Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектептегі әдістемелік қызметті ұйымдастыру және басқару
№ 9 (170) ноябрь 2017г.
ИБРАГИМОВ Д. Қ., «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалының аға менеджері
«Назарбаев зиякерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығы (НЗМ ДББҰ ПШО) мен Кембридж университеті білім беру факультеті бірлесе дайындаған бағдарлама ұсынып отырған «Сабақты зерттеу» («Lesson study») әдістемесі мұғалімдердің жаңалықты енгізуде бірлесе, ынтымақтаса отырып жаңаша жұмыс жасауына толық мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мектептегі әдістемелік қызметтіжаңаша ұйымдастыруға, мұ ға лімдердің ынтымақтаса жұмыс жасап бірлесе оқуына, Сенеканың «үйрете жүріп үйренеміз» қағидасының жүзеге асуына ықпалы зор.
Қазіргі жаһандану заманы адамзаттың дамуын жеделдетіп, барлық салаларда инновациялық идеялар енгізуде. ХХІ ғасырдағы Қазақстан білім беру жүйесіндегі басты негізгі қадам – жаңартылған білім беру мазмұнына көшу болып отыр. Жаңартылған білім берудің негізі – конструктивті білім. Себебі PISA, TIMSS зерттеулері қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттердің барлығында дерлік конструктивті білім беру жүйесі қабылданған. Сондықтан да алға қойып отырған міндеттерді жүзеге асыру үшін біздің еліміздің де конструктивті білім беруге көшкені маңызды. Еліміздегі білім беру саясаты да осыған негізделген. 2011-2020 жж. арналған Қазақстандағы білім беруді дамыту Бағдарламасында 2011-16 жылдары білім берудің қазақстандық моделін жасау міндеті тұрған болса, 2016-20 жылдары осы модельді Қазақстан мектептеріне енгізу көзделген.
Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер педагог қызметкерлерден кәсіби біліктілігін жетілдіруді талап етіп отыр. Кәсіби біліктілікті дамыту үшін мұғалімнің өз бетінше ізденуі, жетілуі, ынталануы қажеттігімен қатар, мектептегі жүргізілетін мұғалімдерге көрсетілетін әдістемелік қызметті де жандандыру қажет. «Әлемді өзгерткің келсе, өзгерісті өзіңнен баста» деген (М. Ганди) қағиданы назарда ұстайтын болсақ, мектепке өзгерісті енгізуде бірінші кезекте мұғалімнің өзінің өзгеруі маңызды екендігі анық. Бұл туралы американдық ғалым Салли Бич былай деп жазған: «Мұғалімдер неліктен өзгеруі керек? Неліктен біз олардан қажырлы еңбек етуді, ескіше көзқарастан алшақтап, жұмысты жаңаша орындауды сұраймыз? Сіз алғашқыда мұғалімдікке неліктен келген болсаңыз, сол себепті өзгересіз. Сіздің табыс көзіңіз ешқашан жай жұмыс болған емес- көбіне ол миссия, міндет, сондықтан Сіз өзгересіз… Неліктен өзгеру қажет? Сіздің өзгеруіңіз қажет, себебі, әлемдегі барлық адамдардың ішінен – мұғалімдер ғана үзіліссіз оқудың бағасын түсінеді».
Бұл өзгерістер мен жаңа мазмұнды енгізуде мектепте алғы шарттар толық бар және қалыптасты деп айтуға болады. Жалпы білім беру мекемелері басшыларының біліктілігін арттыру, деңгейлік бағдарлама бойынша мектеп мұғалімдерінің, мектеп тренерлері, мектеп үйлестірушілері курстары, мектеп басшыларына, пән мұғалімдеріне арналған жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты қысқа мерзімді курстар – осы өзгерістің бастауы деп қарастыруға болады.
Осындай игі істі жүзеге асыру үшін мектептің көрсетер әдістемелік қызметі өте маңызды. Мұғалімді кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытушы, үздіксіз білімін жетілдіруші тұлға ретінде алатын болсақ, бұрыннан мектептерімізде қалыптасқан құрылымды осы өзгерістерді енгізуде тиімді қолдануымыз керек. Мысалы, бұған мектептегі әдістемелік бірлестік жұмысы, мектепішілік бақылау жүйесі, мұғалімдердің шығармашылық жұмысын және т.б. бағыттарды қосуға болады. Әрине, мұның барлығы мектептегі мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық орта қалыптаспаса, іске аспайтындығы мәлім. Мұны іске асырудың, өзгерістерді енгізудің нормативтік-құжаттық негізі бар деп қарауға болады. Олардың қатарына Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА әдістемелік нұсқау хатын, Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 ж. 13 шілдедегі № 338 бұйрығы, тағы басқа да құжаттарды қосуға болады.
