электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Религиоведение

 

   

Архив статей 2018 г.

Зайырлы білім беру жүйесіндегі дінтануды оқытудың әдістемесі

№ 5 (176) май 2018г.

БЕЙСЕНОВ Б., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филос.ғ.д. ИГИСЕНОВА А., АТУ аға оқытушы , философия магистрі


Дінтану пәнін білім беру жүйесінде оқыту әлемдік және ұлттық мәдениеттің озық жетістіктерін үйрену мен жас ұрпақтың дүниетанымдық бағыт-бағдарын айқындауда, тұлғаның рухани бітім-болмысын қалыптастыруда өзіндік үлес қосары анық. Дінтану пәні жас жеткіншектердің әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің адамзат өркениетінде алатын орны мен атқарар рөлін, діндердің әлеуметтік институт ретінде қоғамдық өмірге тигізер ықпал әсерін, діни дүниетанымның құрылымы мен ерекшелігін, қоғамдық сананың мәңгілік формасы ретіндегі діннің атқарар қызметін игеруге және түсінуге мүмкіндік береді. Дінтану пәнін оқытуда діннің пайда болуы және дамуы, қызмет ету заңдылықтарын, адамзат тарихында діннің алуан түрлі феномендерінің көрінуін, діни мәдениеттің басқа салалары мен өзара байланысы мен өзара ықпал әсерін, діндердің рухани әлеуетімен құндылықтарын, ортақ ұстанымдарын және айырмашылықтарын үйрету, діни төзімділік пен келісім қағидаттарын ұрпақтың санасына рационалды түрде сіңіру жауапкершілікпен атқарылуы тиіс.

Дінтану ғылымы батыс Еуропада ХIX ғасырдың ортасында қалыптаса бастады. 1897 жылы Стокгольмде дінтанушылар конгресі, ал 1900 жылы Парижде дін тарихшыларының конгресі өтті.

Дінді оқыту адам, қоғам, дүние туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнін оқыту қоғамда гуманистік және адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Жас жеткіншектерге білім беру мен тәрбиелеуде дінтану пәнінің мүмкіндіктерін іске асыру тәсілдерін, әдістерін құралдарын айқындау үшін әдістемелік және педагогикалық моделдерді іске асыру қажет. Білім беру мазмұнында дінтану пәнін оқытуда зайырлылық қағидаты әдістемелік негіз болу керек. Бүгінде әлем елдерінің басым көпшілігінде мемлекеттік мектептер зайырлы мәртебеге ие. Зайырлылықтың тарихына үңілсек, 1789-99 жылдағы Француз төңкерісінен соң шіркеу мен мемлекет бөлінді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Еуропа және Америка елдерінде зайырлылық идеясы кеңінен қолдау тапты. 1882 жылы Францияда балаларды діни оқыту міндеттілігі алынып тасталды. Бұрынғы кеңес одағында зайырлылық жүйесі 1918 жылы Халық комиссарлары кеңесінің «шіркеудің мемлекеттен және мектептің шіркеуден бөлінуі туралы» декретінде бекітілген еді. Біздің қоғамдағы зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты адамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, дәстүр, тіл, дін, діл, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Зайырлылық – ар-ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты. Зайырлылық қағидаты дүниетанымдық, ұлтаралық және дінаралық төзімділік мәдениетінің тұғыры. 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымы-зайырлылықты сақтау және нығайту. Қазіргі мектепте рухани-адамгершілік тәрбие ісі білім беру жүйесін ізгілендірумен байланысты. Дін туралы білім бұл дін тарихы, діни сенімдер мен ілімдер жүйесі туралы білім беру болып табылады.

