электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Религиоведение

 

   

Архив статей 2018 г.

Дінаралық келісім мәдениеті және БАҚ

№ 10 (181) декабрь 2018г.

РЫСБЕКОВА Ш.С. , Доктор филос.н., профессор КазНУ им.аль-Фараби
САЛАМАТ Т., магистрант 2 курса специальности «Исламоведение» КазНУ им.аль-Фараби


Бұқаралық ақпарат құралдары репродуктивті (бейнелеуіш) және продуктивті (шығармашылық) функциялар атқара отырып, мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды роль атқарады. Сонымен қатар баспасөз қоғамдық салада, оның ішінде ұлтаралық қатынастар аясында болып өткен үдерістердің халыққа талданып жеткізілуі үшін үлкен жауапкершілікке ие болып табылады. Сондықтан БАҚ көп ұлтты қоғам мен мемлекеттің мүддесін басты назарда ұстауы тиіс. Баспасөздің көп ұлтты қоғамның әлеуметтіксаяси өміріне дендей енуі барынша ауқымды және көпқырлы қасиетімен ерекшеленеді. Қазақстандағы демократиялық өзгерістер дәуірінде мемлекеттің құндылықтарының қалыптасуы және көркеюі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты екендігі айқын.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттық, ағартушылық, әлеуметтендіру, мобилизациялау, бақылау, қорғаусынды бірнеше маңызды қызметтерді жүзеге асырады. Кей ғалымдар баспасөз, телекөрініс және радионы «қоғам мен мемлекеттің, тұлға мен биліктің арасындағы делдал болып табылатын ақпараттық қоғам мәдениетінің айрықша түрін белгілеу үшін» енгізілген заманауи медиамәдениет теориясының жемісі ретінде нақтылайды. Әлеуметтік институт ретінде БАҚ-нан толерантты сана, ұлтаралық қарым-қатынас қалыптастыру, этностар арасындағы шиеленісті болдырмау, Қазақстанды мекендеген халықтар туралы, олардың тарихы, рухани құндылықтары, діні, тілі, менталитеті туралы сауатты мәліметтер жеткізу талап етіледі.

Әлем қазақ елін тыныштық пен бейбітшіліктің, ұлтаралық, дінаралық үйлесімділікпен келісімнің үлгісі ретінде таниды, этносаралық, конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіде қалыптасып үлгерді. Ол сантараптан сарапталды, бағасын алды. Бұл келісімнің өзіндік ерекшелігі «өзгерістер мен инновацияға икемділігі, ашықтығы, ашық қана емес, жасырын түрдегі қауіп-қатерлермен келеңсіздіктерге қарсы тұруға қабілеттілігі» [1, 162 б].

Қазақстанда қазақ ұлтынан басқа 140-тан астам ұлт өкілдері тұратынын білеміз. Олардың өз ұлтына тән әдетғұрпы, діні, тілі, ділі сияқты өзіндік ерекшеліктері бар екені мәлім. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаны белгілі, соған орай діни ұйымдарды мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, Қазақстанда 17 діни конфессия мен 3088 діни бірлестіктің жұмыс жасауына рұқсат берілді. Сонымен қатар бұрынғыға қарағанда діни бірлестіктердің саны шамамен азайды. Жалпы алатын болсақ, олар ішінде 72 %-ы ислам, 9 %-ы православие, 3 %-ы католиктік, 14 %-ы протестанттық, 2 %-ы қалған конфессиялар болып саналады [2].

Бұл деректерді саралай келе, еліміздегі мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын, бұқаралық ақпарат құралдарына артылған жауапкершіліктің зор екенін, сонымен қатар қателікке барынша жол бермеу керектігін көрсетеді. Олай дейтініміз, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы ақпарат алмасу құралы немесе билік пен халық арасындағы дәнекер ғана емес, сонымен қатар азаматтық сана қалыптастырушы және қоғамдық-саяси үдерістерге белсене қатысушы ретінде танылады.

