойлауына түрткі болады, сыни ойлай отырып салыстыратын тапсырмалар ойластыру шеберлігі болуы қажет.
Мұғалім мен оқушылар арасында диалогтік өзара әрекеттестік және балаларға қойылатын сұрақтар мен олардың жауаптарын зерделей отырып сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға жетелейтін жоғарғы дәрежелі, яғни «ашық» сұрақтар қою арқылы диалог орнатудың тиімділігін байқауға болады. Жалпы сабақ барысында мұғалім «ашық» және «жабық» сұрақтарды бірдей қолданады. Жабық сұрақтар «иә»/ «жоқ» деп қана жауап беруді қажет етеді. Олар пайдалы болуы мүмкін, бірақ сөйлеу мен ойлауды жетілдірмейді. Мысалы, Мыс магниттеле ме?Ашық сұрақтар оқу үдерісін жақсартады олар бәрінен тиімді. Олар сөйлеу мен ойлауды жетілдіреді. Мысалы, Қандай металдар магниттеледі?
Сұрақтарды тиімді сұрақтарға айналдыру үшін келесіге назар аударған жөн:
- Сұрақтарды алдын ала жоспарлаңыз – бұл оларды барынша күрделендіре түседі.
- Дұрыс қойылған бірнеше ашық сұраққа баса назар аударыңыз.
- Сұрақтарды бір-бірден қойыңыз.
- Ойлануға уақыт беріңіз.
- Сұрақ қою әдісіңізді өзгертіп отырыңыз.
- Барлық оқушылардың жауап беруіне мүмкіндік берілгеніне көз жеткізіңіз.
Сабақ беру үрдісінде сыни ойлауын дамытатын түрлі әдістер арқылы біріккен іс-әрекетті ұйымдастыру барысында, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өздік жұмыс жасауға жағдай тудырылады. «Сын тұрғысынан ойлау» – сынау емес, ол шыңдалған ойлау. Оқушы өзі ойлауы барысында білімге деген ынтасын дамытады, ой-өрісін кеңейтеді, ең бастысы – оқушыны шаршатпайды. Бірте-бірте мұғалімнің айтқанынан гөрі, өзі белсенді ойлаушы, ізденімпаз шығармашыл тағы басқа қабілетке ие болады. Сабақта оқушының өз ойын сын тұрғысынан ойлап, дәлелдей білуіне және оқу еркін ойлануына мүмкіндік берілуі керек. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырып, білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
Мектеп өмірінде мұғалімдердің аталмыш әдістермен жұмысқа дейінгі және кейінгі кезеңін (аралығын) салыстыру оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласының артқандығын, рухани-адамгершілік жақсы қасиеттердің қалыптасқандығын, мұғалімнің шыдамдылық, төзімділік сияқты сапаларымен қатар оқушылардың басқаны қабылдау, түсіну, сыйлауды үйренгендігімен сипатталады.
Бүгінгі қоғамға, білім беру саласына керегі де осылар. Оқытудың осындай жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қажет деген талапқа сай сын тұрғысынан ойлауды дамытатын әдістері өзінің тиімділігін тәжірибеде дәлелдеп берді.
|