Бүгінгі білімді азамат дін мен оның құндылықтары туралы білуі тиіс. Дінтану адам және қоғам туралы ғылымдармен тығыз бойланысты. Дінтану пәнін оқытуда дінді ғылыми тұрғыда түсіндіруге мән берілуі керек. Дін туралы ғылыми білім діннің шығуы мен дамуы туралы объективті білім береді. Дінтану бөлімдері дін тарихы, дін философиясы, діни философия, дін социологиясы, дін психологиясы, дін антропологиясы, дін феноменологиясы. Оқу-тәрбие үдерісінде дінтануды оқыту адам және қоғам туралы білімді ұлғайтып, ұлттық сана мен азаматтық сананы қалыптастыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және төзімділікке үйретеді. Дінтанулық білім беруге қатысты ана тіліміздегі әдебиеттер мен оқулықтар мәселесі де өзекті. Қазіргі білім беру жүйесінде Дарвинизмнің эволюциялық ілімі сақталғанын есепке алсақ, креационизм мен эсхатологиялық, сотериологиялық түсініктерді талдап түсіндіруде өзіндік қиындықтар тудыратыны даусыз. Оқушылардың дүниетанымы мен қабылдауына түсінікті діни мәдениет пен әдептің негіздерін түсінікті түрде ашып көрсету мақсатында ұлттар мәдениетіндегі діни ғұрыптар мен мейрамдардың мәнін жан-жақты талдау қажет. Мектеп оқушылары үшін күрделі теологиялық мәселелерді түсіндіру ұстаздан терең білімділік пен құзіреттілік талап етеді. Дінтанушы мамандардың жетіспеушілігінен туындаған жағдайға байланысты дінтану пәнін оқытатын тарихшылар, географтар және т.б. сынды мамандар діндер тарихын білуімен қатар, діндердің сенімдік ілімін (теологиясын) діни ахлақ және құндылықтарын жан-жақты білуі жөн. Сондықтан, дінтану пәнін оқытатын мектеп және ЖОО оқытушылары үшін арнайы ұйымдастырылатын білімді жетілдіруші курстар мен семинарлар, жазғы университеттер ұйымдастырылуы және оқытушыларға біліктілік жөнінде құжат беру уақыт талабы.

Дінтану оқыту әдістемесін жүйелеп жетілдіру үшін белгілі дінтанушы ғалымдар мен мамандар қатысатын республикалық деңгейдегі конференциялар еліміздің ірі қалалары мен аймақтарда өткізілуі тиіс. Елімізде дінтану саласында жиналған тәжірибені кең түрде қолдану білім беру сапасын жетілдірумен қатар, дінтану пәнінің ұстаздары үшін оқу-әдістемелік көмек болар еді. Үйретуші семинарлар мен конференциялар дінтану пәнінің ұстаздары үшін білім мен тәжірибе алмасу бағытында жасалған маңызды қадам осындай іс-шараларда дінтану пәнінің мақсаты мен міндеттері, дінтану пәнінің құрылымы, зерттеу әдістері, ұғымдарымен терминдері, баяндау қағидаттары, дінтанудың негізгі теориялары, діннің құрылымы және элементтері, діннің қызметімен рөлі, мәдениет жүйесіндегі діннің рөлі туралы жан-жақты білім беру іске асырылады.

Дінтану – діндер тарихы мен теориясы туралы ілім болғандықтан діннің шығуы, мәні және дамуы, діни ілімдер, ғибадат тар және олардың ерекшелігі туралы кешенді білім. Сондықтан дінтануды оқытуды негізгі ұстаным діндер туралы толыққанды ғылыми негізделген тұжырымдар мен әлемдік дінтану саласындағы жетістіктермен нәтижелер баяндалуы тиіс. Яғни пәнді қарастыруда нақты-тарихилық және обьективтілік басты өлшем. Дінтану пәнінің ұстаздары кәсіби білікті педагогтар болу керек. Дінтану пәнін оқу, тәрбие үдерісінде қолданудың әдістемелік ыңғайларын толық игеру үшін дінтану пәнін жүргізетін ұстаздар діни білімін көтеру қажет. Дінтану саласы бойынша маман ұстаздардың жетіспеушілігі алғашқы жылдары білім беру жүйесінде біраз мәселелер тудыруы мүмкін, сондықтан дінтану пәнінің ұстаздарының кәсіби және мәдени дайындық деңгейін көтеру үшін арнайы кәсіби біліктілікті көтеруші курстар ұйымдастыру керек. Кәсіби дінтанушыларды дайындауда ең маңызды мәселе әлемдік діндердің тарихы және діндер теориясы бойынша терең білім қалыптастыратын және дінтану пәнін оқытудың әдістемесін бүгінгі білім беру жүйесінің заманауи жетістіктерін тиімді қолданатын оқу бағдарламаларын жасау қажет. Дінтану пәнінің ұстазы қазіргі ғылым мен діндер негіздері жөніндегі терең білімін үйлесімді үйлестіре білетін білікті маман болуы қажет. Осыған байланысты дінтанушы мамандарды дайындауда төмендегідей мәселелерге көңіл аудару қажет:дінтану пәнің оқытуда зайырлылық қағидатын әдістемелік негіз ретінде ұстану; әлемдік және дәстүрлі діндер туралы мәдениеттанулық, тарихи, философиялық білімдерді болашақ тұлғаның рухани адамгершілік тұрғыда қалыптасуындағы рөлін ұғыну; білім беру мазмұнындағы дінтану пәнінің мақсаты мен міндеттерін және дінтанудың негізі теориялық әдістерін білу; дінтану пәні мен діни құндылықтарды оқытуды білім беру және тәрбие берумен ұштастыра білу; дінтану пәнін оқытуды инновациялық технологиялар негізінде іске асыру; ұстаздардың дінтану пәнін ғылыми-теориялық, мәдениеттанулық, педагогикалық негізде қарастырудағы педагогикалық шеберлігін көтеру жүйесін айқындау қажет. Сондықтан ұстаздардың білімі мен әдістемелік деңгейін көтеру үшін қалалық, аудандық, аймақтық әдістемелік кеңестер, орталықтар, бірлестіктердің жұмысы маңызды болып табылады.

