электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Мектеп оқушыларының дербестілік деңгейін дамытудың кейбір мәселелері

№ 10 (171) декабрь 2017г.

ТАНТЫБАЕВА Б.С., п.ғ.к., доцент, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ
САҒНАЕВА Т.Ж., Өрлеу» БАҰО, ШҚО бойынша ПҚ БАИ
ҚАЛНҰР Е., 6М011200 «Химия» мамандығы магистранты Өскемен қаласы


Жаңарған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты мақсаттарының бірі ретінде әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену бағыттары адамды жоғары маңызды құндылық деп танып, қоғамның дамуының өзегі болып табылатын жас өспірімдерге сапалы білім берудің сапасын жетілдіруді басты бағдар тұтады. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан республикасында мектепте білім беруді оқыту мен тәрбие мәселесінің мақсаты мен міндетінің жаңару кезеңі ретінде қарастыруға болады. Ол өздігінен ойлауға икемді, шығармашылық деңгейі қалыптасқан, білімін жетілдіруге қабілетті оқушылардың мектептен түлеп ұшуын көздейді.

Қазіргі заманғы қоғамда адамнан тек политехникалық білімді болуын талап етіп қана қоймай, жоғары деңгейдегі мәдениет пен ғылым мен техниканың түрлі салаларында терең мамандануын ғана емес қоғамда өмір сүріп тіршілік ете білуді талап етеді. Баланың тұлғалық дамуының негізгі параметрлері оның жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық, креативтілік, белсенділік, жеке басының намыс сезімі, ой-пікірдегі тәуелсіздік болып табылады. Осы қасиеттердің даму деңгейі тұлғаның әлеуметтік қалыптасу мен әлеуметтік біліктілігінің және дербестілігінің көрсеткіштері деп қарастыруға болады.

Дегенмен қазіргі кездегі мектеп түлектерінің қойылып отырған өмір талаптарына сай дербестілік деңгейін бойында қалыптастырмаған, ойлау қабілеттерінің аса жоғары болмауы, елімізде білім берудің жаңару талаптарын қанағаттандырмайды деуге болады.

Осыдан оқушылардың дербестілік деңгейінің қалыптасу үрдісі – үздіксіз сипатты және әр қашан өзектілігін жоймайтын мәселе болып қалады. Дербестіліктің қалыптасу мәселесі көптеген ағартушы ғалымдардың зерттеу нысаны болғандығы белгілі. Ю.М. Бабанский, В.П. Беспалько, Б.Л. Есипов, П.И. Пидкасистый, А.Е. Абылкасымова, И.Б. Бекбоев, Э.М. Мамбетакунов, У.М. Маканов сынды ғалымдардың еңбектері осы мәселеге арналған.

Дербестілік мәселесін қарастырған психолого- педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді талдау дербестілік мәселесін сипаттауда біркелкі көзқарас жоқ екендігін көрсетеді. Сонымен қатар бұл түсініктің компоненттік құрамын белгілеуде, қалыптасу механизмін ашуда, оқыту үрдісіндегі байланыстарын анықтау барысында зерттеулер әлі де болса толық емес екендігі анықталды.

Дербестіліктің әдебиеттер бетінде әртүрлі анықтамалары берілген. Дербестілік дегеніміз – өздігінен өмір сүруге икемді, алдына қойған мақсатына жетуге қабілетті дара тұлға сапасы.

Ал дербестілік компоненттері жекеше, түрткілік, еріктік, рефлекция және мазмұндық әрекеттік компоненттерге жіктеледі. Әрекеттік компонент зияттылық және орындаушылық болып бөлінеді. Дербестілік компоненттері дара тұлғаның алдына қойған мақсатына жетуде, идеялары мен ойларын іске асыруда оқу зияттылық іскерліктерді өздігінен қалай бағыттайтындығын көрсетеді.

Оқушы дербестілігінің дамуы, өрістеуі мұғалімнің тікелей немесе жанама басшылығымен өтеді. Мұғалім оқу үрдісінде оқушылардың білім жүйесін, икемділік пен дағдыны қалыптастыру барысындағы танымдық әрекетін ұйымдастырушысы болып табылады. Мұғалім позициясы, оның оқу үрдісіндегі рөлі жағдайға байланысты, әртүрлі пәндерді жүргізу формасына орай өзгеріп отырады.

Ал оқушылардың дербестілік деңгейі олардың жас ерекшелігіне, қызығушылықтары мен қабілеттеріне, оқу мотивациясының деңгейіне, оқу танымдық әрекеттің өзіндік ұйымдасуына, әлеуметтік факторларға орай қалыптасады.