Дін, мәдениет, ұлттық ерекшелік кез келген ұлттың ең нәзік, жанды жері, сондықтан белгілі бір ұлттың діні мен ұлттық ерекшелігі туралы ақпараттар адамның санасы мен мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Сол себептен зерттеушілер дін, наным-сенім, ұлт пен ұлыстар туралы жазған кезде олар туралы толыққанды білім жинақтаудың барынша қажетті екендігін ескертеді. Демократиялық қоғамда заң негізінде кез келген ақпаратты алуға немесе таратуға болатынына қарамастан, дін тақырыбына келгенде таратылатын ақпаратқа, оның мазмұнына қатысты аса жоғары жауапкершілік қажет етіледі. Ақпарат тарату еркіндігін теріс мақсат-мүдделерге пайдалану қоғамдық келісімге сызат түсіретін, ұлтаралық, дінаралық араздыққа апаратын төте жол екендігін әр адам, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратын журналистер қауымы жете ұғынады.

Жалпы БАҚ дінге байланысты кез келген тақырыпта сөз қозғайды және бұқаралық ақпарат құралдарынан ешуақытта тыс қалған емес десек болады. Мемлекеттік және мемлекеттік емес мерзімді басылымдарды сараптау нәтижесі дін тақырыбының БАҚ-та жан-жақты жазылатындығын көрсетіп берді. «Дін» айдары бойынша жарық көретін негізгі тақырыптар былайша топтастырылған:
- Қазақстан аумағында әрекет ететін ислам, православия, католицизм, протестантизм, иудаизм сынды дәстүрлі діни конфессиялардың және дәстүрлі емес діни ұйымдардың тұрмыс-тіршілігі;
- рухани келісім, дінаралық сұхбат, мемлекеттің қауіпсіздігімен тұрақтылығының негізі ретіндегі діни толеранттылық, әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съездерінің қорытындылары;
- діни секталардың жеке адам, қоғам және мемлекет үшін қауіптілігі;
- діни миссионерліктің негізгі мақсат-мұраты, оның халықтың бірлігімен Қазақстанның тұтастығы үшін қауіптілігі;
- діни экстремизмнің алдын алу мен жоюдағы жалпы проблемалар;
- түрлі бағыттағы діни-экстремистік топтардың деструктивті әрекеттері;
- жастар мен дін;
- діни сенім бостандығы мәселелері, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды талқылау және т.б. [3].

Әсіресе, соңғы жылдары дін тақырыбы түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетіндігі аңғарылады. Сан жанрда дайындалған материалдардың барлығы дерлік дінаралық сұхбатқа үндейді деп біржақты қорытынды жасай алмаймыз. Діни наразылық тудыратын мақалалар баршылық екендігі жасырын емес. Туындаған мәселе туралы үндемей қалу журналистің азаматтық, кәсіби міндетіне жат болар еді. Дегенмен, дінаралық қатынастарға қатысты мәселе көтергенде, журналист біржақтылықтан аулақ болуы шарт, әрбір сөз, сөзтіркесі орнымен қолданылуы тиіс. Адамның ар-ожданына тиетін, діни сенімін қорлайтын сөздерді қолдану қоғамда діни төзімсіздікті тудыратын ең басты себепші. Діни сенім мәселесі кез келген діндер үшін аса қастерлі, қасиетті болғандықтанда, әр адамның қасиетті сенімі туралы «жеті рет өлшеп, бір рет кеспей» пікір білдіруге болмасы анық.

Қоғамда толеранттылық орнатуда түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін журналистер қауымы айтарлықтай әсер етеді десек, діни тақырыпта материал жазу барысында әр журналист ең алдымен, толеранттылық принципін негізге алуы тиіс. Толеранттылықтың басты сапасы – өзгерістердің теңдігін құрметтеумен тану, сондай-ақ үстемшілдікпен зорлық-зомбылықтан бас тарту.

1995 жылы 16-қарашада Париж қаласында алғаш рет ЮНЕСКО-ға мүше болған жүз сексен бес мемлекет «Толеранттылық принциптерінің Декларациясын» қабылдаған болатын. Осы ресми құжатта толеранттылық ұғымына төмендегідей анықтамалар беріледі:

«1.1. Толеранттылық әлемдегі мәдениеттердің көп түрлілігін құрметтеу, қабылдау және дұрыс түсіну, өз-өзімізді көрсету формалары және адамның индивидуалдылығын көрсету тәсілдері дегенді білдіреді. Оған білім, ашық қабылдау, қарым-қатынас және ой, ар және сенім еркіндігі септеседі. Толеранттылық – бұл көптүрліліктегі үйлесімділік. Бұл тек моральдық борыш қана емес, сонымен бірге саяси және құқықтық қажеттілік. Толенарттылық – бұл бейбітшілікке қол жеткізуге және соғыс мәдениетін бейбітшілік мәдениеті мен ауыстыруға мүмкіндік береді.

