электронная версия
ISSN 1829-5351
Республика Казахстан

Образование не имеет точки насыщения


 Актуальная проблема:

Тема номера

   

Архив статей 2020 г.

 

Online оқыту: тиімділік пен өзектілік

№ 5 (196) май 2020г.

УТЕШОВА А.Т., қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Тараз қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


Әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы еліміздегі оқу орындарының барлығын, оның ішінде мектеп қабырғасындағы оқушылардың қашықтан білім алуына мүмкіндік берді. Пандемия аясында оқыту мәселесі өзектілікке айналғаны мәлім. Бастапқыда не боларын болжай алмай қалған жайттар орын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жылдам шешім қабылдауының арқасында Offline оқудан Online оқуға, дәлірек айтқанда қашықтан оқуға көшірілді, дегенмен кей мектептер, атап айтқанда, Назарбаев Зияткерлік мектептері Online оқуға бет бұрып, өнімді тәжірибе жинақтауда.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз сөзінде: «Біз қашықтан оқыту мен онлайн оқытуды бірдей ұғымда пайдаланамыз. Негізінде қашықтан оқыту онлайн оқытуға тең емес ұғым. Қашықтан оқыту – жаңағы біз айтқан пошта, теледидар, радио, тапсырмаларды интернет арқылы алып оқу. Осы екі ұғымды бөлек тануымыз керек. Мысалы, Bilimland.kz платформасында бүгінгі күні 40 мыңнан астам әртүрлі ресурстар бар. Оған тіркелу, пайдалану толығымен тегін. Қашықтан оқыған кезде WhatsApp, электронды пошта және басқа да мессенджерлерді пайдалануға болады. Қандай ресурс ыңғайлы соны толығымен пайдалануға болады. Тағы бір өте маңызды жайт, көбі қашықтықтан оқыту дегенді онлайн оқу деп ойлайды», - деген еді [1].

Мемлекетіміздегі бүкіл білім ошақтары қашықтан оқуға бет бұрып, тың бастаманың көшбасында бола алатынын тәжірибеде көрсетіп келеді. Мектептер толығымен ZOOM, Daryn. Online, bilimland.kz, «Balapan», «Ел Арна» телеарналарынан бейнесабақтар алуға көшті. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептері Online оқытуда Microsoft Teams платформасын қолдануда. Назарбаев Зияткерлік мектебі қызметкерлерінің интернетке қолжетімділігі барынша жүйеленген, орын алып жатқан елеусіз олқылықтар тез арада шешімін тауып, әлемді дүрліктірген пандемияға төтеп беруге болатынын дәлелдеп келеді. Online ресурстардың мазмұнды болуына назар аударған ұстаздар шәкірттердің зейіндерін аударып, сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқушылардың өздігінен жұмыс істеуге, белсенді іс-әрекеттерін әділ бағалауға жұмылдыру үстінде.

Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептері білім беруде Microsoft Teams платформасын тез меңгеріп, оқушыларға сабақ кестесіне сай Online сабақтар өткізуде. Online оқытуда сабақтардың уақыты қысқарғанымен, өткізілетін сабақ сапасы жүзбе-жүз оқытылып келген сабақтардан кем емес. Керісінше, артықшылықтары басымырақ.

Берілген уақыт көлемінде оқушылардың оқу мақсатына сай бағалау критерийлері мен күтілетін нәтижеге бағытталған тапсырмалар топтық, жұптық, жеке жұмыстарға негізделіп құрылады. Microsoft Teams платформасында қосымша қызмет түрлері көптеп саналады. Microsoft Teams-та ортақ канал немесе жасырын канал ашып алуға мүмкіндіктер берілген. Осы каналдардың мүмкіндіктерін қолдана отырып, оқушылармен жаңа тақырыпты талқылап, талдауға және жүргізілген сабақты бейнеге жазып алуға болады. Жазылған бейне өз кезегінде

 

оқушылардың тапсырмаларға қайта оралып, білімдерін өз беттерінше пысықтауға мүмкіндік береді. Тапсырмаларды топпен, жұппен, жеке ұйымдастыруға негіз бар. Берілген тапсырмаларға уақыт белгілеп, оқушылардың белсенді әрекеттерін таныстырылым жасату, ауызша түсіндіру арқылы жүзеге асыруға болады.

Тілдік дағдылардың барлығын дерлік ұйымдастыру қолжетімді. «Мен еш уақытта өз оқушыларыма ешнәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын», – деп Альберт Эйнштейн айтқандай, Microsoft Teams платформасын қолдану арқылы оқушылардың Online оқуы үшін жағдай жасалады. Әр дағдыны қалыптастыру барысында тапсырмалардың прогрессиясын сақтау маңызды. Мысалы, тыңдалым, оқылым, айтылым дағдыларын қалыптастыру барысында жеңіл тапсырмалар ұсына отырып, күрделі тапсырмаларға бағыттап отыруға мүмкіндік бар. Мысалы, тыңдалым дағдысын қалыптастыруда оқушылардың назарын пәнге аударып алғаннан кейін, тыңдалымалды тапсырма ұсынылып, оны Microsoft Teams платформасындағы Forms қосымшасын қолданып орындату тиімді. Алдын ала тыңдалым материалы бойынша дайындалған сұрақтарды оқушылар назарына ұсынып, тест сұрақтарына жауап беруде арнайы уақыт белгіленеді, оқушылар тест сұрақтарына жауап береді де, мұғалімге қайта жүктеп салады. Әр оқушының жасаған жұмысын тексеруде ешқандай қиындық орын алмайды, қанша сұраққа дұрыс, қанша сұраққа бұрыс жауап бергені көрініп тұрады және жасалған жұмыстың динамикасы диаграмма арқылы дайын күйде беріледі. Сонымен қатар Forms қосымшасы арқылы тек тест сұрақтарымен ғана жұмыс жүргізілмейді. Бұл жерде ашық сұрақтарға оқушының еркін жауап берулеріне (жазбаша) болады. Forms қосымшасымен жұмыс жүргізу тиімді әрі тексеру кезінде уақытты үнемдеуге болады.

