электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Теория и практика

 

   

Архив статей 2017 г.

 

Оқу үшін бағалау: қалыптастырушы бағалауды жүзеге асыру

№ 9 (170) ноябрь 2017г.

МАНАШЕВА Е.К., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ, Өскемен қаласы, «Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық- педагогикалық ілеспелеу» кафедрасының аға оқытушысы


Бүгінгі күні Қазақстан мектептерінде білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты. Орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберіндегі білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуде. Оқушыларды жаңартылған білім беру бағдарламасының талабына сай инновациялық әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр.

Мектепке баласын әкелген әрбір ата-ананың мақсаты – баласының сапалы білім алуы. Барлық елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де мектептердің оқушылары жоғары білім жетістігін көрсететін дәрежеге жеткізу өзекті мәселе болып табылады.

Жаңартылған мазмұн түрлі проблемаларды шешудің дағдыларын дамытуға, зерттеуге және түрлі дереккөздеріндегі ақпаратты зерделеуге бағытталған. Білім алушылар білімдерін әрі қарай басқа да жағдайларда жинақтап, қолдана алу мақсатында бастауыш сыныптың оқу бағдарламасына және әрбір білім беру саласындағы пәндерді негізге ала отырып, түсініктерін қалыптастырады. Сондықтан оқушылар өз білімдерін кез келген жағдайға бейімдей алуға және болашақта оларға кездесуі мүмкін кез келген күрделі міндеттерді шешуге үйренеді.

Білімді дайын күйінде қабылдамай, оны өздігімен құрастырудың тұлғаны дамытатындығы, өздігімен құрастырылған білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатындығы дәлелденіп отыр. Қайталау мен жаттауға негізделген білім (репродуктивтік) тек есте сақтау дәрежесінде болса, құрастырылған (конструктивтік немесе сындарлы) білім үйренушіден түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру немесе бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді.

Оқуды тиімді бағалау және білім беру үшін тиімді бағалауды түсіну білім беру мен оқытудағы барлық жаңа тәсілдермен тығыз байланысты. Балалар өздерінің түсініктерін құрастыра алатын белсенді оқушылар болатын болса, онда мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де осы түсініктің мәнін білу аса маңызды, өйткені ол оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен оған қолдау көрсету үшін қажет.

«Оқу үшін бағалау – бұл оқушылар мен мұғалімдерге арналған оқушылардың оқуға қаншалықты алға басқанын, қай бағытта ілгері жылжу қажеттілігін және жетістікке қалай жетуге болатынын айқындайтын мәліметтерді түсіндіру және іздеу үдерісі»

Оқу үшін бағалау кезінде қолданылатын қадағалау, интерпретация және өлшемдер оқуды бағалау кезінде қолданылатын өлшемдерге ұқсас болуы мүмкін, бірақ олардан туатын қорытынды мен шешім басқа сипатта болады. Негізінен, оқу үшін бағалау балалар оқыту үдерісінің қандай кезеңінде екенін, әсіресе олардың мықты және әлсіз жақтарының сипаты мен себептері қандай екендігі туралы алынған мәліметтерге басты назар аудартады. Осылайша, оқу үшін бағалау қорытындысы бұдан әрі дамыту үшін олардың не істеуі мүмкін екендігіне негізделген.

Оқу үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар мен олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.

Мұғалім күнделікті қалыптастырушы бағалау процесінде оқудың қаншалықты жүзеге асып жатқандығын бақылап, бағдарлай алады. Мұғалім қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру нәтижесінде алған ақпаратты уақытымен тексеріп, талдап, оқушыларға кері байланыс ретінде жеткізіп, оларды белсенді оқуға ынталандырады.

«Қалыптастырушы» сөзі (ағылшын «formative») «білім беруге, дамытуға жәрдемдесуші» дегенді білдіреді, яғни білімнің қалыптасуына, оқушылардың дағдыларын дамытуға жәрдемдесуші жұмыс әрі бағалау. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалімнің тапсырмалары, бағасы оқушының білімділік межесі бойынша ілгерілеуіне жан-жақты жәрдемдесуі тиіс. «Қалыптастырушы бағалау» терминіне синоним ретінде жіберілген қателердің себептерін түсіндіруші және олардың жою жолдарын, сондай-ақ ескертулерді білдіретін «кері байланыс» сөз тіркесі пайдаланылады [2].

Кері байланыс жалпылама сөздермен берілген кезде пайдасыз болады. тек нақты берілген кері байланыс оқушыға оқу мақсатына қалай жетуге болатыны туралы толық түсінік пен мағлұмат беріледі. Ол кері байланыс мағыналы, оқу мақсатына негізделіп берілгені дұрыс.

Кері байланыс беру кезінде мұғалімге де, білім алушыға да кестеде ұсынылған сұрақтарды негізге алған дұрыс. Аталған сұрақтарға толық жауап беру кері байланыстың тиімділігін көрсетеді.