1.3. Толеранттылық адам құқықтарының бекітілуіне, плюрализмге, демократия және құқықтық тәртіпке қызмет ететін міндеттілік. Бұл догматизмнен, ақиқатты абсолюттендіруден бас тартуды және адам құқықтары бойынша халықаралық актілерде бекітілген нормаларды білдіретін ұғым.

1.4. Адам құқықтарын құрметтеуге үндес келетін толеранттылықты әділетсіздікке төзімді болу, өз сенімінен бас тарту немесе басқалардың сеніміне нұқсан келтіру дегенді білдірмейді» [4].

Толеранттылық бәсекелестікті де, саяси плюрализмдіде және басқада көзқарастармен ұстанымдарды да жоққа шығармайтындығы, бірақ ол бұлардың «манифестлік және күштеу нысандарында пайда болуына жол бермейтінін» есте ұстау керек. Дін саласы бойынша шешімі күрделі түйіткілді мәселелердің орын алып жататандығы жасырын емес, дегенмен қандай мәселе болмасын, ең алдымен толеранттылық қағидаты басты назарда тұруы тиіс.

Журналистің басты міндеті бұқараға өзінің жеке көз қарасын таңу емес, объективті, шынайы ақпарат тарату екендігі айқын. Журналистер үшін бүгінгі таңда «көп ұлтты халықтардың этникалық және діни болмыс-бітімі газет-журналдар мен телекөрініс материалдарының мәнін кіргізетін маңызды дүниеге айналды». Расында да бірлік пен ынтымақ жолында жұмылған, ел тәуелсіздігін нығайту үшін еңбек етіп жүрген тұрғындар бірнеше ұлтқа немесе дінге жататындығына қарамастан, мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді толық түйсініп, елдің әл-ауқатын жақсарту үшін, келешек ұрпақтың жақсы жағдайда өсіп-жетілуі үшін аянбай қызмет етіп келеді және мұның бәріне бұқаралық ақпарат құралдарының да қосқан үлесі зор. Қазақстан Республикасы журналисінің Этикалық кодексі жақында қабылданған болатын. Онда дінаралық диалог, этносаралық келісімді сақтау, толеранттылық принципі, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау журналистердің қызметі болып саналатындығы жазылған. Сонымен қатар басқа біреудің атын жамылып немесе рұқсатсыз ақпарат тарату, ар-ождан бостандығына зиянын келтіретін ақпарлар таратқаны үшін, хабардың сенімді не сенімсіздігі үшін өзі жауап беретіні жазылған.

Дін тақырыбымен діни мәселелердің БАҚ-та көтерілуін сөз еткенде туындайтын екінші бір маңызды қағида – сауаттылық. Сауаттылықтың мәні белгілі бір әлеуметтік топ тармен осы топ өкілдерінің шамына тиетін, тиюі мүмкін сөздермен пікірлерді қолданудан аулақ болу екендігі белгілі. Жүйесіз қолданылған әр сөз, әр термин діни наразылықтың бастамашысы болуы әбден мүмкін.

Конфликтологтар тарапынан жүргізілген зерттеулер діни және этносаяси мүдделерді қозғайтын шынайы жанжалдар туралы мәселе көтергенде қолданылатын арнайы әдістердің болатындығын көрсетіп берді. Ақпараттандырудың бұл әдістері шынайы жанжалды объективті түрде анықтауға мүмкіндік бермейді әрі шиеленісті ушықтырып жібереді. Сондай әдіс-тәсілдердің бірі – теріс мағыналы сөздерді «таңу». Мұндай сөздер әсіресе заңды түрде тіркелген діни бірлестіктерге қатысты жиі қолданылады. Мәселен, «секта», «сектанттар» «тоталитарлық дін», «идеологиялық диверсия», «алаяқтық», «ақыл-есінен адастыру» сынды сөздерді атап өтуге болады. Жанжалдар туралы, оның субъектілері туралы ақпарат таратуда бұл әдіс жаңжалды шиеленістіріп жіберетіндігін ескерген жөн.