Сол сияқты тыңдалымның негізгі және тыңдалымнан кейінгі тапсырмаларды құрастырып, оқушыларды Online оқытуға болады. Оқушылар соңғы технологияларды қолдана отырып әрі қызығып тапсырмаларды орындайды.

Оқылым дағдысын қалыптастыру барысында да Microsoft Teams-тың басқа да қосымшаларын қолдану тиімді. Мысалы, «Қазіргі кездегі қоғам аз уақыт ішінде өзгеріске ұшырауда. Осыған дәлел: бұқаралық ақпарат құралдарының жасөспірімдерге әсері. Бұл тұжырым аясында сіздің ойыңыз қандай?» деген тұжырымға қатысты ойларымен бөлісу үшін барлығына бірдей «қолжетімділік» қызметі беріледі. Осы қызметті қабылдаған оқушылар бір уақытта өзіндік ойларын бір слайдқа жазып, топтың талқылауына ұсынады. Сонымен қатар оқушылар мұғалімнің слайдына қосылу үшін «рұқсат алу» қызметін қолдана алады. Осы кезде топтың оқушыларына мұғалім слайды қолжетімді болады.

Оқушылардың сабақ үстінде немесе сабақтан тыс уақытында орындайтын тапсырмаларын Microsoft Teams- тың «тапсырмалар» деген бөліміне жүктеп, оқушылардың белгілі бір уақыт мөлшерінде орындауы талап етіледі. Яғни қашан, қалай, қайтіп орындалатыны туралы толық нұсқаулық беріледі және қай оқушыға тиесілі екені көрсетіледі. Мысалы, 9-сынып оқушыларына берілген тапсырма үлгісі төмендегідей:

Тапсырма. Абай Құнанбайұлы «Жастықтың оты, қайдасың» өлеңіндегі басты ойды мысалға ала отырып, бүгінгі жастардың қателіктерге бой алдыртуының себебі неде екенін анықттап, осы идеяларды негізге ала отырып, эссе жазыңыз. Сөз саны: 180-200 сөз.

Оқушыларға тапсырма беруде нұсқаулықты нақты жазған дұрыс. Яғни «Microsoft Teams-тан жүкеп алып орындаңыз және орындаған жұмысыңызды қайта Microsoft Teams-қа жүктеп салыңыз» деген нұсқаулық беру арқылы өнімді дұрыс орындауға бағыттай аласыз. Суретте көрсетілгендей, оқушы өзіне тиесілі тапсырманы орындап, қайта жүктейді. Міне, осы кезде оқушының жұмысына толық тексеру жүргізесіз. Ескертпе (примечание) тетікшесі арқылы оқушының жіберген орфографиялық және пунктуациялық қателеріне жазба қалдыра аласыз. Одан бөлек стильдік қателеріне де жазбаша ескертпелер ұсынып, оң жақ бөлігінде оқушының жұмысына сындарлы кері байланыс қалдыруға мүмкіндік бар. Оқушының кері байланыс арқылы келесі жұмыстарды тыңғылықты орындауға көшетіні белгілі жайт. Online оқыту арқылы Offline оқытудағы барлық-қызметтерді орындай алатынымызға бүгінгі тәжірибе көз жеткізіп келеді. Сабағыңызды бастан-аяқ өзіңіз жоспарлағандай тиянақты әрі соңғы жылдардың жаңа үлгісіндегі технологияларын қолдана отырып, қызықты, күтілетін нәтижеге бағыттай отыра, өткізе аласыз.

Online оқыту арқылы оқушыларға беріліп жатқан білім тұралап қалмақ емес. Керісінше, заманға сай технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануға барынша жағдай жасалғанын тілге тиек ете отырып, Microsoft Teams-та жұмыс жүргізіу өте тиімді әрі бүгінгі күн өзекті екенін айтпақпын.

Пайдаланған әдебиеттер

1. https://www.inform.kz/kz/

2. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2005 ж.

3. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша оқытушыларға арналған кеңестер. ПШӨ 4. Полат Е.С. Петров А.Е. Дистанционное обучение: каким ему быть? // Педагогика. – 1999. – №7. – С. 29-34.

5. Гозман Л.Я., Шестопал Е.Б. Дистанционное обучение на пороге XXI века. – Ростов-на-Дону: «Мысль», 1999. – 368 с.

 

 

 
 

Тема номера







 

 
 

Журнал выходит 1 раз в месяц и распространяется по подписке в школах, лицеях и гимназиях
 
 
Копирование материалов
без ссылки на сайт
запрещено
 
Погодный информер
YoWindow.com yr.no