Қалыптастырушы бағалау «3», «4», «5» бағаларын қоюды немесе смайликті, жұлдызшаны сыйлауды білдірмейді. Қалыптастырушы бағалау баланың жеке басына деген құрметті көрсететін оқушының жеке басын бағалауға жол бермей, әрекетіне назар аудара отырып, жұмысты қалай жақсарту керек екендігін балаға түсіндіруді білдіреді.

Қалыптастырушы бағалау сабақтың кез-келген сатысында болуы мүмкін: оның басында, ортасында, соңында. Оның басты мақсаты мұғалімге («ішкі үдерістер, оларды зерттеу сырттай ынталандыруға әрекеттесуге негізделген», яғни оқу қызметі нәтижесінде орын алған танымдық өзгерістерді зерттеуді білдіретін (П. Блэк пен Д. Уильямның термині) ішінде не болып жатқандығын анықтасуға көмектесу болып табылады. Бұл үшін сабақты жоспарлау сатысында мұғалім қалыптастырушы тапсырма түрлерін, кері байланысты ұсыну нысандарын алдын ала айқындайды, зерттелетін тақырыптың күрделілігі мен өз сыныбының ерекшеліктерін болжай отырып, сараланған тапсырмаларды әзірлейді [4].

Мұғалім қалыптастырушы бағалауды қаншалықты жоғары деңгейде ұйымдастырса, жиынтық бағалау көрсеткіші соғұрлым жоғары нәтиже береді. Бақылаушы, тексеруші, жа за лаушы қызметінен бас тартып, керісінше, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек.

Сонымен бірге қалыптастырушы бағалау үдерісі стандартталмайды, яғни әр мұғалім өз бетінше қалыптастырушы бағалауды өз тәжірибесі арқылы анықтай алады, оның нәтижесіне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алады. Мұғалімнің іс-әрекетіндегі қалыптастырушы бағалау үдерісі келесі кезеңдерді жүзеге асыруды талап етеді:
- қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру және жоспарлау;
- қалыптастырушы бағалау әдістерін таңдау;
- қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау;
- кері байланыс беру.

Қалыптастырушы бағалау үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасындағы барлық оқу мақсаттарын қамтуы тиіс.

Бағалау оқушының білім алуына жағымды әсер етуі керек, ол өзіне-өзі, сыныптастарын бағалай алуға, сабақ соңында рефлексия жасауға және өзінің жетістігі мен мұғалімнің бағалауын сәйкестендіре білуге жетелеуі керек.

Мұғалім қалыптастырушы бағалаудың маңызды элементі өлшем кестесі – дескрипторлар болатын бағалаудың нақты критерийлерінің бар екендігін ескеру керек. Дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетті көрсететін сипаттама [1].

Мұғалім оқу мәнмәтінін, өз білім алушыларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тапсырмаларды іріктеп алады немесе құрастырады Әр тапсырмаға дескрипторлар анықталады. Бағалау кезінде мұғалімнің шешімі анық болу үшін тапсырмалардың дескрипторлары дәл, нақты болуы қажет. (2-кесте). Бұдан басқа дескрипторлар білім алушыға тапсырманы орындаудың қай кезеңінде қиындық туғызғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл білім алушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруге жағдай жасайды.

Қорыта келе, Теодор Сайзердің «Баға беру және есепке алу – керемет мақсаттар. Білім алу үдерісіне кедергі тигізбейтін және біздің жан салып жасап жатқан ісімізге пайдалы да әділ баға беретін жүйе...» дегендей, қалыптастырушы бағалау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мұғалімге олардың іс-әрекеттеріне байланысты түсінік, ұсыныс т.с.с. бере отырып, жүйелі түрде кері байланысты қамтамасыз етеді. Кері байланыстың әсерінен мұғалімдер өздерінің оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді қатысады. Ол үшін мұғалім оқушылардың оқу нәтижелерінің өзгеруіне байланысты оқыту және оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін, техникасын өзгертіп отыруы қажет. Мұндай бағалау жаппай тәжірибеде мұғалімнің қалыптастырушы бағалаудың теориялық негіздерін және оны ұйымдастырудың алгоритмін меңгерген кезде ғана жүзеге асады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіст. құрал /«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ / О.И. Можаева, А.С. Шилибекова, Д.Б. Зиеденованың редакциясымен. – Астана, 2016. – 48 б.

2. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ /Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015.-36 б.

3. Набуова Р. А. Оқыту үшін бағалау – сындарлы оқыту теориясының біртұтас кешені ретінде // Молодой ученый. – 2014. – №1.2. – С. 64-67.

4. Нығметова Б.Ж., Сарбасов Н.С. Қалыптастырушы бағалаудың ерекшеліктері // Педагогикалық диалог. – 2017. – №1(19) – 172-176 б.

 

 

 

 
 

Теория и практика





 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no