Дінаралық сұқбат орнату міндеті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жүктелгендіктен, әсіресе, жур- налистер тараптар арасындағы көпір іспетті. Мемлекетпен дін немесе діндер арасындағы қарым қатынастың оңтайлы болмағы қаламгерлер қауымына қатысты. Сауатсыз, дерексіз, біржақты, қаралау мақсатында жазылған кез келген деңгейдегі материал арқылы дін мен мемлекетті, дін мен дінді, діндар мен дінді ұстана бермейтіндердің арасында нәтижелі қарым-қатынасқа қолжеткізе алмасымыз анық. Кез келген дінге қатысты теріс пікір білдіру дегеніміз адамның жеке сенімін қорлау, ар-ожданын аяқасты етумен тең. Сондықтан қандай жағдай болмасын, қандай дінге қатысты болмасын әрсөз, сөзтіркесі орнымен қолданылуы тиіс. Сауаттылық қағидатынан діни сауаттылық мәселесі туындайтыны анық. Діни сауаттылық қақатысты діндарлар тарапынан айтылатын сыни пікірлер көп ретте осы тақырыпта дайындалған түрлі жанрдағы материалдарда діни терминдердің бұрмаланатындығына, негізгі мағынасынан ауытқитындығына қатысты. Дінаралық қатынас туралы жазуды ойлаған журналист бұл саладан мүлдем хабарсыз болмауы керек. Дін мәселелерін, оның тарихын, канондарын, сонымен қатар, елдегі діни ахуал жайын жетік білгенде ғана тиімді дінаралық қатынас орнату жолдарын ұсыну мүмкін болмақ. Барлық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының алдындағы ең басты міндет – кез келген деңгейдегі ақпараттың шынайылығы және объективтілігі. Оған қатысты журналистің этикалық кодексінде былай делінген:

4.1. Журналист объективтілік, қасақана емес қадам жасау қағидаттарын ұстанады.

4.2. Журналист белгілі бір мәселелер бойынша пікірлердің толық ауқымын қаперге алады және өзі сенімділігіне көз жеткізген ақпаратты ғана жариялайды. Журналист өзінің қызметінде деректерді, пікірлерді, бағамдарды, болжамдарды, нұсқаларды және жорамалдарды жеке көзқарасы тұрғысынан нақты айыра біледі.

6.1. Журналист жеке өмірді, адамдық ар-намыспен іскерлік қасиетті құрметтеу қағидатын басшылыққа алады [5].

Осы ұстаным тұрғысынан алғанда дінаралық келісім орнатудағы БАҚ-тың рөлі айқындала түседі. Діннің негіздерінен, яғни әр халықтың даму тарихынан, дәстүрімен мәдениетінен хабардар болмастан, өзара, мәдениет аралық сұхбатпен жанжалдарды шешу жолдарын көрсету мүмкін болмайды. Осы тұста БАҚ алдыңғы қатарға шығады. Өзге ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен мақсат-мүддесі туралы ақпарат тарата отырып, БАҚ өзара түсініспеушілікті жоюға ат салысып, жалпыадамзаттық келісімді нығайта түседі.

Әдебиеттер:

1. Назарбаев – этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы / [жалпы ред. басқ. Ж.Ә. Әлиев]. – Алматы: Жеті жарғы, 2006. – 210 б.

2. http: //www.din.gov.kz/kaz/press-sluzhba/publikacii/?cid=0&rid=375

3. Мониторинг и анализ религиозной ситуации в Республике Казахстан. – Астана, 2009. – С. 210

4. Декларация принципов терпимости. Принята резолюцией 5.61 Генеральной конференции ЮНЕСКО от 16 ноября 1995 года [Электрон.ресурс]. Режим доступа: http://www. un.org/ru/documents/decl_conv/declarations/toleranc

5. ҚР Журналисінің Этикалық кодексі. – Астана, 2012.

 

Религиоведение



 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no