Қазіргі кезде білім беру жүйесінде , нашақорлыққа, маскүнемдікке, шылымқорлыққа, әдепсіздікке қарсы тұратын жолдар мен тәсілдерді іздеуде діндердің рухани құндылықтарына (имандылық, діни төзімділік, отансүйгіштік, мейірімділік, бейбітшілік мәдениеті және т.б.) назар аудару керек. Салауатты өмір салтын ұстану және діни фанатизм мен соқыр еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін дінтану зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл адамаралық қарым-қатынастағы түсіністіктің шарты. Әрбір адам парасатты және рухани дүниесі бай, рухы мықты болғанда ғана зұлымдық пен зорлыққа қарсы тұра алады. Сол себептен адам жанын тәрбиелеу және оның дүниетанымын қалыптастыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын тиімді қолдану маңызды болып саналады.

Бүгінгі күнде еліміз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да жас жеткіншектер Қазақстанда тұратын ұлыстардың дәстүрін, мәдениетін, діни сенімі туралы хабардар болу керек. Өйткені, дін халықтың ұлттық сана-сезімі мен мәдениетінің ерекшелігін ашатын рухани құбылыс. Дінтану пәні жеткіншектерді зайырлылық пен отансүйгіштік, төзімділік рухында тәрбиелеп, әлемдік діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Дінтану пәні ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне және жауапкершілікке, отансүйгіштікке, мәдениеттер үнқатысуына, ұлыстардың ерекшелігін түсіну мен сыйлауға, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін үйретуі тиіс. Еліміздің білім беру жүйесінде дінтану пәнін оқыту енді ғана басталғандықтан, бұл білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.

Кеңестік атеистік кезеңде және одан кейінгі жылдары дінді оқыту білім беру саласынан алып тасталған еді. Ал қазіргі кезде дінтану пәні оқушыларды рухани адамгершілік тәрбиелеудің қайнар көздерінің бірі болып отыр. Дінтану пәні діндер тарихы мен теориясы, сондайақ мәдени адамгершілік, дүниетанымдық, этномәдени, әлеуметтік құндылықтарды ұ рпақ тан-ұрпаққа сабақтастықпен беруші және адамның өзіне, қоршаған ортасына және қатынасын қалыптастырушы, кешенді пән ретінде оқушыларды гуманизмге, руханилыққа, зайырлылық пен отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Дінтану пәнін оқытуда еліміздің Ата Заңының баптары және ар-ождан бостандығы сақталуы тиіс. Дінтануды оқытуда діннің рухани мәдениеттің дамуы аясындағы орны, мәдениеттің феномені ретіндегі діннің ерекшелігін, діни мәдениет ұғымын ашу және ұлттық руханияттағы діннің рөлін көрсетуде маңызды.