Әдістемелік бірлестіктер жұмысына «Сабақты зерттеуді» жоспарлай отырып, дамуға бағытталған мұғалімдердің ынтымақтастық ортасын қалыптастыра аламыз. «Сабақты зерттеудің» маңыздылығы мен оның мұғалімнің кәсіби дамуына ықпалы жайлы қазіргі таңда елімізде әдістемелік, зерттеушілік тәжірибе қалыптасып, таратылуда. Оны жүргізудің алгоритмі, теориясы, әдістемесі жайлы да еңбектер жазылып, нұсқаулықтар шығып жатыр. Сабақты зерттеуді мұғалімдердің ынтымақтастықта оқуы деп қарастырсақ жаңылыспаймыз, «… мұғалімдер өзін-өзі басқарып, өз әлеуеттерін өздігімен дамытатын орта қалыптастырады» (А. Әлімов).
2017 жылдан бастап құрамына 17 мемлекет енетін әлемдік «Lesson study» қоғамдастығына еліміздің мүше болып кіруі де қазақстандық сабақты зерттеу әдістемесінің маңыздылығын арттыра түсері сөзсіз. Сондықтан мектептегі әдістемелік қызмет жұмысын ұйымдастыруда сабақты зерттеу әдістемесінің жоспарланып енгізілуіне баса назар аударғанымыз жөн. Ол үшін оқушылардың оқудағы қажеттіліктері мен кедергілерін анықтауға бағытталған (сауалнама, сұхбат, талдау, деректер жинау) жұмыстар жоспарланып, мұғалімдердің назарын анықталған қажеттіліктер мен кедергілерге аудару қажет.
Сабақты зерттеу осы анықталған салалармен байланысты жүргізілуі маңызды. 2017-18 оқу жылына арналған оқу процессін ұйымдастыру жайлы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік нұсқаухатындағы әдістемелік бірлестіктер қызметіне қатысты ұсыныстарында бұл мәселе қамтылған: бұл құжатта «мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін жетілдіру», «оқытудың тиімді әдістемесі мен әдістерін (технологиялар) игеру/меңгеру, зерделеу», «тиімді білім беру тәжірибесін тарату», «бірлестік мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуы» секілді ұғымдар мұғалімдердің қолданысында болуы керектігі айтылады. Бұл өз кезегінде мектеп басшыларының функционалды міндеттеріне кіретін оқу-тәрбие процесін әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру және жетілдіру, «мұғалімдердің сапалық құрамын арттыру, кәсіби құзыреттілігін дамытып отыру» саласын да қамтып, жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді (2). Қазіргі таңда мектептегі мұғалімдерді қызметке мектеп басшысы қабылдайтындықтан мұғалімнің кәсіби дамуына да директор жауапты деуге болады. Бірлестік жетекшілері сабақты зерттеуді жоспарлаумен қатар оның жоспарға сай өтілуін, өтілген сабақтарға қатысты нәтиженің бірлестік отырыстарында талқыланып есептілікпен қатар, эвалюациялау жүргізуі маңызды. Өткізілген зерттеулер нәтижесі бойынша кейс-стадий, тұжырым, мақала жарияланып, зерттеуге қатысқан мұғалімдерге кері байланыс беріледі. Бұл жұмыстың нәтижесі мектеп мұғалімдері жұмысының рейтінгісін шығаруда ескерілгені дұрыс. Әдістемелік қызмет жұмысын осы идея бойынша жүргізу – мектептегі әдістемелік қызметтің сапасын арттыруға ықпалы жақсы екендігін мектеп басшылары тәжірибелерінен көз жеткізіп отырмыз.
Қазіргі кезде Қазақстанның білім беру ұлттық үлгісі қалыптасуда. Мұны дамытуда, мектептегі әдістемелік қызметті ұйымдастыру мен басқаруда әдістемелік бірлестіктердің маңызы зор. Нақты айтар болсақ, бірлестіктерде сабақты зерттеуді жоспарлау, эвалюациялау және мұғалім жұмысының рейтінгісінде назарда ұстау қажет.
Елбасымыз Н. Назарбаев білім мен ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелетін міндет өте ауыр» деген болатын.
1. А. Әлімов. Сабақты зерттеу (Lesson Study) топтары мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытудың тиімді құралы ретінде.
2. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі N 338.
3. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат.
|