Оқушы дербестігінің қалыптасу деңгейі өзіндік бақылау, білім деңгейінің дамуы, ақпараттандыру дәрежесі мен білім сапасына байланысты анықталады. Оқушы дербестігін дамыту мәселесі дидактикада маңызды орын алады. Ол мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сай, білім мазмұны ерекшелігі мен теориялық ережелерге, пән бойынша білімнің нормалары мен құрылымына байланысты туындайды. Аталған жұмыс орта мектепте білім беру сапасын көтеретін педагогикалық тәсілдердің бірі болып табылады. Оқу үрдісінде оқушылардың дербестілік деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар сапалы білім кепілі болары сөзсіз.

Қазіргі заманғы орта мектеп дидактикасы оқушылардың ойлау белсенділігі жоғары, ізденімпаз, дербес, шығармашыл болып қалыптасуын әдіснамалық тұрғыда, қазіргі қоғам талаптарына сәйкес жаңаша негіздеуді қажет етеді. Ол үшін мектепте білім беруді ескінің жақсы жақтарын сақтай отырып, жаңа технологияларды тиімді қолданумен ұштастыру керек. Оқушы дербестігінің жоғары деңгейде қалыптасуына оқу үрдісін жүргізудегі интербелсенді әдістердің ұтымды қолданылуы да ықпал етеді.

Оқыту үрдісінде көп таралған интербелсенді әдістерге пікірталас, топпен жұмыс, кейс-стади, іскер ойын, топтық турнир тағы да басқа әдістер жатады. Сабақты жүргізуде осы аталған интербелсенді әдістерді қолдану оқушының өзіндік пікірінің қалыптасуына, басқаның пікірімен санасуға, оқу материалын тыңғылықты оқуға, өз көзқарасын дәлелдей білуге, алынған ақпаратты талдап, тұжырымдауға, өзінің дара тұлға екендігін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Белсенді оқыту әдістері оқу үрдісінің әртүрлі кезеңдерінде қолданылады: білімді алғаш меңгергенде және дамытқанда, икемділік дағдыны қалыптастырғанда. Әртүрлі белсенді оқыту әдістерін тиімді қолдану оқушы дербестілігін дамытушы негізгі құрал болып табылады.

Оқушылардың білім негізін, икемділік дағдыны қабылдауға бағытталған оқу әрекеті бір-бірімен тығыз байланысты репродуктивті және шығармашылық үрдістерге байланысты.

Әрекеттің репродуктивті типі: «адам бұрын құрылып, жетілдірілген тәсілдерді қайталайды».

Шығармашылық әрекет типі жаңа нәрсе, бір жаңалық ашуға бағытталады.

Оқушы бойында шығармашылық әрекетті қалыптастыру қажеттігін репродуктивті және өнімді әрекеттер бірлестігінен іздеген жөн.

Оқушы дербестігінің қалыптасуы дайын білімді қабылдағанда емес оқу міндетін шешуде шығармашылықпен келгенде, білімді ұтқырлықпен қолданғанда оңтайлы жүзеге асады.

Оқушының дербестік деңгейінің қалыптасуы оқу әдістемелік кешеннің ықтималды құрылуына да тәуелді. Мұғалім сабақ барысында тапсырмаларды орындау формаларын, білімді бақылау әдістерін, тапсырманы орындау алгоритімін, немесе үлгісін ұтымды ойластыруы керек.

Сонымен қазіргі кезеңде оқушы дербестігін тиімді дамыту келесідей факторларға сүйенеді деуге болады:
- оқытудың белсенді әдістерін қолдануға; - әдістемелік және дидактикалық материалдар жиынтығына; - өзіндік тәртіптелу мен өздігінен білім алуға ұмтылуға; - дұрыс құрылған білімді бақылау әдістеріне.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жданова Т.С. Воспитание творческой самостоятельности при работе с учебником математики // «Поиск»2002.- №1.С.174-179

2. Пидкасистый П.И. Самостоятельная деятельность учащихся. – М., 1998. – 184 с.

3. Лернер И.Я. Дидактические основы формирования познавательной самостоятельности учащихся при изучении гуманитарных дисциплин: Акд. – М., 1971. – 37 с.

4. Адельбаева Н. Основные направления исследования самостоятельной работы в современной дидактике // Поиск. – 2004. – № 4. – С. 233–236.

5. Голант Е.Я. Некоторые принципиальные вопросы развития самостоятельности школьника. – Л.: Знание 1977. – С. 170.

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no