Адам өмірінің мәні мен мақсаты, ажа л және ажалсыздық, жан мен тән арақатынасы, адам болмысы мен тіршілік сынды дүниетанымдық мәселелерді талдау дінтану пәнінің оқытатын ұстаздар үшін философиялық ойлау мәдениеттің тереңдігін талап етеді. Дінтану пәнінде оқушылар адамзат мәдениетінде жинақталған адам, қоғам, әлем жөніндегі діни және діни емес дүниетанымның ерекшелігі туралы хабардар болуы тиіс.

Зайырлы мәдениет және діни мәдениет ерекшелігін және жалпы адамзаттық құндылықтардың артықтығын, яғни діни және діни емес дүниетаным түсініктерінің біріктіруші және сұхбаттастық негіздерін төзімділікпен түсіндіру. Дінтануды оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой-еркіндігі сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Дінтану пәнін оқытуда әлемдік және дәстүрлі дін дердің адамзатқа ортақ қ ұ н ды лықтары мен мұраттарын оқушылардың дүниетанымына сіңіру ұстазға зор жауапкершілік жүктейді. Дінтану пәнінің оқытушысы сабақ беру процесінде оқулықтармен әдебиеттерді пайдалану барысында көп ізденуі қажет. Ислам тарихы мен ілімін қарастырғанда еліміздегі қалыптасқан діни жағдайды, шетелдік жат діни ағымдардың теріс ықпал әсерін, елімізде тыйым салынған діни топтардың зиянды ұстанымдарын әшкерелейтін материалдарды қолдану, тыйым салынған әдебиеттерді және діни басқарманың пәтуаларын сабақ барысында үнемі назарға алынуы керек.

Дінтану пәнін оқыту процесінде Қазақстандағы діндердің тарихы мен діни іліміне, ғибадат тық ерекшеліктері мен діни мейрамдарына ерекше тоқтала кеткен жөн. Қазақстандағы сүнниттік ислам және христиандық православиялық бағыттың елімізге келуімен таралуын жан-жақты қарастыру бұл ислам мен христиандықтың еліміздегі дінаралық татулық пен келісімдегі атқаратын қызметін ашып көрсетуге бағытталуы тиіс. Еліміздің киелі жерлері мен қасиетті мирастарын, көрнекті діни ойшылдар шығармашылығын дінтану пәнін оқыту мазмұнына енгізген жөн. Дінтану пәнін оқыту әдістемесінің негізгі бағыт-бағдары: зайырлылық, ғылымилық, объективтілік, толеранттылық, түсіністік философиясы екендігі айқын.

Дінтану жастардың рухани әлемін кемелдендіріп, оларды зайырлы мемлекеттік қағидаға сай өмір сүруге баулуы тиіс.

Еліміздегі мұсылман халықтарының басым бөлігі ұстанатын Әбу Ханифа мәзһабының ерекшеліктерін жас жеткіншектерге үйрету халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымақты өмірінің шарты десек, діни ұстанымдағы татулық пен көзқарастың бірдейлігі рухани тұтастықты нығайта түседі. Оқушылар ислам өркениеті мен мәдениетінің інжу-маржандары мен құңдылықтарын ақыл-парасат пен білім-негізінде түсінуі қажет. Басқа діндегі отандастарымызға құрметпен және түсіністікпен қарайтын, отанын, мәдениетін, тарихын сүйетін рухани жан дүниесі бай, иманжүзді, әдепті, білімді де білікті жас ұрпақты тәрбилеу басты мұратымыз. Сондай-ақ жастарымызға қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен дәстүріндегі діни салт жораларды дінтану пәнін оқытуда тиімді және үйлесімді қолдана білген жөн. Жаңа жас буынның дүниетанымын қалыптастыру мен тәрбиелеуде ұлттық дәстүріміздегі адамгершілік пен ар-ұят ұстанымдарын бүгінгі заман талаптарына сай тиімді түрде қолдана алсақ бұл ұлтжанды және иман жүзді ұрпақ қалыптастырудың негізі болады.

