электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Көреген көшбасшы – табысты мектеп

№ 5 (166) май 2017г.

НҰРМБЕТОВ Г.А., Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Королевка орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары. ИБРАГИМОВ Д.Қ., ПШО Алматы қаласы филиалының аға менеджері


Қазіргі білім берудегі өзгеріс, басты ерекшелік – жаттандылықтан жасампаздыққа бет бұру, яғни, жас ұрпақты өмір сүруге, алған білімін өмірде қолдана алуға үйрету, дағды қалыптастыру. Ал білім саласындағы өзгеріс мұғалім қызметі арқылы жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан соңғы жылдары еліміздің әр өңірлеріндегі Педагогикалық шеберлік орталықтары арнайы деңгейлік (І, ІІ, ІІІ) бағдарламалар бойынша мұғалімдерге жаңаша оқытудың қыр-сырын үйретіп, курстардан өткізуде. Жаңа форматтағы мұғалімнің жұмысы арқылы мектептегі білім беруді жаңа бағытқа көшіру жаңа реформаны енгізуді бір емес, бірнеше жылдарға кешеуілдетеді. Себебі әр мектептен 1 немесе бірнеше мұғалім ғана деңгейлік курстан өткен. Мектептің жұмысын жаңаша ұйымдастырып, ұжымды оқыта, үйрете отырып алға бастайтын мектеп басшыларының өздері де арнайы курстан өтулері керек және мұғалімдердің ұйымдастырушы, жол бастаушы болулары керек. Жаңаша айтатын болсақ, көшбасшы болулары керек.


ХХІ ғасыр – білімнің, білімдінің заманы деген сұрақ туындаса, ойланбастан «білімділер» заманы дер едік. Қазіргі білімге ден қойған заманда болашағын ойлайтын ел білгенінше білім беру жүйесін заман ағымына сай өзгертіп жатыр.

Қазіргі білім беру жүйесіне еніп жатқан өзгеріс пен Ы. Алтынсарин, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсыновтар бастаған қазақ зиялылары негізін қалаған «Ұлттық педагогиканы» ұштастыра білім беру – ел ертеңін бәсекеге қабілетті, ұлт дәстүріне берік, білім-білігін елінің игілігіне жұмсауға қызмет ететін тұлға ретінде тәрбиелеу.

«Көшбасшылық» идеясы біз үшін таңсық дүние емес. Бұл – үлкен үдеріс. Көшбасшылықты әрине жалғыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бірінші міндеттерді бөлу мақсатында әрбір қызметкердің қабілет-қарымын анықтау шарттылық. Қабілеттеріне қарай міндеттерді бөлу, ұжымдағы мұғалімдердің құзыреттілік деңгейін көрегендікпен ажырата алу көшбасшының ерекшелігі болмақ. Себебі мұғалімнің кәсіби дамуының кілті нақ осы құзыреттілігіне байланысты. Жан-жақты дамыған, құзыретті мұғалім сіздің басты көмекшіңіз және жұмысыңыздың жемісті болуының кепілі.

Тәжірибедегі сауланамадан мұғалімдердің оқушылардың оқуға деген қабілетін ынталандыратын әдістерді қолдану жиілігі, оларды өз бетінше оқуға үйрету, рефлексия жасай білуге талпындыру жұмыстарының артқаны байқалды.

Алғашқы тәжірибе кезеңінде мұғалімдердің оқушыларға өз бетінше білім алуға, рефлексия жасауға мүмкіндік беру мәселесі түйткілді мәселе еді. Мәселенің оң бағытқа қадам басуы ұжымды алға қарай талпындырды.

Мұғалімдердің оқу үдерісін бағалау және талдау, оқушының топта жұмыс істеу кезінде жеке жұмыс істеуін бақылау, оқушының оқудағы кемшіліктерін зерттеу тәжірибелері кемшін тартатыны аңғарылды. Жоспарлауда осы бағытқа басымдық беру қажеттілігі анықталды.

Ұжымдағы мұғалімдерді құзыреттілігіне қарай (сауалнама арқылы анықталды) топқа бөліп жұмыс істеу нәтижелі болатынын курс кезінде білдік. Кәсіби құзыреттілікті дамытудың жолы – тәжірибе алмасу. Пән бірлестігіндегі мұғалімдердің пәнаралық тәжірибе алмасауын тиімді ұйымдастыра білу, мұғалімдерді бұйығылықтан оятып, пікір-тәжірибе алмасу дағдысын қалыптастыру өз кезегінде мығым құрылған кәсіби қоғамдастықтың негізі бола алады. Келісіммен жүргізілген бірлестік жұмысы да жолға қойылып, жүйеленеді. Сонымен қатар пән бірлестігі мұғалімдерін біріктіріп, «Lesson Study» тобын құру тиімді екеніне көзіміз жетті. Ортақ тақырып, ортақ ізденіс, ортақ қызығушылық белсенді пікір алмасу ортасын қалыптастырады, жауапкершілікті арттырады. «Lesson Study» сабақтарын зерттеу кезінде мұғалімдердің топтағы оқушыларды бағалауға, оқушылардың түрлі деңгейде болуы алаңдататыны байқалды. Зерттеу соңында мұғалімдерге жаңа бағыттағы білім берудің тиімділігі мен таңданыс «сыйымдылығына» көз жеткізуіне әлі де уақыт керектігін түйдік.