Дінтану пәнін оқыту үдерісінде ұлттық және адамзатқа ортақ адамгершілік қ ұ ндылықтарды және тарих сынынан өткен рухани қағидалар мен мәдени мұраларды болашақ тұлғаның болмысы мен дүниетанымына сіңіре беруіміз қажет. Жастарды ұлттық рухта тәрбиелейтін, тұлғалық болмысын, азаматтық көзқарасын қалыптастыратын-әлеуметтік- гуманитарлық пәндер екендігін есте сақтаған жөн. Мәңгілік ел идеясын еліміздегі қоғамдық ғылымдардың тақырыптық жоспарына енгізу қажет. Дінтану пәнін оқытатын мұғалімдер ең алдымен өздерінің әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер, әсіресе ислам туралы, дін мен дәстүр, мемлекет пен дін қатынасы жеткілікті білімі мен білігі, болуы қажет. Дінтану пәніне жақын философия мәдениеттану, сынды ғылымдардан хабары болуы керек. Женева қаласындағы ЮНЕСКО-ның жанындағы халықаралық ағарту бюросының деректері бойынша дін негіздерін оқыту 73 елдің оқыту бағдарламасына енгізілген. Әлемнің 54 елінде дін негіздерін оқытуға берілетін орташа сағат көлемі 388 сағат немесе жалпы сағат көлемінің 8% құрайды. Аталмыш зерттеуде, әлем елдерінде дінтануды оқыту теологиялық немесе зайырлы сипатта болғандығы айқындалған.

Дінтануды оқыту жастарды діни фанатизм және соқыр сенімнен, көзсіз еліктеушіліктен сақтандыра отырып, жастарға дінтанулық және діни сауаттылық негіздерін беру керек. Дінтануды оқыту заманауи ақпараттық-аналитикалық және оқу-әдістемелік негіздерге сүйену керек. Дінтану пәні жастардың өмірлік және д ү ние таным дық қ ұ н ды лықтарын қалыптастырушы, азаматтық позициясын айқындаушы, гуманистік құндылықтарын бекітуші рөл атқаруы қажет. Дінтану пәнінің мақсаты жастардың діни санасын зайырлы мәдени ұстаным мен еліміздегі дәстүрлі діндердің құндылықтары мен мәдениетіне сәйкес тұрғыда қалыптастыру. Әрбір діннің сенімдік ұстанымдары мен құндылықтарына құрметпен қарау, отансүйгіштік, төзімділік мұраттары мен ортақ құндылықтар жастардың санасына сіңіріліп, нақты бағдары ретінде зайырлылық қағидатының негізде оқытылуы қажет. Жат діни ілімдерге діни ағымдарға сыни көзқарас қалыптастыру да маңызды. Жат діни ағымдар мен фанатизмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру осы дінтану пәнінің міндеті болып табылады. Дін экстремизм мен терроризм қауіпін адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігін жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. Бұл 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламада нақты көрсетілген. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің жастар да, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және дінін қастерлеуі, ұлттық қадірқасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық- индустриялық өркендеуін қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал жастарды белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу болып табылады

Дінтану пәнінің ұстазының бітім-болмысы мен мәдениеті, үлгілі өмірлік ұстанымымен ерекшеленіп, діни-философиялық мәселелер төңірегінде пікір-талас жүргізе алатындай деңгейде болуы дінтану пәнінің қызықты және тағылымды болуына оң ықпалын тигізеді.

Дінтану пәнін оқып-үйрену арқасында жас ұрпақ, діннің адамзат өркениеті мен ұлтұлыстардың мәдениетіндегі орнын, рухани құндылықтардың тәлімтәрбиелік маңызын, діни төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін, әртүрлі лаңкестік және экстремистік, зиянды ағымдарды білетін болады.

Дінтану пәнін оқыту ең алдымен еліміздегі дінаралық келісім мен ұлтаралық татулыққа, еліміздің гүлденуі жолына қызмет етуі керек. Білім беру жүйесінде дінтану пәні қоғамда және әлемде басып жатқан үрдістерді теори я лық ұ ғын у мен бай ланысты т у ындайтын білімдерге деген жас ұрпақтың сұранысын талап-тілегін қанағаттандыруға бағытталуы керек. Дінтану пәні адам үшін маңызды мәнге ие дүниенің ғалам құрылымы, ажал мен ажалсыздық, өмірдің мәні, құңдылықтар жүйесі, адам болмыс, махаббат, руханиет шектілік пен шексіздік, жан мен тән арақатынасы, туралы өмірдегі мәнді сұрақтарға жауап іздейді.

Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің пайда болуы мен даму ерекшеліктерін, діни ілімі мен ғибадаттық негіздерін, адамзат өркениеті мен діни мәдениет аясында ұғынықты негізде түсіндірілуі тиіс. Оқушылар діндердің тарихы мен ілімін терең түсінумен қатар, діндердің рухани құңдылықтарын салыстыра талдауға үйренуі тиіс. Қазіргі заманғы оқыту әдістемесі дінтану пәнінің практикалық маңызын ашумен қатар, интеллектуалды тұрғыдан тағылымды, оқып-зерттеу үшін қызықты, жас ұрпаққа берері мол пәнге айналдыруы қажет. Әрбір дінтанушы қоғамдық ғылымдардың озық жетістіктерін пайдалана отырып, оқытудың өзіндік тиімді әдістерін табуы керек. Өйткені алғашқыда дінтану пәнін оқытудағы қиындықтар түрлі оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарының жетіспеушілігінен, оқытудың белсенді форма ларын дайындаудағы кемшіліктерден туындайды. Ұстаз сабақ беру әлемдік және ұлттық діни сенімдердің ерекшеліктерімен ортақ, үндес негіздерін түсіндіруге, діндердің адамзат руханиятына қосқан үлесін, бүгінгі таңдағы діни бағыттардың ұстанымдарын талдап бағалауға көңіл аудару керек. Оқушыларды діни әдебиеттерді оқып-түсіну мәдениетіне үйрету үшін Құран-Кәрім, Інжіл, Тәурат бойынша қысқа үзінділерді үй тапсырмасы ретінде беру арқылы адамзатқа ортақ руханият құндылықтарын нақты дәлелдеуге болады. Қасиетті кітаптардың құрылымы мен мазмұнын, негізгі идеяларын түсіндіру үшін ортақ ұғымдар мен мәселелерді қарастыру керек. Алайда оқушылар үшін күрделі және ауқымды діни мәселелер мен ұғымдарды, дінифилософиялық ағымдардың ұстанымдарын түсіндіруде белгілі бір шекті ұстанған жөн. Өйткені оқушылардың діни мәтіндер мен діни-философиялық ағымдар және теологиялық қағидаттар туралы түсініктері толық қалыптаспағандықтан, дінтану пәні-жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды оқытатын болғандықтан оқушылардың рухани білімін және дінге қатысты түсінігін және мәнді сұрақтарға жауап беретін ойлау мәдениетіне үйрету керек. Елімізде қалыптасқан діни жағдайды ескерсек, ұрпақты өзінің ата-бабасының құндылықтары негізінде тәрбиелеу, плюрализм мен түрлі діни сенімдерді уағыздаған миссионерлік және жатағымдар жағдайында өзіндік дүниетаным қалыптастыру және өз ой-пікіріңді айқындау, күмәнді ағымдарға сыни көзқарасты орнықтыру, адамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлттық мәдениет құндылықтарды ардақтауды жас ұрпаққа қалай үйретеміз. Бұл міндеттерді шешу оқушылар үшін дінтану пәнінің барынша өзекті де тиімді концепциясын дайындау мен қатар, қазіргі заманауи талаптарға сай әдістемелік және шығармашылық ізденіске негізделген жаңа оқыту әдістемесін жасау жолдарын іздеуге жетелейді.

Дінтану оқыту әдістемесі тұлғаның рухани болмысын жетілдіруге және мәдениетін қалыптастыруға, руханият жетістіктерін жан-жақты түсінуге, діни ілімдерді зерделеп, талдауға үйретумен қатар, басқаның мәдениетіне түсіністікпен қарауға, діни толеранттылық дін аралық келісім ұстанымдарын сыйлауға тәрбиелейді.

Дінтану білім беруді ізгілендіру үдерісінде өзіндік рөл атқарады. Діни мәдениет пен шынайы руханилық бұл маңызды гуманистік құндылық. Бүгінгі өмір дінтану пәнінің оқытушысына үлкен жаупакершілік жүктейді. Дінтану пәнінің оқытушысы ақыл-парасатымен, жеке мәдениетімен, рухани дүниесінің байлығымен, шығармашылық әлеуетімен, жауапкершілік сезімімен даралануы тиіс.