Кез-келген түйінді мәселені ортаға салып шешу жолдары ретінде коучинг-сессияны ұсынуға болады. Келелі мәселені ортаға салып шешу қазақ үшін жат нәрсе емес. Ортаға ой тастап ақылдасу арқылы бабаларымыз кез келген мәселенің түйінін шеше білген. Тыңдауға құрылған семинардан гөрі ақыл қосуға, талқылауға, ортақ шешім шығаруға негізделген коучинг-сессияның қазаққа жақындығы сондықтан болуы керек.

Алғашқыда коучинг-сессияның шамадан тыс көп болуы мұғалімдерді жалықтырып жібере ме деген қорқыныш болды, бірақ мұғалімдер коучингтерге қызығушылықпен қатысуда. Түйіткілді мәселені шешудің жолдарын бірігіп іздеу кезінде біреулері үшін мәселені шешу жолын өздерінің табуы маңызды болса, енді біреулері үшін менің де қолымнан келеді деген сенім мен өзін бағалау маңызды болады.

Сабақты тиімді жоспарлау қазіргі жаңа білім берудің басты қағидаты. Қысқа мерзімді жоспарды құруда «Блум таксономиясын» пайдалану – сабақты жанды, жаңалыққа толы, тиімді сабаққа айналдырады.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. «Бір терінің пұшпағын илеген» мектеп пен ата ананың ынтымақтастығы, бірлігі керек-ақ. Бала ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпір іспетті болуы керек. Ата-аның мектепке жиі келуі мұғалімнің «терлеуіне» емес, «өрлеуіне» қамшы болса, ынтымақтастықтың белең алғанының белгісі. «Ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастық арттыру қажет пе немесе сіз ата-ананың мектепке жиі келіп тұруына ықпал ете алдыңыз ба?» деген сұрақ әрбір мұғалімді мазалауы керек. Осы сұрақтың жауабын таппақ ниетте «Баланың жетістікке жетуін қалай жоспарлауға болады?» (10 қадам) тақырыбында ата-аналармен коучинг-сессия өткізілді. Жиналысты коучинг форматында өткізуді таңдауға «Мүмкін біздің ұстанған қарым-қатынасымыз аралық ынтымақтастыққа жетелемейтін шығар. Жаттанды тақырыптар, жиналыстың басынан соңына дейін баланы тәрбиелеудің, қадағалаудың жолдарын үйретіп, кеңес беру ата-ананы мезі етпеді ме? Ата- ана өз баласын қалай тәрибелеуді бізден гөрі жақсы біледі емес пе? Оның жетістікке жетуіне не қажет, оны жүзеге асыруды қалай жоспарлауға болатыны туралы кеңес бергенше, кеңес сұрап көрсек қалай болады?» деген ойлар мен сұрақтар себеп болды.

Нәтижесі мен күткеннен де жоғары болды. Ата-аналар балаларын жетістікке жеткізудің түрлі жолдарын ұсынып, бірігіп жоспар құрып, қызу жұмыс жүргізгенде, «Біз осы уақытқа дейін кімге ақыл айтып жүрміз?» деген таңданыс басым болды. Ақыл бергеннен гөрі ақылдасудың әлдеқайда тиімді және нәтижелі екеніне көз жетті. Ата-анамен ақылдасу олардың мектеп алдындағы жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Мектеп басшысының ата-анамен кеңесуі, ата-ананың сізбен кеңесуі ынтымақтастыққа, ынтымақтастық ата-ананың мектепке келу деңгейіне оң әсерін тигізеді.

Сыныптан тыс іс-шаралар оқушылардың өз бетінше ізденісін арттырады, дүниетанымын кеңейтеді. Мұғалімдерді көп алаңдатын мәселелердің бірі – оқушылардың кітапханамен байланысының жоқтығы. Барлық мектептер кітапханамен, әдеби кітаптармен қамтылған. Ал сол кітапханаға оқушылардың келуін бақылап, бағамдадық па? Оқушыларымызды қызықтыратын кітаптар туралы білеміз бе? Оқушыларымыз қандай кітап оқиды, немен сусындап, неге сусап отыр? Олардың кітап оқуына ықпал ете аламыз ба?

Мектепте Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Үлгілі – 25 кітап» акциясы ұйымдастырылды. Оқушыларға мүмкіндік жасап, өздерінің бақылау тобын құрып, үлгілі деп санайтын 25 кітапты таңдап, кітап көрмесін жасау тапсырылды. Акция барысында оқушылар тәуелсіздік туралы кітаптардан тәуелсіздіктің тарихымен танысып, қазаққа қандай құнмен келгенін білді. Кітапты оқып қана қоймай, оны талдап, топ алдында қорғауы, ерекшелегіне назар аударып, өз беттерінше түйін түюі көңіл қуантты. Жиналған 25 кітаптың 13-і Елбасымыз Н. Назарбаевтың кітабы болды. Оқушыларды кітап оқымадың деп жазғырғанша, кітап оқуына ықпал ету тиімді әрі нәтижелі.

Ұрпақты тәрбиелей жүріп, білім беру, өмір сүруге дағдыландыру – жалпы жаңа білім беру эталоны. Педагогикалық құзыреттілігі жоғары мұғалім – ұрпақты бағыттар көшбасшы болмақ. Сондықтан көшбасшылық қанымызда болса, тәлімгерлік санамызда болса, қоғамдастық қонақжайлылығымыз бен бірлігімізде болса, білім берудің озық үлгісін ұлттық тәрбиемен ұштастыра білсек, табысымыз толағай, жетістігіміз жемісті болады.

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no