Дінтану пәнінің ұстазы өзінің наным – сенімін және дінге қатысты көзқарасын оқушыларға таңбауы тиіс. Әрбір дін өзінің тарихы және ілімі тұрғысынан берілуі тиіс. Дінтану курсы студенттерге адамзат өркениетіндегі діннің шығу тарихын және діни ілімдер мен ғұрыптар жүйесін, әлеуметтік институт ретіндегі діннің қызметін түсіндіріп, діннің қоғамда конфессияаралық қатынас мәдениетін қалыптастырушы төзімділік қағидаларын, дәстүрлі діндердің жалпыадамзаттық құндылықтарын, дін саласындағы мемлекеттік саясат, мемлекет пен дін, қоғам мен дін, дін мен дәстүр байланысы, діни ұйымдардың қызмет ету негіздері туралы толыққанды ғылыми түсінік беру көрсету. Діндер тарихын зерттеудің тари х нама лық және деректан улық әдістемелік ұстанымын заманауи талапқа сай жетілдіру үшін дінтанулық және теологиялық әдебиеттердің бірыңғай деректік жүйесін құрған жөн. Зайырлы білім беру жүйесінде дінтанулық білім беру мазмұнын діндердің діни ілімдік ерекшеліктерін оқытудың әдіснамалық өзегін өркениеттік бағдар мен зайырлылық қағидаты құрайды. Діндер ілімі мен тарихын оқыту барысында нақты діннің сенімі мен ғибадатың, өркениеттік құндылықтарын және рухани мұрасын зерделеуде ғылымилық және объективтілікті ұстану қажет. Зайырлы қоғам мәдениетіне сай сапалы дінтанулық және діни әдебиеттер даярлау өзекті. Дінтанулық және діни білім беретін оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын даярлаудың бірыңғай әдістемелік жүйесін құру және дінтанулық білім берудің әдістемелік тәсілдерін заман талаптарына сай жетілдіру де маңызды. Дінді зерттеу адам, қоғам, дүние туралы философиялық – дүниетанымдық мәселелермен тығыз байланысты. Бұл мәселелерді қарастырғанда дінтану философиялық, тарихи, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдар мұрасына, ғылым мен техника жетістіктеріне, сонымен бірге, дінді ғылыми түсіндіруге сүйенеді.

Зайырлы қоғамда дінтану негіздерін оқытуда діндердің ортақ құндылықтары мен діни ұстанымдарын салыстырмалы тұрғыда түсіндіру маңызды. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнінің оқыту міндеті жастар дүниетанымында төзімділік пен зайырлы мәдениеттік ұстанымды гуманистік және рухани – адамгершілік негіздерді қалыптастыру. Дінтанулық білім беру мазмұнында зайырлы мәдениет пен зайырлылық қағидаты оқытудың басты әдістемелік негізі болу керек.

Дінтану пәні жастарымыздың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сынды қасиеттерді артып, олардың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды толыққанды түсініп, зайырлы мәдениетті өмірлік жолдарында ұстануына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Әсіре діншіл топтарға қарсы жұмыстың тиімді тәсілдері – қаржыландыру көздерін жабу, лидерлері мен мүшелеріне идеологиялық ықпал ету, психологиялық тұрғыда әлсіз тұстарына ықпал ету, діндарлардың дүниетанымдық көзқарастарының өзгеріске түсуін қадағалау, ата-ана, дос.

Зайырлы мемлекетте дінтану пәні білім беруді гуманитаризациялауға, яғни, гуманитарлық пәндердің беделін көтеруге және білім беруді ізгілендіруге көмектеседі. Дінтану пәнін оқыту үдерісі жастардың бойына имандылық, салауаттылық, салиқалы және сабырлы ұстаным, ұлттық дәстүр мен руханилық нәрін егіп, оларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ардақтауға үйретіп, ұлтаралық және конфессияаралық қатынас мәдениетіне, діни әдебиеттермен жұмыс жасау мәдениетіне, діни құндылықтарды танып-білуге, дүниетанымдық сұхбаттастық пен төзімділікке, діни ғимараттарда әдепті болуға үйретіп және діни экстремизм мен фанатизмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыруы тиіс.

 

 

 

Религиоведение



 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no